ТЕМIР ЖОЛ ТАҒЫ ДА ҚЫМБАТТАЙДЫ

ТЕМIР ЖОЛ ТАҒЫ ДА ҚЫМБАТТАЙДЫ

ТЕМIР ЖОЛ ТАҒЫ ДА ҚЫМБАТТАЙДЫ
ашық дереккөзі
263

Халықты қос бүйірден қысқан қымбат­шы­лық құрық көрмеген шу асау­дай қайтару берер емес. Тамақ, киім-кешек, қызмет көрсету, күнделікті тұтынуға қажетті заттар… бәрінің құны өсіп барады. Келесі жылдан бастап темір жол бағасы да көтерілетін көрінеді. Оның себебі – тағы да инфляция.

Жуырда «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының өкілдері жол жүру бағасын 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап 15 пайызға қымбаттайтынын жеткізді. Жаңа тариф Үкіметтің «Көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған салалық бағдарламасына» сай енгізілмек. Мұның себебі, тозығы жеткен отарбаларды жаңарту мен шойын жолдардың күрделі жөндеу жұмыстарына кеткен шығындардың 60 пайызын жабу. Сондай-ақ аталған жобаның аясында темір жол қауіпсіздігін арттырып, «Достық» стансасын дамыту және 600 шақырымдай жолды жаңарту үшін жұмсалатын қаражат қарапайым халықтың қалтасына салмақ түсірмек. Елдегі қымбатшылыққа инфляцияның да ықпалы болары сөзсіз. Бірақ қымбатшылық елдің әлеуметтік ахуалына қалай әсер етеді?

Бүгінде қымбатшылықтың негізгі себебі – инфляция деңгейінің тұрақсыздығы. Ресми деректер бойынша биыл еліміздегі инфляция деңгейі – 6,5 пайыз. Яғни коммуналдық төлемдер мен азық-түліктің, ақылы қызмет көрсету, күнделікті тұтынатын тауарлар бағасының қымбаттауы. Сөйтсе де, теміржолшылар билет құнын қымбаттатудан алдарына жан салар емес. Мәселен темір жолда жолаушылар ақысын 2005 жылы – 20 пайызға, 2006 жылы – 15 пайызға, 2007 жылы – 15 пайызға, ал 2010 жылы – 10 пайызға қымбаттатқан болатын. Осылайша тариф жылдан-жылға өсе бермек. Баға көтерілген сайын сапаның артуы заңдылық болғанымен, бізде бәрі керісінше. Бүгінде жолаушылар арасында қызмет сапасына көңілі толмайтындар қатары күн санап көбеюде. Кейбір отандық әлеуметтік зерттеу орталықтарының зерттеулеріне сүйенсек, темір жол қызметін тұтынушылардың көпшілігі вагондардың санитарлық жағдайына шағымданса, екіншілері жолсеріктердің қызмет көрсету сапасы сын көтермейтіндігін көлденең тартқан.

ҚР Ұлттық банкінiң болжамына сәйкес, биыл­ғы жылғы инфляция 6 – 8 пайыздан аспауы тиiс. «Бiрақ өткен үш айдағы ин­фля­цияның көрсет­кiштерiне көз жүгiртсек, инфляцияның жылдық көрсеткiшi 8 пайыз түгiл, 10 пайыздан асып түскені анық», – дейді Г. Марченко мырза. Айталық 2011 жылдың қаңтарындағы инфляция 1,4 па­й­ыз болса, ақпанда бұл көрсеткiш 0,9 па­йызға өскен. Ал наурызда керісінше – 0,7 пайызға дейiн төмендепті. Десек те, алдын ала жасалған болжам бойынша инфляцияның жылдық көрсеткіші үстіміздегі жылдың қаңтарында 7,3 пайызға теңгерілсе, ақпанда – 7,4 пайыз, ал нау­рызда – 7,2 пайызға жеткен көрінеді. Мұндай жағдайда инфляцияны қалай ауыздықтаған жөн? Бағаны тұрақтандырудың тиімді тәсілі қандай? Шын мәнiндегi инфляция қанша пайызға жетуi мүмкiн? Осы орайда, отандық мамандар өз пікірлерін білдірген еді.

