ЖЕЛТОҚСАНДА ТУҒАН МАХАББАТ
ЖЕЛТОҚСАНДА ТУҒАН МАХАББАТ
Әбүйірбек Тінәлиевтің осы әнін естіген сайын, сол бір 1986 жылдың ызғарлы да ызбарлы 17 желтоқсаны дәл күні кешегідей ойыма оралады.
Ол кезде жалындаған жастық қуатымыз кеудемізді керіп, пісуі жеткен жанартаудай сыртқа атылып шыққалы тұрған шақ еді ғой… Жастық шақ – білім алу, алға ұмтылу, жарқын болашаққа қол созу, өмірлік жар іздеу кезеңі болатын. Сол тұста біздің жігіттердің көбісі болашақ жарларын «Жен ПИден» іздейтін. Өзім де сол институттың жастарымен, белсенділерімен жиі кездесіп, сауық кештерімізге шақырысып, пікірлесіп тұратынбыз. «Болашақ жарымды осы жерден табамын-ау», деген арманнан да алыс емеспін. Бұл жоспарымды желтоқсан қозғалысы күрт өзгертіп жіберген еді.
Мен онда Алматы мал дәрігерлік институтының 2 ші курс студенті едім. Әскерден оралған соң бір жыл дайындық курсында оқып барып оқуға түскендіктен, студенттер арасында жасым басқалардан ересек және өмірден алған тәжірибем болғандықтан, институттың қоғамдық-мәдени жұмыстарына араласып кеткенмін. Топ старостасымын. Курстағы кәсіподақ ұйымының төрағасы, факультеттік ғалымдар кеңесінің мүшесі және №7 интернационалды жатақханада студенттер кеңесінің төрағасы секілді қоғамдық басшылық жұмыстарды атқарып жүргенмін.
16 желтоқсан күні кешкілік сол кездегі ел басымыз Д. А.Қонаевтың орнынан алынып, Республиканың бірінші хатшысының тағына Колбин деген біреудің келетіндігінен хабардар болдық. Түнімен ұйқы көрмедік. Таң атпастан Қонаевты қолдап, түні бойы біздің бөлмеде дайындаған «Каждому народу – своего вождя» деген секілді ұрандар жазылған транспоранттар көтеріп, Шәмші ағамыздың «Менің Қазақстаным» әнін шырқап, бейбіт түрде сол кездегі Л.Брежнев алаңына бет алғанбыз. Қасымда басқа жігіттермен бірге Талдықорғаннан Майра, Қарағандыдан Боташ есімді курстас қыздар бар еді. Алаңнан шығып, Фурманов көшесімен төмендеп, Абай атындағы университетке, қыздар педагогикалық институтына, тағы басқа жол бойындағы жатақханаларға айқайлап, жастарды өзімізге қостық. Жан-жақтан жастар мен қала тұрғындары келіп, тобымызды толықтыра түсті. Артымыздан қызмет көліктерімен еріп отырған өкімет басшыларының арандатқан, қорқытып-үркіткен, басу айтқан ақыл-кеңестерін тыңдаған ешкім болмады. Бір қызығы, олардың бәрі өзіміздің қаракөз қазақтар екендігі. Көкейде сол кездегі әбден тозығы жеткен, былыққа батқан кеңестік жүйенің әділетсіздік әрекетіне деген ашу-ыза мен өшпенділік бар еді. Жолда келе жатқан кішкентай сәбиін көтерген, милиция киіміндегі жас жұбайлар кездесті. Бізден болған жайды сұрап білген әлгі жас жігіт баласын жұбайына беріп, өзі біздің топқа қосылды. Намысын жаныған жігіттің өжеттілігіне риза болған едім сонда. Патриоттық әндер шырқап, ұрандата қозғалған біз көшелерді аралай отырып, алаңға түс ауа қайта келдік. Сол сәтте: «Қайтыңдар…Тарқаңдар… Бұларыңнан түк шықпайды!» деп айқай салған әрекеттері іске аспайтынын сезді ме, бізді олардың қоршауға алатындай сыңайын байқаған мен, соңынан болатын бір жамандықты да сезгендей едім. Қыздарға: сендер қайтыңдар, мен кейінірек барармын», – дедім. «Біз сені тастап ешқайда кетпейміз. Осында боламыз» – деп қасарысқан қыздарды алдап-сулап, сыртқа шығарып жіберуге үлгердім. Содан соң бізді әскерлер халық жасақшылары мен милиция қызметкерлері үш қабат шеңбер жасап, қоршап алды. Айқай-шу басталды да кетті. Бір-бірімізбен қолтықтасып алған біз де дес бермеуге әрекет еттік. Денемізге тиген таяқ пен намысымызға тиген былапыт, боқтық сөздер жігерімізді одан бетер жани түсті. Сәл шеттеп қалғандарын жұлып алып кетуде. Сол кезде әлгі қыздарды ертерек топтан шығарып жібергеніме қуандым. Түн ауғанша болған тайталастан соң, ақыры топты ыдырата бастады. Күш тең емес еді. Мұздай қаруланған, аямай соққының астына алған жазалаушыларға біздің тарапымыздан қорғаныстан өзге әрекет жасауға мүмкіндік те, талпыныс та болған жоқ. Қолға түспегендері қашып жатты. Таңға жуық жатақханаға құр сүлдерім келгенде, екі қыз мені бөлмеде қорқып күтіп отыр екен. Келесі күні-ақ мені деканат шақыртып: «Сен белсендісің, өзгелерге ақыл айтып бассыздықты тоқтатуға тиіссің…» деп, мені жатақханада қатты бақылауда ұстады. Арнайы мекемелердің сұрау-сауалдары басталды. Шеру кезінде топты суретке түсіріп алған екен. Өзіміз танитындарды көрсетіп, аты-жөндерін сұрастырды. Ондай кезде: «білмейміз, танымаймыз, көрген емеспіз…» деп жалтаруға, алдауға тура келді. Бұл қозғалыстан қаншама жастар, студенттер зардап шекті, түрмеге қамалып, оқудан қуылды. Өзіміздегі жатақхана кеңесінің спорт бөлімін басқарған қызылордалық Ерлан Бейсембаев деген азаматымыз сол сурет арқылы қамалып кетті. Менің аттасым Омаров Ерлік Мұқанұлын қаланың сыртына бірнеше рет апарып, тепкінің астына алғанын, қамалып жатқанын да білемін. Қазір біразының аты-жөндері есімнен шыға бастағанымен, Беглан Абдыхаев, Ақмарал Еркенова, Саят Молдабаев, Тоқтасын Артықбаев, Мұхамет Көпенов секілді қыз-жігіттеріміз азаттық пен тәуелсіздік, ар-намыс үшін, өз ұлтының бостандығы үшін күресіп, нағыз азаматтықтың, адамгершілік пен ерліктің үлгілерін көрсетті.
Ата- бабаларымыз талай жылдар бойы арман еткен Егемендік пен Тәуелсіздікке алғашқы қадам сол желтоқсан айында қазақ жастарының бас көтеруімен басталғанына куә болдым.
Желтоқсан айы менің жеке басыма өзінің осындай ызғары және ызбарымен қоса, ізгілігін де ала келген еді. Бұрыннан таныс болып, достық қарым-қатынаста жүрген Боташ екеуміздің арамызда ерекше қарым-қатынас, махаббат атты қасиетті сезім сол желтоқсанда пайда болды. Қиын-қыстау, қысылтаяңды, ар мен намыс сынға түскен сол бір желтоқсан оқиғасы күндері біз бір-бірімізді жақынырақ, тереңірек түсінген секілдіміз. Ендігі ғұмырымызда екеуміз қол ұстасып, достық кезеңді жұбайлық өмірмен алмастыру қажеттігін ұғындық. Сөйтіп келер жылдың сәуірінде екеуміздің некеміз қиылып, отбасылық ғұмырымыз жалғасты. Сол кезде менде «ұлды болсам, есімін Желтоқсан қоямын» деген ой болғаны рас. Алғашқы сәбиіміз ұл болғанымен, әлі ақ-қарасы ажыратылып болмаған соң, қиын кезеңде бұл арманым жүзеге аспады. Екеумізден өрбіген ұлымыз Азамат пен қызымыз Әйгерім қазіргі кездері ата-анасын сын сағатынан өткізген жастық дәурендерін кешкен әсем қала Алматыда туылып, жоғарғы оқу орындарын бітіріп шықты. Жиырма бес жылдан бері қуанышым мен қайғымды, жетістігім мен таршылығымды қатар көтерісіп, жаныма – жар, арыма – қамшы бола білген Боташым бүгінде Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің қатарында абыроймен қызмет етуде.
Өзім Приозерск қалалық мәслихатының хатшысы, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының төрағасы лауазымды қызметіндемін. Өзім өсіп-өнетін, бір кездері тәуелсіздігі үшін тәуекелге бел байлаған бұл күнде сол арманы расқа айналған елің үшін қалтқысыз қызмет етуді өзіміздің азаматтық парызымыз деп санаймын. Біз көрген сұмдықты балаларымыз көрмесін деп тілей отырып, талай жас қыршынның қанымен келген Тәуелсіздігіміз туралы олардың білгенін, оның анығы мен ақиқатының тарих беттерінде алтын әріптермен жазылып қалғанын, ұрпаққа үлгі-өнеге болғанын қалаймын.
Приозерск қалалық мәслихатының депутаты