ҚОР НАРЫҒЫНАН ҚОСЫМША ПАЙДА ТАБЫҢЫЗ

ҚОР НАРЫҒЫНАН ҚОСЫМША ПАЙДА ТАБЫҢЫЗ

ҚОР НАРЫҒЫНАН ҚОСЫМША ПАЙДА ТАБЫҢЫЗ
ашық дереккөзі
257

Қор нарығы – халықтың қаражат қорын көбейтуге мүмкiндiк беретiн тетiк. Осы орайда, Қазақ үкiметi арнайы бағдарлама әзiрлеп, ел арасында кеңiнен насихаттауды қолға алды. Бұл елдiң ұлттық компанияларымызға инвестиция салуға деген сенiмiн нығайтатыны белгiлi.

Жуырда Н.Назарбаев Қазақстан халқының қолындағы ұзақ уақыт бойы жинаған қаражат қорын инвестициялау үшін еліміздегі ірі компаниялардың акцияларын сатылымға шығарып, қор нарығы арқылы пайда табуына мүмкіндік беруді тапсырған. Осының нәтижесінде Қазақстандағы бағалы қағаздар нарығының дамуына жағдайлар жасауды қамтамасыз ету де маңызды шаралар қатарында болатын. Өткен аптада Астанада ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі «Халықтық ІРО» бағдарламасын халыққа түсіндіру, насихаттау бойынша отандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін жинады.

ІРО (Initial Public Offering) – қор нарығы арқылы белгілі бір компанияның акциясын жария түрде көпшілікке сатып алуға алғаш рет ұсыну. «Халықтық ІРО» бағдарламасының мүмкіндіктері мен кезігуі ықтимал тәуекелдер» тақырыбына баяндама жасаған министрліктің Мемлекеттік активтерді басқару саясаты департаменті директорының міндетін атқарушы Дүйсен Әділханов журналистерге құжаттың мақсаты мен міндетін жан-жақты түсіндіріп, талдап берді. Ал халықаралық тәжірибеден ой түйген ТМД елдері бойынша мемлекеттік сектор компаниялары мен қаржы топтарының Басқарушы директоры Наташа Анселл еуропалық ІРО жекешелендіруге талдау жасады. Оның айтуынша, кезінде батыстық ІРО жекешелендірудің 65 пайызы эмиссиялауда ерекшеліктерге ие болған. Анселл ханым поляктардың қор нарығын мысалға келтіре отырып, қазақстандық қор нарығымен салыстыра қарастырды. 90-жылдардың басында қалыптасқан поляк қор нарығы орталықтандырылған ел экономикасын еркін сауда жүйесіне көшіріледі. Соңғы 20 жылда қарқынды дамыған қор нарығы бүгінде еуропалық нарықтың маңызды бөлшегіне айналған. 1989 жылы алғашқы жекеменшік банктерін құрып, жекешелендіру процесін жүргізген Польша 1991 жылы тізімге 5 мемлекеттік компанияны қосу арқылы Варшавалық қор нарығын (ВҚН) ашады. 2008 жылы ВҚН нарық капитализация бойынша және сауда көлемінің ауқымдылығы бойынша Орталық және Шығыс Еуропадағы ең ірі биржалардың деңгейіне көтеріледі. Арада екі жыл өткенде Варшавалық қор нарығы ІРО қаражатымен жекешелендіріледі. Жиырма жылдың ішінде жетістіктерге қол жеткізген Польшадан Қазақстан да үлгі алса, игі. «Халықтық ІРО» бағдарламасы бойынша үш кәсіпорын – KEGOC, «Қазтрансойл», «Эйр Астана» акциялары сатылымға шығарылмақшы. Басты 6 қағидаға сәйкес сарапталған компаниялардың Қазақстан экономикасындағы стратегиялық рөлі, активтерінің молдығы, инвестициялық дамуы мен ауқымын кеңейту жоспары, өндірісінің тұрақтылығы мен тиімділігі, қаржылық қатерлер қаупінің төмендігі, басшылықтың тәжірибелілігі ескерілген. Демек, қор нарығы арқылы қосымша пайда тақпысы келген қазақстандықтардың шығынға батпауын мемлекет осылайша қамтамасыз етіп отыр. «Қазақстан темір жолы» кәсіпорнының сатылымға шығарылмау себебі, мекеме күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді. Ал қор нарығына шығарылса, жөндеуге кететін шығындар акция иелерінің қаражаты есебінен жұмсалатыны сөзсіз. Сондықтан мемлекет кәсіпорынды алдымен жөндеуден өткізгеннен кейін ғана халықтың пайда табу көзіне айналдыруды қалайды. Оның үстіне, аталған компаниялардың үшеуіне де әлемдік нарықта сұраныс жоғары.

Қазіргі таңда қазақстандықтардың өте аз бөлігі (шамамен, 10-дай жеке тұлға) бағалы қағаз нарығына инвестиция салуда. Қор нарығына шығарылатын компаниялардың акцияларына отандастарымыз зейнетақы қорларына жинақтап жатқан қаражаттары арқылы да қатыса алады. Қазіргі кезде қазақстандық зейнетақы қорлары 200-300 млн. АҚШ долларына тең көлемдегі қаржыға акция сатып алуға мүдделілік танытқан. 2011 жылдың алғашқы жартыжылдығында қазақстандықтар арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде, ақшаларын қор нарығына салуға дайын азаматтар қаражаты 100-200 млн. АҚШ долларына тең болған. Үкімет қоғамның ІРО-ға қатысты сауаттылық деңгейін арттырып, насихат жұмыстарын жүйелі әрі тыңғылықты түрде жүргізіп отырса, акция сатып алуға қызығушылық танытатын жеке тұлғалар саны өсе түседі деген сенімде. Осы мақсатта бірнеше маңызды шара қабылданды. Мәселен, акциялар бағаларын халықтың қалтасы көтеретіндей деңгейге дейін барынша төмендету, акциялардың бір қолға немесе бір мүдделі топқа шоғырланып қалмауын қадағалау (монополияны болдырмау), акцияларды сатып алу процесін «Қазпошта» АҚ қызметі арқылы жүзеге асыру т.б. Мемлекеттің шешімімен, алғашқы ІРО-ға инфрақұрылымдары толық дайындықтан өткізу міндеті бағалы қағаздар нарығының негізгі қатысушылары – «Қазақстан қор биржасы» АҚ, брокерлік компаниялар, трансфер-агенттер, «Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі» АҚ және тіркеушілер болып табылады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары