ҚОРҒАНСЫЗҒА ҚОЛ СОЗҒАН

ҚОРҒАНСЫЗҒА ҚОЛ СОЗҒАН

ҚОРҒАНСЫЗҒА ҚОЛ СОЗҒАН
ашық дереккөзі
262

Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарында елiмiздiң экономикалық ахуалы, халықтың тұрмыс жағдайы тәлтiректеген кезде әркiм өз тiрлiк-тiршiлiгiне кiрiсiп кеттi. Бiреулер жылдам дәулет жинау үшiн жанталасса, керiсiнше арамызда қолындағы барды жетiм-жесiрлерге бөлiп берудi өмiрлiк мақсат тұтқан қайсар қазақ қыздарының болғаны да өмiр шындығы. Солардың бiрi – Сағила Алдабергенова ханым едi.

Жүзiнен үнемi жылу есiп тұратын жаны таза, аналық жүрегi мейiрiммен сәуле шашқан бiздiң бүгiнгi кейiпкерiмiздiң тыныс-тiршiлiгiн бiраздан берi байқап, зерделеп жүрушi едiм. Бүгiн әңгiмелесудiң сәтi түскендей.

– Сағила Жетпiсқызы, сiз басқарып отыр­ған «Шығыс әйелдерi – Мейiрiм» ха­лық­аралық әйелдер қоры қалай өмiрге кел­дi, әңгiменi осыдан бастасақ?

– Биыл жиырма жылдығын тойлағалы отыр­ған бабалар арманы – Тәуелсiздiктiң ал­ғашқы жылдары қазақ халқына оңай бол­ма­ғаны ақиқат. Жалпы халықтың тұрмыс-тiр­шi­лiгi, хал-ахуалы өте-мөте сын көтере ал­май­­­тын едi. Қолдағы малы кеткен соң, қай қа­зақтың тұрмысы түзу болар дейсiң. Тарихты қазбаламай-ақ қояйық, дегенмен бiр бөлек са­бынға бiр бас қойдың айырбасталғанын кө­зiмiз көрдi ғой.

Өз басым адам баласының мұқтаждығын, зә­рулiгiн көргенде жаным төзiп отыра алмаймын. Бiрде теледидардан қамқорлыққа зәру мүгедек балалар жайлы хабарды көрiп отырып, жаным ауырды. Көзiме ерiксiз жас келдi. Соны байқаған кiшкентай немерем Әмина: «Әже, жыламашы, одан да ана балаға ойыншықтар апарып берейiк, менiң ойыншықтарым көп қой», – дегенi. Жанымды жеген жабырқауды қаршадай сүйкiмдi немеремнiң ойы дөп басып, одан сайын егiлдiм. Мынау қатал қоғамда, мейiрiм азай­ып бара жатқан заманда өзiм мәпелеп отыр­ған кiшкентайымның сөзi көңiлiме қона кеттi.

Содан бастап балалар үйi, жетiм-жесiр жағ­дайы жанымды ауырта бастады. Қолыма қар­жы түскен күнi киiм-кешек, азық-түлiк алып балалар үйiне, не болмаса телехабарлардан көрсетiп жататын асыраушысынан айырылған отбасылар мен жалғызбасты ана­лар­­­ды iздеумен болдым. Қазақ халқы ежелден жетiмi мен жесiрiн жылатпаған, ешкiмнiң бо­сағасынан сығаламаған, қазақ қыздары өз бо­сағасында отырып бала таппаған, тастанды бала деген ұғым тiптi болмаған.

Мiне, осындай ойлардың нәтижесiнде осы Қор дүниеге келдi.

– Қордың негiзгi мақсатын айта кетсеңiз…

– «Шығыс әйелдерi – Мейiрiм» халық­ара­лық әйелдер қоры мемлекеттiк емес, тәу­елсiз, қайырымдылық жасайтын мекеме ре­тiн­де құрылды. Мақсаты – мейiрiмге зәру бо­лып отырған жағдайы төмен отбасыларға, же­тiм балаларға, балалар мен қарттар үйiне қам­қорлық көрсетумен қатар, оларға рухани жағынан да қолдау жасау. Әйелдердiң экономикалық-әлеуметтiк құқықтарын қорғау, олардың ғылыми-көркем шығармашылықпен, бизнеспен айналысуын, жұмыссыз отырған әйелдердiң әлеуметтiк қорғалуы мен жалпы жағдайын үнемi бақылап-қарастырып отыру да қор мiндеттерiнiң бiрi саналады. Қор Қазақстанда және алыс-жақын шетелдерде өзi сияқты ұйымдармен iскерлiк, мәдени байланысты дамытуда iс жүзiндегi заңдылықтарға сәйкес кiтап, брошюра, баяндама, бюллетеньдер, газет-журналдар, басқа да басылым материалдарын, аудио-видео, Интернет өнiмдерiн дайындап, шығарып және таратады, өз жарғысының жұмысы жөнiндегi мәселелер бойынша бұқаралық-ақпарат құралдары – радио мен теледидар көрсетiлiмдерiн, көрмелер ұйымдастырып, публицистикалық лекциялар мен семинарлар ұйымдастырып отырады.

– Сағила Жетпiсқызы, менiң бай­қау­ым­ша, қордың мүшелерi де әр саладан құр­алған сияқты?– Иә, қазақ айтады ғой, « Жалғыздың үні шықпас» деп. Қор құрылды, қайырымдылық шаралары үнемi көрсетiлiп жатыр. Дегенмен мен жалғыз өзiм не тындыра аламын. Әрине, әр шараның басы-қасында өзiм жүргенiммен, оны орын­даушылар, ұқсатушылар дегендей кө­мек­шi­лерiм жайлы айтпауға болмас. Қордың құ­ра­мында дәрiгер, социолог, құрылыс маманы, заңгер, журналист, психолог, ұстаз-тә­лiмгер мамандары жұмыс iстейдi. Бұл рет­те қорымызға бүгiнгi заман талабымен жабдықталған кеңсе бөлмесiн ұсынып, ер­кiн жұмыс iстеуге жағдай жасап отырған «Транс­Аэро» компаниясының басшылығына риза­шылығымыз шексiз.

Мемлекеттiк емес болғаннан кейiн, әрине, өзiн-өзi қаржыландыру мәселесi тағы бар. Бұл ретте де, өз отбасымның, балаларым мен ке­лiнiмнiң үнемi материалдық және рухани қол­дауының ерекше екенiн айтуым керек. От­басында орныққан осындай сыйластық менi қайырымдылықтың үлкен сара жолына түсiрдi деуге болады. Одан кейiн алды қы­рық жыл өзiммен қоян-қолтық араласқан та­мыр-таныс азаматтар мен азаматшалар мүм­кiндiгiнше өз көмектерiн аямай келедi. Әсi­ресе, Чакуза Усаева, Райхан Ақбаева, Сара Жұмашева сияқты қазақтың мейiрiмдi қыздары өздерiнiң аналық шын ниеттерiмен қорға қолғабыс жасаса, Қапбас Сабырбаев, Әнуар Мейрамғазинов сынды атпал азаматтармен бiрлесе жұмыс жасағандықтан, өзiмдi жалғыз сезiнбеймiн. Бүгiнгi тiлмен айт­қанда, олар қордың сенiмдi демеушiлерi. Әрбiр мереке сайын кезектесе көмек жасап жатады. Үлкен жүректi азаматтар ол тiрлiктердiң сауабы барын да жандарымен түсiнедi, қабылдайды. Әсiресе, жетiм балалар мен мүмкiндiктерi шектеулi мүгедек ба­лаларға деген ықылас-пейiлiмiз ерекше. Сон­дай-ақ, жалғыз басты аналарға, мемлекет қамқорлығында болса да бiздiң елде қам­қорлық пен көңiл бөлудi қажет ететiн қарт­та­рымыз қаншама?! Жалпы, адам баласы бiр-бiрiне мейiрiммен қарауға, қамқорлық көрсетуге тырысуы керек. Қамшының сабындай қысқа ғұмырымызда бiр ғана сәттiк қызық-думанға әуестенбей, бiр-бiрiмiзге жанашырлық танытып жатсақ, мұқтаж жандарға қол ұшын берiп жатсақ, оның сауабы мол екенiн түсiнуге тырысайық. – Халқымызда «Жетiм көрсең жебей жүр» деген ұлағатты сөз бар. Бейбiт заманда тағдырдың жазуымен өмiрдiң ащы зарын тартып, адами мейiрiмге зәру болып отырған көңiлi жарым ананың бауырындағы жаутаңдаған бауыр етiн қуанышқа бөлеу, сөйтiп ананың жүрегiне үмiт отын жағу – Қордың негiзгi жұмысы. Мәселен Алматы қаласының Абай мен Гагарин көшелерінің бұ­рышында газет сататын дүңгiршекте 7 баласымен тұрып жатқан Тұрсынхан Дишеналиеваның баспаналы болуына мұрындық болдық. Әке-шешесiз қалған 3 немересiн өсiрiп отырған Айқанбаевтар отбасына, мүгедек бала тәрбиелеп отырған С.Құр­манғалиева, Боралдай кентiнде тұратын 3 баласы бар сырқат ана А.Рахымбаева, күйеуi қайтыс болып, екi көзi бiрдей көрмейтiн 2 балалы А.Қанбаеваны тұрақты түрде қамқорлығына алған қайырымдылық қорымыз Талғардағы балалар үйi мен Ба­ға­нашылдағы №2 жетiм балалар үйiн де өз қамқорлығына бөлеп келедi. Оның арасында табиғаты тосын мiнез танытқан Шығыс Қазақстан мен Алматы облысындағы Қызылағаш, Егiнсу ауылдарындағы төтенше жағдайлар кезiнде де қаншама жұмыстар атқардық. Киiм-кешек, азық-түлiктерiн өз көлiктерiмен жеткiзiп, ондағы қайтыс болған отбасы мүшелерiне арнап ас берiп, құран оқытуды да ұмытпадық.

Иә, көпсалалы экономикалық-өндiрiстi елi­мiздiң бүгiнде мемлекеттiк емес меке­ме­лерiнiң қатарынан орын алатын осынау мейi­рiмдiлiк қордың айта берсе, тындырған ша­руалары шаш етектен. Әсiресе, өмiрiнiң са­налы кезеңiн мемлекеттiк қамсыздандыру меке­месiнде кадрлар бөлiмiн басқаруға жұм­саған, бүгiнде зейнеткерлiк жасқа жет­се де, қоғамға өзiндiк пайдасын ти­гi­зiп жүрген Сағила Жетпiсқызы аса қара­пай­ымдылығымен ерекшеленетiн жан. Қа­шан көрсең де, қолындағы үлкен дорба­сын сүйреп, сыйлығын көтередi де жүредi. Көпшiл де жомарт жанның мейiрiмi сұлу да аппақ жүзiнен көрiнiп-ақ тұрады. Отасқандарына жарты ғасырдан асқан жолдасы Мұрат аға болса сырбаз, сымбатты. « Елдiң әйелi сырттағыны үйге тасиды, ал бiздiң Сәкең үйдегiнi сыртқа та­сиды. Әу бастан-ақ тiрлiгi осы», – дейдi риза кейiппен. Осындай әке мен ананың тәрбиесiн көрген балалары Құрман мен Әлия да көңiлi жарым жандарды демеп жүрген аналарын үнемi мақтан тұтады.

Сағила Алдабергенова басқарып отырған «Шығыс әйелдерi – Мейiрiм» Қорының қайырымдылық жұмысын жоғары бағалаған Алматы қаласы Әдiлет департаментi, Алматы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағ­дарламалар департаментi, қалалық салық ко­митетi тарапынан алған алғыс, Құрмет гра­мо­талары да мақтан етуге тұрарлық. «Жетiм балаларға – көмек» номинациясы бой­ын­­ша жыл сайын берiлiп жататын «Алтын жү­рек» ұлттық қоғамдық сыйлықтың 2009 жыл­ғы жеңiмпазы болғанын да атап кеткен жөн шығар…

Әңгiмелескен

10.11.2011

Әңгiмелескен

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары