1-шi КРЕСТ ЖОРЫҒЫ

1-шi КРЕСТ ЖОРЫҒЫ

1-шi   КРЕСТ   ЖОРЫҒЫ
ашық дереккөзі
27851

Көне тарихтың көмбесiнде жатқан сыр көп. Солардың бiрi әрi бiрегейi Крест жорықтары. Бұлар Рим Папасының әртүрлi желеуiмен Кiшi Азияға сегiз рет жасалынды. Солардың ең қасiреттiсi 1-шi Крест жорығы тарихқа өзiнiң қара таңбасын салып кеттi. Ол Кiшi Азияны христиан әлемiмен бiрiктiрмекшi болып, қарапайым жандарды жорыққа «Құдайдың қалауы осы» деп айдап салды. Бiрақ оның дегенi бола қоймады. Соғыста бейбiт халықты қырғынға ұшыратты. Крест жорықтары Еуропа тарихшыларының жүз жылдық пiкiрталасына айналғаны белгiлi. Дегенмен адамзаттың ақыл ой-парасаты жылдар өткен сайын iзгiлiкке бастайды. Осыдан екi жыл бұрын Рим папасы Крест жорықтарының адамзатқа келтiрген зардабы үшiн барша әлем алдында кешiрiм сұрағаны да жұрттың есiнде. Бүгiнгi ұрпақ адамзат тарихын бiлуге тиiс және содан сабақ алғаны ләзiм.

1095 жылы Византия императоры Алексей-1 Комнин империяға қауiп төндiрiп тұрған түрiктерге қарсы шығу үшiн Батыс Еуропаның христиандық мемлекеттерiнен көмек сұраған. Себебi 1071 жылы Манцикерт маңындағы шайқаста византиялық әскерлердiң түрiктерден тас-талқаны шығып күрей жеңiлгеннен кейiн Византия империясының жағдайы аса мәз емес едi. Содан кейiнгi болған жайттар 1-шi Крест жорығы деген атқа ие болды. Бұл жорық барысында крестшiлер бiрталай ұрыстарда жеңiске жетiп, iшiндегi ең үлкенi 1099 жылы Иерусалимдi жаулап алуы едi. Бiрақ сол бiрiншi Крест жорығы кейiндеу 200 жылдық қантөгiс соғыстың бастамасы болды. 1095 жылы наурыз айында Византия империясының басшысы Алексей-1 Комнин Пьяченцтегі шіркеу соборына эмиссарларды жіберіп, Еуропаның христиандарынан Ислам армиясына қарсы күресте оған әскери көмек көрсетулерін өтінді. Рим Папасы Урбан-2 мұны бірден қолдап, қарашада Франциядағы Клермон соборында франктік рыцарлардан мұсылмандар малайлығында жүрген Шығыс христиандарын босатып, Иерусалимді жаулап алуды сұрайды. Рим Папасының сөздері Еуропа халқының арасында өз әсерін тигізді. Еуропа әйелдері мен еркектерінің үлкені мен кішісі де осы Крест жорығына қосылуға дайын екендіктерін білдіріп жатты. Олардың ойынша бұл Құдайдың қалауымен жасалынып жатқан шаралар деп сенді. Кейбіреулері осындай қасиетті мақсатты жүзеге асыру үшін, өз отандарындағы христиан емес ұлттарды жаппай қыра да бастады. Болашақ Крест жорықшылары Еуропада тұратын еврейлердің біразын қырып та жіберді. Крест жорықшыларының алғашқы топтарында дұрыс басшылық та болмады. Сондықтан ұйымдастырылуы жағынан нашар еді. Дінге аса берілген тобырлардан да айырмашылықтары айтарлықтай емес. Олардың 1096 жылы жазда Венгрия территориясына баса көктеп кіріп, жолындағы елдімекендерді тонап жатқан кездерінде үш дүркін қарсы шабуылға кездесіп, сәтсіздікке ұшырады. Содан соң дін уағызында жұрт көңілінен шыға білген Петр Пустыниктің бастауымен «Шаруалар крест жорығы» деп аталынған қарапайым жандар 1096 жылы тамызда Константинопольге келді. Византия императоры бұл тәртіпсіз 180000 тобырдан құтылу үшін оларды Анталияға аттандырған. Түріктер оларды қырып жібереді. Ал Петр Пустынник Константинопольге қашып келеді. Содан Петрдің крест жорықшыларын Құдай