ТҮРКI БАЛАСЫ АТАЖҰРТТА БАС ҚОСТЫ

ТҮРКI БАЛАСЫ АТАЖҰРТТА БАС ҚОСТЫ

ТҮРКI БАЛАСЫ АТАЖҰРТТА БАС ҚОСТЫ
ашық дереккөзі
180

Тамырлас түркi жұрты Алматыда бас қосып, Қазақстан Түркi тiлдес мемлекеттердiң ынтымақтастық кеңесiнiң тұңғыш төрағасы болып сайланды. Көбiне Түркi Кеңесi деп аталатын ұйым осыдан екi жыл бұрын құрылған едi. Бiрақ осындай ұйым құру талпыныстары 1992 жылдан берi жасалғаны да рас. Түркi Кеңесi туралы келiсiмге қол қойылған Нахичеван кездесуiне дейiн түркi тiлдес мемлекет басшылары тоғыз басқосу өткiзген екен. Осының өзi түркi жұрты үшiн бiр жағадан бас шығарар бiрлiктiң өзектiлiгiн байқатса керек.

Атажұрт – Қазақстанға осы кеңеске мүше төрт мемлекеттiң үшеуiнiң, яғни Әзiрбайжан, Қырғызстан, Түркияның басшылары келдi. Саммиттiң шымылдығын ашып, сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаевтың Өзбекстан мен Түркiменстан мемлекеттерiн ұйымға мүше болуға шақыруы да – бiрiге тiрлiк етiп, ынтымақты болудың қамы екенi де рас.

Әрине, түркi баласына бiрлiк керек. Сол үшiн де осы басқосу түркi тiлдес мемлекеттерiнiң сауда-экономика, мәдени-гуманитарлық салалардағы әрiптестiктi одан әрi дамыту мәселелерiн талқылауға арналған.

Әзiрбайжан президентi Ильхам Әлиев, Қырғызстан президентi Роза Отынбаева, Түрiк Республикасының вице-премьер-министрi Бекир Боздаг қатысқан жиында Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев түрiк елiнiң басына түскен қайғылы жағдайға байланысты көңiл айтты. 40 ұлт пен ұлыстан тұратын түркiлердiң саны әлемде 200 милионнан асады екен. Осыншама халықтың мүддесiн қорғайтын Түркi тiлдес мемлекеттердiң ынтымақтастық кеңесi болашақта беделдi халықаралық ұйымға айналуы тиiс. БҰҰ жанында бақылаушы мәртебесiн алуы, Қырғызстанда өтетiн президенттiк сайлауға бiрiншi рет өз бақылаушыларын жiберуi осы ұйым­ның халықаралық саясаттағы алғашқы қадамдары екенi даусыз.

Түркi мемлекеттерi ғаламдық эконо­микалық дағдарысқа төтеп берудiң ортақ қағидаларын ойластыруды жөн көредi. Бұл жолы түркi мемлекеттерi экономикалық әрiптестiк мәселелерiне айрықша назар аударды. Рухани туысқандықты тиiмдi әрiптестiкке ұластыру – бүгiнгi заманның талабы. «Ең бастысы, бiрiгу мен әрiптес болу үшiн бiздiң ерiк-жiгерiмiз бен батыл­дығымыз қажет. Сонда ғана бiз әлемнiң бәсекеге қабiлеттi мемлекеттерiнiң қатарына iлiге аламыз» дедi Нұрсұлтан Назарбаев. Ға­лам­дық экономикалық жүйеде бiр-бiрiне тiрек болу үшiн түркi мемлекеттерiнде жер асты байлығы да, су көздерi де, жер ауқымы да, көлiк пен энергетика қоры да жеткiлiктi. Екi апта бұрын Астанада түркi тiлдес мемлекеттердiң экономика министрлерiнiң кеңесi өткен болатын. Министрлер экономиканы шикiзаттан арылту, өндiрiстi дамыту және инвестициялық климатты жақсартуға орай бiрлескен шаралар жасау үшiн жұмыс топтарын құруға уағдаласты. Жаңадан құрылған Түркi iскерлiк кеңесi түркi мемлекеттерiнiң кәсiпкерлерi арасындағы әрiптестiктi жақсартуға атсалыспақ.

Басқосу соңында қорытынды құжат ре­тiнде Алматы декларациясы қабылданды. Бұл құжат түркi мемлекеттерiнiң халық­аралық және аймақтық мәселелер мен өзара әрiптестiк мәселелерi бойынша ортақ ұс­танымдарын айқындайды.

Осы декларацияда «Баку-Тблиси-Джейхан мұнай құбыры мен Баку-Тбилиси-Эрзурум газ құбыры ғаламдық энергетикалық қауiпсiздiкке кепiл болып қана қоймай, аймақтағы мемлекеттердiң тұрақты дамуына ықпал етедi» деп атап көрсетiлдi. Сондай-ақ Баку-Тбилиси-Джейхан құбырын Каспий теңiзiндегi қазiргi және болашақ порттар мен мұнай терминалдарымен байланыстыру маңыздығына да мән берiлуi тегiн емес.

Түркi мемлекеттер басшылары келесi жылы пайдалануға берiлетiн Баку-Тбилиси-Карс темiр жолы арқылы Еуразия кеңiстiгiнде тауар айналымын күшейтiлiп, эко­но­микалық әрiптестiк жандана түседi деген үмiт бiл­дiрдi.

Әлемдiк мәдениет пен өнерде қайталанбас қолтаңбасын қалдырған түркiлер ендi осы бай қазынасын өзгелерге таныстырып, насихаттау үшiн мол мұраны бiр iзге түсiру қажет-ақ. Осы мақсатта жиын барысында Түркi әлемiндегi көрнектi шығармалардың iрi жинағын шығару керектiгi де айтылды. Қазақстан басшылығы әрiптестерiн Астанадағы Түрiк академиясы жұмысына белсене атсалысуға, жалпы ғылым-бiлiм саласында әрiптестiктi тереңдете түсуге шақырды. Түркi Парламенттiк Ассамблеясы, Ақсақалдар кеңесi, Түрiк Академиясы, ТҮРКСОЙ ұйымдары түркi жұртының ортақ тарихын зерттеуге, түркi мәдениетiн насихаттауға үлес қосып келедi.Түркi халықтарына тән ортақ мейрам – Наурыздың БҰҰ Бас Асамблеясында халықаралық мереке ретiнде танылып, адамзатқа ортақ мәдәни құндылық ретiнде мойындалуы да түркi халықтарының рухани жеңiсi болатын.

Ал Әзiрбайжан президентi Бакуде Түркi мемлекеттерiнiң мәдени қорын құруды ұсынды. Бұл қор тамырлас мемлекеттер арасындағы мәдени-гуманитарлық әрiптестiктi одан әрi күшейтуге сеп болар едi.

Жалпы, келесi жыл «Астана – түркi әлемiнiң мәдени астанасы» ұранымен өткi­зiлмек. Бұл орайда арнайы бағдарлама қабылданды. Қазақстан Президентi келесi жылы Түркiстан қаласында «Түркi әлемi бүгiнде: бүгiнгi нақты жағдайы мен даму бағыттары» атты халықаралық симпозиум өткiзу жөнiнде ұсыныс тастады.

2013 жылы Түркi мәдениетiнiң астанасы болып Түркияның Эскишехир қаласы аталады.Қазақстан Түркi Кеңесiнiң тұң­ғыш төрағасы ретiнде түркi тiлдес мемле­кеттердiң бiрлiгiн күшейтуге, осы кеңес жұмысының тиiмдiлiгiн арттыруға күш салмақ. Түркi Кеңесiнiң келесi саммитi 2012 жылы Бiшкекте өтедi.

27.10.2011

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары