1091
ЕЛ ЕСІНДЕ – СӘҢКІБАЙ ЕР
ЕЛ ЕСІНДЕ – СӘҢКІБАЙ ЕР
Әбілқайыр хан, Есет батыр және Әжібай бидің замандасы Сәңкібай – азаттық аңсаған қазақ халқының аруақты арыстарының бірі. Оған тағзым ету кейінгі ұрпақтың парызы.
Сәңкібай XVII ғасырдың 1687 жылы дүниеге келген. «Ақтабан шұбырынды» жылдары Батыс Қазақстанды жаулап алуға тырысқан қалмақтарды Еділ мен Жайықтан асыра қуу кезінде Әжібай бимен Арал батыр бастаған сарбаздарға көмектесуде Сәңкібайдың атқарған ролі өте күшті. Оның есімі Сағыз, Жем, Ойыл бойына кең жайылған. Сәңкібай бидің өмірі Әжібай бидің саясатымен, іс қимылымен тығыз байланысты болды, біте қайнасты. Бидің ақыл кеңес алар нөкері, нағыз сенері, сүйенері, халықпен екі ортада байланыстырушы дәнекері болды. 1729 жылы Балқаш көлінің оңтүстік беткейінде Әбілқайыр хан бастаған қазақ жасақтары жау қолын талқандады. Осында Есет Көкіұлы Кіші жүз құрамының туын көтерген батыр болды. Сәңкібай Әжібай бимен бірлесе отырып, үлкен парасаттылығымен көрегендікжасап, елдің қауіпсіздігіне белсене кірісіп, еңбек етті, тәуелсіздік үшін тікелей атсалысты. Ел есіндегі тарихи аңыз-әңгімелерді талдасақ және оның ел тарихында атқарған ролі, алатын орнын ашық көрсеткен жөн деп білеміз. Екі-үш ғасырдай уақыт өтсе де оны ел ұмытпай келеді, әлі күнге дейін қадірлеп, қастерлеп, биік парасатын, жарлы-жақыбайларға көрсеткен көмегін, қамқорлығын, байлығымен үйлескенін, ұрпағын рахымды етіп, қолын ашық етіп тәрбиелегенін аңыз етіп айтады. Мысалы оның Бәшен деген ұлы көңілі дархан, мырза, ақжарқын кеңпейілді, кедейлерге жәрдемін аямаған адам көрінеді. Бұл да «Ата көрген – оқ жонар» деген сөздің айғағы. Адамның жас кезінде, жаңа толысып келе жатқан сана сезімі пендеге тән күнкөрістің толып жаткан күйкі тірлігінен таза сақталады да, сол кездерде естіген әңгімелер есіңде қалтқысыз сақталып қалады екен. Сол бейкүнә күнде есімізде сақталған жағдай Ақбота -Сәңкібай атауының шығу тарихына келіп тіреледі. Ақтөбенің ақ жазығын мекен еткен жұрт, әрине Ақбота-Сәңкібайдың, Жем өзенінің орта шенінде орналасқанын білмеуі табиғи іс. Бірақ жалпы жұрт бұл мекенді атай тұра, оның кімдердің есімімен аталғанын, қашан, қандай жағдайда берілгенін біле бермейді. Әлбетте, біз көбінесе білуге тиістіні біле бермейміз, сол ұқыпсыздық, немқұрайлылық өкінішке қарай, бәрімізді де жайлап алған дерт қой. Осы жолдардың авторларының бірі тұңғыш рет 60 жылдары іссапармен Байғанин ауданында болғанда бұрынғы Калинин атындағы ұжымшардың төрағасы Төлебаев Қалдыбайдан және «Ақжар» кеңшарының директоры марқұм Айжарықов Жұбанның аузынан естіген болатын. Бірде мамыр айы туа Сәңкібай жылдағы әдет бойынша Әбілқайыр ханға сәлем беріп, амандасып қайтуға жиналған ел жақсыларымен бірге сый-сияпат алып, Ырғыз даласына қарай аттанады. Ол кезде хан қыста Түркістанда қыстап, жазда ежелгі жайлауына келеді екен. Кіші жүздің ішінде тама Есет батыр, табын Бөкенбай, кете Әжібай, беріш Есболай, адай Шотан сияқты адамдары бастаған қазақтардың ер азаматтары Ырғыз даласына қарай ағылғанда, ежелден аңдысып келе жатқан, бірде жеңіп, бірде жеңілумен, итжығыспен өмір кешкен қалмақтар да жансыздары арқылы бас көтерер ерлер жолаушылап кеткен кезінде қазақ ауылдарынан кек алмақ болады. Ол тұста Жемнің төменгі ағысымен Жайықтың Атырауға құяр тұсы әлі де қалмақтар