қолдайды дегені өтірікке айналады. Бұл басқаларға сабақ болды. Алексей-1 мұндай күшпен ислам армиясына қарсы төтеп бере алмасын түсінген соң 1096 жылы 15 тамызда ұйымдастырылуы жағынан әлдеқайда тиімді болған Крест жорығын бастады. Олардың құрамында Еуропаның белгілі феодалдары басқарған әскери тәртіпке келтірілген армия болды. Армия ішінде ұрыстарда өздерін көрсете білген жандар да көп еді. Ірі феодалдардан құрылған армия қару-жарақ жағынан да, әскери дайындық жағынан да, қала берді біркелкі рыцарлық киім үлгілерінен де ерекшеленіп тұрды. Олар арбалет сияқты атқыш құралдармен жабдықталған. Әртүрлі бағыттармен жүрген Крест армиясының жорықшылары Константинопольде қосылды. Крест жорығының негізгі басшыларының бірі Готфрид Бульонский болды. Ол Константинопольға 1096 жылы желтоқсанда жетті. Еуропалықтар неге осындай қызуқан­ды­лықпен әрі аса белсенділікпен Крест жорығына қосылды? Осы сұрақ Еуропа ғалымдарын жүздеген жылдар бойына мазалап келгені анық. Біріншіден, әрине бір жағынан бұл орта ғасырларда діни белсенділіктің халық арасында күшті болғанымен түсіндіріледі. Крест жорығына дейін Иерусалимге қажылыққа баратындардың саны сол кезде-ақ өте көп болатын. Бірақ дегенмен діни көзқарас бұл жорықтың тек бір ғана себебі еді. Сол кезде Иерусалимге қажылыққа баратындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету де керек болды. Себебі өткен жүзжылдықта Анатолии мен Сирияға әбден орнығып алған түрік селжүктері қажылыққа баратын еуропалықтарды жақтырмайтын. Тағы бір себебі, католик шіркеуінің жоғарғы иерархтары үшін Крест жорығы христиандық әлемді қайта қосу болып табылады. Себебі, 1054 жылы «Ұлы бөлініс» («Великий раскол») атты христиандықтар римдік-католиктік және гректік-православтық шіркеулер болып бөлінген болатын. Рим Папасы егер Крест жорығы ойдағыдай болса, онда екі христиандық әлемнің бірігуі мүмкін деген сенімді ұстанғаны анық. Ал крест жорығы қолбасшыларының бірі Роберт Фландрский христиандық діни тұрғыдан жорыққа қосылса, кейбір қолбасшылар бұл соғыстан байлық пен атақ алуды көздеген болатын. Өйткені бұрынғы мұсылмандарға қарсы жасалған жорықтар оларға байлық та, атақ-дәреже де әкелген болатын. Солардың ішінде басқа елдер территориясын басып алуда ең белгілісі «нормандар». Нормандар – солтүстік адамдары деген сөз. Олар өз тамырын викингілерден алады. Норман Роберт Гвискар ХІ ғасырдың орта тұсында оңтүстік Италияны жаулап алып, содан соң өзінің герцогына қарайтын жер көлемін мұсылмандар мен византиялықтарға қарсы ұрыстарда ұлғайтқан. Кейін оның баласы Боэмунд Тарентский Крест жорығын басқаруда ең таңдаулылардың бірі болды. Таяу Шығысқа келген барлық крест жорықшылары «франкілер» немесе «француздар» деп аталды. Бірінші Крест жорығында мұсылман жа­ғынан да, христиан жағынан да ұйымдастыру ша­ралары нашар болды. Себебі, екі жақтың да армия қолбасшыларының әр қайсысы өзінің жеке мүддесін, мақсатын алға қоюға тырыс­ты. Сонымен қатар, мұсылман жеке христиан жағында да тәуелсіз діни ұйымдардың өкілдері жағаласып, олар да бұл соғыста өз мақсаттарын көздеді. Сол уақыттағы өкімет пен саяси ұйымдардың әрқалай ұстанымдарын қазіргі оқырмандардың түсінуі өте қиын. Мұсылмандар жағы 4 негізгі басшылықтан тұрды. Христиандар осыларға төтеп беруі керек болатын. Бірақ бұл төртеуі өзара ұдайы кикілжіңде жүрген. Мұсылман әлемінің дәстүрлі басшысы Халиф Бағдатта орныққан Абассид әулетінен еді. Бірақ 975 жылы олардың саяси және діни билігін Фатимидтер әулеті тартып алмақ оймен талас туғызды. Олар исламның бір бұтағы шейіттер болатын. Өз иелігін Каирден басқарып отырды.