ИСЛАМҒА ҚАТЫГЕЗДІК ЖАТ
ИСЛАМҒА ҚАТЫГЕЗДІК ЖАТ
Астанадағы алғашқы форумда отандық дiнтанушылар тәуелсiздiк алғалы берi дiн саласында жiберген кемшiлiктер мен олқылықтардың орнын заң шеңберiндегi мiндет және талаптармен толтыруға тырысты.
Кеше Астанада өткен Қазақстан Дінтанушыларының алғашқы Форумында Бас Мүфтий Әбсаттар қажы Дербісәлі Әбсаттар қазақ қыздары мен келіншектерін хиджабтың орнына, ұлттық киімдер киюге шақырды. «Соңғы кездері қоғамды хиджаб мәселесі қатты толғандырып жүр. Біздің әжелеріміз, аналарымыз, әрине, жалаңаш жүрген жоқ, олар кіндіктері көрінетін көйлек кимеді. Сондай-ақ, әжелеріміз беттерін тұмшалап алмады, хиджаб кимеді, алайда бастарына орамал тартып, кимешек киді. Бұл – ұлттық киім, хиджаб емес», – деген Бас мүфтий қазақ әйелдеріне өзгенің, мысалы, Пәкістанның не басқа елдің ұлттық киім-кешегінен гөрі өзіміздің қазақы киімдерге бет бұруға шақырды. Оның айтуынша, жуырда ғана Алматыда ұлттық киімдерді ұлықтайтын сән көрмесі ұйымдастырылыпты. Бұл әсіресе «өз қағынан өзі жеріген» кейбір қандасқа сабақ болса, игі.
Бүгінгі таңда лаңкестік әрекеттер – бүкіл әлемді алаңдатқан мәселе. Өкінішке қарай, кейінгі кездері лаңкестер салатын лаң Қазақстанда да бірнеше рет қайталанды. Солардың бірі күні кеше ғана Тараз қаласында болған қанды оқиға. Дінді сылтауратып жасалатын қатыгездік пен қанішерліктің дінге қарсы бағытталған қылмыс ретінде бағалаған Әбсаттар қажы: «Исламда бір адамның қанын мойынға жүктеу – бүкіл адамзатқа жасалған қастандықпен тең. Өзін-өзі жарып жіберумен айналысатындарды «шейіттер» деп атап жүр. Бірақ олар шейіттер емес, олардың ислам туралы түсінігі мүлде басқа, жаңсақ. Оларды тіпті мұсылман деуге болмайды», – деді.
Қатыгездік пен қанішерлік ислам ауылынан аулақ жатқанын көлденең тартқан Бас мүфтий қазіргі кезде қай жерде лаңкестік әрекет орын алса да оны исламмен байланыстыра қарау үрдісі өріс алып бара жатқанына алаңдады. «Бұл – дұрыс емес. Исламда да, христианда да, буддада да, бір де бір дінде қатыгездік насихатталмайды», – деп мәлімдеген ол біздің халықты діни арандатушылыққа бастайтын арандатушылық әрекетпен айналыспайтынын, бірақ өкінішке қарай, «бір қарын майды шірітетін бір құмалақтардың» кесірінен кейде орны толмас өкініштерге ұрындыратын қайғылы жайттар болатынын жасырмады: «Кейде ислам дінін, мұсылманшылықты бүркемелей отырып, лаңкестік әрекеттер ұйымдастырады. Енді жастарымызға білімді шет елдерде емес, өз елімізде беретін мезгіл жетті. Қазақ халқы – исламды қабылдаумен шектелмей, оны байытуға үлес қосқан халық». Форумға қатысушылар еліміздегі дінге қатысты заңнамалық құжаттардағы талаптарды күшейтіп, елдің діни сауатын ашуға ықпал ететін шараларды кең ауқымда ұйымдастыруға шешім қабылдады.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