“АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДА АЛЫНҒАН АСУ АЗ ЕМЕС”

“АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДА АЛЫНҒАН АСУ АЗ ЕМЕС”

“АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДА АЛЫНҒАН АСУ АЗ ЕМЕС”
ашық дереккөзі
185

Табиғат-ана берерінен танбасын деп тілейтін шаруаның биылғы еткен еңбегі, төккен тері жемісті болды. Бұрын-соңды болмаған мол астық қамбаға түсіп, рекордтық көрсеткішке жетті. Республикада тек Оңтүстік өңірінде өсірілетін мақтаның шығымы да жаман емес. Ауыл шаруашылығының басқа да салаларында ауыз толтырып айтарлық табыс мол.

Жылдағыға қарағанда биылғы көрсеткіштердің жоғары болуы, біріншіден, Табиғат-ананың жасаған жомарттығы, екіншіден, ауыл шаруашылығына жасаған мемлекеттік қолдаудың арқасы. Соңғы 5 жылдың өзінде бұл салаға республикалық бюджеттен 670 миллиард теңге бөлінді. Тіпті, әлемдік дағдарыс жағадан алған 2009 жылдың өзінде ұлттық қордан инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін 120 миллиард теңге қарастырылды. Ал Оңтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығын дамытуға бөлiнген бюджет қаржысы былтыр 4,9 млрд. теңгенi құраса, биыл 11,2 млрд. теңгеге дейiн көбейдi. Биыл сондай-ақ Оңтүстіктегі ауыл шаруашылығына үлкен серпін берген Көксарай су қоймасы толығымен іске қосылды, Мырзашөл өңіріне ағын су алып келген Шардара-Мақтаарал каналы секілді ірі жобалар аяқталды.

Өткен аптада Оңтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы мамандары өздерінің дәстүрлі “Алтын күз” мерекесiн атап өтті. Мерекеде әдеттегідей азық-түлiк жәрмеңкесi және ауыл шаруашылығы тауарларының көрмесі ұйымдастырылды. Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрында өткен жиында ауыл еңбеккерлерiн мерейлi мерекесiмен облыс әкiмi Асқар Мырзахметов құттықтады. Одан әрi ауыл шаруашылығының әр саласы бойынша ең жоғары табысқа жеткен аудандар мен еңбек озаттары марапатталды. Бiрiншi орын алған аудан әкiмдерiне алтын медаль мен сертификаттары табыс етілді. Мереке қарсаңында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков облыс еңбеккерлеріне арнап құттықтау хат жолдады. Онда «Бүгiнгi таңда агроөнеркәсiп кешенi ел экономикасының аса бiр маңызды және тұрақты дамыған саласына айналып отыр. Қазақстан Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығы мерекесiнiң құрметiне қазақстандық диқандар рекордтық астық өнiмiн жинады. Ағымдағы жылдың нәтижесi бойынша дәндi дақылдардың жалпы жиналымы шамамен 29,7 млн. тоннаны құрады, әр гектардан 18,5 центнер өнiм жиналды. 1 гектардан алынған дәндi дақылдар өнiмдiлiгiнiң бұл рекордтық көрсеткiшi қазiргi Қазақстан тарихында ғана емес, Қазақстан жерiндегi дәндi дақылдар өндiрiсiнiң тарихында болмаған.

Сонымен қатар, тек соңғы 10 жылда жалпы ауыл шаруашылығы өнiмiнiң көлемi 3,5 есе ұлғайды, осы кезеңде ауыл шаруашылығының негiзгi капиталына құйылған инвестиция көлемi 8 есе артты, ал ауыл шаруашылығы өнiмi мен оны қайта өңдеу өнiмдерiнiң экспорты 3 есе өстi. Ұн экспорты бойынша соңғы 4 жыл бойы бiз әлемдiк нарықта жетекшi орынды иеленiп келемiз. Бүгiнгi жеткен жетiстiктерiмiз Сiздердiң, қазақстандық ауыл шаруашылығы еңбеккерлерiнiң қажырлы еңбегi мен ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған сындарлы мемлекеттiк саясаттың нәтижесi. Алдымызда ауыл шаруашылығындағы еңбек өнiмдiлiгiн арттыру, елiмiздiң азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және агроөнеркәсiптiк кешеннiң экспорттық әлеуетiн өсiру мiндетi тұр. Осы мiндеттердi де ортақ күш-жiгерiмiзбен орындайтынымызға сенiм бiлдiремiн» делінген құттықтау хатта.

Біз мереке қарсаңында Оңтүстік Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Қанатбек Оспанбековпен сұхбаттасып, облыс ауыл шаруашылығының қазіргі хал-жағдайын сұраған едік.

– Жуырда Астанада Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арналған агроөнеркәсіп қызметкерлерінің республикалық форумы болып өтті. Осы форумнан қандай ой түйдіңіз?

– Биыл облысымызда ауыл шаруашылығы дақылдарының барлығынан дерлік жоғары өнім алуға қол жеткізіліп, берекелі жыл болды. Осындай ерен еңбектің арқасында Астана төрінде жоғары деңгейде өткен форумға көтеріңкі көңіл-күймен барып қайттық. Мен Нұрсұлтан Әбішұлының мына тапсырмасына ерекше назар аударғым келіп отыр. Елбасы Үкіметке әкімдермен бірлесе отырып, аграрлық сектордың өңдеу өндірістерін жаңғыртудың нақты жоспарын әзірлеп, жүзеге асыруды тапсырды. Тапсырмада көрсетілгендей, алдағы кезеңдерде, біріншіден, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 2 есеге арттыру, оны тек өнімді өңдеу, өнімнің ақырғы құнын арттыру арқылы жүзеге асыру тиіс.

Екіншіден, Қазақстанның ауыл шаруашылығы инновациялық болуы тиіс. Сондықтан отандық аграрлық ғылымды дамытудың нақты бағдарламасы қажет екендігіне назар аудару қажет. Осыған орай Елбасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне «Қазагроинновациямен» бірлесе отырып, отандық аграрлық ғылымды реформалау бағдарламасын қарауды тапсырды.

Үшіншіден, фермерлерді агроинновацияны енгізуге ынталандыратын тиімді шаралар қажет. Ауылдағы инновациялық белсенділікті қолдау үшін қолжетімді қаржылық тетіктерді әзірлеу қажет. Бұл тұрғыда Елбасы егістік алқаптарды әртараптандыру мәселесіне ерекше тоқталып, малазықтық, бұршақтық және майлы дақылдар егістігін арттыру қажеттігін ескертті. Егістік құрылымдарын әртараптандырудың тетіктерінің бірі – бидай өндірісін субсидиялаудан ауыл шаруашылық техникалары лизингін, несиелерді арзандатуға, астықты кепілдікті баға бойынша сатып алуға қарай көшу.

Төртіншіден, етті мал шаруашылығын астық өндірісі секілді стратегиялық салаға айналдыру. Оны жүзеге асыруға «ҚазАгро» арқылы 130 миллиард теңге бөлінген. Бүгінгі күні елімізге шетелден әкелінген асыл тұқымды малдардың үлгілерін пайдалана отырып, жалпы мал басының сапасын арттыру жөніндегі селекциялық жұмыстарды күшейту қажет деген нақты тапсырмалар берілді. – «Балапанды күзде санайды» деген қанатты сөз бар халықта. Ауыл шаруашылығында биыл атқарылған тірлік, жеткен жетістік қайсы?

– Үстiмiздегi жылы алынған асу, бағындырған белес аз емес. Мемлекеттiң ауыл шаруашылығы саласын нақты қолдауының нәтижесiнде 2011 жылдың өткен он айында өңiрiмiзде 187,2 млрд. теңгенiң өнiмi өндiрiлдi. Бұл 132 пайызды құрап, былтырғы тиiстi кезеңмен салыстырғанда 45 млрд. теңгеге артты деген сөз. Нақты көлем индексi 107,5 пайызды құрады. Жыл соңына дейiн 200 млрд. теңгенiң өнiмi өндiрiлетiн болады.

Ендi осы көрсеткiштердi таратып айтайын. Қоян жылында облыс бойынша 733,3 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып, ол өткен жылмен салыстырғанда 36,2 гектар артық егiлдi. 211 мың гектар дәндi дақылдан 387 мың тонна астық жиналып, гектар берекелiлiгi 18,3 центнерден айналды. Бұл өткен жылғыдан 15 мың тонна көп. 154 мың гектарға шиттi мақта сепкен мақташылар барлығы 325 мың тонна «ақ алтын» жинады. Әр гектардың түсiмдiлiгi 21 центнерге жеттi. Былтырғыдан 85 мың тонна өнiм көп алынды. Картоп, көкөнiс, бау-бақша, жемiс-жидек молшылығын жасауда өңiрiмiздiң диқандары мен бағбандары аянып қалған жоқ. Оның үстiне егiстiк алқаптарын әртараптандыру бағытымен дақылдар алқабы жылма-жыл ұлғайтылуда. Осылайша биыл 13,6 мың гектар картоптан 238 мың тонна (өткен жылғыдан 50 мың тонна артық), 33,5 мың гектар көкөнiстен 749 мың тонна (116 мың тонна артық), 38,2 мың гектар бақшадан 948 мың тонна (298 мың тонна артық), 18 мың гектар жемiс-жидектен 63 мың тонна (5 мың тонна артық), 9 мың гектар жүзiмдiк алқабынан 41 мың тонна (3,2 мың тонна артық) өнiм жиналды.Өңiрiмiзде мемлекет қолдауымен көптеген игi шараның атқарылуы агросектордың алға iлгерiлеуiне айрықша серпiн бердi. Мәселен ауылшаруашылық жерлерiн түгендеудiң нәтижесiнде 103 мың гектардың айналымнан шығып қалғаны белгiлi болды. Соның басым бөлiгi қайта iске қосылды. «Жол картасы» бағдарламасының бергенi де аз емес.

Облыс әкiмiнiң бастамасымен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы аймақта артылған өнiмдердi демалыс күндерi жәрмеңкелерге шығарып, оларды қала тұрғындарына базар нарқынан төмен бағада сатуды жиi ұйымдастырды. Астана мен Алматының, сондай-ақ солтүстiк облыстардың тұрғындарына сыбаға жөнелту игi дәстүрге айналды. Жомарт күздiң берекелi өнiмi осылайша қала тұрғындары мен қонақтарының дастарқанынан табылып жатқаны айқын. – Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығы өнiмдерiнiң өнiмдiлiгi мен бәсекеге қабiлеттiгiн арттыру тек инновациялық технологияларды өндiрiске енгiзу арқылы қол жеткiзетiндiгi айтылған-ды. Бұл бағытта қолға алынған жұмыстар бар ма?

– Ойыңызды түсiндiм. Рас, бастапқы жылдар өз қиындығымен есте қалды. Дегенмен, елiмiзде орныға бастаған жаңа жүйе артықшылықтарын қазiрдiң өзiнде дәлелдеп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша егiс алқаптарын әртараптандыру саясатын жүйелi жүргiзу су тапшылығы жағдайында ылғал үнемдеуге де септiгiн тигiзетiнi ақиқат. Бұл мiндеттi шешу үшiн су пайдаланушылар кооперативтерiн одан әрi жетiлдiрiп, мемлекеттiк -жекеменшiктiк әрiптестiк негiзiнде ылғал сақтаушы технологияларды белсендi түрде енгiзудi, суландыру жүйелерiнiң тиiмдiлiгiн арттыруды көздейдi.

Облысымызда тамшылатып суару тәсiлiн өндiрiсте қолдану мен жылыжайлар кешендерiнiң көлемiн ұлғайтуда бiршама жетiстiктерге жеттiк. Атап айтқанда, 2010 жылы өңiрiмiзде тамшылатып суару әдiсi 7235 гектарға енгiзiлiп, ол республикадағы жалпы көрсеткiштiң 67 пайызын құрапты. Биылғы 10 айда ол 6403 гектарға қолданылып, жалпы көлемi 14,1 мың гектарға жеттi. Соның нәтижесiнде жемiс-жидек, жүзiм, мақта, көкөнiс-бақша және тағы басқа дақылдардан алынған өнiм екi-үш есе артып, ағын су екi-үш есе үнемделуде. Жылыжай жөнiнде де осыны айтуға болады. Оның аумағы 383 гектарға ұлғайтылып, республикалық көрсеткiштiң 70 пайызын құрап отыр. Жылыжайлардан алынған өнiм арқылы облыс және республика тұрғындарын қыста және ерте көктемде сапалы көкөнiс өнiмдерiмен қамтамасыз етуге қол жеткiзiлдi. Өңiрлiк «Даму» бағдарламасына сәйкес 2015 жылға дейiн тамшылатып суару технологиясын 50 мың гектарға, жылыжайлар көлемiн 700 гектарға жеткiзу жоспарланып отыр.

Тұрғындарды қолжетiмдi бағада жемiс-көкөнiс өнiмдерiмен қамтамасыз ету үшiн ағымдағы жылы сыйымдылығы 49 мың тонна болатын қоймалар жөндеуден өтiп, жаңадан салынған 141 қойманың сыйымдылығы 100 мың тоннаға жеттi. Оларда бiрiншi кезектегi әлеуметтiк маңызы бар картоп, пияз, көкөнiс, жемiс -жидек және басқаларын сақтап, сапалы өнiммен қамтамасыз етуге мүмкiндiк бар.

– «Сыбаға» талапкерлердiң жолын ашып, шаруасын дөңгелететiн бағдарлама ғой. Жалпы, мал шаруашылығындағы ахуалға да тоқтала кеткенiңiз орынды болар едi.

– Мемлекет мал шаруашылығын дамытуға көп көңiл бөлiп отыр. Облыс бойынша мал шаруашылығы өнiмдерiнiң негiзгi түрлерi былтырғымен салыстырғанда едәуiр iлгерiледi. Ет 105 пайызға (120,6 мың тонна), сүт 104 пайызға (519,8 мың тонна), қойдан қырқылған жүн 102 пайызға (7 мың тонна) артты. Төрт түлiк малдың барлық түрi бойынша өсiм бар. Атап айтқанда, қара мал 909 мыңға, қой мен ешкi 4229 мыңға, жылқы 188 мыңға, түйе 21 мыңға жетсе, құстың саны 2700 мыңға өстi. Мал шаруашылығын дамыту мақсатында биыл 85577 сиыр қолдан ұрықтандырылса, келесi жылы бұл көрсеткiш 1,5 есеге артып, 130 000 аналық малға жетпек. «Iрi қара мал етiнiң экспорттық әлеуетiн дамыту» жобасы бойынша «Сыбаға» бағдарламасы» шеңберiнде фермерлiк шаруашылықтарды дамытуға ағымдағы жылы 3000 аналық iрi қара сатып алу жоспарланса, бүгiнгi таңда 50 жоба қаржыландырылып, 586 млн. теңгеге 3755 iрi қара сатып алынды. Жоспар 125 пайыз орындалды.– Агросектор саласына мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетiлiп жатқандығын атап өттiңiз. Серпiндi жобалардың жолын мақсатты несиелер ашатыны дәлелдеудi қажет етпейтiн аксиома. Жалпы, қаржыландыру жағы жөнiнде әңгiмелей кетсеңiз.

– Оңтүстiк Қазақстан облысының агроөнеркәсiптiк кешенiне 2009 жылдан бастап бүгiнге дейiн 31,3 млрд. теңге несие қаржысы тартылып отыр. Оның iшiнде «ҚазАгро»ҰБХ» АҚ-ы еншiлес мекемелерi арқылы 17,1 млрд. теңге, «Оңтүстiк» ӘКК» ҰК» АҚ арқылы 5,3 млрд. теңге және облыстық «Максимум» АИО» ЖШС арқылы 8,9 млрд. теңге қаржы таратылып, соның нәтижесiнде 12 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.

– Әңгiмеңiзге рахмет. Кәсiптiк мерекелерiңiз құтты болсын!

24.11.2011

Сұхбаттасқан

Қали РАҚЫМЖАНОВ

Серіктес жаңалықтары