ХІ ғасыр барысында жас әрі мықты қаруланған түркі халқының армиясы (соның ішінде негізгісі селжұқтар) Орта Азиядан Таяу Шығысқа қарай аттанады. Бұлар исламның суниттер жағын ұстанған. Сол кезде селжүктер қазіргі Иран мен Ирак территориясының біраз бөлігін басып алып, үлкен империя орнатады. Бұлар өздерін абассидтердің «қорғаушысы» атанып, Сириядан фатимидтерді ығыстырып жібереді. 1071 жылы Манцикерт маңындағы шайқаста византиялықтарды талқандап, Анатолиидің үлкен бөлігін басып алған. Бірақ көп ұзамай өз ішінде бір-бірімен қас болған бірнеше топқа бөлініп кетеді. Сөйтіп, 1090 жылы алғаш крест жорықшыларына бір-бірімен жауласып жатқан мемлекеттің күші қарсы тұрады. Анатолийдің орталық бөлігінің көбін Қылыш-Арслан басқарған Рум селжүктер сұлтандығы жайлаған еді. Анатолийдің солтүстік-шығыс жағындағы Данишмендидер өздерінің тәуелсіздігі үшін Рум сұлтандығымен күресе отырып, христиандықтармен де соғысқа дайындалып жатты. Данишмендидер түрік халқының түркмендер тобына жатады. Анатолийді жаулап алған селжүктер мен данишмендидер әулеті көшпелі тұрмыс кешкен. Олар сол жерді мекендеген христиандардың қалалары мен елдімекендеріне биліктерін жүргізді. Крест жорықшылары қазіргі Сирия территориясына кірген бойда өз алдына жеке селжүктер мемлекеті болып саналатын Ұлы селжүктер сұлтандығы жауынгерлерімен қақтығысып қалады. Бұл жергілікті әмірлердің қолдауымен құралған әскери-техникалық жүйесі бар қуатты мемлекет еді. Алайда Сирия әмірліктерінің бір-бірінің ынтымағынан гөрі келіспеушіліктері басым түсіп жататын. Сол жағдайды Крест жорықшылары өте жақсы пайдалана білді. Олар Иерусалимге мұздай қаруланған 1250 рыцарь мен 10000 жаяу әскерімен жақындаған кезде фатимидтер мен селжүктер сол қала үшін өзара таласып жатқан. Крест жорықшыларының селжүктерге қарағанда теңіз флотынан да басымдықтары болды. Христиандар арасында да келіспеу­шіліктер аз болған жоқ. Византиялық армия бөлігі Крест жорық­шыларына бар ықыласымен емес, жәй қолдау көрсету үшін ға­на жүрді. Алексей-1 өз армиясында мықты әскери күшті көргісі келді. Бірақ шын мәнісінде көмекке келгендердің ішінде діни фанатиктер басым еді. Ол Иерусалимді жаулап алуды солардың қолына бергісі келмеді. Сол себепті оларды 1096 жылы Қылыш-Арсланға қарсы соғысқа аттандырды. Ол соғыста селжүктердің оларды талқандап тастайтынын да алдын ала жақсы білді. Жағдай Алексей-1 ойлағандай болып шықты. Кіші Азиядағы Таулы Киликтегі армиян христиан қоғамы христиан әлемі бірлігіне қосыла алмады. Өздерінің басқаларға бағынышты емес шіркеуі болды. Олардың жекелеген тәуелсіз бөліктері ғана өз мүдделері тұрғысынан крест жорықшыларына көмек көрсетті. Византия армия бөлігі Крест жорық­шыларымен бірге Антиохиге дейін жеткен соң олардың ара қатынасы