Серік Дүйсенбаев, әлеуметтанушы:

– Әлеуметтанушы ретінде үнемі сауалнама жүргізіп тұрамыз. Сонда халықтың ең бірінші проблемасы – азық-түлік бағасының күн санап өсуі. Мен қазір Маңғыстау өңірінде жүрмін. Мұнда барлық азық-түлік сырттан келеді. Азық-түліктің қымбаттауы есебінен халықтың тұрмыс деңгейінің төмендеуі байқалады. Инфляцияның ресми түрдегі көрсеткіші 6,5 % болғаныменен, шын мәнінде қымбатшылықтың деңгейі зор. Оны былтырғы жылғы нарықтың бағасымен-ақ салыстырып көруге болады. Көпшілік бюджет саласы қызметкерлерінің табысы белгілі бір шкаладан аспайды. Яғни бір қалыпты. Сондықтан да кез келген қымбатшылық халықтың тұрмыстық жағдайын нашарлата түсетін фактор болып табылады. Тауар недәуір қымббаттаған сайын, қарапайым халық арзан тауарды тұтынуға тырысады. Ал арзан тауар адам денсаулығының жауы.

Теміржол бағасының 15 пайызға артуы халық арасында наразылық тудыруына алып келеді. Өйткені келер жылдан бастап тек темір жол ғана емес, республиканың барлық аймақтарында жылу, электр энергиясы мен газ қымбаттайды. Ал темір жолдың қымбаттауы не нәрсеге байланысты екендігін мен айта алмаймын. Оны теміржолшылардың өздері түсіндірсін. Менің ойымша, бағаны арттыруды ойланып, егжей-тегжейін анықтап жүзеге асырған жөн. Оптималды баланс табу өте қиын екендігін жақсы түсінемін. Әрине мемлекет үшін ең басты – халықтың жағдайын ойлауы керек деп ойлаймын.

Ержан Әмірбекұлы, экономика ғылым­да­ры­ның докторы:

– Ержан Әмірбекұлы, Қазақстандағы инфляция деңгейі ресми деректер бойынша 6,5 пайызды құрайды. Бұл халық қалтасына қалай әсер етеді?

– Жалпы, экономикалық теория ғылымында инфляцияның 2 түрі бар. Ресми инфляция және жасырын инфляция. Мемлекет белгілеп отырған инфляция деңгейі мемлекет коридорынан ешқашан асқан емес. Ал дәстүрлі инфляция өте жоғары деңгейге жетіп қалды. Дағдарыс басталған жылдары жасырын инфляцияның деңгейі 40 пайыздан асып жығылған. Биыл­дың өзінде жанар-жағармай мен тұтыну тауарларының қымбаттауынан инфляцияның деңгейі 23 пайыздан асып түседі. Яғни ол мемлекет көрсетіп отырған ресми инфляциядан айырмашылығы жер мен көктей. Бұл көрсеткіш халықтың қалтасына салмақ түсірмей қоймайды. Халық қаражатының құнсыздануы. Нарықта азық-түлік, жанар-жағармай, коммуналдық төлемдердің бағасы қымбаттайтын болса, халықтың бар тапқан қаражаты осы шығындарды жабумен шектеледі деген сөз ғой. Ресми деректерден бөлек, жасырын инфляцияның деңгейін де анықтап отырғанымыз жөн деп ойлаймын. Сол арқылы халықтың қалтасына түскен қиындықтың салмағын өлшей аламыз.

– Үкіметтің 2010-2014 жылдарға ар­нал­ған қаулысына сай, келер жылдың 1 қаңтарынан бастап «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы билет құнын 15%-ға көтеруді жоспарлап отыр. Бұл тұтынушыларға қиындық әкелмей ме?

– Халық бәріне де шыдай береді дегенге өзім сенбеймін. Әйткенмен, нанның бағасы қымбаттайтын болса, жолдың бағасы көтерілсе, оны тұтынудан бас тартпайды. Халық ызаланып, іштей наразылық танытуы мүмкін. Бірақ сол тұтыну тауарларын тұтынып жүре береді. Бұл ежелден көрініс тауып отырған жағдай. Тауар ұсынушы монополистер инфляция жеп қойған шығындарының орнын толтыру үшін, халықтың қалтасына үстеме баға қосады. 10-15 пайыз көтерме баға халықтың тұрмыс дәрежесіне сай емес. Себебі мемлекеттік қызметкерлердің ғана жалақысы 25 пайызға өсіп отыр. Ал көптеген жеке компанияларда істеп жүрген азаматтарға елеулі түрде кері әсерін тигізеді.

– Сіздіңше, инфляцияны қалай ауыздықтаған тиімді?

– Ол үшін отандық өнім шығару керек. Қазіргі таңда Қазақстанға сырттан келген импорттың үлес салмағы басым болып тұр. Мамандардың есептеуінше, еліміздегі импорттың жиынтық пайдасы 60 пайыздан асып түседі. Шет елдің тауары болған соң, оған жолақысы, кеден салығы, басқа да салықтар, алыпсатарлардың үлесі т.б. қосылады. Инфляцияның өсуі тікелей осыған байланысты. Сондықтан да тығырықтан шығудың жолы – өз өнімімізді шығару.

Дайындаған Маржан КЕҢЕСБАЙ

Серіктес жаңалықтары