ҚАЗАҚ АТЛЕТТЕРІ ФРАНЦИЯНЫ БАС ИДІРДІ
ҚАЗАҚ АТЛЕТТЕРІ ФРАНЦИЯНЫ БАС ИДІРДІ
Өткен аптада Францияның бас шаһарында жалауын желбіреткен ауыр атлетикадан әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Аталмыш дүбірлі доданың алғашқы күні-ақ қазақ елі үшін қуанышпен басталды. Ол төңірегінде сәл кейінірек айтамыз. Бұл жарыстың маңызы өте зор. Себебі алда келе жатқан төрт жылдықтың мәртебелі мерекесі Лондонда өтетін Олимпиада ойындарының жолдамасы сарапқа салынды. Сондықтан да әлемнің 93 елінен жиналған 600-ден астам сайдың тасындай сайыпқырандар барын салып жан беріп, жан алысқаны сөзсіз. Осыдан кейін олжа әркімге де оңай келмесін түсінуге болады. Парижде өткен әлем чемпионатындағы әділқазылардың өрескел қателіктері мен жарысты ұйымдастырушылардың дымбілместігі әлем жанкүйерлерінің ашу-ызасын туғызғанын айта кеткен жөн. Десек те қазақ елінің ауыр атлеттері бірқатар әділетсіздіктерді бастан кешіргенімен, елге еңсесін тік көтеріп келді. Он жылдан астам уақыт арасында ауыр атлеттеріміз жерлестерін жерге қаратқан емес!
Жарыс басталмас бұрын Халықаралық ауыр атлетика федерациясының кезекті конгресі өтті. Аталмыш жиын барысында 2014 жылы дүниежүзілік дода қай қалада өтетіні анықталды. Бұл тартысқа АҚШ, Ресей, Түркия, Таиланд, Польша және Қазақстан секілді бірнеше іргелі мемлекеттер өз ұсыныстарын ұсынды. Барлықтары да өз кезектерінде жарысты жоғары деңгейде өткізетіндерін жеткізді. Конгреске қатысып, көпшілік алдында сөз сөйлеген республикалық ауыр атлетика федерациясының президенті Қайрат Тұрлыханов: «Қазақстан жағы қандай маңызды шараларды қолға алса да, оны дүркіретіп өткізе алады. Ол үшін республикамызда қолайлы жағдайдың барлығы жасалған. Қазақстан Тәуелсіздік алғалы бері қарыштап алға қадам жасап, бүгінгі таңда бәсекеге қабілетті 50 мемлекеттің қатарына еркін еніп отырғаны баршаға мәлім. Ел экономикасы жылдан-жылға еңсе тіктеп келеді. Саяси жағдай тұрақты.
Қазақстан БҰҰ қатарына кіретін барлық мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Ұлтаралық және діни тұрғыда ешқандай қарама-қайшылық жоқ. Ал спортқа келер болсақ, осы орайда көптеген ауқымды шаралар мен іргелі істер атқарылды. Ең бастысы, бұл сала Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей назарында. Осыдан бірер жыл бұрын Елбасының Жарлығымен құрылған «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының спортшылар қауымына барынша қолдау көрсетуі – жоғарыда айтылған сөзіміздің айқын дәлелі. Міне, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған осындай қамқорлықтың арқасында отандастарымыз халықаралық деңгейде орасан зор нәтиже көрсетіп жүр», – деді. Артынша сөз алған өзге мемлекеттердің федерация басшылары да алдағы дүбірлі доданы дүркіретіп өткізетіндерін жеткізді. Алайда Халықаралық ауыр атлетика федерациясының таңдауы қазақ еліне түсті. Міне, төрткүл дүниемен тереземіз тең деген осы емес пе? Бұл дегеніміз қазақ елінің әлем алдындағы беделінің жоғары екенін паш етті десек қателеспегеніміз! Қорытынды сөз алған Халықаралық ауыр атлетика федерациясының президенті Томаш Аян мырза:
– Біздің бүйрегіміз Қазақстанға бекер бұрып отырған жоқ. Біріншіден, аталмыш елдің соңғы төрт-бес жыл шеңберіндегі толағай табысы таңдандырмай қоймайды. Екіншіден, олар қандай да бәсекені жоғары деңгейде ұйымдастыра біледі. Бұған дейін қазақстандықтар екі рет ересектер арасындағы Азия чемпионатын өткізген болатын. Бірін – 2005 жылы Алматы, екіншісін – 2009 жылы Талдықорған қалалары қабылдады. Сары құрлық сайыпқырандарының басын қосқан қос жарыстың дүркіреп тұрып өткеніне көпшілік куә. Үшіншіден, бұл елде қызмет бабымен өзім бірнеше рет іссапармен болып қайттым. Жасыратыны жоқ, Қазақстанда мемлекет тарапынан спорт саласына өте жақсы көңіл бөлінеді. Ауыр атлетикаға дегенде халықтың ықыласы ерекше. Спорттық нысандары заман талабына сай. Сондықтан да біздер төрткүл дүние теңдессіздерінің басын қосатын дүбірлі доданы өткізуді Қазақстанға сеніп тапсырдық, – деп өз сөзін қорытындылады.
2014 жылғы лицензиялық әлем чемпионатының жалауы Астана қаласында желбірейтін болды.
Жерлесіміз Зүлфия Чиншанло 53 келі салмақта бас жүлдені жеңіп алып, күллі жұртты тамсандырды. Бұған дейін оның есімі төрткүл дүние тұрмақ, тіптен қазақстандық жанкүйерлердің өздеріне жақсы таныс емес еді. Зүлфия Қытайда туып-өсті. Ұлты – дұңған. Осыдан төрт жыл бұрын ол Қазақстанға қоныс аударып, біздің ауыр атлеттермен бірге жаттыға бастады. Шеберлігі толыса келе, мамандар оны халықаралық жарыстарға шығаруды жөн деп ұйғарды. Осыдан үш жыл бұрын Чиншанло жасөспірімдердің әлем біріншілігіне қатысты. Таиландтың Чианг-Май қаласында ол 58 келі салмақта бақ сынады. Қоссайыстың қорытындысы бойынша 207 (92+115) келі салмақты еңсеріп, қола медальді иеленді. Оңтүстік Кореяда жалауы желбіреген әлем чемпионатында жұлдызы жанды. Елге алтын арқалап қайтқаны әлі есімізде. Енді міне, Парижде өткен Олимпиада жолдамасы сарапқа салынған додадан оза шауып алтын алқаны кеудесінде жарқыратып ел мерейін асқақтатты. 53 келі салмақ дәрежесі бойынша бақ сынаған ол жұлқып көтеру жаттығуы бойынша басты бәсекелестері – түркиялық Айым Дасделен мен қытайлық Цзи Чжиннан төрт келі артық көтерді. Серпе көтеруде де қарқынын еш бәсеңдетпеген жерлесіміз алтыннан алқа тағынды. Онымен қоймай жаттығудың осы түрі бойынша әлемдік рекордқа өзгеріс енгізді. Чиншанлоның нәтижесі – 227 (97+130) келі. Түркия аруы 219 (93+126) келілік көрсеткішпен күміске қол жеткізсе, Қытай қызы қола медальді қоржынға салды. Оның нәтижесі – 214 (93+121). Сөйтіп, Париждегі додада зілтеміршілеріміздің алғашқы қадамы сәтті болды, алтыннан алқа тақтық. Алайда жеңімпазымызды марапаттау сәтінде ұйымдастырушылар өрескелдікке барды. Көгілдір экранға көз тігіп мемлекетіміздің әнұраны шырқалар сәтін тебірене тосып отырған едік. Әнұран шырқала бастады. Міне, масқара! Француздар қазақ елінің ескі әнұранын шырқатып салды! Көтеріңкі көңіліміз сол сәтте-ақ құлазып сала берді. Бейберекетсіздіктің себебін түсіндіруді талап еткен өкілдерімізге берген жауаптары «Біз интернеттен алып едік. Байқамадық. Кешірім сұраймыз» деп ақталып жатыр. Қазақ елінің ауыр атлеттері қайсыбір жарысқа бармасын, жүлдесіз қайтқан күндері кем де кем. Мемлекеттік рәмізімізді елемеген француздарға қазақ елінен барған басшылар, әлем алдында кешірім сұрауларын талап етті. Артынша ұйымдастырушылар министрлікке және Қазақстан ауыр атлетика федерациясының президентінің атына кешірім сұрап хат жіберді. Зульфияны жеңіс тұғырына қайта шақырып жаңа әнұранды ойнатты.
63 келі салмақтағы Майя Манезаның мықтылығын мойындаймыз. Майяның күмісін алтынға теңеуге тұрарлық. 2007 жылдан бері ұлттық құрамада өнер көрсетуде. Өрімдей жас қызымыз Майя қысқа уақыт аралығында 63 келі салмақта өзінің мықтылығын мойындатты. Ел кубогының жеңімпазы атанып, Бейжіңдегі ойындарда ұлттық құрама сапында күш сынасу құрметіне ие болды. Сол тұста кейбір мамандар «Майя – өте талантты спортшы. Олимпиададан медаль алуы мүмкін», – деген батыл пікір айтты. Бұл сөзге иланбасқа лаж жоқ. Өйткені жаттығу барысында ол таңдай қағарлық нәтижеге иек артып жүрді. Бүгінгі таңда Қытай елі ауыр атлетика бойынша әлемдегі көшбасшы ел екені еш дау туғызбайды. Соның барлығын қаперге алған жанкүйер қауым Манеза Майяның Олимпиадада атой салатынына қатты сенді. Алайда қырсық деген аяқ астынан емес пе? Дұңған қызы Бейжіңге барғанымен, қапияда жарақаттанып қалып, төртжылдықтың басты жарысына қатыса алмады. Арада бір жыл өткеннен кейін, яғни биылғы маусымда Талдықорғанда жалауы желбіреген Азия чемпионатында бақ сынады. Сары құрлықтың бетке ұстарлары бас қосқан бәсекеде Майя жұлқып көтеруде 98 келі, серпіп көтеруде 131 келі зілтемірді еңсерді. Қоссайыста 229 келі нәтижемен қола медальді қанағат тұтты. Жерлесіміз Макао мен Солтүстік Корея өкілдерінен қалып қойды. Шыны керек, көпшілік бұл нәтижеге аса қуана қоймады. Өйткені көрермендер жер жаннаты – Жетісуда өткен жарыста Майя алтын алады деп күткен. Бұл сәтсіздіктер спортшының жігерін жасыта алмаған екен. Оңтүстік Кореяда жалауы желбіреген әлем чемпионатына тыңғылықты даярланған Манеза жұлқып көтеруде аса көзге түскен жоқ. Ол әупірімдеп жүріп, 105 келіні әзер еңсерсе, бес-алты атлет осы жаттығу бойынша оның алдын орап кетті. Мәселен Ресей қыздары Савенко мен Царукаева 112 және 111 келілік зілтемірді тік көтерсе, Түркияның түлегі Симек 108 келіні місе тұтты. Қытайлық Го Сиянь мен армениялық Далузян Маямен бірдей нәтиже көрсетті. Есесіне, серпіп көтеруде Қазақстан спортшысы өзгелерге сан соқтырды. Жарыс жолына құлшынып шыққан Манеза 141 келі нәтижеге иек артса, Царукаева мен Симек 135 келілік көрсеткішке қол жеткізді. Үшінші орынды түрік қызы иеленсе, Манеза мен Царукаева мәреге бірдей жетті. Қоссайыстың қорытындысы бойынша олар 246 келілік зілтемірді бағындырды. Басты қарсыласынан салмағы 300 грамм жеңіл болғанына байланысты әлем чемпионатының алтыны Мая Манезаның мойнында жарқырады. Париж төріндегі тартысты бәсекеге тоқталсақ, жұлқып көтеру жаттығуы бойынша Светлана Царукаева алдына жан салмады. 117 келілік зілтемірді тік көтерген ол әлемнің жаңа рекордын дүниеге әкелді. Хиофанг Кианг екінші орынға табан тіреді. Оның көрсеткіші – 113 келі. Майя Манеза 109 келілік нәтижемен үшінші сатыға жайғасты. «А» тобындағы өзге де үміткерлердің аяқалысы жаман болған жоқ. Әркім шама-шарқына қарай, өздері тапсырыс берген салмақты бағындыра алды. Келесі жаттығу түрі бойынша кемінде тағы үш-төрт спортшы жүлделі орындар үшін таласу мүмкіндігін сақтап қалды. Иә, біздер Майяның серпе көтеруде тамаша нәтиже көрсететініне еш күмән келтірмедік. Өйткені ол жаттығудың осы түрі бойынша өте мықты. Алайда Ресей спортшысы жерлесімізден 8 келі артық нәтиже көрсетті. Енді оны қуып жету мүмкін бе? Осы сауал қазақстандық жанкүйерлердің көкейінде тұрды. Серпе көтеруде қытай қызының жолы болмады. Кианг 133 келіні ғана қанағат тұтты. Марина Шаинова 135 келімен шектелді. Царукаеваның 138 келіге әлі жетті. Манеза алғашқыда 139 келіні еңсере алмағанымен, екінші рет дәл осы салмақты ырқына оңай көндірді Бұл – кемінде қола медаль қоржында деген сөз. Алайда бұл нәтижемен шектеліп қалуды жөн көрмеген қазақстандық зілтемірші 147 келіге тапсырыс берді. Бүкіл зал іштей тынды. Егер Майя бұл салмақты аспанға атса, әлемдік рекорд бақандай төрт келіге жаңарады. Тәуекелге бел буған жерлесіміз зілтемірді мойнына дейін жеткізді де, оны жерге тастай салды. Манезаның не себепті осындай әрекетке барғаны бірден белгілі болды. Қазылар қателесті ме, әлде арам пиғылдары болды ма, ол жағы бізге беймәлім, әйтеуір зілтемірдің бір басына екі жарым келі салмақ артық қосып жіберіпті! Мұндайда әрине тепе-теңдік сақталмасы анық. Біз бұл француздардың қазақ еліне деген тағы бір қитұрқы әрекеті екенін түсіндік. Қайсар қызымыз жасымады, керісінше қайсарлана түсті Майяны тағы да ортаға шығарды. Бұл жолы жерлесіміз рекордтық салмақты тік көтерді. Алайда қазылар алқасы есепке алмады. Міне, төрешілердің әділетсіздігінен алақандағы алтын сусып кете барды. Дегенмен залдағы жанкүйерлер аяғынан тік тұрып, Майяға қошамет көрсетті. Бұл – алтын медальден де бағалы құрмет еді! Бұған дейін әлемнің екі дүркін чемпионы атанған Майя Манеза бұл жолы күміс медальді қанағат тұтты. Тұғырда тұрған Майя Манеза кекесінмен күлді. Жарысты ұйымдастырушылар жанарымен жер шұқыды. Оның көрсеткіші — 248 (109+139) келі. Ал бас жүлдені Светлана Царукаева олжалады. Ресей қызының нәтижесі – 255 (117+138) келі. 246 (113+133) келілік көрсеткішпен қытайлық Хиофанг Кианг қола медальді мойнына ілді.
Екі бірдей өренімізге зор сенім артылды. Қос жерлесімізге осындай сенім артылуы тегін емес. Степногорскідегі балалар үйінің түлегі Ирина Некрасова осыдан үш жыл бұрын Бейжіңде алауы тұтанған Олимпиада ойындарында күміс медальді олжалап, өзінің мол әлеуетін байқатты. Алайда одан кейін тұрмыс құрып, сәбилі болды. Осы жағдайға байланысты бірер жылға үлкен спорттан қол үзіп қалды. Биыл жаттығу залына қайта оралып, біраз тер төкті. Қыркүйек айында Талдықорған қаласында өткен Қазақстан Республикасы спартакиадасында жақсы нәтиже көрсетіп, ұлттық құрама сапына қайта қабылданды. Алайда үш жылға созылған үзіліс кері әсерін тигізбей қоймапты. Парижде Ирина қанша жанталасқанымен мықтылармен иық тіресе алмады. Қоссайыстың қорытындысында 230 (109+121) келілік зілтемірді бағындырған Некрасова тоғызыншы орынға табан тіреді. Былтыр Сингапурде өткен жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында алтыннан алқа тағынған Жазира Жапарқұл бақ сынаушылар арасындағы ең жасы болғанына қарамастан, мықтылар тобында күш сынасты. Нәтижесінде 228 (100+128) келілік көрсеткішпен 13- орынды иеленді. Бұл ретте қаракөз аруымыздың жарақаты болғанын айта кетуге тиіспіз. Әйтпегенде Жазираның тұғыры біршама биік болуы мүмкін еді. Қалай болғанда да қос спортшымыз Олимпиада жолдамасын барынша мол мөлшерде олжалауға қажетті ұпайды команда қоржынына салды. Осы салмақ дәрежесінде ресейлік Оксана Сливенко топ жарды. Оның көрсеткіші – 266 (118=148). Екінші орында қытай қызы Кианг Янмей – 264 (116+148). Үшінші сатыға Ресейдің тағы бір өкілі Татьяна Матвеева жайғасты. Матвееваның нәтижесі – 253 (110+143).
Светлана Подобедованың ортаға шығуын көпшілік тағатсыздана күтті. Өйткені 75 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп жүрген отандасымыз 2010 жылы Халықаралық ауыр атлетика федерациясының ұйғарымы бойынша бүгінгі таңдағы әлемнің теңдессіз зілтеміршісі ретінде танылған. Сонымен қатар, ол соңғы кездері қарсылас шақ келтірмей жүр. 2009 жылы Гоянгта және 2010 жылы Анталияда Подобедова дүниежүзілік біріншіліктің алтын тұғырынан қол бұлғады. Әр жарыс сайын Светлана әлемдік рекордқа өзгеріс енгізуде. Сол себепті біз алтын алқалы қыздың осы жолы да сүрінбейтініне имандай сендік. Және де осы салмақта Анна Нұрмағамбетова сынды жас өреніміз бар. Жасөспірімдер арасында әлем чемпионатының жүлдегері атанған Аннаның алымды спортшы екені еш күмән туғызбайды. Нұрмағамбетова биыл ғана ұлттық құрама сапына іліккенімен, ол өзінің мықтылығын мойындатып үлгерді. Сол себепті мамандардың «бұл қыз Парижде талай белді зілтеміршілердің жүйкесін тоздырып, білікті бапкерлердің біразының шашын ағартады» деп пікір айтуы тегін емес. Ал жанкүйерлер қауымы алдын ала тон пішуге асықпады. Өйткені бұл салмақта кіл мықтылар жиналғанын олар жақсы біледі. Төрткүл дүниеге танымал спортшылар арасынан тек Ресейдің мақтанышы Татьяна Заболотная ғана әлем чемпионатына келмеді. Өзгелердің төрт көздері түгел. Әсіресе, серпе көтеруде әлемдік рекордшы, ресейлік Надежда Евстюхинаның қарқыны күшті. Оның командалық әріптесі Светлана Шимкованы да осал деп айтуға ауыз бармайды. Алдын ала тапсырыс берген салмақтарға қарасақ, өзге елдің өкілдері де қара жаяу еместігіне көз жеткізуге болады. Астана уақыты бойынша сағат тілі түннің бел ортасынан ауғанда 75 келі салмақ дәрежесі бойынша әйелдер арасында сайыс басталды. «А» тобындағы 12 атлет алма-кезек ортаға шығып, өз өнерлерін паш етті. Жұлқып көтеру жаттығуында барлық үміткерлер өз жарыстарын аяқтағаннан кейін ең соңғы екі жұп қалды. Олар — Надежда Евстюхина мен Светлана Подобедова. Алғашқы болып Ресей спортшысы айқас алаңына беттеді. Ол 125 келі салмақты еркін еңсерді. Қазақстандық зілтемірші бәсекелесінен бір келі артық көтерді. Іле-шала Надежда 130 келіні ырқына көндірді. Светлана 131 келіні аспанға атты. Үшінші мәрте ортаға шыққан қос спортшы тапсырыс берген салмақтарын ала алмады. Серпе көтеруге келгенде де Подобедова мен Евстюхинаның өзгелерден көші ілгері болды. Қос спортшы бас жүлдені өзара сарапқа салды. Бұл ретте қай жақ дұрыс тактика қолдана алады, жеңіс сол елдің өкіліне бұйыратыны еш күмән туғызған жоқ. Өз күшіне сенімді Светлана екінші болып ортаға шығуды жөн көрді. Надежда 155 келілік зілтемірді бағындырды. Жерлесіміз әу бастағы тактикасын қайта қолданды. Алайда оның қарсыласынан бір келі салмақ артық көтерсем деген ойы жүзеге аспай алды. Содан кейін-ақ әлемнің екі дүркін чемпионының жолы оңғарылмады. 156 келі салмаққа оның әлі келгенімен, орыс қызы одан екі келі асып түсті. Енді Подобедованың тәуекелге баруына тура келді. 163 келіге тапсырыс берген ол әлемдік рекордты бұзуға бекінді. Бірақ біздің атлет мүлт кетті де, алтын медальдан айырылды. Ал Надежда болса, дәл сол салмақты тік көтеріп, өзіне тиесілі дүниежүзілік рекордты қайта жаңғыртты. Евстюхинаның көрсеткіші – 293 (130+163). Подобедованың нәтижесі – 287 (131+156). Қола медаль Солтүстік Кореяның өкілі Ким Ун Жуға бұйырды. Осы салмақ дәрежесінде күш сынасқан Анна Нұрмағамбетова 251 (110+141) келілік нәтижемен жетінші орынды иеленді.
Илья Ильин – тума талант! Кеудесіне ел тәуелсіздігіне 20 жыл толғандығын аңғартатын белгіні бейнелеп, жеңіске деген жігерін жүрекпен сезіне шыққан бозбала ауыр атлеттен еліне деген патриоттық сезіммен, рухани күшін аңғару аса қиындық туғызбады. Илья кеудесіне таққан алтын алқаның орны ерек! Себебі қазақ елінен тұңғыш рет үш дүркін әлем чемпионы шықты! Илья Ильин – әлемнің үш дүркін чемпионы! Илья жарысты орта белінен бастады. Алғашқы жұлқа көтеруін сәтті аяқтады, екінші мүмкіндікті де мүлт жібермеді, 181 келілік пұт тасын ырқына көндіре алды. Десек те үшінші мүмкіндігіне шыққан жерлесімізді төрешілер бұра тартып, бассыздыққа бой берді. Емін-еркін еңсеріп тұрған 184 келіні есепке алмады. Сөйтіп біздің оғлан жұлқа көтеруден бесінші орынға табан тіреді. Көңіліміз ала-құла. Алтынның ауылы алыс. Алайда Ильяның серпе көтеруден талайды сан соқтырып кететіні тағы бар. Сондықтан да серпе көтеруді асыға күттік. Ия, жанкүйерлер қателеспеді. Илья ел сенімін ақтады. Осыдан үш жыл бұрынғы Олимпиада ойындарында ырқына көндіре білген 226 келіні еркін еңсерді. Алтыннан қағылатын болдық деген оймен украиналық Артем Иванов 220 келіні бағындырған соң, 230 келіге тапсырыс берді. Бірақ игермеді. Міне, дәл осылай қазақ елінің қоржынына екінші алтын жүлде түсті және үш дүркін әлем чемпионы тарих беттерінде тіркелді. Ал марапаттау рәсіміне келер болсақ, күллі қазақтың көңілі босап, ет жүрегі елжірегенін барша оқырман біз айтпасақ та біледі. Еліміздің мемлекеттік әнұраны шырқалып, көк туымыз желбірегенде, жеңістің биік тұғырынан қол бұлғаған ұланымызды көргенде көз жасымызға ие бола алмадық. Алтынды кеудесіне тағып, көк байрақты арқасына жамылып, жеңістің биік тұғырында тұрған Ильяның көңілі босап көз жасына ерік берді. Басқа емес, батыр жылады! Ильяны қалай айтсақ та батырға бағалағанымыз еш артықшылық емес! Әрине, бұл қуаныштан туған көз жас! Елге оралған батыр ұлды әуежайдан күтіп алдық. Екі апта бойы өзге елде ел намысын қорғаған ұланымыз үйіне асығуда. Алайда екі ауыз сөзге тартып үлгердік. «Мен бұл жеңісімді тәуелсіздіктің 20 жылдығына арнаймын. Бұл – халықтың, елдің жеңісі. Қазақстаннан да үш дүркін әлем чемпионы шықты. Екі дүркін Олимпиада чемпионы атанарыма сіздерді сендіргім келеді. Мен сөзді емес, істі жақсы көретін жанмын! Алдағы уақытта сіздерді тек алтын жүлдемен қуантып отыруға тырысамын!» – деп ағынан жарылды.
«САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА»
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей қолдауымен елімізде спорт саласы қарқынды дамуда. Елбасы өзінің кезекті жолдауында қазақ елінің 30 пайызы спортпен шұғылдану керектігін баса айтқан болатын. Елбасының өзі спорт саласын өркендету жолында батыл іс-шаралар қабылдап, барынша қолдау көрсетуде. Міне, осындай сындарлы саясаттың нәтижесінде Қазақ елінің спорты, оның ішіңде ауыр атлетика алға қарыштап қадам жасап келеді. Жолдауға қолдау мақсатында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры елімізде алдыңғы санатта саналатын спорт түрлеріне қаржылық қолдау көрсетуде. Бұл күндері талай жылдан бері ақсап қалған ауыр атлетика еңсесін жинап келеді. Қолдау көрсетіліп, қамқорлық жасалған жерде жоғары нәтиже болары сөзсіз. Ауыр атлеттеріміздің соңғы он жыл көлемінде қай бір жарыстан болмасын жүлдесіз қайтқан кездері кем де кем.