Гюнтер ПЛАМБЕК: ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАТЫНАСЫМЫЗ БЕРІК

Гюнтер ПЛАМБЕК: ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАТЫНАСЫМЫЗ БЕРІК

Гюнтер ПЛАМБЕК: ЭКОНОМИКАЛЫҚ  ҚАТЫНАСЫМЫЗ БЕРІК
ашық дереккөзі
430

Қазақстан дамыған елдермен, әсiресе Еуропалық Одақ құрамындағы Германия секiлдi экономикасы мығым мемлекеттермен тығыз қарым-қатынас орнатуға мүдделi. Осы орайда, қазақ-немiс үкiметтерi түрлi шаралар ұйымдастырып, жобаларды жүзеге асыруда. Солардың бiрi –Халықаралық «Power Kazakhstan-2011» энергетикалық көрмесi. Өткен аптада Алматыда көрмеге қатысушы немiс кәсiпкерлерiнiң құрметiне орай ұйымдастырылған кеште Германия Федеративтiк Республикасы Бас консулының орынбасары Гюнтер Пламбек мырзамен сұхбаттасудың сәтi түскен едi.

«БАНК САЛАСЫНДА ҚИЫНДЫҚТАР БАР»

– Пламбек мырза, Қазақстан мен Германия арасындағы экономикалық қарым-қатынас қалай дамуда?

– Екi ел арасындағы түрлi саладағы өзара байланыс әрқашан өте жоғары дең­гейде. Мүмкiн әлемдiк қаржылық және экономикалық дағдарыс кезiнде сәл саябыр тартқан шығар. Бiрақ қарым-қатынасты дамытудағы белсендiлiк көп ұзамай-ақ қайта жолға қойылды. Менiңше, 2007 жылғы дағдарыс еңсерiлдi, сондықтан бүгiнде сан алуан көрмелер мен серiктестiктi нығайтатын шаралардың әсiресе, 2010-2011 жылдары Қазақстанда жиi ұйымдастырылуы және оған германиялық кәсiпкерлердiң қатысуға деген құлшынысының артуы – экономикалық байланыстарымыз бен ынтымақтастығымыздың жақсы дамығанының көрiнiсi. Бұл келеше­гiмiздiң жарқындығына сеп болары айқын.

– Қазiргi кезде Қазақстанда қанша германиялық компания тiркелген?

– Бүгiнгi таңда қазақстандық нарықта еңбек етiп жүрген 200-ден астам түрлi германиялық фирмалардың тұрақты өкiлдерi мен 400-ге жуық қазақ-немiс бiрiккен кәсiпорыны бар.

– Немiс инвесторлары қазақ эконо­микасының қай саласына қаржы құюға мүдделi?

– Германиялық инвесторлардың қызығу­шылығын тудыратын басты салалардың бiрi – энергетикалық сала. Дәл осы салада кейде iрi оқиғалар мен құбылыстар орын алады. Сондықтан немiстердiң көлемдi инвес­тициясы энергетикалық салаға бағытталған. Бүгiнде құрылыс саласына инвестиция тартуда да қазақ Үкiметi тарапынан белсендi түрде жұмыстар атқарылуда. Немiстердiң көп құрылыс компаниялары қазақ нарығына енуге мүдделi болғандықтан, екi ел арасында ұйымдастырылатын көрмелерге қатысуға атсалысады. Ал германиялық инвестиция көлемiне келсек, қазақстандық тарап қала­ғандай аса жоғары деңгейде болмауы мүмкiн. Өйткенi қаржылық дағдарыс кезiнде Қазақстан мен Германияның экономикалық қарым-қатынасындағы келiсiмдерде, яғни банк саласындағы мiндеттердi өтеуде бiр­қатар қиындықтар туындады. Өкiнiшке қарай, бұл қиындық шешiмiн тапқан жоқ, проблеманы жоюға бағытталған жұмыстар жүрiп жатыр.

– Банк саласындағы қиындықтар жайлы толығырақ айтсаңыз?

– Қаржылық дағдарысқа дейiн Германиядан Қазақстанға келетiн iрi және шағын жеке кәсiпкерлердiң инвестициясы Германияның «Хермес» мемлекеттiк сақтандыру компаниясы тарапынан сақтандырылатын. Бiрақ қаржылық дағдарыс кезiнде кейбiр қазақстандық екiншi деңгейлi банктер өздерiне жүктелетiн мiндеттердi орындамауының кесiрiнен екi ел арасындағы инвестициялық сенiмге селкеу түстi. Осыдан кейiн «Хермес» қазақстандық экономикаға қаражат құйғысы келетiн германиялық компаниялардың инвес­тициясын сақтандырудан бас тартты. Бұл инвестиция көлемiнiң азаюына ықпал еттi. Ал Қазақстанға инвестиция салып жатқан немiс компаниялары қаржылық тәуекел мен қауiп-қатердi өз мойындарына алған. Қазақ нарығына бағытталатын немiс инвес­тициясын арттыру үшiн алдымен банк саласына қатысты туындаған қиындықтарды шешуден бастаған жөн. Сонда ғана «Хермес» мемлекеттiк сақтандыру компаниясы өз жұмысын қайта жаңғыртып, Қазақстанға инвестиция түрiнде келетiн қаражат көлемi артады.

– Қазір әлемдік қаржылық ахуал біршама тұрақтанды. Банк саласына қатысты проблемалардың әлi күнге шешi­мiн таппауына не себеп?

– Әлгінде айтып өттім ғой, қазақстандық екiншi деңгейлi бiрнеше банк қаржылық тапшылық кесiрiнен кезінде екiжақты келiсiмде көрсетiлетiн мiндеттердi орындауда кемшiлiктерге ұрынды. Бұл немiс ком­панияларының инвестициялық әрекет­терiне кедергi болып отыр. Аталған проблема Қазақ­стан тарапынан жуық арада шешiмiн табады деген үмiттемiз. Германия экономикасы алпауыт кәсiпорындардың жұмысына, яғни iрi кәсiпкерлiкке негiзделмеген. Керiсiнше, шағын және орта кәсiпкерлiкке басымдық бередi. Ал немiстердiң шағын және орта бизнес өкiлдерi Қазақстанмен серiктестiк құруға, ынтымақтастықты арттыруға және инвес­тиция құюға мүдделi. Алайда қаржылық тәуекелдiлiктi сақтандырып алмайынша немiс инвесторларына батыл әрекет ету қиын.

«АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫС ӘЛСІЗ»

– Қазiргi кезде Қазақ Үкiметi шет елдерден келетiн инвестицияны отандық экономиканың шикiзаттық емес салаларына бағыттауды көздейдi. Бұл орайда, немiс кәсiпорындары энергетикалық немесе құрылыстан басқа салаларға қаражат құюға қаншалықты белсендi?

– Егер қазақстандық банк саласына байланысты қордаланып қалған қиындықтар оңтайлы әрi жылдам шешiлсе, немiс компаниялары қазақстандық экономиканың барлық саласына қаржы салуға дайын. Мұндайда өңдеу, азық-түлiк т.б. салаларға тартылатын инвестиция көлемi де өсе түсетiнi белгiлi.

– Немiс компанияларының қазақ нарығына ұсынатын тауарлары сапалы, бiрақ бағасы қымбат. Олар нарықтағы бәсекелестiкке төтеп бере ала ма?

– Германиялық өнiмдер әсiресе өңдеу саласы, құрылыс, энергетикалық, азық-түлiк саласы т.б. арналған. Тағы бiр маңызды жайт, Қазақстан мен Германия ауыл шаруашылығындағы келiсiмдердi түзуде кенжелеп қалған. Бiрiншiден, Қазақ Үкiметi аса белсендi емес, екiншiден, қазақ нарығына ұсынылатын германиялық тауарлар құны қымбат. Теориялық тұрғыдан алғанда, серiктестер бар, бiрақ түрлi жағдайларға байланысты олар белсендiлiк таныта алмай отыр.

– Оған не кедергi?

– Бiрiншiсi, банк саласына қатысты қиындықтар екенiн бiлесiз. Ол туралы айттық. Екiншiсi, Германияда кәсiпкерлердiң көпшiлiгi Қазақстан жайлы бiле бермейдi. Менiңше, басты кедергi – осы. Немiс бизнесмендерi Қазақстандағы инвестициялық ахуалдан бейхабар, шетелдiк инвесторларға қандай талаптар қойылатынын, қандай жағдай жасалатынын бiлмейдi. Шетелдiктерге Германияда бизнеспен айналысу оңайырақ әрi жеңiл. Өйткенi олар немiс мәдениетiн, дәстүрiн, кәсiпкерлiкке қатысты талап-ережелерiн, заңдар мен жасалатын жағдайды жақсы бiледi. Ауылшаруашылығы саласында ынтымақтастық орнатуда Қазақстан Қытаймен қоян-қолтық араласқанды жөн көредi. Себебi ауыл шаруашылығында Қытай Қазақстанның басты серiктесі саналады. Әрине, Қазақстан мен Германия арасында ауыл шаруашылығы саласында байланыс орнатылмаған деген пiкiрден аулақпын. Ынтымақтастық бар, бiрақ жеткiлiктi деңгейде емес.

«ТАСЫМАЛ ЖОЛДАРЫНЫҢ КӨП БОЛҒАНЫ ЖАҚСЫ»

– Германия Еуропалық Одақты алға сүйреушi басты мемлекет болғандықтан, Орталық Азиядағы көмiрсутегi қорын Ресей аумағынан тысқары тасымалдауға мүмкiндiк беретiн NABUCCO мен Транскаспийлiк құбырлардың жүзеге асырылуына мүдделi. Аталған екi жобаны iске қосуда Германия қандай әрекеттер жасауда?

– Еуропалық Одақ пен Германия энергетикалық қорларды тасымалдаудың баламалы жолдарының көп болғанын қалайды. Тек бiр ғана тасымал жолына байланып қалу, тәуелдi болу – дұрыс емес. Сондықтан Германия мұнай мен газды еуропалық нарыққа жеткiзетiн Транскаспийлік, NABUCCO, Балтық жағалауы елдері арқылы көмірсутегі жеткізетін құбырлардың барынша көптеп тартылуына мүдделi. Сонымен қатар балама жолдар туралы ұсыныстарды да қуана қабылдауға әзірміз. Себебі энергоқор тасымалдайтын жолдарды кейде саяси ықпал етудің құралы ретінде пайдалануға талпынатын жағдайлар кездесуі мүмкін.

– Сіз қыстың көзі қырауда Украинаны қыспаққа алып, бүкіл Еуропаны дағдартқан Ресейді меңзеп отырсыз ғой?

– Шынында да, кезінде Украина-Ресей, Белоруссия-Ресей арасында туындаған көмірсутегі дауы көпшілікті кәдімгідей ойлантып тастағаны анық. Құбырлардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде де қуат көздерінің барынша мол болғаны жақсы. Жуырда Түркіменстандағы құбырдың жарылуы соған куә. Ең маңыздысы, санаулы құбырға тәуелді болып, оған байланып қалмай, балама жолдарды көбейткен дұрыс. Бұл сыртқы әсерлер ықпалынан әрі көмірсутегіні тұтынушыларға таңдау мүмкіндігін береді. Бұл біреулерге ұнаса, біреулерге ұнамауы мүмкін.

– Екіжақты экономикалық қарым-қатынасты нығайтуда көрмелер ұйым­дас­тырудан басқа қандай шаралар ұйым­дастырылу көзделуде?

– Түрлі саланы қамтитын көрмелер – мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетілетін ең жоғарғы шаралар. Бүгінгі Халықаралық «Power Kazakhstan- 2011» энергетикалық көрмесіне Германия Федеративтік Экономика министрі тарапынан демеу көр­сетілді. Сонымен қатар Қазақстан мен Германия үкіметтерінің экономикалық ынтымақтастықты нығайту мақсатындағы бірігіп дайындаған жобалар өте көп. Мәселен, Қарағандыда германиялық Thyssen Krupp концерні кремний зауытын салуды қолға алды. Екі жыл бұрын Plattenhardt+Wirth GmbH компаниясы Алматы облысынан көкөніс мен жеміс-жидек сақтайтын үлкен қойма салды. Жалпы, Қазақстанда түрлі саладағы шағын және орта кәсіпкерлік саласында іске асырылып жатқан жобалар да жетерлік. Алдағы уақытта екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды күшейтуге сеп болатын мұндай жобалар көлемі арта берері сөзсіз.

– Әңгімеңізге рахмет!

17.11.2011

Әңгiмелескен Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары