УКРАИНДАР ЫНТЫМАҚТАСТЫҚҚА МҮДДЕЛІ
УКРАИНДАР ЫНТЫМАҚТАСТЫҚҚА МҮДДЕЛІ
Қазақ Премьерi К.Мәсiмов пен Украина премьерi Н.Азаровтың қатысуымен Астанада өткiзiлген Қазақстандық-украиндық бизнес форумда сауда-экономикалық маңызы бар бiрқатар құжатқа қол қойылды.
Бизнес-форумды салтанатты түрде ашқан К.Мәсімов Қазақстан мен Украина бірігіп қабылдайтын «Жол картасында» екіжақты міндеттер мен мақсаттар айқын көрсетілетіндіктен, екі елге тиесілі бизнестің қарқынды дамуына мүмкіндік туатынын мәлімдеді. Ал Астана сәулетінің сұлулығына тамсанған Азаров ЖІӨ көлемі жағынан қазақтардың украиндардан басып озғанына қуанып, өздерінің ЖІӨ жағынан алғанда, артта қалғанына қынжылды. «Қазақстанда Ұлттық қордың құрылуы – тұрақтылықтың кепілі» деп мәлімдеген украиндық премьер даму процесінде қазақтардан үлгі алатынын жеткізді. Кәсіпкерлік жолында кездесетін әкімшілік кедергілерді айтарлықтай қысқартып, «бір терезе» қағидасына көшірілген. Қаржылық дағдарыс кесірінен қаражат тапшылығына ұрынған құрылыс мекемелеріне салынатын салық салмағы жеңілдетілген. Жаңа реформалардың арқасында өндірістің дамуы – 8,2 пайызға, тамақ өнеркәсібі мен құрылыс 16 пайызға жуық өскен. Жекеменшікті қорғау құқығы мәселесі – украиндар жеріндегі өзекті мәселе. Жаңа заң жобасына сәйкес, бұрын контрабандамен айналысқан кәсіпкер түрмеге қамалмайды. Азаровтың айтуынша, технологиялық басымдыққа ие Украина шикізатқа бай Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға мүдделі. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы, авиа құрылысы саласында да украиндардың тәжірибесі мол: «Жер ауқымы жағынан алғанда, өте көлемді Қазақстан авиа байланысты дамытатыны белгілі. Ал ғарышты игеруде техникалық және технологиялық мүмкіндіктерге бай бізге қазақтардың «Байқоңыр» ғарыш айлағы – таптырмас мүмкіндік».
Екіжақты ынтымақтастықтың тағы бір ерекшелігі: сауда-экономикалық қатынасы. Егемендік алғалы бері тізе қоса әрекет етіп келе жатқан екі жақтың кәсіпкерлері мен мемлекеттер арасында сауда және экономикалық мәселеде бірде-бір рет дау, келіспеушілік немесе қиындықтар туындамаған. «Еуропалық Одақпен мүшелікке өту туралы келіссөздерді аяқтап қалдық» деп мәлімдеген Азаров ЕО-ға қабылданғаннан кейін украиндар жерінде өндірілген кез келген тауар еуропалық сапаға ие болатынын және ынтымақтастық орнатуда қазақтарға да тиімді екенін көлденең тартты.
Өз кезегінде Украинаның Сауда-кәсіпкерлік палатасы басшысының орынбасары В.Белый өз елінің экономикасы жан-жақты екені айта келе, кез келген салада екіжақты серіктестік орнатуға дайын екендіктерін жеткізді.
Форум барысында тараптар экономикалық маңызы бар 5 маңызды құжатқа қол қойды: «АэроКЗ» ЖШС мен «Антонов» МАК арасындағы АН-14-100 ұшақтарын Қазақстанда бірігіп жасау әрі сатқаннан кейін бірігіп қызмет көрсетуге байланысты келісім, «Украинаның халықаралық әуе желісі» мен «SCAT әуе компаниясы» АҚ арасындағы жолаушылар үшін ұшақ құнын төмендетуге мүмкіндік беретін арнайы келісім, «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен қазақстандық-украиндық «Казкомпрессормарш» БК арасындағы 2012-2013 жж. компрессорлық техниканы тасымалдау және қазақ тарапының қатысуы үлесін арттыруды көздейтін меморандум, ғалымдардың Еуразиялық экономикалық клубы мен Қазақстан экономистерінің ассоциациясы Украина экономистерінің одағымен серіктестік пен ынтымақтастықты, өзара түсіністікті нығайту мақсатындағы келісім және екі ел кәсіпкерлерінің бастамасымен Қазақстандық-украиндық кәсіпкерлер ассоциациясын құру туралы келісім.
Саяси және экономикалық тұрғыда жанжақты қарым-қатынас орнатуды көздейтін Қазақстан үшін Украина – ТМД аумағындағы ірі сауда серіктесі. Үстіміздегі жылдың алғашқы үш тоқсанында екі ел арасындағы сауда айналымы 3 479,1 млн. АҚШ долларына жеткен. Оның ішінде, экспорт – 2 212,2 млн. доллар, импорт – 1 266,9 млн. доллар. Қазақстаннан Украинаға минералдық өнімдер, металдар, химиялық және өндірістік (каучук, пластмасса т.б.) өнімдерді тасымалдау дәстүрге айналған. Ал украиндар жерінен қазақтар еліне азық-түлік өнімдері, машиналар, құрал-жабдықтар, транспорттық жабдықтар, металдар, химиялық өнімдер, ағаштар, қағаз бұйымдары т.б. әкелінеді. Украинадан Қазақстанға тікелей тартылған инвестиция көлемі 2001 жылдан 2011 жылдың алғашқы тоқсанындағы ресми деректерге сәйкес, 20,6 млн. АҚШ долларына теңгерілген.
Бизнес-форумды ұйымдастырушы – «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар» ұлттық агенттігі» АҚ директоры Ардақ Досановтың айтуынша, екі елдің металлургия, энергетика, химиялық, тау-кен өндіріс, азық-түлік өнеркәсібі, машина құрастыру саласында тығыз қатынас орнату тиімді: «Біз сондай-ақ, украиндық кәсіпкерлерді «Қорғас» аумағына қатысты жобаларын жүзеге асыруға шақырдық. Агенттік кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде барлық салаға арналған арнайы ұсыныстар білдіруге және инвесторларға «бір терезе» қағидасына сәйкес қызмет көрсетуде қолдау жасауға дайын», – деді. Форум барысында «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарушы директоры С.Есімбеков «Инвестициялық мүмкіндіктер» тақырыбына, Халықаралық технологиялық ғылымдар академиясының украиндық бөлімшесінің президенті Р.Шерстюк «Украиндық және қазақ кәсіпкерлерімен жаңа технологияны өндірісте қолдану ісі жөніндегі ынтымақтастықты нығайтудың тұжырымдамасы» тақырыбына, «Қазақстанның даму банкі» АҚ басқарушы директоры Д.Қилыбаев «Қазақстанның даму банкі – мемлекеттік инвестициялық саясаттың басты жол нұсқаушысы» тақырыбына баяндама жасап, екі жаққа тиімді ұсыныстарын көпшілік талқысына салды.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