АЛАШ ҒЫЛЫМЫНЫҢ МАНАШЫ

АЛАШ ҒЫЛЫМЫНЫҢ МАНАШЫ

АЛАШ ҒЫЛЫМЫНЫҢ МАНАШЫ
ашық дереккөзі
272

Адамға Алла-Тағала әртүрлі бақыт сыйлайтын сияқты. Мен де елуді еңсеріп қалған адаммын, өмір жолымды ойласам, Жаратушы маған ұстаздың бақытын сыйлаған-ақ екен. Мен Қытайдың Іле аймағында туып өстім, ХХ ғасырдың 70 жылдары Гуанчжоу қаласындағы Сунь Ятсень атындағы Қытай мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқу мүмкіндігіне ие болдым. Ол факультетте ғана емес, он мыңдай студент оқитын бүкіл университетте менен басқа қазақ жоқ-тұғын. Екінші курс оқып жүрген кезімде атақты профессорлар Цай Хунсын (түркі тарихының білгірі) мен Чжиян Бочэнның (дуньхуан қолжазбаларын зерттеуші ғалым) мейірлері маған түсті. Ол кісілер өздігінен менің оқуыма назар аударып, сабақтан тыс уақыттарында жатағыма да келіп, тарих зерттеудің әдіс-амалдарын үйретіп, мені ғылымға жетектеді. Ойласам, мен сол кісілердің ықпалымен ғылыми ізденісті университетте жүргенде бастап, үшінші курста тырнақалды мақаламды жариялаған екенмін.

Университетті бітіргеннен кейін Іле Қазақ автономиялы облысына қызметке бөліндім. Бірақ көп өтпей (1980 ж.) конкурс арқылы Қытайдың Шыңжаң қоғамдық ғылымдар академиясы Орталық Азия зерттеу институтына ғылыми қызметкер болып қабылдандым. Сол жылы Қытайдағы қазақтардан шыққан белгілі ғалым Нығымет Мыңжани академияның азсанды ұлттар тілдерін зерттеу институтының директорының ғылымға жауапты орынбасары болып келді. Мен ол кісіні бірден өзіме ұстаз тұтып, ұдайы ақыл-кеңес алып, бірге жұмыс істей жүріп көп нәрсе үйрендім. Әсіресе, ұлтымыздың тарихи, рухани мәдениеті жөнінде ол кісіден кітаптардан табылмайтын білімдерді алдым десем, артық айтқандық болмайды. Өйткені Нықаң қазақ тілінің, фольклорының, этнографиясының, тарихының, пәлсапасының білгірі еді, оның үстіне көп тіл білетін, шешен сөйлейтін, білгенін айтудан жалықпайтын, шаршағанды білмейтін кісі еді.

1985 жылы Бейжің университеті тарих факультетіне білім алмасуға барып, әлемге аты мәлім тарихшы ғалым, профессор Чжан Гуанда мырзаның ғылыми жетекшілігінде екі жыл білім алып, ғылыми тәжірибеден өттім. Чжан Гуанда жеті елдің тілін білетін, қоғамда даңқы зор, беделі жоғары, үлкен тұлға болатын. Алайда ол кісі өте қарапайым, кішіпейіл, жүрегі таза, жайдары жан еді. Ол кісі 1989 жылғы студенттер қозғалысында Бейжіңде студенттерге араша түсіп, билікке жақпай қалғандықтан, Францияға бойтасалап кетіп, қазірге дейін Парижде тұрып жатыр.

ХХ ғасырдың сексенінші жылдарының соңында Қытай бір шайқалып барып тоқтаса, 90 жылдың басында Кеңес Одағы іштен ыдырап, шаңырағы ортасына түсті, Еліміз тәуелсіздік алды. Қазақ елінің тәуелсіздік алуымен Қазақстан тарихының жаңа бір даму кезеңі басталды, сондай-ақ қазақ халқының өмірі жаңаруға беталды. Сол қатарда менің бүкіл қоғамдық өмірім Қазақстанның тәуелсіздігінің арқасында түбегейлі өзгерді, жаңаша өріле түсті.

Қазақстан дербестік алып, Қытай Халық Республикасымен дипломатиялық қатынас орнатты, екі ел академиялары арасында байланыс орнады, барыс-келістер басталды. 1992 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, академик Жабайхан Әбділдин бастаған делегация (құрамында академиктер Кенжеғали Сағадиев, Аманжол Қошанов және басқалар бар) бірінші рет Қытай Қоғамдық ғылымдар академиясына ғылыми сапармен барды. Мен Қытай ғылым академиясының қызметкері ретінде екі жақтың Үрімжідегі кездесулерінде аудармашы міндетін атқардым. Сол кезде Жабайхан Мұбаракұлына Қазақстанға келгім келетінін айтқан едім. Сол жылдың күзінде Сағындық Сатыбалдин бастаған Ұлттық ғылым академиясының делегация (құрамында академиктер – Манаш Қозыбаев, Серік Қирабаев және директордың орынбасары Жәкен Таймағамбетов бар) Қытай Қоғамдық ғылымдар академиясына ғылыми сапармен барды. Бейжіңнің жарлығы бойынша, бұл делегацияны Үрімжі әуежайынан қарсы алып, Бейжің, Шанхай қалаларына ертіп барып, одан Үрімжі әуежайынан шығарып салу міндетін атқардым. Өйткені ол кезде мен Шыңжаң қоғамдық ғылымдар академиясында институт директорының ғылыми істер бойынша орынбасар директоры және жетекші ғылыми қызметкер едім. Осы сапарында Манаш аға Жабайхан Әбділдиннің тапсыруымен маған ресми шақырту хат ала барыпты. Ол хатты көргенде менің қуанышымда шек болған жоқ, әрине. Мен сол шақырту хат бойынша ол жақтағы рәсімдерімді өтеп, 1993 жылдың сәуір айында Алматыға келіп, Манаш Қозыбаевтың өзі басқарып тұрған Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институына, ол кісінің өзіне докторант болып қабылдандым. Сөйтіп Ел тәуелсіздігінің арқасында Қазақстанға келіп, академик Манаш Қабашұлы Қозыбаевтың шәкірті болу бақытына ие болдым. Содан бастап ол кісі өмірден өткенге дейін Манаш ағаның қоластында болып, ақыл-кеңесін алып, тәлім-тәрбиесін көріп, кандидаттық, докторлық ғылыми дәрежемді қорғап, шарапатына бөлендім. Сондықтан мен қашанда Манаш Қабашұлының өмірімдегі орнын өзгеше деп бағалаймын

Расын айтқанда, мен келген жылы (1993 ж.) Қазақстанның әлеуметтік жағдайы көңіл көншітпейтін. Ол кезде қоғам өзгеріп, ақша ауысып жатқан, азық-түлік, киім-кешек тапшылығы қатты сезілетін, соданда болар көптеген жас мамандар ғылымнан сауда-саттыққа кетіп жатқан болатын. Ал институттағы ғылыми қызметкерлердің айлықтары да өз уақытында берілмейтін-ді. Соған қарамастан Манаш ағай тәуелсіз Қазақстан тарихын жаңа көзқараста жазуға бүкіл ынта-пейілімен кірісіп, жанкешті жұмыс жасап жүрді.

Ол кезде Манаш ағай академик, институт директоры ретінде көптеген жиналыстарға қатысатын, республикалық, халықаралық ғылыми конференциялар ұйымдастыратын және негізгі баяндаманы өзі жасайтын. Ол кісі әрқандай жиналыстарда сөйлейтін сөзін, конференцияларда жасайтын баяндамаларының бәрін өзі дайындайтын. Кей кезде бөліміне кіріп қалсаңыз, «мынау ертеңгі конференцияда жасайтын баяндамам, енді ғана жазып болдым» деп, мәтінді дауыстап оқып, кей жерлерін түртіп өзгертіп отыратын. Ол кісі қанша қарбалас жұмыс істеп жатса да, бөліміне келген адамды қайтармай қабылдап, ашық-жақын сөйлесетін, кімге болса да тәкаппарлық танытпайтын, қайта әзілдеп сөйлеп, жұртты күлдіріп, жарқырап жүруші еді.

Ол кісінің бойында тума дарындылық пен білімділік, парасаттылық тамаша жарасымдылық тапқандай еді. Манаш ағаның ойы ұшқыр, қаламы жүйрік, тілі орамды, сөзі әсерлі, тыңдаушысын баурап әкететін.

Егер сол баяндамаларына қайта зер салып қарайтын болсақ, ол кісінің көп көтерген тақырыбы – өркениет және ұлт мәселелері болғанын аңғару қиын емес. Өйткені қай кезде болмасын, мемлекет құрғанда алдымен қолға алуға тиісті нөмірі бірінші міндет – мемлекеттік ұлтты қайта қалыптастыру сынды аса күрделі міндет тұрады емес пе?!. Әсіресе, ұзақ жылдық бодандықтан кейін бостандық алған біздің Ел үшін айтқанда, бұл міндеттің салмағы мен маңызы тіпті де ерекше. Сондықтан Манаш ағай «Ұлт болмысы», «Ұлт намысы», «Ұлт тілі», «Ұлттық мәдениет», «Ұлттың рухы», «Ұлтжандылық» сияқты мемлекет құрушы ұлтта болуға тиісті қасиеттерді қалыптастырудың жолдарын қарастырған.

Академик қазақ өркениетінің қайнарына – далалық өркениеттің өрісін саралай келіп: «Далалық өркениеттен еуропалық өркениетке құлаш ұрған ХХ ғасырда біз орыс өркениетінің ықпалында молырақ болдық. Оның жақсылығы да аз емес, кемшілігі де жоқ емес. Біз орысша «батпан құйрыққа, тегінен жатқан құйрыққа» ұмтылғыш болып үйрендік. Бар болса батып жеуге, көп болса шашып жеуге әуестендік. Орыстарша алдымен барды быт-шытын шығарып қиратуға әдеттендік, жоқтан бар жасауға қам жемедік. Боданшылдық, мүсәпіршілікке көндігіп, бойымызды үйреттік» («Өркениет және ұлт». Сөздік – Словарь» бас­пасы, 2001, 219 б.) деп ой түйіндейді де, ұлтымызды еңбекқорлыққа, бейнетқорлыққа, еңбекпен мол табыс табуға үйренуге үндейді, елдегі басқа ұлт өкілдерімен салыстырады. Сондай-ақ ол «Тәуелсіздік экономикада бой көрсету үшін, ұлт ойы өсуі шарт. Ұлт өзінің ұлттық намысына мінбесе – ол тобыр» деп санайды.

Міне, осы концепция негізінде академик Манаш Қозыбаев, отаршылдықтың салдарынан халқымызда азайып кеткен «адами қасиеттердің арқауы – Ар, Ұят, Намыс» сезімін оятуды аса маңызды деп санайды. Сондай-ақ ол ұлтымызды тәрбиелеп, сапалық деңгейін өсіретін рухани қорек көздердің өзге елде емес, өз ұлтымыздың тарихи мә­дени мұрасында, ұлы ойшылдарымыздың еңбектерінде екендігіне көптің көзін жет­кізеді. Мысалы ол өзінің «Ұлт намысы» деген мақаласында, Абай айтқандай:

«Сүймек, сезбек, кейімек,

Харекет қылмақ, жүгірмек.

Ақылмен ойлап сөйлемек…

Ақыл керек, ес керек, мінез керек…» болып тұрғанын атап көрсетеді. Сондай-ақ ол: ұлт көсемі Ахмет Байтұрсын халықты «бүтін ұлт я дүниедегі бүтін жұрт үшін һәм көпке қаларлық іс үшін» харекет етуге шақырған сөзін алға тартып, «ұлт намысын» көтеруді, бүкіл ұлт үшін, тіпті дүниедегі барлық халықтар үшін мәңгілік маңызға ие іс істеуді дәріптейді. Өзі де осы биіктіктен тәуелсіз еліне қызмет етті. Қызмет еткенде де өзі айтатындай «бұрқылдатып» қызмет етті.

Академик ұлттық намыс пен ұлттық рух­ты тығыз байланыстырып қарайды. Ол өзінің «Ұлт рухы» деген мақаласында, рух туралы анықтамаларды пайымдай келіп, «Бір сөзбен айтсақ: Рух адам баласының жан дүниесінің арқауы» деп анықтайды, әрі «рух – Отан сүйгіш патриоттың жаны мен қаны» (аталған кітап, 230 б.) деп сипаттайды. Осы ойын тіпті де терең түсіндіру үшін, ғалым Отанды тұтас бір организмге теңеп, «Тәуелсіз Отан – жүрегің, Рухты халық – тірегің» дейді.

Манаш аға тәуелсіздікке тоқталғанда: «Ол бізге қымбат – ата-бабаның рухын көтергені үшін!

Ол бізге қымбат – сөнген мемлекетіміздің отын маздатып, жандырғаны үшін!

Ол бізге қымбат – ата тарихымызды, ана тілімізді, дінімізді, ділімізді қаз-қатар тұрғызып, «Қазақ» деген атауға қан мен жан кіргізгені үшін!

Ол бізге қымбат – «Отан» деп жүрегімізді қақтырғаны үшін, «Елім» деп елеңдетіп, «Жерім» деп желпінтіп, барша 62 тамырымызды игізіп, ата жұртын сүйгізгені үшін!» (аталған кітап, 232 б.) – деп еміренеді. Айтса айтқандай, қымбат та қымбат тәуелсіздігімізді қорғайтын да, бекемдейтін де халқымыздың ұлттық намысы мен ұлттық рухы деп тү­сінемін. Сондықтан ұстазым жар салған ұлттық намыс пен рухымыз үстем болғай дегім келеді.

Манаш Қабашұлы ұлттық намыс пен рухтың жай жаршысы ғана емес, өмірінде оның үлгісін өз іс-әрекетімен көрсете білген, намысты да рухты бірегей тұлға болып табылады.

Нәбижан МҰҚАМЕТХАНҰЛЫ,тарих ғылымдарының докторы

Серіктес жаңалықтары