«ЕРКIН СӨЗГЕ – 20 ЖЫЛ»
«ЕРКIН СӨЗГЕ – 20 ЖЫЛ»
Қайбiр жылдары Оңтүстiкте ақ халаттыларға қатысты дүрлiгу туындап, сол бiр сын шақта «Шымкенттен шәй iшуге де болмайды» деген теңеу сөз ел арасына тарап кеткен болатын. Осындай кезде облыс әкiмi Өмiрзақ Шөкеевтiң бастамасымен Шымкентте «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстiк» кездесу жиыны ұйымдастырылған-ды. Елге белгiлi өнер адамдары, зиялы қауым өкiлдерi Шымкентте бас қосып, халықпен кездесiп, елдiң, ұлттың жайына қатысты пiкiр алмасқан. Мiне, сол бiр жарасымды дәстүр әлi де жалғасын тауып келедi. Жуырда Шымқалада «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстiк» және «Еркiн сөзге – 20 жыл» форумы өттi. Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмдiгi мен Қазақстан Журналистер одағы Оңтүстiк Қазақстан облыстық филиалы ұйымдастырған алқалы басқосуға зиялы қауым өкiлдерi, республикалық және облыстық газет-журналдардың, телеарналардың басшылары мен өкiлдерi қатысты. Бұл жиындардың басты мақсаты елiмiздiң тәуелсiздiк жылдары қол жеткiзген жетiстiктерiн саралап, БАҚ-тың қоғамдағы рөлiн арттыру мәселесi төңiрегiнде ой қозғап, ұсыныстарды ортаға салу болып табылады.
Бұл жолы елмен дидарласуға келгендердің қатарында Әкім Тарази, Дулат Исабеков, Әшірбек Сығай, Тұрсынай Оразбаева, Ұлықбек Есдәулет, Қонысбай Әбiлов, Қасымхан Бегманов, Маралтай Райымбек сынды ақын-жазушылар бар. Алдымен қонақтарды «Достық» қонақүйiнiң мәжiлiс залында облыс әкiмiнiң орынбасары Әли Бектаев қабылдады.
– Өңірдегі iс-шаралардың бәрi Тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдық мерейтойына арналған. Осындай аз уақыттың iшiнде елiмiз көптеген белестi бағындырды. Облысымызда да қыруар жұмыстар атқарылды. Кәсiпкерлерiмiз бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi аясында 30-дан астам нысанды ел игiлiгiне бердi. Жаңа өндiрiс орындары мен кәсiпорындар ашылды. Сiздердi осы жемiстi жұмыстарды көрiп, жаны жомарт Оңтүстiк тұрғындарымен жүздесiп, рухын бiр көтерiп қайтсын деген ниетпен «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстiк» жиынына шақырдық. Бұл жақтағы ағайын да елге танымал зиялы қауым өкiлдерiн жүзбе-жүз көрiп, әңгiмелерiн тыңдасын. Облысымызда өндiрiс орындарын ашуда ғана емес, рухани өмiрде де жетiстiктер баршылық. Қазiргi таңда өңiрде 250-ден астам газет-журнал мен телеарна, радио бар. Оның 90 пайызы жекеменшiкте. Бұл 20 жыл iшiнде бiздiң жариялылыққа, цензурасыз қоғамға жеткенiмiздi бiлдiредi. Осы артықшылығымызды ескерiп, Қазақстан Журналистер одағының Оңтүстiк Қазақстан облыстық филиалы «Еркiн сөзге – 20 жыл» форумын өткiзудi қолға алды. Бұл жиындардың жас ұрпақ үшiн маңызы зор екенiне дау жоқ, –деген Әли Әбдiкәрiмұлы ел ағаларына естелік сыйлық ретінде облысымыздың тарихы мен бүгiнiнен сыр шертетiн кiтаптарды табыс етті.
Бұдан кейін меймандар Шымкент көркемсурет галереясында өтіп жатқан бұқаралық ақпарат құралдарының жәрмеңкесiне қатысты. Онда облыстық, қалалық және аудандық газет-журналдар мен телеарналардың басшылары өз ұжымдарының жұмысы мен жетiстiктерiмен таныстырды. Баспа үйлерiнiң өнiмдерi де көрменiң көркiне айналды. Алыстан ат терлетiп келген зиялы қауым өкiлдерi өңiрiмiзде БАҚ-тың қарқынды дамып келе жатқанына таңданыстарын жасырмай, жылы пiкiрлерiн бiлдiрдi.
– Оңтүстiк өңiрiнде қазақ баспасөзiнiң жоғары қарқында дамып келе жатқанына көз жеткiздiк. Мен Алматыда жүрсем де өзiм туып-өскен елдiң жаңалығынан құр қалмайын деп Ұлттық кiтапханаға барып «Оңтүстiк Қазақстан» газетiн оқимын. Бұл облыс тарихымен бiте қайнасқан басылым ғой. Осындай басқосуларда тәжiрибе алмасу арқылы қазақ баспасөзiнiң деңгейi мен беделi өседi деп есептеймiн, – дейдi «Алматы ақшамы» газетiнiң мәдениет бөлiмiнiң меңгерушiсi, жазушы-журналист Өтеш Қырғызбаев.
Жәрмеңкеден кейiн қонақтар бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi аясында бой көтерген саябақтар мен нысандарды аралады. Абай саябағындағы «Даңқ» мемориалы мен Абай Құнанбаев мұражайын тамашалады. Қала сәулетiндегi оң өзгерiстер мен өндiрiстегi тың жобаларды көрген меймандар «Iскерлiктi Оңтүстiктегi ағайындардан үйрену керек», – дестi.
Түс ауа облыс орталығындағы «Алтын орда» бизнес орталығының мәжiлiс залында «Еркiн сөзге – 20 жыл» форумының аясында республикаға белгiлi журналистер және БАҚ басшыларының қатысуымен дөңгелек үстел мәжiлiсi болып өттi. Жиынды Қазақстан Журналистер одағы Оңтүстік Қазақстан филиалының төрағасы, облыстық «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнiң бас редакторы Бейсенбай Тәжiбаев жүргiзiп отырды.
Жиынды ашқан облыс әкiмiнiң орынбасары Ә.Бектаев облыс әкiмi А.Мырзахметовтiң атынан делегаттарды форумның ашылуымен құттықтап, олардың жұмысына сәттiлiк тiледi.
Мұнан кейiн мәжiлiстi жүргiзушi Б.Тәжiбаев Президент әкiмшiлiгi Iшкi саясат бөлiмiнiң меңгерушiсi Дархан Мыңбайдың форум делегаттарына жолдаған құттықтау хатын оқып бердi.
«…Бiрнеше жылдан берi ұлт мәдениетiн ұлықтап, төл дәстүрдi дәрiптеуге қызмет етiп келе жатқан «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстiк» акциясының уақыт өткен сайын тақырыптық аясы мен географиялық ауқымының кеңейе түсуi көңiлге қуаныш ұялатады. Сондықтан да аталған акция аясында өтiп жатқан «Еркiн сөзге – 20 жыл» форумын тек Оңтүстiк журналистерiнiң ғана емес, барша елiмiздiң журналистерiнiң жетiстiгi, қуанышы деп қабылдаған ләзiм. Қалай десек те, ерте ме, кеш пе, төл тарихымызда елiмiздегi цензураның жойылуы жаңа дәуiрдiң басты шамшырағы болып қалатыны сөзсiз. Өйткенi сол арқылы қоғамдағы жаңа сана, жаңа тәртiп қалыптаса бастады.
Меншiк иесiне, заңдарға деген құрмет артты. Бұқаралық ақпарат құралы – қоғамның қозғаушы күшiне айналды. Халықтың ықпалды құралы ретiнде рөл атқаруда. Бұл барды бардай, нарды нардай жазып, көрсетiп жүрген журналистердiң кәсiби шеберлiгi мен кәнiгi жорғалығының жоғары өнегесiнiң арқасы. Форумға қатысушыларды елiмiздiң тәуелсiздiгiнiң 20 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, баршаңызға зор денсаулық, шығармашылық шабыт, еңбекте табыс тiлеймiн!», – делiнген құттықтау хатта.
Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетi журналистика және саясаттану факультетiнiң деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор Қайрат Сақ «Еркiн сөз елдiк мүддеге қызмет етуi керек» деген тақырыпта баяндамасында 20 жылда отандық журналистиканың жүрiп өткен жолы мен бүгiнгi жағдайына талдау жасады. Оның айтуынша, 1990 жылы республикадағы барлық БАҚ-тың саны 552 болса, арада жыл өткенде бұл көрсеткiш 744-ке, 1992 жылы 1052-ге жеттi. Ал, биылғы ресми мәлiметтер бойынша барлық есепке қойылған БАҚ саны 10 557-нi құраған. Бүгiнгi таңда жұмыс iстеп тұрғандары 2 990 шамасында. Аталған ақпарат құралдарының 185-i Оңтүстiк Қазақстан облысында.
– Ресми статистика елдегi ақпарат құралдарының 85-90 пайызын тәуелсiз етiп көрсеткенiмен, БАҚ-тың негiзгi бөлiгi билiкке адал. Дегенмен кейiнгi кезде журналистиканы әркiм өз бiлгенiне қарай пайдаланғысы келетiн жағымсыз тенденция етек алып барады. Ондай дерттi аластатудың жолы – журналистиканың қоғам, ел алдындағы мiндетiн анықтай түсiп, халық мiнберiне айналдыру, – дедi Қ.Сақ.
Мұнан кейiн сөз алған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дiң журналистика факультетiнiң деканы, заң ғылымдарының докторы, профессор Есберген Алауханов Оңтүстiктен түлеп ұшқан белгiлi журналистердiң атын атап, құрмет көрсеттi. Сөйтiп, ұлт баспасөзiнiң тәуелсiздiк жылдарындағы өркендеу жолдары мен бүгiнгi проблемаларына тоқталды.
– Өңiрлердегi баспасөздiң проблемалары айтылып жатыр. Кадр тапшы дейдi. Бұл тек аймақтық журналистикаға тән мәселе емес. Бүгiнде жастардың көпшiлiгi телеарналарға ұмтылады. Сонда газет-журналдарды, интернет журналистиканы кiм дамытады? Бұл салаларға келуге көпшiлiгiнiң құлқы жоқ, – дедi Е.Алауханов. Оның айтуынша, бүгiнде қарашаңырақ оқу ордасында журналистика мамандығы бойынша 100-ден астам оңтүстiкқазақстандық шәкiрт тәлiм алып жүр. Тарихи өлшеммен алып қарағанда аз ғана уақыт секiлдi көрiнгенiмен, тәуелсiздiктiң 20 жылы мемлекетiмiз үшiн айрықша маңызға ие. Осы кезеңде қазақ журналистикасы талай-талай оқиғаларды бастан өткiзгенi мәлiм. Ашықтық пен жариялыққа жол ашылған алғашқы жылдарда қазақ баспасөзi ұлттың рухына түскен шұғылалы сәулесi бола бiлдi. Тарих қойнауындағы сүбелi оқиғалардың ақ-қарасын ажыратып, тарихи тұлғалардың шынайы бейнесiн кескiндеп, олардың артында қалған мол мұраны халыққа жеткiзу арқылы ұлт рухына серпiн бердi. Тоталитарлық жүйенiң аз халықтарға жасаған қиянатын әшкерелеуде, өтпелi экономикалық қиындықтар орын алған аумалы-төкпелi кезеңде халықтың болашаққа деген сенiмi мен бойындағы елжандылық сезiмдi нығайтуда, кемел елдiң жарқын келешегiн қалыптастыруға қатысты ой қосуда қалам ұстаған қауымның еңбегiн бағалаған жөн. Мiне, осы жәйттердi ескерсек, Тәуелсiздiктiң алғашқы жиырма жылында қазақ журналистикасы өзiнiң тарихи миссиясын абыроймен атқарып шықты.Осы уақыт iшiнде қаламгер қауым тек ұлттық мәселелердi қозғаумен шектелген жоқ. Мемлекеттiң мықты құқықтық негiзiн қалыптастыру, экономиканы өркендету, өндiрiске инновациялық технологияларды енгiзу, ғылым-бiлiм, денсаулық сақтау, мәдениет салаларын жетiлдiру, халықтың әлеуметтiк жағдайын оңалту, демократиялылық пен азаматтық қоғамды дамыту… Мiне, осы тақырыптардың бәрi де БАҚ өкiлдерiнiң назарынан тыс қалмады.
Тағы бiр ерекше тоқталатын жәйт, осы кезеңде қазақ баспасөзi мен телевизиясы нарыққа бейiмделдi. Бүгiнде журналистикасында менеджмент ұғымы таңсық емес. Оны жақсы меңгерген ақпарат құралдары оқырман мен көрерменнiң талғамына сай тартымды, тың дүниелер ұсыну арқылы табысқа жетуде. БАҚ-тың коммерциялық тұрғыдағы тәуелсiздiгi шын мәнiндегi сөз бостандығына жол ашады.
Отандық ақпарат кеңiстiгiнде орыстiлдi ақпарат құралдарымен бәсекелестiк жағдайында дамып келе жатқан қазақ газеттерi мен телеарналары ақпараттық технологияларды игеруде, көптiң көңiлiнен шығатын тың жанрлар мен формаларды табуда айтарлықтай жетiстiктерге жеттi. Бүгiнде қазақ журналистикасы кез-келген ортада бәсекеге төтеп беретiн күш-қуатымен мақтана алады. Иә, өмiр болған соң шешiмiн күткен мәселелердiң де болатыны заңды. Осы орайда аймақтардағы ақпарат құралдарының сапасын арттыру, материалдық-техникалық базасын жетiлдiру, ұлттық журналистиканың құлашын кеңге жайғызатын мықты кадрлар даярлау секiлдi сүбелi шаруалар да жеткiлiктi. Әлемнiң түкпiр-түкпiрiнде болып жатқан оқиғалар жайлы Қазақстан халқына тiкелей, бiрiншi нүктеден хабар беретiн ұлттық ақпарат көзiн қалыптастыру және көптеген тақырыптарға жасалатын сараптамаларды тереңдете түсу секiлдi мәселелердi атауға болады. Қазақ журналистикасы осындай түйткiлдердi бiртiндеп шешу арқылы ырғақты түрде дамитынына сенiм кәмiл. «Еркiн сөзге – 20 жыл» форумында өрнектелген ойлардың тоқ етерi осы.
Жиында сонымен қатар, белгiлi қаламгерлер М.Байғұт, И.Омар, Ғ.Омарханов, Қ.Құрманәлi, Ө.Қырғызбаев, Б.Қалаубай өз ойларымен бөлiсiп, өңiр журналистикасының түйiндi мәселелерiн талқылады.
Келелi басқосудан кейiн форумға қатысушылар Оңтүстiктегi бiрқатар бұқаралық ақпарат құралдарының тыныс-тiршiлiгiмен танысты.
Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