«ЭКСПЕРТТЕГІ» КЕЛЕЛI ЖИЫН

«ЭКСПЕРТТЕГІ» КЕЛЕЛI ЖИЫН

«ЭКСПЕРТТЕГІ» КЕЛЕЛI ЖИЫН
ашық дереккөзі
431

Жуырда «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының ұйымдастыруымен Астанада өткен «Эксперт» клубының үшiншi отырысы кедендiк одаққа арналды. Кедендiк одақтың құрылғанына көп бола қойған жоқ. Одақтың құрылғанына бар-жоғы бес ай өткенi бесенеден белгiлi. Осы уақыт iшiнде бұл одақ бiзге не тарту еттi? Үшiншi отырыста көтерiлген мәселелердiң көбi осыған саяды.

«Эксперттегі» жиынды саясаттанушы Нұрлан Ерімбетов жүргізді. Әуелгі сөз тізгінін қолға алған «BizMedia» іскерлік журналистика орталығы» ҚҚ-ның президенті Төлеген Асқаров өз сөзінде: «Кеден Одағының кесірінен бағаның өскенін, жанар-жағармайдың қымбаттағанын» тілге тиек етті. Елімізде бүгінде жанар-жағармай бағасының күрт аспандап кеткенін ешкім жоққа шығара алмайды. Бағаның осылайша аспандауы, инфляцияға алып келіп жатқаны да жасырын емес. Еліміз қазір Ресей мен Беларусь еліне импорттап жатқанымыз белгілі. Төлеген мырза «инфляцияны импорттап алып жатқанымызды», – айтады.

Ал «Атамекен» одағының басқарма төрағасының бірінші орынбасары Екатерина Никитинскаяның пікіріне сүйенсек, еліміздегі қымбатшылықтың бүгін қалыптасып жатпағанын айтады. Бұрыннан да еліміз Ресеймен сауда-саттық жасап отырған. Сатып алу жағынан біздің еліміздің алдыңғы орында тұрғаны айқын болатын. «Кеден Одағының да жақсы тұстары жоқ емес», – дейді Екатерина Никитинская ханым. Екатерина ханым кедендік одақтың арқасында орташа кәсіпорындардың да Ресеймен тауар айналымы артып отырғанын, бірқатар шағын кәсіпорындардың да кедендік одақтан тәуір пайда көріп жүргенін алға тартады. Осылайша, Қазақстан мен Ресей арасында біріккен кәсіпорындар пайда болуда. Олар ресейлік әріптестерімен келісімге келіп, ортақ өндіріс орнын ашып қана қоймай, нарық сегментінің бір бөлігін иемденуде.

Екатерина Никитинская кедендік одақтың жағымсыз тұстарына да тоқтала кетті. Оның айтуынша, «заңнама мен қосымша құжаттарға қатысты қиыншылықтарға тап болдық». Елімізде әу баста кеден одағына қатысты екі жақты пікірдің көп болғаны белгілі. Осы орайда қоғамдық мәселелерді сараптау орталығының директоры Меруерт Махмұтова да өз ойын жасырмады. «Кеден одағы – ең алдымен саяси шешім. Бұл альянс халықаралық сахнада Ресейге саяси салмақ береді», – дейді Махмұтова.

Кеден одағына басқа-басқа ғана емес, ресейліктердің арасында да наразы топтар бар көрінеді. Базбір ресейліктер белорусьтер мен қазақтардан кедендік одақтың арқасында «теперіш» көріп жүргендіктерін айтып мұң шағатын болса керек.

Ресейлік «НЕОКОН» сарапшы кеңесі компаниясының президенті Михаил Хамзин:«Мәскеуде қарапайым адамдармен жиі кездесем. Олар өздерін беларустер мен қазақтардың жиі ренжітетінін айтып, мұң шағады. Олардың ойынша, «қазақтар мен беларустердің позициясы бірдей, ал Ресейде күштер ала-құла, сондықтан бізде ортақ ұстаным жоқ. Ұдайы ұтылып жүретініміз де сондықтан», – дейді».

Ал Минскіден арнайы келген Еуропа интеграциясы мәселелері жөніндегі орталықтың директоры Юрий Шевцов беларустіктер үшін Кеден одағының жаңалық емес екенін айтады. Ол: «Беларусь пен Ресей арасындағы кеден одағы 1996 жылдан бері өмір сүріп келеді. Қазақстан мен Ресей арасындағы кеден одағы келісімі Беларусь үшін осы одақтың кеңейгендігі», – деген пікір білдіреді. Кедендік одақ арқылы аймақтық сауда-экономикалық келісімдер макроэкономикалық дамуға оң ықпал беретіні белгілі. ЖІӨ-нің, экспорттың, өндірістің өсуіне де белгілі бір мөлшерде ықпалы бар. Ал бізде кедендік одақ қаншалықты оң ықпалын беріп отыр? Біз аймақтық сауданы қаншалықты арттырып жатырмыз деген мәселелер туындайтыны тағы белгілі. Одақтың құрылғанына бес ай ғана болғанын ескерсек, мүмкін макроэкономикалық дамудың алғашқы алғышарттары жасалып жатқан болар, бәлкім. Әзірге, ең қиындығы, біздің кедендік одаққа дайындығымыз әлсіздеу боп келуіміз болып тұр.

Бұл жөнінде «Resmi» компаниялар тобының президенті Қайрат Мәжібаевтың айтқан пікірі орнықты шықты. Қайрат мырза: «Біз инвестор, кәсіпкер ретінде мынаны білгіміз келеді: үлкен бизнеске, мемлекеттік компанияларға кеден одағы тиімді болуы мүмкін, ал қарапайым адамдардың мүддесі үшін жұмыс атқаратын жекеменшік бизнестің халі қандай болмақ?», – дейді.

«Эксперттегі» жиында қарама-қайшылық пікірлер де, қолдаулар да болды. Ең бастысы, кедендік одаққа кіру мәселесі қазақ үшін тосын жаңалық емес. Өйткені мұндай дүние посткеңестік уақытта да өз салтанатын құрған. Кеден одағының келешегі қандай болары әзірге белгісіз. Ең бастысы, біз осы жолда ұтылмағанымыз абзал. Мүмкін бүгінгі айтылып жүрген қарама-қайшылықтарды белден басып, басы қатты басталған Одақтың соңыра жемісін жеуіміз де мүмкін.

Кедендік одаққа кіру арқылы макроэкономикалық дамуға қол жеткізу бір бөлек, осы жолда ұлттық мүддемізді сақтау бір бөлек. Ұлттық дүниемізді сақтай отырып, экономикамызды арттыру – ең басты мәселе.

24.11.2011

А.ДӘУЛЕТ

Серіктес жаңалықтары