1230
САЙЫН ДАЛАНЫҢ СҰР КӨКЖАЛЫ
САЙЫН ДАЛАНЫҢ СҰР КӨКЖАЛЫ
Балталы, Бағаналы руларының арасында «Сандыбай салған сара жол, Ерден тоқтаған көл» деген қанатты сөздер сақталған. Сондай-ақ «Балталы, Бағаналы ел аман бол» дейтін мағыналы сөз де ежелден айтылып келеді. Осы Бағаналы елінде ағайынды Төлек пен Тулақ – елге есімі жайылған батырлар екен. Төлек қартайған шағында жауға аттанғанда баласы Сандыбайды ертпесе керек. Бірақ сайланып аттанған қолға елеусіз қосылған баласының ұрыстағы ерен қимылын көрген Төлек батыр қол жайып, бата беріпті деседі. 16 жастағы Сандыбай сол ұрыста батыр атанып қайтыпты. Өз заманында Сандыбай қарадан туып, хан болған ерлердің бірі еді.
Сандыбай Төлекұлынан Дүзен, Кеңесбай, Шүрте, Ерден, Берден, Байлы, Кеңпейіл туған. Ал олардан көптеген ұл-қыздар өмірге келген. Сандыбай балаларының қай-қайсысы да өз қатарының алды болыпты. Сөйте тұра атағы қазақ жұртына кең тарағаны Ерден мырза. Қарауыл руынан шыққан атақты Орынбай ақын Ерденге «Ассалаламауғалейкум, батыр Ерден», тағы басқа өлеңдерін арнаған. …Ассалаумағалейкум, батыр Ерден, Бақ-дәулетің кетіп тұр тағы керден. Көп қарғаның ішінде бір бүркіттей Көзіме көрінесің сонау жерден, – дейді атақты жырау. Енді бірде: …Сұрасаң арғы атаңыз, Сандыбай-ды, Сіздерге бақыт берген бір Құдай-ды. Құдайдан бұдан артық не сұрайсың, Қолымен ұстамадым демесең күн мен айды, – дегені белгілі. Қоғам қайраткері, жазушы Сабыр Шәріпов Сандыбай мен Ерден туралы қалам тартқан екен. Ауыз әдеби мұраларын жинаушы Әбілқасым Наурызбаевтан жазып алып, 1929 жылы «Жаңа әдебиет» журналының №1 санында «Ерден батыр» деген атпен мақаласы жарияланған. «… Бұрынғы «Жырық» бабалары атымен аталатын көлді Ерден амалдап Бағаналыға қаратқан уақыттан бері сол көл «Ерден көлі» деп аталып келеді. Осылайша күннен-күнге ел арасында Бағаналы елі ғана емес, көршілес Арғын, Керей т. б. рулары мен орыс шенеуніктеріне де ықпалды болады. Сол тұста Баубек, Жанайдар, Ерден қатарлас болса керек. Тіпті Ерден бірде атты казактарға, енді бірде орыс шенеуніктеріне қарсы шығады. Генерал Маевскийге хат жазып, кеңесіп, өзінің беделін көтерудің айлы-шарғысын жасап, қазақтар ғана емес, орыс шенеуніктері алдында беделін көтере түскен», – деп жазған Сабыр Шәріпов. Жалпы, Бағаналы елінде атақты билер – Кәдір, Бабыр, Сандыбай болыпты. Сандыбай батыр ертерек қайтыс болғандықтан Ерденді баулыған Шегір би болса керек. Ерден Сандыбаевтың қызметтік қағазында оны 1840 жылдан 1856 жылдар Көкшетау округына қарасты «Қызылтас-Жырық» Байназар болысының басқарушысы делінген. 1842 жылдың 28 шілдесіндегі құжатта Ерден Сандыбаевтың жасының 31 де екені, жолтапқыш, айлалы болғаны және өз ортасында батыр аталатыны, байлығының орташа екені де назардан тыс қалдырылмай жазылған. Орталық мұрағат құжатында мал ұрлығы (жылқы) жайында және Тайқы Байдыров есімді қазақты қылышпен басына ұрып, жарақат еткендігін айта отырып, Ерден Сандыбаевтың жасының 37 жаста (1856) екенін жазған. Бұдан басқа да мұрағаттық құжаттарда 1858 жылы 43 жаста делінген, енді бірінде басқа санды көрсеткен. Ағасы Дүзен, інілерінің бірі Байұлы (Байлының) 1863 жылы 22 жаста екенін ескере келіп, Ерден Сандыбаев шамамен 1808–1811 жылдарда туып, 1862 жылдың күзінде өмірден өткен деген тұжырымға келдік. Ел аузындағы әңгімелер мен мұрағат құжаттарында Ерденнің кейінірек асқан дәулетті болғанын, билікке араласып би, болыс атанғанын зерделедік. Ол көршілес елдерге тізе батырып, мал алдыру, шабындық, жайылымдықтарынан ығыстыру сияқты әрекеттер жасапты. Бірде Е. Сандыбаевтың өзі бас болып Сарғалдақ болысынан 400 жылқыны айдап кеткен оқиғасы жазылған. Оның осындай келеңсіз, көлеңкелі жақтарын Сабыр Шәріпов ел әңгімелерінің ізімен 1929 жылы «Жаңа әдебиет» журналының №1 санына шыққан «Ерден батыр» атты зерттеу мақаласында да көрсеткен. Қалай дегенмен, кезінде Ерден би, Ерден батыр атанған Ерден Сандыбаев өз кезеңінің биік тұлғасы болғанын жоққа шығару мүмкін емес. Ерденнің Байменді атты баласы өмірден өтіп, өзі үйінде жер бауырлап жатып қалса керек. Көңіл айтуға келген атақты Асаубай шешен: …Мен Асаубай досыңмын, Бұған дұға қыла келген. Уа, еріп келген қасымда, Құдағи мен құдаң бар. Өзі берсе, өзі алған, Тағдырына Алланың, Сабыр етіп шыдаңдар. Байменді өлсе артында, Бименді сынды балаң бар, – деп Ерденге көңіл айтқан екен. Сол Асаубай айтқан Бименді де еліне сыйлы, құрметті кісі болыпты. Асаубай, Орынбай, Шөже, Есенбай, Құлтума, Шеген ақындар арнау өлеңдерін шығарған Ерден жайлы ел аузындағы әңгімелерді Қыздар Қозыбақов, Н.Байболов, тағы басқалар жинап, 1940–1946 жылдар аралығында сирек қорларға тапсырған. «Шеген ақын мен Қатия қыздың айтысында», Ерден мен Қабылдың айтысында, үш ақынның Ерденге берген бағасы мен жаппас Айыш Шоқаманұлының шежіре өлеңінде Ерденнің айтулы азамат болғандығы жырланған.Ерден Сандыбаевтың 1844–1846 жылдарда орыс әскерилері ұйымдастырған экспедицияға қатысып, сұлтан Кенесары Қасымовқа қарсы болғаны да жазылып қалған. Алайда мұны орыс шенеуніктері қазақтарды бір-біріне айдап салу мақсатында жазуы мүмкін екенін де жоққа шығаруға болмайды. Оған 1856 жылы хорунжий атағы берілсе, 1848–1849 жылдары мауыты камзол, алтын жалатқан, мойынға тағатын лентамен марапатталады. Ерден Сандыбаев жоғары лауазымды орыс шенеуніктеріне арыз жазып, өзіне үй салатын жер, ақшалай көмек беруді сұраған. Округтың басшысының 1857 жылдың 23 мамырындағы бұйрығымен Қарағандысай маңынан қосымша құрылыстары бар төрт бөлмелі үй салуға 15 десятина жер беріледі. 1857 жылы Орынбор мен Батыс Сібір генерал-губернаторлығы арасында туындаған жер дауында депутат, хорунжий Е.Сандыбаев пен болыс Байжановтың қатыспауына байланысты жиын кейінге шегеріледі. Және осы қатынаста аурулығына байланысты келмеген екеудің бірі ұзамай сол ауруынан қайтыс болды деп жазған. Сондай-ақ Е.Сандыбаев 1862 жылдың 26 қаңтарында куә ретінде сотқа да шақыртылған.1859 жылдың 9 қаңтарында Атбасар округының құрылуына байланысты аға сұлтандық қызмет белгіленді. Батыс-Сібір генерал-губернаторының 1860 жылғы 10 ақпандағы бұйрығымен аға сұлтан қызметі құрылып, аға сұлтандыққа таласқандар ішінде (1862) белгілі ғалым, этнограф Шоқан Уәлиханов та болды. «… Мен сұлтан сайлауы жайлы ойландым, – дейді Шоқан Ф. М.Достоевскийге жазған хатында. – Мен қай жағдайда болса да отандастарыма пайдасы болғанын, олардың шенеуніктерден және бай қазақтардың дөрекілігінен қорғалғанын тілеймін. Бұл жағдайда мені ойландыратын, олардың өз ұстанымымен жерлестеріне өнеге беретін және білімді сұлтан басқарушы болғанын қалаймын». Осы аға сұлтандық сайлауда Ерден Сандыбаев аға сұлтан болып сайланады. Бұл тұста оның талай айла-шарғыға барғанын сезінеміз. Кейбір зерттеушілер жазып жүргендей Е.Сандыбаев 1860 жылы емес, 1862 жылы өмірден өткен. Оны мына сөздерден білуге болар: «… Аға сұлтан болып бекітілген Атбасар округі хорунжиі Ерден Сандыбаев 1862 жылдың 10 қараша күні осы қызметінен босатылды. Е.Сандыбаевтың өліміне байланысты белгіленген үш жылдық сайланған уақыты біткенше аға сұлтандыққа кандидат Көшек Жадаев осы қызметті атқарушы болып бекітілсін». Ерден Сандыбайұлының ел арасындағы беделін атақты жазушы Сәбит Мұқанов «Аққан жұлдыз» атты романында: «… Шыңғыстың ішкі құлағы – егер Шоқан біреуін ғана алар болса (келіншек жайын айтып отыр), бірінші етіп Бағаналы-Найман руынан шыққан атақты бай және батыр бес болыс Бағаналының бастаушысы – Сандыбайдың Ерденінің қызына тоқырау. Олай болуына себеп «Арқадағы Арғын-Найманда Ерденнен беделді қара қазақ жоқ» (114 бет) – деп түйіндейді.1862 жылы Ұлытауға жақын Қарағандысайдағы Ерденнің зиратының басына үй там салған. Оның шығыны 230 жылқы, 1000 қой болыпты деседі. Ал Ерденнің асына келетін болсақ, асқа Ақмола губерниясы, Торғай, Сырдария облыстарынан қонақтар шақырылған. Атақты асқа 500 үй тігіліп, 160 жылқы, 200 қой сойылған. 30 атқа бәйге жарияланса, бас бәйгеге жүз жылқы белгіленіп, қалған орындардағы ретіне қарап жылқыдан бәйге берілген. Асқа жиналған 25 ақынға да бәйге үлестіріліпті, Ерденнің екінші баласы Бимендінің асына (1870 ж.) 75 жылқы, 400 қой шығындапты.Ерденге салынған күмбезі төрт бұрышты биік, күйдірілген кірпіштен қаланған сәулетті құрылыс.Сонымен Ерден Сандыбаев жайлы алғаш қалам тартқан жазушы Сабыр Шәріпов «Жаңа әдебиет» журналына 1929 жылы Ерден батыр атты мақаласын жазса, 1974 жылы Қазақ совет энциклопедиясында, 1992 жылы Тарақты Ақселеудің «Балталы, Бағаналы ел аман бол» шежіре кітабында бірсыпыра мәліметтер жазылған. 2009 жылы «Қазақ газеті» мен «Ақиқат» журналында Ерден Сандыбаев хақында аз-кем айтылған, біздің мақсат Сандыбай ұрпақтарының өмір жолын білгенімізше оқырмандарға жеткізу. Сандыбай балалары Дүзен, Берден есімі сирек те болса, мұрағаттық құжаттарда кездесті. Сандыбайдың үлкені Дүзен шамамен 1806–1807 жылдарда туып, 1863 жылдарда қайтыс болған. Оны патша шенеуніктері 1840 жылы Анна лентасы және күміс медальмен марапаттаған.1863 жылы Дүзенге берген үлкен асқа 150 жылқы, 200 қой сойылып, 100 атқа бәйге беріліпті. Бәйгеде Бағаналы Ақмірдің аты қара үзіп келген. Дүзен балалары Жаныбай, Түйебай, Жанайдарға арнайы 1878 жылы үш там салған. Жұмсаған шығындары 90 жылқы, 700 қой, ал 1883 жылы Жаналының басын қарайту үшін 42 жылқы жұмсаса, Дүзеннің өзіне салдырған үй тамы үшін барлық шығыны 302 жылқы, 1500 бас қой жұмсалынды. Дүзен басына күмбезді салдырған баласы Жаналы болыпты деседі. Сандыбайдың Байұлы (Байлы) атты баласы шамамен 1817–1819 жылдары өмірге келіп, 1866–1867 жылдарда қайтыс болған. Дерек көздері осыған саяды. Байұлы басына үй там тұрғызуға 90 жылқы мен 500 қой жұмсады деген жазбалар кездесті. Байұлының әйелінің аты – Көнек.Мұрағаттағы қызметін көрсеткен іс қағазда Байұлы Сандыбаевтың жасының (1863) 42 де екенін, оның Қызылтас-Қоқан-Жырық, Байназар болысының басқарушы екені, күміс медаль және Станиславский лентасымен марапатталғаны нақты көрсетілген. Аға сұлтан Е. Сандыбаев мөр басқан құжатта, Байұлының 1853 жылдың 4 маусымынан болыс екені, 1861 жылы патша тарапынан мадақталғаны және әйелі, балалары барлығының бірге тұратыны да назардан тыс қалмаған…24.11.2011
Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
зерттеушi, ғалым