«ИМПЕРИЯДАҒЫ» КЕШ...»

«ИМПЕРИЯДАҒЫ» КЕШ...»

«ИМПЕРИЯДАҒЫ» КЕШ...»
ашық дереккөзі
829

Гүлзина БЕКТАСОВА

Империядағы туған күн кешi… Империя… Әр адам әрқалай түсiнедi. Әр адамның өз империясы бар. Бұл империяның ол империялардан жөнi бөлек, жолы басқа. Iлкiм сәтте империясы несi деп таң қалуыңыз да мүмкiн. Тақырыбына қарап, тарихи шығармаларға арқау болған ескi тарихтағы империялар көз алдыңызға оралуы да ғажап емес. Бiрақ бұл ол империяларға ұқсамайды. Бұл – жаңадан қалыптасып келе жатқан, бүгiнгi тiлмен жеткiзгенде «жаңа қазақтың» өз империясы. «Империя» атты зәулiм мейрамхананың иесi де өзi, яғни «жаңа қазақ». Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары нарықтың соққан дауылына ілесіп, мұғалімнің де, дәрігердің де ала дорба арқалап, базарға кеткені ешкімге таңсық емес. Көшке ілескені ілесе алды, ілесе алмағаны ала дорбасыз қалды. Олардың арасында ала дорба ұстап, қолына аз-маз қаражат ұстаған соң, оңай жолмен табыс табуға құнығып кеткендер де болды. Арзан жолмен табыс тапқандар да болды. Әркім әртүрлі жолмен нәпақасын айырды. Уақыт өте келе, халық нарықтың да заңын меңгере бастады. Нарықтық экономика дұрыс қадам бастағанға, адал кәсіпті игергенге, жолы болғыштарға нан тауып берді. Ал «Империяның» иесі қалай байыды? Университеттің қарапайым мұғалімінің бүгінгі күнкөрісі жаман емес. Жаман емес деу бер жағы, тіптен байып алған. Айналасындағыларға менсінбей қарайды. Оның бойында ақшаның буымен біткен астамшылық, паңдық, тәкаппарлық бар. Бірақ бақыт бар ма? Адамдардың бәрі жолаушы. Сол жолда әркім өз бақытын табу үшін күреседі. «Империяның» императоры да бақыттың кілті байлықта деп түсінген еді. Соңында бақыттың кілті байлықта да емес, жоқшылықта да емес екенін ұқты. Дүниеқоңыз, қыруар мол ақшаның арқасында талтаңдап жүрген пенденің бір-ақ сәтте күлі көкке ұшты. Оның сырын қасындағы жолдастары ашып берді.Режиссер Алма Кәкішева қойған «Империядағы кеш» атты спектакльдің мазмұны осыған меңзейді. Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрдың сахнасында жүріп жатқан бұл спектакльдің тұсауын кескеніне де көп болған жоқ. Актерлердің екі ауысымымен қойылып жатқан спектакль бүгінгі қоғамнан, өмірдің өзінен алынған драмалық туынды деп айтуымызға болады. Режиссердің шешімі де, актерлердің шеберлігі де сәтті шыққан. «Империядағы туған күн кешінің» авторы – белгілі жазушы, ғалым Серік Асылбекұлы. Осы орайда, спектакльден кейін пьесаның авторына бірер сауал қоюды жөн көрдік. – Серік аға, «Империядағы кеш» не себепті осылай жазылды? – Өзіңіз білесіз, шығармашылық деген стихиялы процесс қой. Мен оны қанша жоспарлап қойғаныммен, жаза алмас едім. Шығарма ойламаған жерден жүрегіңде, көңіліңде туады. Осыдан бір жарым жыл бұрын жазылды бұл пьеса. Оған не себеп болды дегенде… – Мүмкін сізге бір оқиғалар себеп болған шығар бұл пьесаны жазуыңызға, әлде бір дүние көңіліңізге ерекше әсер етті ме? – Жалпы алғанда, нақты бір себеп болды деп айта алмаймын. Бірақ қоғамда болып жатқан қазіргі әлеуметтік-психологиялық процесстер әсер етті. Өйткені бәріміз де бүгінгі қоғамның мүшесіміз ғой. Осы қоғамда өмір сүрген соң, жүрген соң, бәрін көреміз. Қоғамның әртүрлі әлеуметтік топтарының арасында боламыз. Мәселен оқытушылардың, кәсіпкерлердің, интеллигенттердің, жұмысшылардың, ауылдағы туыс-туғанның, шаруаның ортасында боламыз. Олардың бәрі өмірге қым-қиғаш араласып жүр. Олар өздерінің алдына қойған мақсат-мұратын іске асыру үшін қиындықпен өмір сүріп жатыр. Бірақ сол жолда адам еңбегі қаншалықты ақталып жатыр. Толстой: «Әрбір адам қайталанбайтын психо-физикалық комбинация», – деп айтқан екен. Әрбір адам тәннен, жаннан тұрады. Бірақ олардың жаны мен тәні әртүрлі. Әркімнің өмірге деген көзқарасы да әртүрлі. Олардың арманы, үміті, қайғысы да әртүрлі болады. Сол адамдар бір қоғамда өмір сүргеннен кейін олар қоғамдық-әлеуметтік өмірде бірге тоғысады. Әртүрлі шаруалармен бастары бірігеді. Соның арасында сүйіспеншіліктер болады. Реніштер туады. Спектакльдің өн бойы бүгінгі қоғамда жүріп жатқан қоғамдық-әлеуметтік қақтығыстардан, жақындасулардан, жалпы, бүгінгі өмірден тұрады. Соның бәрі маған ерекше әсер етті. Бірақ нақты Бейсенбай немесе Сәрсенкүлдің басындағы осындай жағдай әсер етті деп айта алмаймын. Мүмкін бір кейіпкердің бірнеше прототиптері бар шығар. Солардан жинақталған бейне дер едім.– Спектакльді көріп отырсаңыз, дүниенің кілті байлықта да, жоқтықта да емес, адами қасиеттерде сияқты әсер қалдырады. Сіздің ойыңызша, дүниенің кілтін әр адам таба алып жүр ме? – Дүниенің кілті немесе бақыттың кілті тура мынада деп дөп басып айтып беру де қиын. Ол мүмкін киім, байлық шығар. Сосын, өмірден әрбір адам бақыт іздейді. Біз бақыт іздеу үшін өмірге келген сияқтымыз. Сол жолда бақыт әркімге әртүрлі боп көрінеді. Біреулер үшін бақыт – қымбат көлік, вилла, ақша, сұлу бикеш болуы мүмкін. Адам деген тек ауамен ғана күн көрмейді ғой. Оған киім керек, тамақ керек, көшеге шығу үшін, қоғамдық өмірге шығу үшін қолында ақша болу керек. Материалдық құндылықтар адамға мүлдем керек емес деп айта алмаймын. Адамды Алла Тағала ішетін, жейтін қылып, әрі ойлайтын қылып жаратқан. Адамдардың еңбектеніп, материалдық құндылықтарға ұмтылуын жоққа шығаруға болмайды. Жазушы ретінде болсын, жәй азамат ретінде болсын. Одан басқа, адамның рухани өмірі де бар. Рухани өмір мен материалдық өмірдің арасында тепе-теңдік жоқ сияқты. Адамдар бір жағына қарай ауып кеткен. Әсіресе, көп адамдар материалдық жағын қалап, екінші жағы жетімсіреп қалады. Ішкі жан әлемі, рухы бірте-бірте кедейленіп, тоза бастайды. Қорек болмағаннан кейін, рухани жағы әлсірейді де, адам деградацияға ұшырайды. Рухани ауытқулар адамды қаншама мол дүниең бола тұрса да, түбінде бақытсыздыққа алып келетін сияқты. – Қаламгер ретінде сіз өзіңіздің іздеген бақытыңызды таба алдыңыз ба? Мүмкін сіздің рухани байлығыңыз бар болғанымен, материалдық байлығыңыз жоқ шығар.. – Былайша айтқанда, өзімді орта шаруамын деп есептеймін. Университетте сабақ беремін. Тапқан еңбекақым ішіп-жеуіме жетеді, асқан байлығым жоқ болса да. Басымдағы баспанамнан басқа. Менің байлығым – отбасым, бала-шағам дер едім. – Спектакльді көрген шығарсыз. Жалпы, пьесаңызда жазылған идеяларыңызды спектакль қаншалықты көрсете алды? – Ұтымды, дәл бере білген деп айтуға болады. Спектакльдің режиссері – Алма Кәкішеваға, спектакльде ойнаған әртістерге де ризашылығым басым. Пьесаның сахналық нұсқасын шығаруға олар бар күшін салды. Өйткені олар өзінің роліне өз жанының бір бөлшегін берді ғой деп ойлаймын.– Сценарийден ауытқулар болған жоқ па? – Сценарийден пәлендей ауытқулар болған жоқ. Кейбір эпизодтар кірмей қалғаны болмаса. Спектакльдің ұзақтығы екі сағатқа созылды. Оны ары қарай созып жіберсе, мүмкін көрермендерді жалықтырып алар ма едік. Көрермендердің уақытына қиянат болар деп ойлаған болуы керек, бірлі-жарым эпизодтар түсіп қалыпты. – Спектакль ойыңыздан шықты ма? – Ойымнан шықты. – Спектакльді көрген қаламдас достарыңыздың пікірі қалай? – Оларға ұнаған сияқты. Премьераға бірге барған достарым, туыстарым актерлердің ойынын, режиссердің шешімін, декорациясын ұнатып жатыр. «Осы күнгі қоғам тамырының соғысын көрсете білген спектакль», – деген пікірлер айтып жатты көпшілігі. Режиссер де, суретші де, әртістер де соның бәрін дәл берген сияқты. Ең бастысы, олар «өзіміздің, таныстарымыздың, туыстарымыздың, таныс та бейтаныс адамдардың өмірін көргендей болдық», – дейді. – Аға, Сіз телеарналардан баспасөз беттерінен көп көріне бермейсіз. Өзіңізді насихаттағанды ұнатпайсыз ба? – Шынында да, мен өте тұйық адаммын ғой деймін. Көбінесе уақытымды шығарма жазуға, ғылыми еңбектер жазуға жұмсағым келеді. Өйткені теледидардан шыққанда, радиодан шыққанда айтқан арзан ақылым бүгінгі оқырманға керек емес сияқты көрінеді. Одан гөрі шығармаларым қымбатырақ болуы мүмкін оқырманға. Сондықтан телерадионы, баспасөзді көп жағалай бермейтінім рас. Бір кездері өзім де журналист болып жұмыс істедім. Кейде кейбір журналистердің тосын сұрақтары, тосын репликалары адамға ой салады. Қоғамда жүргеннен кейін актер, режиссер бола ма, журналист бола ма, сөйлесіп, сұхбаттасып тұрған дұрыс, әрине. Өйткені ойды ой қозғайды, сезімді сезім қозғайды дегендей. Кейде тосын сауалдардан, тосын репликалардан жаңа ой туғандай болады, өзіңе қозғау салғандай болады. Кейде тосын идеялар, ойлар айтылып қалады. Мұның бәрі бір жағынан пайдалы… – Шығармаларыңыз ше? Олардың тағдыры қалай болуда? – Жуырда 60-қа толдым. Сонда үйде отырып, «не жазып, не қойдым екен» деген сияқты ойлар келіп, үйдегі қолжазбаларымды парақтап көріп едім. Осыдан төрт-бес жыл бұрын Астанадағы «Фолиант» баспасынан екі томдық жинағым шыққан екен. Оған әңгімелерім мен повестерім, пьесаларым енді. Отызға тарта әңгіме жазыппын, төрт повесть, төрт пьеса жазған екем. Төрт пьесамның төртеуі де Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы Жастар мен балалар театры мен Мұхтар Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрында сахналанды. 1992 жылы алғашқы пьесамды Ғ.Мүсірепов атындағы театрда қойды. Режиссері – Нұрқанат Жақыпбай. Қазір «Желтоқсан желі» деген пьесам жастар театрында қойылып жүр. «Күзгі романс» пен «Империядағы кеш» академиялық драма театрда сахналануда. Жақсы ма, жаман ба, оған көрермен бағаны өздері бере жатар. Орыстың Грибоедов деген жазушысы «Горе от ума» атты жалғыз пьесасымен әлем әдебиетінің де, орыс әдебиетінің тарихында қалған жоқ па? Он пьеса жазып та әдебиетте есімің қалмауға болады. Мәселе санда емес, сапада ғой. Пьеса жаза бастағаныма жиырма жылдай болған екен. Бір пьесамды жазуға бес жыл уақытым кетіпті. Мұның бәрі бірден отырғанда тумайды ғой. Алла Тағалам қолыма қалам ұстатқан күні дүниеге келеді. Жуырда Қарағандыдағы Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық театрдан Айбек Қырықбаев інім хабарласты. Сол театрға «Желтоқсан желі» атты пьесамды қойғылары келетінін айтып жатыр. Абай атындағы Жамбыл облыстық драма театры «Күзгі романсты» қойып жатыр. 2009 жылы докторлығымды қорғадым. Қазір Абай атындағы университетте дәріс оқимын. Құдайға шүкір дегім келеді. Пьеса авторы осылай сыр қозғайды. Спектакль көрерменіне ой салады. Көрермен спектакльдің өн бойынан өзін іздейді. Спектакльді қарап отырсаңыз, еріксіз сізді ойға жетелейді. Сонда қалай болғаны, байлық та, барлық емес екен ғой өмірдің құны. Өмірдің құны адалдықта, адами қасиеттерде. Ендеше, біз адалдықтан, адами қасиеттерден неге үнемі аттап кете береміз. Әлде…
24.11.2011

Серіктес жаңалықтары