ЫРЫС АЛДЫ – ЫНТЫМАҚ

ЫРЫС АЛДЫ – ЫНТЫМАҚ

ЫРЫС АЛДЫ – ЫНТЫМАҚ
ашық дереккөзі
320

Кеңес үкiметi кезiнде одақтас республикалар үшiн тәуелсiз экономикалық саясат жүргiзу мүмкiн болмады. Барлық тетiк Мәскеудiң қолында едi. Кеңес Одағының өндiрiсi бiр-бiрiне тәуелдi, ұзын-сонар шынжыр-байланыстан құралған едi: шикiзаттық өнiм Қазақстаннан шықса, оның бiрiншi өңдеу сатысы Украинада, екiншiсi Белоруссияда. ал ең соңғы саты, яғни дайын өнiм шығару зауыттары Ресейде орналасты.

Тәуелсіздік алғаннан кейін ұлт­тық экономиканы түзу оңайға түспегені анық. Өйткені жылдар бойы қалыптасқан экономикалық жүйенің желісі үзілген кезде, Қазақстаның үлесінде тек шикізат шығаруға бейімделген өндіріс ошақтары қалды.

Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары елде өндіріс кенжелеп қалған еді. Мемлекет жиырма жылда саты-сатылы экономикалық реформалар жүргізді. Оның бәрі бірдей халықтың қолайына жақты деп айтуға болмас. Ел санасын өзгерту де оңайға түскен жоқ. Кеңестік сананың сарқыншағыдағы «Өкімет өлтірмейді» деген түсінік «Өз күніңді өзің көр!» деген ұранға ауысқанда, талай тағдыр шатқаяқтап барып әрең түзелді. Қазақтың «көш жүре түзеледі» деген сөзі тәуелсіздіктің алғашқы он жылындағы тұрмыстық-әлеуметтік жағдайды сипаттауға әбден-ақ лайықты.

Әйтсе де, қазақ халқының несібесі мол. Жерінің асты-үстіндегі минералды қорлар, асыл және түсті металдарға толы иен байлықты игеру үшін сауатты экономикалық саясат жүргізу арқылы тұрмысты оңдап, әлемдік деңгейде бәсекеге шыдас беретін жүйе құруға болатын.

Қоғамдық сана біртіндеп өзгере бастады. «Өкіметке» жалтақтамайтын, өз еңбегімен нан тауып жеуге ынталы, ақыл-ойының, жеке еңбегінің арқасында жайлы тұрмыс кешуге құлықты адамдардың қатары көбейді.

1993 жылы 15 қарашада ұлттық валюта енгізілген кезде де халықтың шекесі шылқып тұрғаны шамалы еді. Алайда, төл теңгеміз экономикалық қана емес, ұлттық тәуелсіздігіміздің басты нышанына айналып, елдің санасын сергітті.

Бір жыл өтпей-ақ теңгенің арқасында гиперинфляция бәсеңдеп, 1995 жылы инфляция 60 пайызға дейін азайды.

Ұлттық валюта енгізілген соң, көп ұзамай жекешелендіру процесі жүргізілді. Қоғамдық меншіктің қадірін білмегендер мал-мүлік, қора-жай жекеге ауысқан кезде, жанталасып тірлік етуге көшті.

Ал экономиканың әр саласында реформалар жүргізіліп, мемлекеттік бағдарламалар қабылданған кезде, шағын немесе орта кәсіпкерлік құрып, жеке шаруасын дөңгелете бастаған азаматтар шықты.

Ендігі тұста қазақтың индустриаландыру көшін алға жүргізу де осындай азаматтардың қолында.

Осы тетікті іске қосу үшін қазіргі таңда Қазақстанның 2020 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспары, 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Республиканың Индустриаландыру картасы дайындалып, оған 500-ге жуық нысан енгізілді.

Қазіргі таңда Қазақстан әлемнің 126 мемлекетіне 200-ден астам өнім түрін шығарады. Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының арқасында Қазақстанда өндіріліп, сыртқа тасымалданатын отандық тауарлардың түрі де, көлемі де арта түспек.

Әйтсе де, Қазақстандық тауарларды сату рыногының шектеулігі тауар өндірушілерді тығырыққа тірейді. Сондықтан Кедендік одақтың нарығын пайдаланып, қазақстандық тауарлардың экспортын арттыру мәселесін жолға қою керек.

Елдің шығысындағы Қорғас, батысындағы Ақтау аймағы отандық өнімдерді халықаралық нарыққа шығаруға дәліз болуға әбден лайық.

Елбасы Қостанай облысында жергілікті тауар өндірушілермен кездесуінде Кеден одағының 170 миллион адамы бар ірі рыногының есгіі ашық екені ескертті. Тауар өндірушілер мен экономикаға қаржы салуға ынталы инвесторлар үшін бұл өте қолайлы аймақ.

Қазірдің өзінде Кедендік одақ Қазақстан, Белорусь пен Ресей арасындағы тауар алмасу көлемін ұлғайтуға себепші болды. Биылғы жылдың он айы ішінде Ресей мен Белорусь мемлекеттері Қазақстан бюджетіне 217,4 млрд. теңге аударды. Бұл қаржы Кедендік одақ аясында бекітілген кедендік салықтардан түскен. «Кедендік одақтың аясында кеден пошлиналарын бөлу механизмдері нәтиежесінде 2011 жылдың 10 айында республикалық бюджеттің оң сальдосы 64,6 млрд. теңгені құрады. Ресей Федерациясы мен Белорусь республикасынан Қазақстан бюджетіне 271,4 млрд. теңге аударылды» деді Болат Жәмішев.

Ал «Эксперт» клубында сөйлеген «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов «Кедендік одақ қазақстандық кәсіпкерлерге өсуге мүмкіндік береді» деп мәлімдеді. Жергілікті кәсіпкерлер өздері өндірген тауарларды үлкен нарыққа шығарып сатуға мүмкіндік алды. Мысалы, Қазақстан Кедендік одаққа мүше болғалы «Рахат» компаниясының өндірісі 139 пайызға өскен.

Әрине, одақ аясында үш елдің де мүддесіне қайшы келмейтін ортақ қағидаларды ойластыру керек. Оның үстіне, Кедендік одақ аясында экспорт көлеміне квота белгілеу керектігі айтыла бастады. Одақ аясында биыл астық экспорты бойынша Қазақстан, Ресей мен Украина бәсекелес болды. Өйткені Египет, Тунис елдеріне бұрын Қазақстан астық жіберетін болса, быил Ресей Қара теңіз порттары арқылы бұл елдерге бидай тасымалдауда. Сондықтан Еуроодақ үлгісінде Кедендік одақ аясында экспортқа квота орнатудың қажеттігі талқылануда.

Үдемелі индустриалды-инно­ва­циялық даму бағдарламасының арқасында соңғы жылдары шикізаттық емес салада оң өзгеріс бар екені байқалады.

Былтыр жалпы өнім өсімі 7 пайызды құраса, өнеркәсіп өндірісі 10 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 19 пайызға жеткен.

Ақшаға шаққанда, өнеркәсіп өндірісі 2010 жылы 11,8 трлн теңгеге жеткен.

Ресми статистикалық мәліметтерге жүгінсек, 2011 жылдың 9 айында ЖІӨ-дегі тауар өндірісі 45 пайызды, қызмет көрсету 49,4 пайызды құрайды.

Осы көрсеткіштердің арқасында әлемдік елдер арасында ұлттық әл-ауқат деңгейі жөнінен Қазақстан 110 елдің ішінде 50-ші орынға көтерілді, алдыңғы жылмен салыстырғанда 26 сатыға ілгері жылжу бар.

Сондай-ақ ел экономикасы жедел дамыған елдердің үштігіне енді.

1994 жылы жан басына шақ­қандағы ішкі жалпы өнім 700 доллардан асатын болса, бүгінде бұл көрсеткіш 12 есеге өсіп, 10 мың АҚШ долларын құрайды.

Елдің Ұлттық қоры да көбейіп келеді. Қаржы министрі Болат Жәмішевтің айтуынша, биыл 10 айда Ұлттық қорға 2 трлн. 800 млрд. теңге түскен. Бүгінде Ұлттық қордың бар ақшасы 7 трлн. 491 млрд. теңгеге жетті.

Әлеуметтік мемлекет құруды мақсат еткен Қазақстанда жан басына шаққан табыс көлемі зейнетақы мен бюджет қызметкерлерінің жалақысының өсу қарқынынан анық аңғарылады. Тәуелсіздік жылдарында қазақстандықтардың табысы 17 рет өскен. Елдегі зейнетақының орташа көлемі 4 есеге, ал жалақы 5,5 есеге көбейген.

Үдемелі индустриалды-иннова­циялық даму бағдарламасы бастал­ғалы бір жарым жылдан асты. Алда үш жылдық даму жоспары бар. Осы уақыт ішінде Үкімет 200-ден астам инвестициялық жобаны іске қосты, көптеген өндіріс ошақтары жаңа қуатпен өнім шығара бастады. Елдің барлық аймағын қамтыған ауқымды бағдарлама кемшіліксіз деп ешкім айта алмас. Алайда, кеңестік жүйе кезінен шикізаттық қамытқа таңылған Қазақстан түптің түбінде индустриясы дамыған, өзіндік отандық өнімдерімен танылған елге айналатындығына үміт бар.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары