«ҚЫЗЫҢ ҚЫЗЫП ЖҮРСЕ...»
«ҚЫЗЫҢ ҚЫЗЫП ЖҮРСЕ...»
Адам бақытты болу үшін бұл дүниеде екі нәрсе керек: бірінші – денсаулық, екінші – білім. Осы екеуі біріксе, адам алдында алынбайтын қамал, қол жетпейтін арман, игерілмейтін биік жоқ. Мемлекетіміз халық денсаулығына әрдайым ерекше көңіл бөліп, еліміздің тұрғындарының өмірін неғұрлым ұзарта түсуге ықпал жасап келеді. Қазақстанда ТМД елдері арасында бірінші болып 2009 жылдың басынан бастап Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі енгізіліп, ол күнделікті өмірге батыл енгізілуде. Барлық мемлекеттік және жекеменшік емдеу-профилактикалық мекемелері мемлекеттік аккредитациядан өтіп, медициналық көмектің түр-түріне лицензия алып, оның сапасы едәуір арта түскені белгілі.
Барлық облыс орталықтарында кардиологиялық және кардиохирургия қызметі халыққа медициналық көмек көрсетуде. Астана, Алматы қалаларында жаңа ғылыми медициналық орталықтар (нейрохирургия, жедел медициналық көмек, кардиохирургия, ана мен баланы қорғау және т.б.) ашылып, санаулы айлардан кейін ағзаларды алмастыру (жүрек, бауыр және т.с.), яғни трансплантология ісі арнайы шетелдерде дайындалған маман-дәрігерлердің көмегімен іске асырылмақ.
Иә, халықтың денсаулығы бәрінен қымбат. Ол еш мөлшермен – ақшамен, дүниемен, байлықпен өлшенбейді. Халық денсаулығы үшін қолда бардың барлығын жасап, одан еш аянбау қажет. Әттеген-ай дегізетін жайттар да жеткілікті.
Дүниеге ұрпақ әкелетін – әйелдер. Еліміздегі сол болашақ аналардың, әйелдердің денсаулығы сын көтермейді дегенді академик ағаларымыз Камал Ормантаев пен Төрегелді Шармановтан бастап, дәрігерлер бір кісідей-ақ айтып жүр. Ол сөзді мен де қайталап айта аламын. Сын көтермейтіні рас. Профессор-гинеколог Нина Әмірқызы Каюпова әріптесіміз де талай мінберлерден бұл мәселені сан мәрте көтерді. Бірақ «жабулы қазан жабулы күйінде». Ұсыныс бар, іс пен нәтиже жоқ.
Біз еліміздің болашағын ойласақ, ең әуелі денсаулығымызға үлкен мән беруіміз керек. Өйткені аналар мен әкелер, тіпті қоғамның әрбір мүшесі өмірге дені сау ұрпақ әкелуге жауапты. Дені сау, білімді ұрпақ – жарқын, сенімді болашағымыз.
Шет елде үйленетін екі жас отбасын құрар алдында денсаулықтарын тексертеді. Біреуінің денсаулығында кінәрат болса, некеге тұрмай тұрып тексеріліп, болашақта өмірге әкелер ұрпағының денсаулығына зияны болмайтын жағдайда ғана отбасын құруға шешім қабылдайды. Ал бізде керісінше. Тіпті тексеру барысында кейбір әйелдерге жатырдағы ұрықтың дамымауына байланысты баласын алдырып тастау жөнінде кеңес беруге тура келеді. Бірақ әлгі әйел дәрігерді дұрыс түсінбейді, ақыры ол ұрық дамымай жатырда өліп қалады немесе нәресте іштен кемтар болып туады. Осындай жағдайлардың салдарынан кейде ана мен бала өлімі орын алып жатады. Он екіде бір гүлі ашылмаған жасөспірім қыздар арасында түсік тастау да жиілеп барады. Мұндай өкінішті жағдай болмас үшін, әрине қыз-келіншектер өз денсаулықтарына өте жауапкершілікпен қарауы тиіс.
Халық денсаулығын тек мемлекет, Үкімет мойнына асып қою – үлкен қателік. Денсаулық – адамның жеке бас байлығы болғандықтан, сол байлығын кез-келген адам өзі қорғауы керек, дер кезінде дәрігерге көрініп, кеңес алып отырғаны артық емес. Әр адам өз денсаулығына байыппен, сергектікпен, тіпті, аса жауапкершілікпен қараған жөн.
Қазақ қыз баланың тәрбиесіне әу бастан-ақ қатты көңіл бөлген. Дегенмен заманға қарай ма, жоқ әлде бала тәрбиесімен айналысуға уақыт жетпей ме, кім білсін, қыздың да, ұлдың да тәрбиесін босаңсытып алдық. Мен түнгі 3-4-ке дейін дала кезіп жүрген ұл-қызын іздемейтін ата-аналарға қайран қалам. Кешке қарай ресторандар мен кафелерге бас сұқсаңыз – қызара бөртіп масаңсыған, көк түтінге оранғандай темекі шегіп, жарыса сөйлеп даурыққан жастарды көру бұл күндері жат емес. Соңғы кезде қыз-келіншектер ер азаматтармен жарысқандай топ-топ болып, еш қысылмай, қымтырылмай сан түрлі сыра мен арақты орталарына алып, дарақылықпен мәз-майрам болып, «қиқуласып» жатқанын көргенде терең ойға кетесің. Тіпті кейде сол отырыстарына жас балаларын ертіп баратындары да баршылық. Оны көрген жас баланың болашағы не болмақ?.. «Осы қылығымыз жөнсіз-ау, ортадан ұят-ау» деп қысылып, ыңғайсызданып жатқан біреуі жоқ сабаздардың.
Қоғамды әйелдер арасындағы темекіге әуесқойлардың көптігі қатты алаңдатады. Шылым ер адамға қарағанда, нәзік жандыларға тіптен зиян. Мысалы шылымқор әйелдер ерлерге қарағанда, өкпе ауруына 5 есе жиі шалдығады. Сондай-ақ олар гормоналды контрацептивтерді қолданатын болса, миокард инфарктінің даму қаупі бірден 20 есеге артады. Темекі ананың өз денсаулығына ғана қауіпті емес, болашақ баласына да үлкен ауыртпалық әкеледі. Өйткені ұзақ уақыт бойы темекі тартқан әйелдер бала туу қабілетінен айырылады, болмаса олардың балалары іштен өлі туылу қаупі өте зор. Бұған статистика да куә, мұндай әйелдердің жартысына жуығында балалар ана жатырында-ақ қайтыс болғаны жайлы мәліметтер бар.
«Қазір заман өзгерді, уақыт басқа, оның несі бар екен?» дейтіндер де табылар. Бірақ, қазақ әйелдеріне тән ізеттілік, әдептілік, ізгілік, нәзіктік, сұлулық, мейірбандық уақыт өткен сайын көмескіленіп бара жатқаны кімді болса да қынжылтатыны анық.
Еліміздегі әйелдердің ғана емес, сонымен қатар болашақ аналар, өсіп келе жатқан қыздарымыздың да денсаулығының нашар екені туралы мәліметтер жетерлік екенін жоғарыда айттық. Мысалы жас қыздардың 30 пайызының ғана денсаулығы қанағаттанарлық деп есептелінуде. Демек, қалған 70 пайызының денсаулығы төмен деген сөз. Оның ішінде 47,4 пайызы асқазан-ішек жолдарының дерттеріне шалдықса, 30,8 пайызын несеп, зәр жүйесі аурулары мазалайды. Сондай-ақ 12,5 пайызы эндокриндік жүйе ауруымен ауырады. Мұндай сырқаттар әйел адамның бала көтеруіне кері әсерін тигізетіні айтпаса да түсінікті. Яғни ананың бойындағы дерт іште жатқан балаға да тікелей зиян келтіреді. Тіпті бедеулік те осыдан келіп туады.
«Барлық жақсылық пен әдемілік күннің нұр-сәулесінен, ананың ақ сүтінен жаралған» деп бекер айтылмаған болар. Егер олай болса, неге қыз-келіншектер, болашаққа дені сау ұрпақ әкелетін асыл ана ретінде өз денсаулығына жауапкершілікпен қарамайды? Неге біз ортамызда, қоғамымызда болып жатқан өзгерістерге немқұрайлықпен, енжар, самарқау қарауымыз керек? Ойланатын мәселе.
Әскерге шақыртылған жастар медициналық тексеруден өтеді. Солардың арасынан бірен-саранының ғана (базбір мәліметтерге сүйенсек 10 пайызы ғана) денсаулығы бойынша әскерге жіберуге жарайды екен. Жап-жас жеткіншектің денсаулығы неге төмен? Бұл ненің айғағы? Қазірден денсаулығы әлжуаз жастың келешегі не болмақ? Бұны балалар мен жастар арасында саламатты денсаулық істерін қалыптастыру және денсаулық сақтау ісінің әлі де өз орнын ала алмай отырғаны деп ұққанымыз жөн. Бүгінгі жас бала ертеңгі әке, жас қыз ертеңгі ана екенін естен шығармауымыз керек.
Темекі мен спирттік өнімдердің, нашақорлықтың адам денсаулығына, отбасы мен қоғамға қанша қасірет әкелетіні жайлы аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Маскүнемдік, нашақорлық, жезөкшелік – қазіргі қоғамның ажырамас ауыр дертіне айналды. «Ұлың арақ ішсе – ырысыңның кеткені, қызың арақ ішсе – қызығыңның кеткені» деп халық тауып айтқан. Ішімдікке әуестіктің қыз-келіншектер мен жасөспірімдер арасында кең етек алып бара жатқаны, сол алкогольдің уыты себебінен орын алып отырған жантүршігерлік қылмыстық оқиғалардың қоғамда тым жиілеп бара жатқаны алаңдатады.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, республикамыздағы наркологиялық мекемелерде қазіргі кезде 235 416 адам маскүнемдік дерті бойынша есепте тұрады екен. Демек, маскүнемдік 100 мың адамға шаққанда 144,2 жағдайдан айналды. Ақпарат құралдарының мәліметтеріне жүгінсек, бізде ішімдік ішу 1 адамға – 12 литрден, ал сыра – 31 литрден айналыпты. Еліміздің тұрғындарының 33,3 пайызы, яғни 3/1 арақ ішеді. Жас ерекшіліктеріне келсек, 40-49 жас аралығындағылар көш бастап тұрса, 20-29 жастағылар одан кейінгі екінші орында. Ал 18-19 жастағылардың үлес салмағы 37,7 пайызды, жасөспірімдердің үлесі 22 пайызды құрайды екен. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары ішімдікті шамадан тыс тұтыну ұлт денсаулығы үшін қауіпті, ұлттың тегін бұзады дейді. Жастайынан ішімдікке салынып, темекінің ащы түтінімен өкпесін ыстаған, наркотиктің «дәмін татқан» жасөспірімді ертең не күтіп тұр? Болашағы не болмақ?
«Зиянды әдеттерден халықты алшақтатамыз» деп дәрігерлер әуре. Тіпті, арнайы мемлекеттік бағдарлама, заң да қабылданды. Қыруар қаржы бөлініп, сандаған «Саламатты өмір салтын қалыптастыру» орталықтарын ашып, олардың қызметкерлері ел арасында «жұмыс көрігін қыздырып-ақ» бағуда. Өкініштісі, сол атқарылып жатқан шаралардың тиімділігі әзірше еш сезілмейді. «Баяғы жартас, бір жартас», өзгеріп жатқан дүние жоқ. Кейде ол керісінше насырға шауып бара жатқан болып көрінеді. Мына жалған өмірде барлығы басқаша – ішімдікке, темекіге, есірткіге әуестенушілер саны жыл өткен сайын өсіп бара жатқаны кімді болса да ойландырады. Не істеуіміз керек? Басқа қандай жолы бар? Бұл көпшілік болып ойланатын күрделі мәселе.
Заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов кезінде: «Елді түзеймін десең, бесігіңді түзе» деген екен. Сол сөздерді сәл өзгертіп: «Болашағым жарқын, бақытты, нұрлы болсын десеңіз – денсаулығыңызды ойлаңыз», – деп айтар едім.
Дені сау, ұрпағы таза, рухы биік, санасы терең адам ғана өз ортасына айтулы пайда келтіріп, қоғамды алға, жаңа биіктерге жеткізе алады. Онсыз барлығы бекершілік, бос әурешілік!
Сондықтан ойланайық, ағайын!
медицина ғылымдарының докторы,
профессор