мүлдем бұзылды. Олардың шіркеуі 1054 жылы Рим Папасы билігінен шықты. Мұсылмандар да, христиандар да қару-жарақ, әскери дайындық жағынан да бір-бірінен қалыспады. Мұсылмандарда алысқа ататын садақтары бар. Крест жорықшылары 1097 жылдың қазанында Антиохияға жақындады. Бұл Сирияның солтүстігіндегі Ұлы селжүк сұлтандығымен шектесіп жатқан қала болатын. Бірақ крестшілерге Антиохияны алу оңайға түспеді. Қаланың үлкен бөлігіне мықты бекініс жасалған еді. Соған байланысты Крест жорықшылары қаланы толық қоршай алмады. Крестшілердің аттарына жем-шөп жетіспегендіктен аштан қырыла бастады. Раймунд Тулузкіге тың аттар сатып алу үшін 500 маркі бөлуіне тура келді. Бірақ олар Антиохияның теңіз жақ бетін қатты қадағалап тұрды. Оларға қазан айында Сен-Симеон мен Александретта порттарынан келіп жеткен көмектің қайта күш алуларына әсері мол болса да қамал қорғанысын бұза алмады. Тіптен Крест жорықшыларының қаланы ала алмауы да мүмкін еді. Егер Боэмунд қаланың оңтүстік-шығысындағы мұнара гарнизонының бастығымен жасырын түрде келіспегенде. Сол мұнарадан кірген крестшілердің бір бөлігі қала қақпасын ашып, қалғандарына қалаға лап қоюына жағдай туғызды. Мұсылмандардың Кербоға басқарған армиясы қиян-кескі шайқаста қаланы тастап шығуға мәжбүр болды. Иерусалим Крест жо­рық­шы­ларының басты мақсаты болатын. Бірақ жорықшылар қаланы бір ай қан төгіс соғыстан кейін барып алады. Антиохияны жаулап алған жо­рықшылар енді Иерусалимге бет бұрды. Бұл кезде Иерусалим фатимидтердің қолында еді. Осы арада жорықшылар мен фатимидтер арасында келіссөздер жүре бастады. Фатимидтер селжүктерге қарсы күресте крестшілер көмек­тесетін болса, Иерусалимді шай­қассыз беретін болды. Бірақ келіс­сөзден еш нәтиже шықпады. Крест жорықшылары Аккиді артқа тастап, оңтүстіктегі Фатимидтер же­ріне аяқ басты. Сол жерде фати­мидтердің кәсіпшілері Крест жорықшылары елді мекендерін шаппасы ат-көліктерін жем­шөп­пен қамтамасыз етуге келіс­ті. Сөйтіп, 7 маусым күні крест жо­­рықшылары Иерусалим қақ­пасының алдына келеді. ХІ ғасырда Фатимидтердің қарамағын­дағы Иерусалим 1033 жылғы жер сілкінісінен кейін қайта қалыбына келтіріліп, жайнап тұрған кезі болатын. Қалада ірі еврей және христиан орталықтары болатын. Селжүктер билеп тұрған кезде бұл орталықтар қатты зардап шеккен еді. Сондықтан олар 1098 жылы Фатимидтердің келуін қуана қарсы алды. Қалаға Крест жорықшылары жақындағасын оның басшысы Ифтикар ад-Даула біраз қорғаныс шараларын ұйымдастырып жатқан. Қала сыртындағы құдықтарды жарам­сыз жағдайға келтіру, малды қаладан алыс әкету, барлық ағаш, тақтайларды Крест жорық­шылары пайдаланбас үшін, тау үңгірлеріне тығып тастауға бұй­рық берді. Қаладағы христиан діни орталықтарының мүшелерін қаладан қуғындады. Шамамен алғанда крест жорықшылары Иеру­салимге жеткенде 12000 адам­дай болған. Оның ішінде нағыз рыцарлары 1200-1300 болды. Көбісі қарусыз қарапайым халық. 