СӨЗ МӘЙЕГIН IЗДЕГЕН

СӨЗ МӘЙЕГIН IЗДЕГЕН

СӨЗ МӘЙЕГIН IЗДЕГЕН
ашық дереккөзі
2624

«Тәңiрi жаратқан табиғи қалыптан айрылудың не жақсылығы бар» деп өзi жазғанындай, көзi тiрiсiнде көптiң көңiлiнен кейбiр мiнездерi шыға қоймаса да өзiне табиғат сыйлаған бiртоға мiнезiнен айни қоймаған, бiреуге жағайын деп жаратылысын өзгертпеген, өз iсiне мығым, «өзiм дегенде қара күшiмдi» мұрат тұтқан, өз мақсаты жолында ерiнбей еңбек еткен Бақытжан Майтановтың да өмiрден өткенiне қырық күннiң жүзi болыпты.

Қазақтың қанына сіңген қашанғы әдетін­ше қасымызда жүрген жақсылар мен жайсаң­дардың жақсылығын қайтпас сапарға шығар­ған соң біліп, сан соғып жататын әдетімізбен қазақ әдебиеттануы да өзінің еңбекқор зерт­теушісінен оқыста айрылды. Қалай десек те кеше ғана бақыл болған Бақытжан Майтанов ұлттық әдебиеттану ғылымына өзіндік ізін қалдырған, ешкімге ұқсай қоймайтын ізденімпаздығымен өз ортасынан оза шауып, алғы шептен көрініп жүрген зерттеуші еді. Өзінің алғашқы «Көркемдік нәрі» (1983) деген еңбегінен бастап, докторлық диссертациясы негізінде жарияланған «Қаһарманның рухани әлемі» (1987), «Мұхтар Әуезов – суреткер» (1996), «Қазақ романы және психологиялық талдау» (1996), «Мағжан Жұмабаевтың поэтикасы» (2001), «Психологизм в художественной литературе» (2004), «Абай» (2004), «Портрет поэтикасы» (2006), «Монолог құрылымы» (2006), «Мұхтар Әуезов және ұлттық әдеби үрдістер» (2009) т.б зерттеулеріне зер салған адам оның тынымсыз еңбекқорлығын, әдебиеттану ғылымының әрбір мәселесіне енжар қарай алмайтынын аңғарары хақ. Өзі осы салаға араласқалы әдеби үрдістің бүгінгі бағыт-бағдарына, жылт еткен жаңалығына елгезектікпен үн қосып, жаңа есімдерді елге танытуға талпынып, тырысатын. Соның бәрі өз мамандығына деген өлшеусіз махаббаты мен ерекше сүйіспеншілігі, адалдығы болса керек. Азғана ғұмырында осыншама мол дүние жазып, бүтін бір кезеңнің көркемдік бағыт-бағдарын айқындауға, ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасынан бастап, бүгінгі жас толқындарға дейінгі аралықтағы ақын-жазушылардың көпшілігінің шығармашылық ғұмырбаяндарының «көркемдік құпиясына» зерттеушілік барлау жасап, бір ғасырлық көркем мәтінге психо-аналитикалық талдау жасайды. Ол қазақ әдебиеттануында бұрындары арнайы зерттеле қоймаған күрделі әрі тың тақырып – психологизм мәселесін алғаш болып зерттеген ғалым.Өзінің докторлық диссертациясында қазақ әдебиетіндегі тарихи-революциялық романдардағы психологизмнің көріністеріне ғылыми барлау, сараптау, жинақтау жасап, оның тың көркемдік құбылыстарына талдау жасайды. Міне, содан бері қазақ әдебиеттануында бұрындары белгісіз болып келген жаңа категориялар – уақыт пен кеңістік, мәтін құрылымы, психологизм, модернизм, постмодернизм, әдебиеттің семиотикалық астары, автор мен кейіпкер образының поэтикасы, шығарманың баяндау жүйесі, көркем әдебиеттің ойындық табиғаты, архетип және мифтік ойлау жүйесі т.