САПАЛЫ МАМАН ҒАНА САПАЛЫ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕ АЛАДЫ

Елбасымыз халыққа арнаған биылғы Жолдауында денсаулық сақтау саласында жоғары технологиялық жүйенi дамытуды жүктедi. Оның iшiнде медициналық қызмет көрсету сапасын кешендi түрде дамытуға, ауруханаларды материалдық-техникалық жағынан жабдықтауға, заманауи технологияларды енгiзуге баса көңiл бөлiнiп отыр. Оңтүстiк Қазақстан облысында соңғы жылдары денсаулық сақтау саласында айтарлықтай жұмыстар жүргiзiлiп, нәтижесiнде облыстың негiзгi демографиялық көрсеткiшi жақсарды. Өңiрдегi халықтың өмiр сүрудiң орташа жасы 69,8-дi (республикада бұл көрсеткiш – 68,8) құрады. Тұрғындар арасындағы өлiм-жiтiм көрсеткiшi республика бойынша ең төменгi деңгейде. Облыста жыл сайын 75 мыңнан аса бала дүниеге келедi. Тәуелсiздiктiң жиырма жылында облыста ана өлiмi 5 есеге, бала өлiмi 2 есеге жуық төмендедi.

«Саламатты Қазақстан» мемлекет­тік бағдарламасындағы басты мін­деттердің бірі медицина саласында жоғары білікті кадрлар даяр­лау және бәсекеге қабілетті кадр­лар потенциалын құру болса, бұл Оңтүстік Қазақстан облысында табысты түрде жүзеге асуда. Соңғы екі жылда облыста денсаулық сақтау басқармасы жергілікті мамандарды шетелде тәжірибеден өткізіп, сонымен бірге Литва, Польша, Израиль, Түркия, Ресей, Украинаның белгілі медициналық орталықтарынан атақты ғалымдарды шақырып, оқыту ұйымдастырды. Әсіресе, Литваның жетекші мамандарымен бірлесіп жұмыс істеу тәжірибесі соңғы екі жылдың көлемінде белсенді түрде жүргізіліп келеді. 2010 жылдың шілде және қыркүйек айларында Литвадан келген мамандар босанатын әйелдерге медициналық көмек беру қызметінде практикалық көмек көрсетті. Облыстық перинаталдық орталықтың базасында екі шеберлік сабақтары өткізілді. 2010 жылдың желтоқсан айында денсаулық сақтау саласының 20 ұйымдастырушысы 2 аптаға «Медицина мекемелерін тиімді басқару» көшпелі циклы бойынша Литва денсаулық ғылымы уни­верситетіне барды. Денсаулық сақтау саласының стационарлық қызмет мамандары, бастапқы меди­циналық жедел көмек, оның ішінде жедел жәрдем мамандары заманауи менеджмент мамандығы бойынша тәжірибе жинақтап қайтты. 2011 жылғы наурызда облыстық клиникалық балалар ауруханасының базасында Литвадан келген мамандар шеберлік сабақтарын өткізіп, неонаталды хирургия, реанимация және анестезия, жаңа туған сәбидің операциядан кейінгі күтімі бойынша 18 дәрігер мен 7 мейірбикені оқытты.

Жуырда облыстық клиникалық ауруханаға Мәскеуден белгілі профессорлар шақырылды. Олар жергілікті хирургтармен бірігіп тізе буынын ауыс­тыру операцияларын жасады. Мұндай күрделі операциялар облыс­та бұрын-соңды жүргізілмеген екен. Жоспарланған 4 отаның барлығы да ойдағыдай аяқталды. Бұған дейін ревматоидты артрит, басқа да түрлі жарақаттардың әсерінен аяғы сіресіп, жүре алмай қалғандар Алматыдағы медицина орталықтарына баруға мәжбүр болатын. Сонымен бірге аталған емдеу орнында гепатоорталық пен экстракорпоральды ұрықтандыру бөлімшелерінің ашылуы республикалық деңгейдегі айтулы жаңалық болды. Олай дейтініміз, экстракорпоральды орталық еліміз бойынша облыстық деңгейдегі мемлекеттік ауруханалардың ешқайсысында жоқ. Бұл қызмет түрін қазір тек жекеменшік медициналық орталықтар мен ғылыми-зерттеу институттары ұсына алады. Ана болу бақытынан үмітін үзген жандарға жаңа мүмкіндік сыйлаған бұл тәсілдің оң нәтижелері де жоқ емес. Экстракорпоральды тәсілмен бүгінде облыстық ауруханада алғашқы сәби дүниеге келіп те үлгерді. Алла жазса, көп ұзамай тағы 4 сәбидің кіндігі кесілмекші.

Білікті басшы, медицина ғылым­дарының докторы Мұқан Егіз­баев басшылық жасайтын клиникалық аурухананың дәрігерлері Мәскеу, Санкт-Петербург, өзге де алыс-жақын шетелдердің үздік медициналық орталықтарындағы түрлі семинарлар, конференциялар мен симпозиумдарға, қала берді біліктілігін шыңдау курстарына тұрақты түрде қатысып жүр. Осы қадамдардың дұрыстығын қазірден-ақ көруге болады. Дәрігерлердің біліктілігі, кәсіби шеберлігі тұрақты түрде өсіп келеді. Мәселен, алғашқы кезде жаңадан жүргізіле басталған бір операция 4–4,5 сағатқа созылатын. Қазір жергілікті мамандардың қолы үйреніп, күрделі оталар әрі кетсе 1 сағат көлемінде аяқталады. Сонымен қатар, тәжірибесін шыңдау ісіне мейірбикелер де белсенді түрде тартыла бастады. Себебі заманауи медицина олардың қызметіне жоғары талап жүктеп отыр.

