КӘРІ ҚҰРЛЫҚ ҚАРЫЗҒА БЕЛШЕДЕН БАТТЫ
КӘРІ ҚҰРЛЫҚ ҚАРЫЗҒА БЕЛШЕДЕН БАТТЫ
Қарызға белшеден батқан еуроаймақтағы елдер тығырықтан шығар жолды таба алар емес. Аталған аймақтағы борыштық дағдарыс ауқымы кеңейiп, ендi Еуропалық Одаққа қарай ауысты. Сырттай ортақ мәмiлеге келуге мүдделi көрiнгенмен, батыстық шенеунiктер тиiмдi шараларға келгенде, қауқарсыз.
ӘП-ӘДЕМІ АҚША ЕДІ…
Еуроаймақтағы екі жылға созылған қаржылық және несие дағдарысы әлі күнге шешімін таба алмай келеді. 1999 жылдың 1 қаңтарында Еуропалық Одаққа мүше 11 мемлекет: Австрия, Бельгия, Голландия, Ирландия, Испания, Италия, Люксембург, Португалия, Финляндия, Францияда төлем құралы ретінде аталған елдердегі ортақ валюта – еуро қолданысқа енгізіліп, 2001 жылы еуроны Греция да қабылдайды. Әп дегеннен-ақ еуро үстемдік жүргізген кеңістік «еуроаймақ» аталғанмен, 1999 жылға дейін еуроаймақта қағаз не темір ақша шығарылған жоқ, тек қолма қол ақша емес күйінде кәдеге асырылатын. Еуроға банктерден есепшоттар ашуға мүмкіндік болғанмен, кәдімгі ақша түрінде алу мүмкін емес еді. Есесіне, дүкендерде еуроның бағамы бойынша несиелік карталармен есеп айырысуға болатын. Дайындық жұмыстары жүргізілген осы кезеңде халық жаңа валютаның жаңа баға саясатына бой үйрете бастаған. Дүкендердегі баға екі валюта: ұлттық ақша мен еуро түрінде көрсетілді. Еуроның банкноттары мен темір ақшалары 2002 жылдың 1 қаңтарда айналымға енгізілді. Алғашқыда 15 млрд. көлемінде – қағаз ақша, 51 млрд. көлемінде темір ақша шығарумен шектелген еуроны 2007-2009 жылдары Словения, Кипр, Мальта мен Словакия қабылдаса, биыл еуроаймақ шеңберіне Эстония қосылды. Негізі олардың қатарында бұған дейін немістердің маркасын ұлттық валюта ретінде қолданған Черногория да бар. Аталған аймақтың қаржы саясатын түзетін және қаржылық әрекеттерді жүзеге асыратын – Еуропалық орталық банк. Оның бас ғимараты Германияның Франкфурт қаласында орналасқан. Кәрі құрлықтағы ортақ экономикалық кеңістікті құруды көздеген батыстық шенеуніктер енді «не жаздым» деген күйге түсіп отыр. Еуроаймаққа тиесілі қарыздан қалай құтыларын білмей, дал болған еуропалық шенеуніктер ортақ мәмілеге келуге мүдделі секілді көрінгенмен, шыққан нәтиже жоқ.
Әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары жуырда Италия билігі алдағы 12-18 айдың мемлекеттік бюджет қажеттілігін өтеу мақсатында Халықаралық қаржы қорынан жедел көмек ретінде 600 млрд. еуро ($800 млрд. көлемінде) қарыз сұрағандығы туралы хабар таратқан болатын. Алайда апта басында ХҚҚ өкілдері бұл деректі жоққа шығарды. Арада сәл уақыт өткенде әлемдік баспасөзде Венгрияның Халықаралық қаржы қоры мен Еуропалық Комиссиядан борыш алуға өтініш айтқаны туралы материалдар жарық көрді. Вашингтондағы кездесуде Қордың қаржы бөлуші директоры Кристин Лагард бұл ақпаратты растай келе, Венгрия билігі қаржылық тапшылыққа ұшырап қалмаудың қамын жасап жатыр деген. Негізі Будапешт ХҚҚ-дан бұған дейін де борыш алған еді. 2008 жылы ХҚҚ-дан 20 млрд. еуро көлемінде несие алып, арада екі жыл өткенде, яғни 2010 жылы қарыз қаржылық тәуелділікке әкеп соғады деген себеппен, алған ақшадан қайта бас тартты. Ал өткен аптада Венгрияның экономика министрі Дьерд Матолчи Халықаралық қаржы қорымен арадағы қарыз мәселесіне қатысты келіссөздердің қайта жалғастырылатынын мәлімдеді.
Жуырда Standard & Poor’s, Fitch Ratings, Moody’s секілді халықаралық рейтинг агенттіктері еуроаймақтағы қарызға байланысты туындаған қиындықтардың Венгрияға кері әсер еткенін, сол себепті елдің несиелік рейтингі инвестициялық деңгейден төмендетілетінін ескерткен. Өткен аптада мажарлар халықаралық нарыққа қарыздық міндеттемелерін (мемлекеттік құнды қағаздарды) орналастыра алмады. Өйткені нарық ойыншылары ресми Будапешттің ипотекалық несие алушыларға жеңілдікке ие ақша айырбастау бағамы бойынша қызмет көрсетуге рұхсат беруінен және салыққа қатысты қабылданған бірқатар үкіметтік шаралардан көңілдеріне секем алып қалды. Ал Венгрияның экономика министрлігі елдің тәуелсіз несиелік рейтингін ВА1 деңгейінен ВАА3 деңгейіне дейін төмендеткен Moody’s рейтинг агенттігін «Венгрияға қарсы қаржылық шабуыл жасауда» деп қатаң сынға алды. Бүгінде Венгрияның сыртқы қарызы ЖІӨ-нің 75 пайызына тең. Бұл көрсеткішті биыл 81 пайызға тең болған еді. Moody’s мажарлардың мемлекеттік қарызы 2011 жылы ЖІӨ-нің 131 пайызына жетіп жығылуы мүмкін деп болжайды. Агенттіктегілер венгрлердің Еуроодаққа қарыз сұрап, өтініш айтуы тегін емес деген пікірде. Ал келесі жылғы экономикалық өсу көрсеткіші небары 0,5 пайызбен шектелмек.
Ендігі еуроаймақтың шеңберінен шығып кеткен қарыздық қиындықтар мен қаржылық тапшылық, экономикалық проблемалар Еуропалық Одақ құрамындағы басқа елдерге де қатер төндіріп отыр. Бұл әлемдік экономиканың жуық арада келешегі әзір бұлыңғыр әрі қиындықтарға толы болады деген сөз. Бүгінде еуроаймақтағы ортақ валюта – еуро АҚШ доллары бағамының әлсіздігінен ғана құрдымға кетпей, аман тұр. Оның үстіне, еуро бағамының құлдырамауына Италия мен АҚШ жақтан жеткен жақсы хабарлар дем беруде. Әрине мұндайда еуропалық аймақтағы мемлекеттерде қордаланып қалған қаржылық және экономикалық проблемалардың кәрі құрлықтағы ортақ валютаға кері ықпалын ешкім жоққа шығара алмайды. Өткен аптада әлемдік қор нарығы жабылғаннан кейін халықаралық рейтинг агенттіктері Бельгияның тәуелсіз ұзақмерзімдік несиелік рейтингін бір сатыға төмендетті: АА+ -тен – АА-ға. Мұның себебін агенттік өкілдері Еуропадағы қарыздық дағдарыс Бельгияға да кесірін тигізеді деген қауіппен байланыстырады: «Біздіңше, орасан зор көлемге дейін шарықтап кеткен мемлекеттік қарыздың өсу қарқынын ауыздықтауда Бельгия үкіметі қауқарсыз. Бұл Бельгияның ішкі нарығындағы жеке кәсіпкерлік пен елдің ең маңызды саналатын шетелдік сауда серіктестерінің нарықтық бағыттарының тәуекелге толы болуы – қосымша ауырлық» делінген. Бүгінде қарызға белшеден батқан батыстық елдер несиелік тығырықтан шығатын екі жол бар дейді: бірінішісі, Еуропалық орталық банктен ақшаны көбірек басуды талап ету; екіншісі, Еуропаға тұтас таралатын құнды қағаздар шығару. Еуропалық орталық банктің Басқару кеңесінің мүшесі Хосе Мануэль Гонсалес-Парамо «Болашақта іске асырылуы мүмкін. Бірақ дәл қазір біртұтас еуропалық құнды қағаздар проблеманы түбегейлі шеше алмайды, қаржылық блок ішінде өзара ынтымақтастық жоқ» дейді. Осы пікірді жуырда Германияның қаржы министрі Вольфганг Шойбле де айтқан еді: «Мәселенің өзегі Еуропадағы қаржылық тәртіп пен ережені түзуге кеп тіреледі. Еуропалық ортақ құнды қағаздарды енгізу қаржылық ережені бұзған мемлекеттерді олардың мойнына жүктелетін жауапкершіліктен құтқарады».
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