МАҚТА-ТОҚЫМА КЛАСТЕРIНIҢ КЕЛЕШЕГIНЕН НЕ КҮТЕМIЗ?

МАҚТА-ТОҚЫМА КЛАСТЕРIНIҢ КЕЛЕШЕГIНЕН НЕ КҮТЕМIЗ?

МАҚТА-ТОҚЫМА КЛАСТЕРIНIҢ КЕЛЕШЕГIНЕН НЕ КҮТЕМIЗ?
ашық дереккөзі
367

Мақта-тоқыма кластерiн дамыту үшiн Шымкентте құрылған «Оңтүстiк» арнайы экономикалық аймағында алдағы уақытта мақта талшығын өңдеп, одан дайын өнiм шығаратын iрiлi-ұсақты 30-ға жуық өндiрiс орыны ашылмақ. Олардың алды iске қосылып та жатыр. Солардың бiрi «Хлопкопром-целлюлоза» зауытының жұмыс iстей бастағанына небәрi бiр жыл болғанына қарамастан елiмiзде де, шетелде де өте жоғары сұранысқа ие тауар өндiруде. Кәсiпорын өндiрiске аса қажеттi целлюлоза мен техникалық карбоксиметил целлюлозаны, сондай-ақ медицинада кеңiнен қолданылатын гигроскопиялық мақта шығарады.

– Карбоксиметилцеллюлозаның пайдаланбайтын жерi жоқ. Мұнайды бұрғылаудан бастап, үйде жөндеу жүргiзу кезiнде тұсқағаз жабыстыратын желiм де, автомобиль бояуын жасауда да қолдануға ыңғайлы, –дейдi кәсiпорынның жетекшiсi Ермек Абасов.

Зауыт шығарған өнiмнiң сапасы шетелдiк тауардан кем емес, ал бағасы әлеқайда арзан. Бүгiнде кәсiпорында 3 ауысымда 400-ге жуық адам жұмыс iстейдi.

– Мұндай фабрикалар iске қосылғанға дейiн бiздегi мақта толықтай дерлiк шетелге шикiзат ретiнде шығарылатын, – дейдi «Оңтүстiк» арнайы экономикалық аймағы» мекемесi директорының орынбасары Керiмхан Қадырбеков. – Әрi кеткенде кейбiр фабрикаларда жiп шығарылатын. Ол бiзге осынша еңбекпен келiп жатқан заттың барлығы шетелге тегiн кетiп жатқанмен тең едi. Сондықтан Елбасымыздың мақта-тоқыма кластерiн дамыту жайлы қолға алған бастамасы өте орынды. Тоқыма кластерiнiң дамуының әсiресе қарапайым халыққа келтiретiн пайдасы мол болмақ.

Бұл пiкiрдi кәсiпкер Ермек Абасов та қостап отыр: «Мақтаның өзiн сататын болсақ табысты тек шаруа мен мақтаны өңдеген зауыт табады. Ал бұдан кейiн жiп иiру, мата шығару мен оны бояу секiлдi өндiрiстiк кезеңдер бар. Оны игерген соң көйлек тiгу, оған түйме секiлдi құны жоғары түрлi бұйымдарды шығаруға болады. Бұл дегенiңiз жаңа жұмыс орындарының ашылуы. Яғни әлеуметтiк тұрғыдан алғанда пайдасы шаш етектен», – дейдi ол.

Жаңа кәсiпорындардың ашылуымен оңтүстiктiң басты әлеуметтiк мәселесi де шешiлуге бет бұрды. Әсiресе жеңiл өнеркәсiптiң көбеюi әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейiнiң төмендеуiне әкелдi. Кезiнде зауыттар тұралап, қызметсiз қалған тоқыма саласының мамандарына сұраныс өсiп келедi.

«Оңтүстiк» арнайы экономикалық аймағындағы кәсiпорындарда Швейцария, Жапония, Германиядан әкелiнген заманауи қондырғылар орнатылған. Шығарылған матаның әр шаршы метрi мұқият бақылаудан өтедi. Сапалы болған соң шетелде қазақстандық өнiмге сұраныс та арта түседi.

