ШЕТЕЛДIК ИНВЕСТИЦИЯ: дамушы елдердің нарығы тиімді
ШЕТЕЛДIК ИНВЕСТИЦИЯ: дамушы елдердің нарығы тиімді
Экономикалық дағдарыстан тығырыққа тiрелген дүниежүзiлiк экономика соны серпiнге зәру. Қалтасындағы қаражатының болашағына алаңдаған еуропалық инвесторлар бүгiнде дамыған елдер емес, Қазақстан, Ресей, Қытай секiлдi басқа да дамушы елдердiң экономикасына инвестиция құюға мүдделi. Бұл мүмкiндiктi пайдалануда мүлт кетпеудi көздейтiн Қазақ билiгi елдегi инвестициялық ахуалды жақсартуды қолға алған.
«Нұр Отан» партиясының бастамасымен еліміздің инвестициялық белсенділігін арттыру және экспорттық әлеуетті нығайту мақсатында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Есекешев, Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар, даму құрылымдары, бизнес құрылымдар мен қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысқан дөңгелек үстелде 20 жылдық тәуелсіз ел тарихындағы инвестициялық ахуал және оны аймақтық деңгейде жақсарту мәселелері сөз болды.
Егемендік алғалы бері Қазақстанға инвестиция салуға шетелдіктер қызығушылығы артқан. Жуырда Лондонда ұйымдастырылған бизнес форумда ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов ел экономикасына тікелей инвестиция тартуда Қазақстанның елеулі жетістіктерге ие болғанын айта келе, күні бүгінге дейін шетелдік қалталылар тарапынан отандық экономикаға салынған инвестиция көлемі 130 млрд. АҚШ долларына жеткенін айтқан еді. Бұл ТМД аумағы бойынша – ең жоғарғы көрсеткіш. Инвестициялық қаражаттың 70 пайызы мұнай-газ бен тау-кен саласына бағытталған. Сондай-ақ, ҚР Экономикалық интеграция министрі Жанар Айтжанова аталған форумда бүгінде инвестицияны негізінен шикізаттық емес салаларға тартуға баса назар аударылатынын және Қазақстан әлеуетін барынша толық пайдалануына нарықтың шектеулілігі кедергі болатындықтан, анағұрлым кең нарыққа мұқтаждық барлығын мәлімдеген. Алайда шеттен тартылған қаражаттың басым бөлігі шикізаттық салаға тиесілі болғанмен, кейінгі кездері өңдеу өндірісіне бағытталатын қаржы көлемі ұлғайып келеді. Экономиканы дербестендіруді және экономиканың нақты саласын күшейтуді қолға алған Қазақ үкіметі шикізатқа емес, өндіріс орындарына ден қоюға мүдделі. Осы себепті былтырғы деректер бойынша өңдеу саласындағы инвестиция үлесі 36 пайызына жетіп, барлық соманың 9 пайызын қамтыған. «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Нұрлан Нығматуллиннің пікірінше, инвестициялық тұрғыда тартымды елдер қатарындағы Қазақстанға қаржы құюға қорықпайды және осы қарқынды ауылды аймақтарда жалғастыру қажет. Маңыздысы, Елбасының бастамасымен қолға алынған Индустриалдандыру бағдарламасына сәйкес, Қазақстан бойынша жалпы құны 9 трлн. теңге болатын 600 жоба жүзеге асырылмақ. Олардың үштен бір бөлігі ендігі іске асырылуда. Мысалы Мойнақ СЭС, Жетіген-Қорғас темір жол жүйесі – еліміздегі табысты салынған инвестициялар тізімінде. Әрине, инвестициялық мәселеде тек ірі жобаларға иек арту – дұрыс емес. «Атамекен» Одағының Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов дөңгелек үстел шеңберіндегі пікірталастар қордаланып қалған қиындықтарды шешу жолдарын көрсетуді ұсынды. Шара соңында «KAZNEX INVEST» Ұлттық экспорт пен инвестиция жөніндегі агенттік пен «Нұр Отан» нарыққа қатысушылар арасындағы байланысты нығайтып, ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін Меморандумға қол қойды.
Еліміздегі инвестициялық ахуалдың жақсарғанын Дүниежүзілік банк тарапынан ұйымдастырылатын «Doing Business» рейтингі де растайды. Мәселен былтыр 58-орынды қанағат тұтқан Қазақстан биыл Қытай (91-орын), Түркия (71-орын), Польша (62-орын), Ресей (120-орын), Беларусь (69-орын), Қырғызстанды (77-орын) басып озып, 47-орынға көтеріліпті.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