– Бізде қазір тым көп реформалар жүріп жатыр. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Реформа болуы керек те шығар, бірақ сол реформалар біздің елдегі жағдайға бейім болғаны жөн. Қазір мемлекетте қаражат бар, соның есебінен ауруханалардың техни­калық жағдайы, материалдық базасы анағұрлым жақсарды. Ендігі мәселе – медицина қызметкерлерінің жалақысын көбейтсе деймін. Сондай-ақ, дәрігерлердің, әсіресе мейірбикелердің кәсіби деңгейін арттыруға көңіл бөлу қажет. Мысалы Литвада мейірбикелерді 4 жыл оқытады. Осы мерзім ішінде олардың білім деңгейі дәрігерлердікімен теңесетіндей дәрежеге жетеді. Сондық­тан Батыс Еуропа елдерінде литвалық мейірбикелерге деген сұраныс өте жоғары. Ал біздегі мейірбикелерді даярлау сапасының деңгейі әзірге көңіл көншітпейді. Сапалы маман ғана сапалы қызмет ұсына алады. Сапалы маманға қашанда сұраныс бар, – дейді бас дәрігер Мұқан Егізбаев.

Шетелдік мамандармен өзара тәжі­рибе алмасудың тағы бір көрінісі – өткен аптада Шымкентте Оңтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы Литва денсаулық ғылымы университетімен бірлесіп, «Ана мен бала өмірін құтқаратын қол – емдеудің тиімді әдістері және көмек көрсетуге жүйелі көзқарас» деп аталатын І-халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын өткізді. Конференцияның мақсаты мен міндеті бірлесе атқарған жұмыстан қорытынды шығару және Литва денсаулық ғылымы университетімен 3 жылдық бірлестіктің механизмдерін жүзеге асыру және жаңа технологияны көрсету болып табылады. Жиынға Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарымен қатар Литва елiнiң бiлiктi мамандары мен дәрiгерлерi және профессорлары жиналды.

Конференцияның ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген Оңтүстiк Қазақстан облысы әкiмiнiң бiрiншi орынбасары Берiк Оспанов:

– Биыл елiмiздiң Тәуелсiздiк алғаны­на 20 жыл. Айтулы мереке қарсаңында өткiзiлiп отырған бүгiнгi конференцияның маңызы зор. Елбасымыз ана мен бала өлiмiн азайтып, денсаулық сақтау саласын дамыту жөнiнде тиiстi тапсырмалар бердi. Басты мақсат – қазақстандықтардың орташа өмiр сүру жасын ұзарту, салауатты өмiр салтын қалыптастыру. Демографиялық ахуалы жақсы облысымызда өткен жиын арқылы дәрiгерлерiмiздiң бiлiктiлiгi көтерiлiп, тәжiрибесi молаяды деген сенiмдемiн», – дедi.

Жиында Литвадан келген мамандар баяндама жасады. Осы елдегi денсаулық ғылымы университетiнiң акушерлiк және гинекология клиника­сының жетекшiсi, профессор Р. Надишаускене бастаған мамандар ана мен бала өмiрiн сақтап, сапалы медици­налық көмек көрсету жолдары жайлы түсiндiрдi. Шетелдік әріптестердің тәжірибесі қазақстандық дәрiгерлердiң қызығушылығын оятты.

– Қазақстан БҰҰ-ның арнайы дек­ларациясына қол қойған ел. Ол құжатта ана мен бала өмiрiн сақтап, денсаулығын жақсарту мiндетi айтылған. Ал елiмiз үшiн халық санының көбеюi өте маңызды. Сондықтан бiз шетелдiк мамандармен бiрлесе жұмыс атқарып, тәжiрибе жинаудамыз. Облыс дәрiгерлерiнiң жаңашылдыққа ұмтылып, өз iсiне жауапкершiлiкпен қарауының арқасында он айдың iшiнде ана өлiмi 44 пайызға, бала өлiмi 18 пайызға азайды, – дейдi облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмаилов. Конференцияның арнайы қонағы, танымал дәрiгер-педиатр, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның академигi Камал Ормантаев:

– Медицина күн сайын өзгерiп, дамып отыратын ғылым. Сондықтан дәрiгерлерiмiз үнемi iзденiс үстiнде болуы керек. Бiздi алаңдататыны, Қазақстанда балалар дәрiгерiн даярлайтын факультет жоқ. Ресей, Беларусь, Украина елдерi осы салаға қатты мән берiп, оқу орындарында бiлiктi мамандар даярлап шығаруда. Халқының саны аз, жерi байтақ Қазақстан үшiн ана мен бала денсаулығын сақтаудың маңызы зор. Шымкентте өтiп жатқан бұл жиынның берерi мол. Тәжiрибе алмасып, iзденбейінше медицина дамымайды», — деп, республикадағы әрбiр бесiншi сәби дүниеге келетiн өңiрдегі игi iске оң бағасын бердi.

Б. ЕРНАЗАР

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button