– Өнiмдерiмiздi тек қана экспортқа шығарамыз. Франция, Англия секiлдi алпауыт мемлекеттерде бiздiң өнiмге деген сұраныс жоғары. Жылына шамамен 15 миллион шаршы метр мата шығарамыз. Әрине бұл бiз үшiн үлкен жетiстiк, – дейдi сол кәсiпорындардың бiрi « South Textiline KZ» ЖШС дайындау бөлiмiнiң бақылаушысы Айгүл Сатыбалдиева.

Отандық тоқыма бұйымдарын дүниежiзiлiк нарыққа шығаруды көздеген мақта-тоқыма кластерi ұлттық экономиканың бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыра түсетiн сала болары сөзсiз. «Оңтүстiк» арнайы экономикалық аймағында қазiрдiң өзiнде жалпы құны 26 миллиард теңгенi құрайтын 5 жоба жүзеге асуда. Ал жақын болашақта мұнда 50 миллиард теңгеге жуық шетелдiк инвестиция тарту көзделген. 2015 жылы елiмiзде өндiрiлген мақта толық көлемде өзiмiзде өңделуi керек. Мақта-тоқыма кластерiн құрудағы мақсат та осы. Бұл жоспар қарқынды түрде жүзеге асып келедi.

Жасыратыны жоқ, отандық нарықты Қытайдың сапасыз киiмдерi басып алды. Басқасын айтпағанда ол адам денсаулығына қауiптi. Осы олқылықтың орнын тек сапалы өнiм шығаратын отандық кәсiпорындар толтыра алады. Қазiр оңтүстiк өңiрде отандық матадан дайын өнiм жасайтын кәсiпорындар көптеп ашылуда. Оңтүстiктегi тiгiн фабрикаларында тiгiлген киiмдер нарықты жаулай бастады. Мәселен, «Гаухар» тiгiн фабрикасының өнiмдерiне деген сұраныс жыл санап артып келедi. Тәуелсiздiктiң 20 жылдығына орай жуырда фабрика жанынан «Сабтекс» атты және бiр кәсiпорын ашылды. Ал қазiргi таңда «Оңтүстiк» арнайы экономикалық аймағында «АГФ групп» атты тiгiн фабрикасы мен қолданбалы материалдар өндiрiсiнiң цехы салынып жатыр. Бұл кәсiпорынның отандық текстиль үшiн маңызы ерекше болмақ.

– Айталық, бiр күртешенi тiгу үшiн көптеген материалдар қажет. Матадан бөлек оған резина, түрлi темiр бұйымдар, түймелер, басқа да қолданбалы материалдар бар. Осы бұйымдардың басым бөлiгiн шетелден, атап айтқанда Қытай, Ресей, Белоруссиядан алуға мәжбүрмiз. «Оңтүстiк» арнайы экономикалық аймағында құрылысы ендi басталған «АГФ групп» атты фабрика өзiмiзге қажеттi барлық қолданбалы материалдарды шығаратын болады. Сонда бiз ешкiмге тәуелдi болмастан, 100 пайыз қазақстандық өнiмдi шығаруға қол жеткiземiз, – дейдi «Гаухар» тiгiн фабрикасының директоры Әнипа Халбаева.

Мақта-тоқыма кластерiнiң бүгiнгi қадамдары –болашақ табыстардың бастамасы ғана. Бұл саланың отандық экономикаға берер пайдасы жылдан-жылға тек арта бермек. Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарында Қазақстан тек мақта өндiрушi ел болса, ендi елiмiз мақтаны өндiрумен қатар терең өңдеушi, дайын өнiм шығарушы алпауыт елге айналып келедi. Бұл Қазақстанның индустриялық дәрежесiн айқындайтын факторлардың бiрi болмақ. Қазiр мақта шаруашылығынан республикамыз жылына 250-300 миллион доллар пайда тауып отырса, мақта-тоқыма кластерi толық iске қосылған соң жыл сайын 1 миллиард доллардан астам қаржы түседi. Қазақ мақтасының ғана емес, мата өнiмдерiнiң де әлемдiк нарыққа шығуы – ел егемендiгiнiң жемiсi. Ал отандық мақта-тоқыма кластерi оңтүстiк өңiрiнiң ғана емес, елiмiздiң де өркендi дамуына ерекше серпiн берiп, экономикалық тәуелсiздiктi нығайтуға сүбелi үлес қосары сөзсiз.

Жандос НАУРЫЗБАЙҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары