ҚАЗАҚСТАН БАСТАМАЛАР БАСЫНДА

ҚАЗАҚСТАН БАСТАМАЛАР БАСЫНДА

ҚАЗАҚСТАН      БАСТАМАЛАР БАСЫНДА
ашық дереккөзі
165

Бүгiнде Қазақстан көптеген интеграциялық жобаларға мүше болып келедi. Соның бiрi – еуразиялық кеңiстiкке басқан сәттi қадамымыз. «Еуразиялық ықпалдастық идеясы қаншалықты ұлттық мүддеге жауап бередi?» деген мәселеге тұрақты мониторинг жүргiзу қажет! Кеше Астанада Тәуелсiздiктiң 20 жылдығы аясында өткен Қазақстан саясаттанушыларының конгресiнде Президент Әкiмшiлiгi басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев осындай ұсыныс жасады.

Астананың төрінде бас қосқан саясаттанушылар еліміздің осындай халықаралық бастамалардың маңыздылығына жан-жақты тоқталды. Саясаттың «тамыр соғысын» қадағалап отыратын сарапшылардың бұл құрылтайы Еуразиялық интеграция мәселесіне арналыпты. Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев: «Мемлекетіміздің мерейлі мерекесі алдында мәнді тақырыпқа арналып, ұйымдастырылған бұл басқосудың өзіндік маңызы зор. «Тәуелсіздіктің жиырма шыңы» – 20 жұлдызды күн шеңберінде 29 қараша – «Бейбітшілік белдеуі» күні деп аталған болатын. «Бүгінгі күннің «Бейбітшілік белдеуі» деп аталуы да бекер емес», – деді Бағлан Асаубайұлы. Ол сондай-ақ ғасырға теңдесетін жасампаз 20 жылда Қазақстан шын мәнінде, бейбітшілік белдеуіне айналды. Еліміз тек аймақтық қана емес, бірқатар жаһандық ауқымдағы интеграциялық үдерістерге бас­та­машы екендігін тілге тиек етті.

Бұл ретте Президент Әкімшілігі басшы­сы­ның орынбасары назар аударуды қажет ететін бірнеше «ең елеулі аспектілерді» атап көрсете кетті. Біріншіден, Еуразиялық ықпалдастық идеясы жария етілгеннен бергі 13 жылда әлемде көптеген оқиғалар болды. Еуразиялық тәжірибе де бір орнында тұрмады. Осы бағыттағы көптеген жобалар жүзеге асырылды. Бұлар – ЕурАзЭҚ және Кеден одағы. Екіншіден, Бағлан Майлыбаев Еуразиялық идеяға салыстырмалы талдау жүргізу қажет деп санайды. «Заманауи Еуразиялылық ұлттық мемлекеттілікке қайшы келмеуге, керісінше оны нығайтуға тиіс. Заманауи «Еуразиялылық» тек тең құқылы, ерікті түрде және іргелі экономикалық негізде бола алады», – деді ол. Үшіншіден, ғалымдар мен сарапшылар мұндай интеграцияның тек теориялық қана емес, сондай-ақ іс жүзіндегі қырларын да қарастыруы керек деген ойда. Қоғам Біртұтас экономикалық кеңістіктен не ұтатындығын, нақты қандай артықшылық беретіндігін білуі қажеттігін еске салды.

Саясаттанушылар конгресі әлемдегі орын алып жатқан саяси оқиғаларды қоғамға дұрыс түсіндіру, Қазақстанның халықаралық деңгейдегі бастамаларын сараптау мәселесін талқылады. Мәдениет вице-министрі Ғазиз Телебаев: «Қазақстанның интеграциялық жобаларда саясаты қандай болуы қажет? Біз Тәуелсіздігімізді қалай сақтап қалуымыз керек, осы мәселелерді қарастыру керек», – деп атап өтті.

Еліміздің әлеуметтік-саяси зерттеулер институтының мәліметінше, тұрғындардың 80 пайызы соңғы кездері орын алған өзгерістерге жоғары бағасын беріп, саяси науқандарға қатысуға дайын екендіктерін жеткізген. Әлеуметтік-саяси зерттеулер институтының директоры Айгүл Сәдуақасованың айтуынша, халықтың сайлауға кем дегенде 60 пайызы қатысып келген. Алдағы уақытта да 60 пайызы дауыс беруге белсенділік танытуда.

Сондай-ақ, ауған соғысының ардагерлері де Астана қаласына жиналды. Бүгінде елімізде 18 мыңнан астам ауған соғысының ардагерлері бар. Олар бейбіт заманда қоғамдық істерден шет қалмай, Тәуелсіздік жылдарынан кейінгі ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге белсене араласты. Ауған соғысы ардагерлері ұйымы БАҚ өкілдерімен жүздесіп, алдағы мақсаттары жөнінде ой бөлісе келе, «Нұр Отан» ХДП-ның ХІV cъезінде қабылданған сайлауалды тұғырнаманы қолдайтындықтарын жеткізді. Ауған соғысы ардагерлері қауымдастығы төрағасының орынбасары Бақытбек Смағұл: «Тұрақтылық пен тыныштықты сақтауда көптеген іс-шаралар болса, оның басы-қасында «Нұр Отан» партиясы жүрді. Біз ауған соғысы ардагерлері тұрақтылық пен тыныштықтың не екенін білеміз және оның одан әрі дамуына атсалысамыз», – дегенді жеткізді.

Динара ДҮРМӘН

01.12.2011

Серіктес жаңалықтары