б сияқты бүгінгі ұлттық әдебиеттану ғылымының өзекті мәселесі жайлы жүйелі түрде жазып отырды. (Б. Майтанов. М.Әуезов және ұлттық әдеби үрдістер: зерт­теулер, эсселер. Алматы. «Жібек жолы». 2009.-544-б. 7-б.). Оларға ұлы суреткер Мұхтар Әуезовтің музейіндегі жұмысы мен қазақ руханиятындағы орасан зор оқиға – 50 томдық толық шығармалар жинағын жүйелеп, қайта бастыруға, олардың ғылыми түсініктері мен барлық нұсқаларының толықтырылып, бас­тырылуына жетекшілік жасап, өзі де белсене араласып, бірнеше ірі ғылыми тарауларды жазуы шын мәніндегі жанкештілік еңбек болатын. Ал оған әл-Фараби атындағы Ұлттық университетте 20 жылға жуық ұстаздық әрі кафедра меңгерушілік қызметін қоссаңыз расында да нағыз «еңбекторының» өзі ме деп таңданасыз. Ешкімнің іші-бауырына еніп, елпілдей қоймайтын кісікиік жанның жанын жай таптырмай тынымсыз еңбекке тартатын табиғаты үндемей жүріп үлкен іс тындыруға бейім тұлғаны танытатын. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Тәуелсіздік дәуірдегі әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып еңбек еткен соңғы бір-екі жылда «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «ХХ ғасыр әдебиетіндегі тәуелсіздік идеясының көркемдік шешімі» атты ғылыми жобаға жетекшілік етіп, бірнеше ұжымдық монографиялық еңбектің жарық көруіне де белсене атсалысқаны белгілі. Міне, бұлардың бәрі текке тізіліп тұрған жоқ, мұның бәрі оның табандылығын, өз ісіне деген адалдығын танытпақ.Ғылым жолындағы ғалымның ғұмырлық ғибраты мен шығармашылық ізденіс іздері әрбір зерттеуіндегі үздіксіз өсуді, биік ғылыми өрені өрнектейді. Мәселен ғалымның алғашқы еңбектері­нен сол кезеңдегі барлық көркем сын мен әдебиеттанудағы бір сарынды баяндау мен ғылыми шолуларды байқауға болады. Айталық, 2002 жылы жарық көрген «Сөз сыны (ХХ ғасыр әдебиетінің көріністері).Зерттеулер, мақалалар, портреттер.» – Алматы: «Ғылым»,2002.-344/деген еңбегіндегі кез-келген мақаладан үзінді келтірер болсақ, оған көз жеткіземіз: «… Аянышы мол нәзік жүректі Мағжан ешкім жағадан алып жатпаса да, өз ерік, түйсігімен күрделі философиялық дилеммаға ашына жауап қайырады. Жеке басының жемісті болашағына сену ме, арманы орындалмасын сезсе де, обьективті шындықты қинала мойындау ма, белгісіз»/47 б/немесе: «… Әрине, «Қаралы сұлудың» мәтін жүйесі арнайы, көп кідірісті зерттеуді керек қылмақ.Шығарманы өркеуде биікке көтеріп тұрған ұлттық бояуы қанық, жазушы тіліндегі, синтаксис пен стилистикадағы айшықты бедерлер ұзақ тоқтала ізерлеуге бой ұсынбақ.Біз суреткердің аса бай, құнарлы тілінің қуатымен жүзеге асқан өмірлік, эстетикалық шындық табиғаты туралы толғануға тиіспіз» т.б/154 б/. Міне, осы үзінділердегі қарапайым интерпретациялау, құрғақ баяндаушылық т.б басым болса, енді соңғы он жыл ішінде жазылған зерттеулеріне зер салсақ, қаншама сапалы секірісті, өскен ғылыми өрені, байыған ғылыми тіл мен шеберленген кәсіби стильді байқаймыз. Мысалға Бақытжан Майтановтың «Мұхтар Әуезов және ұлттық әдеби үрдістер»: зерттеулер, эсселер/Алматы.»Жібек жолы».2009.-544 б/» атты соңғы еңбегінен үзінділер алып көрелік: «…Көркем әдебиеттегі дәстүрлі әке мен бала архетипі «Абай жолында» әрекеттік ауқымда осындай диалогтық сайыс үстінде сыр береді. Ол негізінен қарама-қарсылық дилеммасына барып тіреледі. Уақыт пен жағдай феномені мұндай тартыс­та ерекше қызмет атқарады»/199 б/. Немесе: «… Шығармада портреттік нышандар заттық эмблемамен бірігіп, нақты бір көңіл-күйді таңбалаушы міндетін атқарады. Статикалық қалып жансыз әлемге қатысты әрекеті арқылы айшықты, астарлы қозғалыс тудырады. Оған қабылдаушы субьектінің көзқарасы қосылады. Кейіпкер түйткілінің (код) шешімін іздейді. Автор прагматикалық аядағы семиозис кілтін ешкімнің қолына ұстатпаған. Интерпретация мүмкіндіктері шексіз…»/531 б./. Бақытжан Майтановтың «..ұлттық идея мен әдеби дәстүр М.Әуезовке дейінгі, сол замандағы және ХХ ғасыр мен қазіргі кезеңдегі проза, поэзия, әдеби сын салаларындағы көркемдік-эстетикалық ізденістері іріктеліп, жарық көрген бұл зерттеуіндегі психологизм, модернизм мен постмодернизм, уақыт пен кеңістік семиотикалық өрнек-өлшем, көркем тілдің бейнелік табиғаты тәрізді поэтика мен стилистика мәселелері тың мысалдармен, жаңашыл көзқарастармен зерделенуі» (кітап аннотациясында) біз алып отырған үзінділердегі ғылыми деңгейдің өсуінен хабар береді. Расында да, ғалымның соңғы жылдары жарияланған еңбектерін судыратып желе жортып, көз жүгіртіп оқи алмайсыз. Кідіруге, көңіл бөліп, кібіртіктеуге мәжбүр боласыз. Өйткені оның әр сөйлемі күрделі ғылыми стильге құрылған, тұтасқан терминдік тіркестер, тың әрі тосын әдеби түсініктер, жаңа ұғымдар, соны сөз сілемдері сөз жоқ, сізді сүріндіріп, тізе бүктіріп отырады. Зерттеушінің бай білімі, теориялық дайындығының молдығы шығарма талдауда еш тосылмайтын тасқын судай ырқынан тыс төгіліп отырады.Тіпті теориялық күрделі талдаудың өзі: «Бірақ ол сөз­дер көрікті қыз-уақыттың ұмытшақ жадына сырғадай ілініп қалмаған. Сынаптай сырғанап түседі» дегендей бейне ақын жүрекпен, бір деммен жазылған жыр жолдарындай жортып желіп оқисың. Бірақ түкке түсінбей, қайта қайталауға, кібіртіктеп, ойланып оқуға мәжбүр боласың. Себебі талдау тосын, мазмұн бай, сөйлем күрделі. Оны ойланып, тыныстап барып, қайталап оқымасаң түсінбейсің. Мәселен «Портрет поэтикасындағы теңеулер, эпитет, метафоралар жүйесі қазіргі прозада ықшам; әрі зат, табиғат, флора мен фауна әлемінен сараңдықпен ұтымды сыңарластық іздестіру соны көркемдік мекеншаққа тән жылдамдық, өткіншілік үрдісімен тамырлас»/533 б/, – деген шағын абзацтағы ой да оп-оңай шағылатын жаңғақ емес. Жамбастап жатып ойланарлық, жылдарға жүк боларлық салмақты сөздер. Сөйлем құрылымының өрнекті әрі күрделі, мағынасы тереңдігімен бағалы. Әрбір сөйлемінде тіресіп тұрған терминдерді іздеп, түсініп барып, оның қолданылуына мән бересің. Зерттеуші жиі жүгінетін ұлттық әдебиеттануға бейтаныс тосын терминдерінің этимологиясы мен мағынасын іздеп, түсінуге біраз ізденіс керек.Төл ғылымымызды жаңа әдеби ұғымдармен толықтырып, ғылыми тілді байытуға барынша көңіл бөлетін ол ғылыми стилімізді күрделендіріп, оқырманын ойлануға, ізденуге мәжбүрлейді. Жайдақ сыпырта мадақтау мен жалпылама шолудан шаршаған жұрт та оның мақалаларын мән бере оқып, іздеп жүріп танысатын сыңайлы. Және өзінің білімділігін байқатқысы келіп, жаңа терминдерді оңды-солды қолданатын және бір қолданған соң ұмытып қалатын қайсы біреулер сияқты емес, ол өзінің сөзіне сауысқандай сақ, бір шоқып екі қарайтын әдетімен жауапкершілікпен жүйелі жұмыс жасау, әр терминді орынды қолдану, бұл, сірә, өзі айтқандай: «Сөзді сүю өмірді сүюмен бірдей». Мұны біз ұлттық әдебиеттану ғылымының ғылым тілінің құнары мен ғылыми стильдің қасиетін арттыру деп бағалаймыз. Оқып көрелік:« Суретші тіліндегі өзін-өзі мінеу (самоирония), характердің толымсыз күйде жатуы, парадоксальды сипат, кейіпкер үшін дүниенің таскереңдігі постмодернистік «жазуға» (письмо) тән белгілерге жіп тағады. Роза Мұқанованың көркемдік әлемі бейнелеу нысандарының сонылығы, кейіпкер ерекшелігі, мәтін семантикасының интерпретациялық еркіндігімен даралық қасиет танытады»/522 б/десе, және Айгүл Кемелбаеваның шығармашылығы жайлы: «Көркем шығармадан гөрі әдеби-философиялық туындыға тән әрі бейнелі, әрі логика заңдылықтарын ескеретін нарратив, халықтың ауызекі нақылды өз тіліне айналдыра ой қорыту, шығармадағы толып жатқан метафоризм белгілері, интертекст, реминисценция көріністері шығарманың құрылым жағынан постмодернистік эстетикамен туыстығын мансұқ етпейді», – дейді /522/. Міне, осы және Б. Майтанов зерттеулерінде тұрақты орын алған терминдерді терсек, тізім біразға барары хақ.Айталық, «филогенетикалық жетістігі, семиотикалық зерттеу, ауктор ұғымы Ф. Л. Штанцель, нарратор (таза әңгімеші) терминін Д. Принс, имплицитті автор концепциясын У. Бут, имплицитті оқырман терминін В. Изер, эксплицитті автор»… синтагмаларда дыбыс үндестігі, метафораның предикативті табиғаты, эпитеттегі зоонимдік сипатпен эмотивтік деңгейдің семантикалық сәйкестігі..», «реминисценция үзіктері», «сырттаушылық» («вненаходимость»), «мінездер рипологиясы», екіұдайылық (амбивалентность чувств), «аллюзия, интертекст», «эзотериялық мәселелер», «дестелі (сериялы) дүниелер», т.б. (Бұл бір ғана мақаладан алынған терминдер тізімі. «Ақиқат» журналы, № 3, 2011. «Абай жолы» және тәуелсіздік рухы»). Бұл, сөз жоқ, тілдің байлығы мен көркемдігін, ойдың да байлығы мен көркемдігін танытпақ. Бәлкім, Бақытжанның өзі де қолы қалт еткен уақытта «өлең-сөздің патшасымен» достасып, мазмұны мен мәні келісті де көркем кестелі сөзге жанының құмарлығынан ба екен, ғылыми стильді кейде поэзияның поэтикалық қуаты мол әдемі сөзіне жалғастырып жіберетін де кездері көп болады.Оны зерттеушінің ерекшелігін айқындайтын-ырғақты сөйлемдерінен, сөз қолданыстарының байлығынан-ақ байқауға болады.Жоғарыда келтірілген жаңа философия­лық-эстетикалық ұғымдардың оған сәйкес сөйлем құрылымдары мен ойды қорытар етістіктердің де ешкім еншілей алмас ерекшелігі де зерттеуші Б. Майтановтың әр кез әдеби үрдісті қалт жібермей қадағалап, жүрісінен жаңылмайтын шахматшыдай оның әрбір ізіне шам алып түсіп, ізденіп отыруының нәтижесі болса керек. Әдебиетші қауымды әрегідік әуре-сарсаңға салдырып жауап іздейтін қазіргі көркемдік бағыттар-постмодернизм туралы тура сөзін көп айтқан да көп зерттеген де осы Майтанов болатын. Әдебиет тарихындағы классикалық көркем туындылардың көп­шілігіне жаңаша назар аударып, тіпті бұрындары психологизмнің жұрнағы да жоқ деген шығармалардан да ол модернизм мен постмодернизмнің кейбір элементтерін тауып, соған оқырманын сендіре де алды. Ол турасында өзі былай дейді: «..Ол М.Әуезов, Ж. Аймауытов, М. Жұмабаев, тіпті С. Сейфуллин мен С. Ерубаев шығармаларынан да кең орын алады.1960 жылдардан бергі «жылымық»дәуірде мұндай әдеби-танымдық дискурс Р. Тоқтаров, С. Мұратбеков, М. Мағауин, Ә.Кекілбаев, Т.Әбдіков, Ә.Тарази, Қ.Ысқақов, А. Нұрманов, Д. Досжанов, Р. Сейсенбаев, М.Қабанбай т.б жазушылардың көркемдік тәжірибесінен анық аңғарылады». /502 б/. Тіпті, өзінің соңғы жазылып, «Қазақ әдебие­ті» газетінде (осы газеттің тұрақты авторы еді Г.П) жарияланған «Қазір­гі қазақ поэзиясы және постмодернизм» атты мақаласында да бүгінгі тәуелсіз әдебиетіміздегі көркемдік әдіс, бағыттар, оның ішіндегі модернизм мен постмодернизмнің қазақ әдебиетіндегі көріністері тұтас бағыт деңгейі­не көтерілмегендігін, сондықтан көркем-әдеби ағым ретінде көрініс тапқаны, оны өзгерту тек уақыттың ғана қолында екендігін де ескертеді. «Егер постмодернизмнің ең үлкен дү­ниетанымдық ерекшелігі – керітартпа романтиктердегі сияқты өзіне таныс өмір сиқынан түңілушілік екендігін ескерсек», зерттеуші де әдебиеттанудағы постмодернист болып, бір сарынды таптаурын талдаудан түңіліп, іштей қарсылық білдіруге тырысқан сыңайлы. Қазақ әдебиеттану ғылымының білгір, ғалымы, ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері Бақытжан Майтановтың ғылым тілін түрлендіруге, ондағы ой мен мазмұнды, сөйлемдік құрылымдарды күрделендіріп, ұлттық ғылыми ойлау жүйесін жаңалауға, ғылыми стильдің өзгеше өрнек алуына өзіндік үлесін қосуға ұмтылуы жоғары бағаланды және ол ешқашан ұмытылмақ емес.
Гүлзия ПIРӘЛИЕВА, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкерi, ф.ғ.д., профессор

Серіктес жаңалықтары