қолында еді. Қалмақтар 1780 жылдары бас көтерместей болып жеңілгенге дейін жыл сайын қазақ еліне тосыннан шабуыл жасап, күн көрсетпей қойғаны тарихи шындық жағдай. XVIII ғасырдың аяғында Еділ мен Жайық өзендерінің арғы бетіне ығыстырылғанша олар Ойыл-Қиыл, Жем-Сағыз, Темір, Елек, Қобда өзендерінің алқабын қоныстанған қазақ ауылдарын жылына екі рет, көктем мен күзде қанжоса етіп отырған. Сәңкібай ауылына тиіскен де Жемнің құйылысын мекен еткен қалмақтар еді. Алайда түтін салып, дабыл қағу арқылы жау келіп қалғанынан дер шақта хабарланып үлгерген ел үдере көше бастайды. Сәңкібай атамыздың Ақбота атты қызы ауылда қалған тума-туыс, малшы-жалшы жігіттерді іріктеп, еркекше киініп, жауға қарсы шабады. Әбілқайыр ханға бір жылғы есебін беріп оралған Сәңкібай ауылына тиген жаудың жеңілгенін, бірақ Ақботаның жазым болғанын жолшыбай естиді. Көшіп келе жатқан ауылын осы күнгі Ақбота-Сәңкібай дөңінен қарсы алады. Сонда Сәңкібай: «Денесін адам мен мал аяғынан аулақ, сонау ақтау құм басына тапсыралық!» депті. Сол биік құм басында жалғыз мола Ақботаның бейіті! Дегеніне жете алмай, армандаған ғашығына арызын айта алмай, өмірден қыршын кеткен батыр қыздың мекені сол күннен бастап Ақбота аталған. Мүмкін құлпытасындағы жазуға қарап, ел «Ақбота Сәңкібайқызы» деу орнына ауызша оңай, орамды етіп, бірден-ақ «Ақбота-Сәңкібай» деген болар. Әйтеуір, Жемнің оң қапталындағы оқшау құм ішінен ерекше әдемі, ерекше биік құм алыстан қараған кісіге Ақбота сұлудың бейнесіндей көзге ыстық көрінетіні бар. Көнекөз ақсақалдардың айтуына қарағанда жау ел шетіне жеткенін хабарлау үшін Сәңкібай әулеті әлгінде аталған Ақбота құмның басына от жағып, түтін салса, оны Сағыздың Нарқызыл аталатын биік құмында тұрған кісінің көз шалып, әрі қарай түтін белгі салады екен. Содан айналасы бір бие сауым мезгілде бұл жерден 80–90 шақырым жердегі Қарауылкелді, одан әрмен Ойыл бойындағы Қарауылтөбе «жау шапты» деген суыт хабар алады екен. Жем-Сағыз даласында соңынан аталып кеткен Күлдірдің ойы деген жерде Сәңкібай бидің Күлдір атты сұлу, ең кіші, ерке тоқалы болса керек. Атағы жоқ ойпатқа өз атағын қалдырған Күлдір бір жайлаған жерін «Табабасқан» деген атақ бергізген дегенде аңыз барды. Өзі сұлу, өзі жас болса, ондай жанға көзі түспейтін жігіт бола ма? Күлдір сұлудың ойнап-күлгенін біліп қойған бай қызғанышты жерін табамен қарығанын ел есінде қалдыру үшін, бұл қонысты «Табабасқан» атаған жағдай жұрт есінде тарихи шежіре жазып кеткендей… Әбілқайыр өзінің сыртқы саясаттың іс-әрекеті мен қимылын қазақтардың батыс жаққа көшіп-жүріп тұруын қамтамасыз етуге тырысты. Осы мақсатқа ол табысты жетті. Петр I өлгеннен кейін Ресей патшалығының жағдайының тұрақсыздығын ескерді және Жайық казактарының патшадан тәуелсіз екенін де сезді. Ол кездерде нақты тарихи жағдай қазақтардың тәуелсіздігіне ешқандай кері әсерін тигізбейтіндігін білді. Әбілқайыр бастаған қалың қол «Ақтабан шұбырындыдан» кейін де XVIII ғасырдың 30-40 жылдарында Еділ, Жайық бойы, Маңғыстау түбегі Бұқар, Хиуа, Қалмақ шапқыншылығынан Жайық бойы казактары күшпен иеленіп алған ата қонысты азат ету, сөйтіп, Әлім, Жетіру, Байұлы тайпаларының өз жерлерінде еркін, бейбітшілікте өмір сүруін тиянақтау үшін жорықтар жасады. Кіші және Орта жүздер аймақтары Ресей қаласында өткенімен, Еділ бойы қалмақтарының қазақ жеріне жиі-жиі шапқыншылығына тиым болмады. Патша әкімшілігі бұған сырттай қарап тұрды. Сондықтан Есет батыр Қобда, Жем, Ойыл, Темір бойынан оларды Атырауға дейін ығыстырды. Ресейдің отаршылдық жүйелі жоспарын, оның мақсатын бабаларымыз әріде-ақ болжаған. Сондықтан қалмақтарды қолшоқпар ретінде пайдаланып отырған саясатына қарсы үш ғасырдай уақыт алысты. Ресей мемлекетінің шығысқа ентелей ұмтылғанын аңғарды. Сондықтан да болар, атақты қазақтың үш биі бас қосып, мәмілеге келтіргенде, жалпы халықтық мүдде болатын көрегенділік саясат жүргізуді зерделі аталарымыз ертеден ұғынған. Қазақтардың азаттық үшін болған соғысының Кіші жүзден шыққан он мың қолының тізгінін ұстаған Арал батыр біздің халқымыздың Ресейге тәуелді болуына өте-мөте қарсы болған адамның бірі. 1738 жылы Әбілқайыр ханның қарауындағы ықпалды қазақтар елші А. И. Тевкелевке екінші рет ант бергенде Арал батыр қол қоймаған. Сірә, Есет батыр, Әжібай би, Арал батырлар: «Орысқа басыбайлы құл болмайық! Сауда-саттық жасап, тату көршілік қатынасқа қарсылық жоқ!» деген пікірде болғанға ұқсайды. Әжібай би Кіші жүздің бас биі Әйтеке дүние салғасын, бар жауапкершілікті өз қолына алады. Орыс елшісі Тевкелев Әбілқайыр хан ордасында күнделік жүргізіп отырып, Әжібай биді еске алуы, әрине оның беделінің зор болғанына куә, ал «басқалары» деп отырғаны да белгілі. Олар оның қасына ерген шекті-назар Сәңкібай, адай Шотан, беріш Есболай сияқты батыр-билер. Тевкелевтің билерді өте жек көретіні де белгілі. Әжібай би саясаттың адамы еді. Ол халықтың қаны төгілмеуін, қайткенде де қазақтардың Дешті-Қыпшақ тұсындағы қоныстарына ие болып қалуын көздеген ақылды би орыс жаугерлерімен үнемі мәмілеге келуге тырысады. Әбілқайыр ханның Өлкетек өзені бойында Барақтың қолымен өлтірілуі кезінде батыс қазақтары ханды жерлеуге, онан соң оның асына, садақасына қатысады. Сондай ушыққан сәтті аңдыған Еділ бойының қалмақтары жансыздары арқылы Кіші жүздің атақты биінің ауылын шабудың оңтайлы күнін күтіп жұрді. Сірә, бұл оқиғаны 1749 жылы болған сияқты. Өйткені Әжібай мен Есет және Сәңкібай, Шотан сияқты ылғи батыр, шонжарлар елде жоқта сәуір айында бір қырғын болды. Оны халық «Қалмақ қырған» атап кеткен. Бұл оқиғаның болған жері қазіргі Темір ауданының Кейкібас қырқасының астында, Ойыл өзенінің аңғарында, Қанжар, Қалмаққырған теміржол бекеттерінің маңында. Қазір бекет «Қалмақты қырған» деп толық мағынасымен аталады. Көнекөз үлкен кісілердің айтуына қарағанда Сәңкібайдың жылқысы өзеннен су ішкенде, кейбір тайыз жерлердің суы тартылып, балықтар қайырлап қалатын көрінеді. Қазақтың шөлдеген адамды «бір ішкен жылқыдай екенсің» деген сөзінің де осындай да жаны бар. Сәңкібайдың жылқысын күніге бір рет қана суарады екен. Бұрынғы «Алтай» кеңшарының түстік шығысында, Жем, Сағыз өзендерінің арасында жалпақ адыр бар, Алтай деп атайтын болу керек. Сол адырдың орта деңгейінде ұзыны жиырма-жиырма бес шақырымдай айтақыр жер жатыр. Өткен ғасырларда ол ат жүзіп өтерлік суы мол екі шеті сағыммен тілдескен айдын көл болыпты. Бірде осы көлдің құрағына жабылып, шұрқырап жатқан жылқысына көз салып тұрғанда, байдың қасына ақ есек мінген, ақшұнақ шал ентелей тоқтап: «Әй, Сәңкібай, енді де арманың бар ма? «Кедеймін» деп еңірегенде етегің жасқа толушы еді, енді көңілің толды ма? Жаратқанға ризасың ба?» деп тіл қатыпты дейді. Көлде жусап тұрған жылқы судың терең жеріне бармаған шығар, сол тұсын ойыстау көрген бай: «Әне бір жері сәл, кетіктеу емес пе?» десе керек. Ақшұнақ шал кекетіп: «Туу, көзің шыққыр, тоймайды екен!» деп бір уыс құмды шашып жіберіп, жөнеле беріпті дейді, «Ақшұнақ» шал дегені «Қыдыр» екен. Көзі сол бойда басыр (соқыр) болып ауылына әрең жеткен Сәңкібай емшілерге қаралса да даруы болмапты, ғаріп болып қалыпты. Сол жылы Қазанның аяғында бір күні аспанды торлаған сұр бұлттың суық нөсері қарға ұласып, түн ортасы ауа ақ боран соғады. Сәңкібайдың Барысала деген айғыры бар екен. Ырысымның басы, кұт дарығаны қасиетті мал деп Барысаланы өте жақсы көреді екен. Себебі қандай боран болса да Барысала бар жерде, жылқы үйірі шашау шықпайды екен дейді. Сол айғыры боранды түнде жылқыны үш рет қайырып келіп, ауылды тапап кете жаздайды. Енді болмаса тігілген отауларды отын еткелі тұрған ыққан жылқыны қайырған Барысаланы Сәңкібай еркіне жіберткізеді. Солтүстіктен ышқына соққан дүлей боран қуған жылқы сол бетімен Жемнің аяғындағы теңізге лап қойыпты. Өмірінің соңғы шағында тақыр кедей болып қалған Сәңкібай дүние салғасын, сүйегін балалары Кенжалы өзенінің бас жағына қойған. Сөйтіп, ақсақалдардың айтуына қарағанда, Сәңкібай өзінің азды-көпті ғұмырында, қоңторғай мезгілді де көрген, кедейліктің де қасіретін тартқан. Сәңкібай бидің, батырдың, байдың бейітіне «әулие» деп науқас, сырқат адамдар, бала көтермеген жас әйелдер немесе баласы өле берген әйелдер түнеген. Сәңкібай дүние салғанннан кейін «Сәңкібай әулие» атала бастаған көрінеді. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген халқымызда аталы сөз бар. Әрине, әңгіме баюда емес, қазіргі аруақты бабаларға арнап ас беріп, Құран бағыштап, басына кесене тұрғызып, еске алатын уақытқа ие болдық. Ол өлінің бұл дүниеде жоқтаушысы, иманын тілеушісі, соңында қалған жақын-жуық, тума-туыстары, ағайындары, көзі ашық, көңілі ояу ұрпақтарының бар екендігінің белгісі. Ата-бабаларымыздың, тарихи тұлғалардың рухын сыйлау, құрметтеу – тірі жүрген адамдардың ардақты нарызы. Өмір, табиғат заңы бойынша ұрпақтар алмасып тұратыны ақиқат. Дүние салған ата-бабалардың мәңгілік қонысына барып, бас июден артық қандай адамгершілік болмақ. Бұл жөнінен өзбек ағайындардың жыл сайын қайтыс болған адамдарды еске алып, зираттарын қалпына келтірулері үлкен өнеге болып есептеледі. Осы жақсы дәстүрді, біздер, қазақ қауымдары да еске алып, орындап жүрген дұрыс сияқты. Сәңкібай бабамыздың мүрдесі қазіргі Темір ауданының орталығы Шұбарқұдық поселкасынан 17 шақырым жерде Кенжалы өзенінің бойында жерленген. Ұлы Отан соғысынан кейін, елуінші жылдары оның бейітіне ұрпақтары: ағайынды Құрмашев Қашқын, Әбілбай, Балғазин Оқас үшеуі құлпытастан белгі қойған. Шежіре бойынша Сәңкібай бабамыз Шекті тайпасынан өрбіді дедік. 117 жасында қайтыс болған. Сәңкібай бабаның ұрпақтары ішінен республикаға, облысықа белгілі, атақты, елге еңбек еткен азаматтар шықты. Әбілқайыр ханның, кете Әжібайдың, тама Есет батырдың серігі Сәңкібайдың атын жас ұрпақтың есінде мәңгі қалдыруға бағытталған ізгілікті іс қазақтың ұл-қыздарын Отанын, елін, жерін сүйетін, ұлт жанды етіп тәрбиелеуге әсері болады сөзсіз.
Нуридин БАЛҚИЯҰЛЫ, профессор
Тұрғанғали ЖОЛБАСҚАН, доцент