13 маусым күні Иерусалимге жорықшылар солтүстік-батыс жақтан шабуылдады. Бірақ олардың қорған қабырғасына шығатын зәңгі сатылары жоқ еді. Крестшілер зәңгілер жасауға ағаш таппай қолдары байланды. Иерусалим маңында зәңгілерде басқа да қажетті құралдар жасап алатын не орман жоқ, не алыстан таситын қала маңында теңіз де жоқ. Дегенмен 17 маусым күні 6 христиандық кеме Тартус арқылы Яффаға жетіп, Иерусалимді қоршаған жорықшыларға тамақ алып келді. Сол кемелердің аға­шын жорық-шабуыл қару­ларын жасауға бұзып алады. Осы кезде, жорықшылар тау-тас арасындағы ағаштар тығыл­ған үңгірлерді тауып алады. Табылған ағаш тағы да шабуыл мұнарасын жасауға тағы басқа да қажетті нәрселерге жетті. Иерусалимді алу жөніндегі шешуші шабуыл 1099 жылдың 13-15 шілде күндері болды. Крест жорықшылары қорғаныс ретінде қолданып жатқан мақта мен ағаш жаңқалары толтырылған қаптарды өртеп, 15 маусым күні Иерусалимнің солтүстік қақ­пасы арқылы қалаға кіреді. Сол­­түстіктен кірген жорық­шы­лар үлкені-кішісі демей жолын­дағы барлық еврейлер мен мұсылмандарды қыра бастайды. Арабтардың айтуынша Иерусалимде 70000 адам қырылған екен. Қалада фатимидтердің әскерлері тосқауыл көрсетуге тырысқанымен, Крест жорық­шылары дегеніне жетіп, мұ­сыл­мандардан қасиетті қала Иерусалимді тартып алады. Көп ұзамай Таяу Шығыста 4 христиан мемлекеті пайда болады. Солтүстікте Эдесс графствосы, Антиохия княздігі, Оңтүстікте Триполи графствосы және Иерусалим королдігі. 2-ші Крест жорығын (1147–1149 жж) француз королі Людвик VІІ мен неміс королі Конрад ІІІ басқарды. Бұл жорық олар үшін сәтсіз болды. Эдессоны жаулап алған селжүктерге қарсы ұйымдастырылып, өздері ауру, аштық, соғыстан адамдарының көбін қырып алды. 3-ші Крест жорығы (1189–1192 жж.) египеттік сұлтан Саладдин Иерусалимді қайта жаулап алғаннан кейін басталды. Бұл жорықты герман императоры Фрид­рих І Барборосса, француз королі Филипп ІІ және ағыл­шын королі Ричард І (арыстан жүрек) басқарды. Бірақ олар қанша шабуылдаса да Иерусалимді ержүрек селжүктерден қайтарып ала алмады. 4-шi Крест жорығы (1199–1204 жж) араб мемлекетi Египетке қарсы ұйымдастырылған едi. Алайда олар Венецияның әсе­рiмен Египетке емес, Визан­тияға қарсы соғыс ашты. 1202 жылы крестшiлер Константинопольды жаулап алды. Византия территориясына Латын империясын құрды. Ол гректердiң 1261 жылы Константинопольды қайтарып алғанынша өмiр сүрдi. 5-ші Крест жорығы (1217–1221 жж.) тағы да Египетке қарсы ұйымдастырылды. Бұл жорықты Австрия герцогы Леопольд VІ, Венгрия королі Андраш ІІ басқарды. Бірақ жорық сәтсіз болып, әскері күзеліске ұшырады. 6-шы Крест жорығын (1228–1229 жж.) император Фридрих ІІ Гогенштауфен басқарған. Ол қан төккіз­бей, мұсылмандармен мәмі­легерлік жолмен келісіп, Иерусалимді соғыссыз алды. Себебі мұсылмандарға бұл кезде татар-монғол шап­қын­шылары қатты мазалатты, солармен соғыс алдында Крест жорықшыларна қарсы соғысу тиімсіз еді. Дегенмен 1244 жылы мұсылмандар Иерусалимді олардан қайта жаулап алды. 7-ші Крест жорығына (1248–1254 жж.) Франция королі Людовик ІХ жетекшілік етті. Оның негізгі мақсаты Египетті жаулап алып, Иерусалимге айырбастамақ болатын. Бірақ оның бұл ойынан ештеңе шықпады. Жорық тағы да сәтсіздікке ұшырады. 8-ші Крест жорығын (1270 ж.) тағы да Людовик ІХ басқарды. Бірақ оның арам пиғылы бұл жолы да жүзеге аспады. Бұл тарихтағы кресшілдер жорықтарының ең соңғысы еді.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары