ҚОҢЫР БӘТIҢКЕ

ҚОҢЫР БӘТIҢКЕ

ҚОҢЫР БӘТIҢКЕ
ашық дереккөзі

Белгiлi жазушы Берiк Шаханұлын 70 жасқа толған мерейтойымен құттықтай отырып, қаламгердiң ертеректе жарық көрген әңгiмесiн бүгiнгi оқырманға ұсынып отырмыз.

ҚАРАТАУДЫҢ терiскей қолтығында жатқан кең жазықта үш-төрт колхоз үпiр-шүпiр қатар қоныстанған. Соның бiрi “Жаңа жол“. Ауыл арасы жақын болған соң бiр-бiрiнен хабарлары қалыс болмайды. Той-томалақ, жиындарда мидай араласып, әңгiмелерi бiрге өрбидi. Тағдырлары ұқсас, әдет-ғұрып, салт-сана ұқсас, жұтқан ауа, iшкен су ортақ, әбден ағайын, жекжат-жұрат болып бауыр басып кеткен ел.

Сырт қараған кiсiге үлкен шаңырақтың астындағы бiр үйдiң балаларындай бөтендiгi жоқ осы ауылдардың өзара бәсеке, “бақастықтары да“ болмай тұрмайды. Колхоз-колхоздың палуаны күреске түсiп, аты бәйгеге қосыла қалды дегенше әрқайсысы өз ауылының сойылын соғып шыға келедi, әрине. Қай кезде де мәнәйi себеппен бас қоса қалса әрқайсысы өз ауылын көтермелеп сөйлегендi құп көрер едi. Соның бiрi Берденнiң әкесi Серәлi мен көршi ауылдың қойшысы Қазы.

Серәлiнiң қараша үйi “Жаңажолдың“ қоныстануының жанында. Жаз жайлауға осы ауылдың сыртындағы ебелектi даланы қоныс етiп отырған Қазы малын күнделiктi жайып келiп, “Жаңажолдың“ қасынан өтетiн оман арықтан суарады да жусатып тастап, түскi шайды Серәлiнiң үйiнен iшедi. Күн қайта малын өргiзiп, айдап кетедi. Күндегi әдетi осы. Өзiнiң бұл үймен жиендiк, жекжат-шатыстығы бар.

Қазы домаланған, қунақ қимылды, тығыншықтай қара шал. Қуақыланып, сөйлескен кiсiмен қажасып отырғанды тәуiр көредi. Қара сөзден тiрi жанға дес бермейтiн әкесi оны сан түрлi бұлың-бұлыңға салып, әжуалап, балаша ойнатады. Екеуiнiң сөзiн тыңдап жатып Берденнiң шексiлесi қата күледi. Әкесiнiң өзiндей кiсiнi ауызын аштырмай, әзiлдеп отырғызғанына мәз болып, масаттанады. Бiр кезде Қазы лажы таусылғандай мойынсұнып:

– Ой тiлiңе шоқ түскiр, Серәлi-ай, – деп жантая кетедi. Жантайып жатып та қарап қалмайды.

– Әй, бiздiң таудағы жылқышыларымыз биыл биеден құлынды көп алды. Сендердiң осы мына “Қарақоғадағы“ жылқыларыңның мәнiсi жоқ-ау онша, – дейдi насыбай шынысының түбiн керегенiң сағанасына тық-тық ұрып.

– Өй, азғантай жылқыны қойшы. Қозыдан да, бұзаудан да бiздiң ауыл озып тұрған тәрiздi ғой. Солай дептi ғой әнеукүнi ауданда жиналыста, –деп әкесi оған да есе бере қоймайды. – Керек десең Райкомыңның өзi бiздiң басқарманы шақырып, төрге шығарыпты ғой сол жиналыста.

Өстiп бiрде қызылкеңiрдектесiп қалып, бiрде: “мейлi айналып келгенде, бәрi осы өкiметтiң мүлкi ғой. Өкiмет те ешқайда әкетiп жатқан жоқ. Осының бәрi осы елдiң, осы өзiмiздiң игiлiгiмiз ғой“,– десiп мәмiлелесiп қойып, кеукеулесiп отырғандары.

Осындай күндердiң бiрiнде:

– Әй, ауылдарыңнан “керой“ шығып жатыр ғой, – дедi Қазы есегiнен түскен бойы үйге даудырлай кiрiп.

– Иә, сондай сөз естiдiк.

– Құтты болсын. Айтып отырса ол өзi “керой“ дегенiңнiң прауасы, тiптi, үлкен көрiнедi ғой.

– Солай дейдi. Бәйкен бейшараға Құдайдың берген абыройы шығар. Бала-шағасының несiбесi ғой.

Осы колхоздың Бәйкен деген қойшысына жоғарыдан “керой“ деген атақ берiлiптi деген, бүкiл ауылды дүрлiктiрген хабарды Берден де естiген. Елдiң бәрi кешелi берi “керой“ дегеннiң не екенiн әңгiмелеп тауыса алмай жүрген. Бұрын бұл төңiректе, бұл ауданда мұндай атақ алған жоқ екен. /Тап осы кезде осы ауылда Социалистiк Еңбек Ерi деген сөздi аузына алған және бiлген де кiсi шамалы болса керек. Бәрi “керой“ деп сөйлейтiн/.

Берден “керой“ болған Бәйкен мен колхоз бастығы Жақсылық екеуi жақын күнде облысқа жүредi екен. Жиналысқа шақырыпты. “Керойлығын“ да сонда бередi екен. Кеудесiне алтын жұлдыз тағады екен“– деп естiген.

– Әй, мына жалпақ басың озады-ей, – дедi Қазы. – Бұл айтып отырғаны “Жаңажолдың“ басқармасы Жақсылық. Ұстарамен тақырлап қырғызып жүретiн басының пошымына ғана қарап емес, аспайтын-саспайтын сабырлы жүрiсiне, бiртоға, тұйық мiнезiне, маңдайын сипап қойып, ойлана сөйлейтiн әдетiне қарап жұрт осылай атап кеткен сияқты. Әйтеуiр оны сыртынан әңгiмелегенде елдiң көбi әлгi атымен атайтын.

– Еңбегi де, жазғанның. Тынбайды ғой. Заты адал жiгiт өзiнiң, – дедi әкесi басқарма жiгiттi мақтап.

– Оған да үлкен абырой ғой.

– Е-е, не дегенiң. Колхоздың бастығы сол емес пе! Өкiмет те көрiп отырған шығар.

Ендiгi әңгiме Жақсылық төңiрегiнде болып кетедi.

* * *

ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ екi ұлы бар. Бiрi ересек, он үш-он төртке келiп қалған. Екiншiсi Берденмен бiрге үшiншi класта оқиды. Нәтi жуас Жақсылық балаларына келгенде салқындау. Көп еркелетпейдi. Олардың бар үйдiң баласындай болып шолжаңдап жүргенiн көре қоймайсың. Ардың-гүрдiң парықсыздау үлкен ұлын әкесi қырына көбiрек алады. Бiрде жұмысты тастап, қашып келген екi-үш ересек баланы Жақсылық қозы көш жердегi қырманға дейiн атпен қуып барған жәйiтi бар. Сонда, әсiресе өз баласын көбiрек нықыртқан көрiнедi. Осыны естiген жұрт:

– Жаратылысы момын болғанымен дiнi қатты жiгiт өзiнiң. Өз баласын да аямағаны ғой.

– Ой, ашуы келсе дүлейлiгi бар.

– Өзiнiң ендi бар ықыласы колхоздың шаруасына ауған.

– Әй, сөйтпегенде қайтедi. Осыны басқар деп өзiне сенiп тапсырып отырған соң…– десiп, оның тiрлiгiн шет көрмеген сыңайда бiраз әңгiме етiскен.

Шынында да жайшылықта мейiрiмдi, кiсiге зәрi жоқ Жақсылықтың кейде осылай табан астында ұстай қалатын қаталдығы да бар едi.

“Жаңажолдың“ балалары ауылдан едәуiр қашықтағы мектепке қатынасып оқитын. Күзгi науқандық, шаруашылық жұмыстары саябырлаған соң қысқа қарай колхоз балаларын мектепке алып барып, алып қайтуға ат арба бөледi. Бiрде бұлар қыста мектептен қайтып келе жатқанда қар аралас жаңбыр жауып тұрды. Үшiншi класс таңертеңгiлiк оқитын. Мезгiл түс кезi едi. Езiлiп түсiп кеткен қара жолда қиқалақтап әрең жылжып келе жатқан арбаның арықтан өте бергенде артқы бiр доңғалағы шығып кетiп, батпақта қалып қойды. Бiр жағына қиқаң етiп, жантая берген қалдайдың iшiндегi балалар бөрi тигендей шу ете түстi.

Арба ендi жүруге жарамайтын болған соң малшынып, толарсақтап, бұлар ауылға қарай жаяу тартты. Күндегiдей бiр-бiрiмен алысып-жұлысып ойнап, абыр-сабыр қайтқан күй жоқ, мықшыңдап өздi-өзiмен болып келе жатқан балалар арт жақтарынан ат пысқырғанда жалт қарасқан. Сөйтсе Жақсылық екен. Құмдағы малға барып қайтқан бетi болса керек. Астындағы ұзын жал, астау жон, кер аттың құлақ, мойын түбi, омырауы сора-сора тер, бауыры сауырына дейiн қара батпақ, кең танауынан бу атып талтаңдай аяңдап келедi. Жақсылықтың кiшi ұлы да Берденмен бiрге-тiн. Сол аттылыны көрген бойда:

– О! Көкем келедi, көкем! – деп қуана айқайлап жiбердi. – Алақай, ауылға ендi атқа мiнiп барамын, алақай, – деп масаттанып, өзге балаларға қыр көрсеткендей қораздана қарап та қалған. Бiрақ бұларға таянып келген әкесi оның сөзiне онша құлақ аса қоймай, өзiне де еркелеткен қабақ танытпай:

–Ой, оқушылар, оқу қалай? Дәу жiгiт болып жатырсыңдар ма? Өй, азаматтар. Не, арбаларың сынып қалды ма?, – деп балалардың бәрiне бiрдей мейiрлене көз салды.

– Сәлематсыз ба?

– Сәлематсыз ба?

Бұлар жапа-тармағай келiп, ат үстiндегi кiсiге қол берiп сәлемдесiп жатыр.

– Иә, арбамыз сынып қалды. Көке, менi мiнгiзiп ала кетiңiзшi, жаураймын, – дедi баласы қиқаңдап, еркелеп қасына таянып.

– Өй, не дейдi мынау, өзiңнен кiшi ана балалар құрлы жоқсың ба? – дедi әкесi бiрiншi класта оқитын екi-үш оқушыны нұсқап көрсетiп. – Қарашы олар да жаурамаған. Сен үлкен емессiң бе?

Мына көпшiлiктiң алдында әкесiне дегенiн iстеткiсi келгендей бала өз райынан қайта қоймай:

– Көке… – деп тағы қиқақтап келе жатыр едi.

– Тәйт! – деп тиып тастады түсiн суытып. – Анау өзiңнен кiшкентай балалардан ұялмайсың ба? Олар да келе жатыр ғой. Қайта арық-атыздан өтерде кiтаптарын көтерiсiп, көмектесiңдер оларға. Бiрге келiңдер…

Жақсылық кер атты бауырға бiр тартып:

– Шүу, – деп жөнеле бердi. Баласы әрi қызарақтап, әрi әкесiнiң елемей тастап кеткенiне өкпелгендей томсарып, бiразға дейiн ешкiммен сөйлеспей қойды.

* * *

ШЕКТЕН шыққан кер ауыз, кесепат болмағанымен Жақсылықтың әйелi Үкiштiң бiр кiсiдей мiнезi, тiлi бар. Кей-кейде бажырайып бетiне қарап айтпағанымен үй айнала, не қазан аяқты сылдырата жүрiп, күңкiлдеп, Жақсылықты кiнәләй сөйлейтiн кездерi де болады.

– Бұл үйдiң тiршiлiгiмен мұның iсi шамалы. Не бар, не жоқ, аш отырсың ба, тоқ отырсың ба – бұған бәрi бiр. Тек өкiметтiң жұмысы бiтсе болды. Колхоздың шаруасынан басқа ойы жоқ. Мәңгiрiп қалған бұл.

Әйелiнiң мұндай әш-пүш әңгiмесiн естiп отырса да елемейдi. Сонан соң ол бiраз күңкiлдеп барып басылады.

– Әй, ана әкеңе айт, шайын iшсiн, –дейдi бiр кезде балаларына, бәрi бiр бөлмеде отырса да тап бiр алыстан сәлем жолдағандай.

Үй iшi үпiр-шүпiр дастархан төңiрегiне жиналған соң әйелi ендi жаңағы райынан қайтып, жайлап отырып, арыз еткендей от басы, отын-судың әңгiмесiн қайта бастайды.

Отынның азайғанын айтады.

– Жарайды, бригадирге айтайын, жақын жерден, Шоқаттан бiр арба жыңғыл түсiрiп берсiн. Көктемге дейiн жетiп қалар сол. Сексеуiлге құм алыс, әрi баратын кiсiнiң ретi де жоқ.

Балалардың ержетiп қалғанын, бұлардың да бұрынғыдай емес киiм таңдап, үстерiне қарағысы келетiнiн, қазiр керек десе бiр-бiр сыпыра жаздық киiмдерi де жоқ екенiн, ертең ендi көктем шығып, күн жылт ете қалса, “не киемiз“ деп әлi әлек салатынын айтады.

– Өй, бұл иттерге киiм не керек. Бала деген не болса соны киiп, шауып жүре бермей ме. Бойжетiп отырған қыз емес, – деп әкесi күлiп әңгiменi қалжыңға қарай бұрды.

– Қойшы әрi. Бұған бiр шаруа айтып отырса мазақ еткендей қылжақтағаны несi. – Әйелi шамданғандай ренжiп қалады.

– Жарайды ендi, – дейдi бұл да сабырлы күйге түсiп. – Бiр лажын жасармыз. Жазға дейiн уақыт бар ғой. Дендерi сау болса киiм табылар.

Сонан соң әйелi бұл үй өткен жаздағыдай биыл да ақсыз отырар ма екен деген уайымын бiлдiредi.

– Сиыр пермеңе айтып қойсайшы. Көктем шыға ерте туған сиырларының бiрiн сауынға бере тұрсын. Шiлдеде мына балалар ақсырайды ғой. Бастық деген атың бар емес пе, бiр сиырдың сүтiндей еңбегiң жоқ па осы. –Күйеуiн қайрай түсiп, қыжылына тие сөйлейдi ендi.

Бұл әңгiменiң тұсында Жақсылық тиянақты еш нәрсе айтпай ойланып қалады.

– Оны ендi қайдам. Биыл колхозда сүттiң планы қалай болады, – дейдi төмен қарап, төңкерулi шай кесесiн айналдыра дөңгелеткен қалпы, қиналғандай үнмен.

– Әй, сол планың бiр сиырдың сүтiне қарап қалған жоқ шығар. Осы өз үйiңнiң шаруасына келгенде төмен қарай қалатының не осы сенiң. Мен төркiнiме сауып берейiн деп отырмын ба?

– Мәселе бiр сиырда ғана болып тұрған жоқ қой, – дейдi Жақсылық жуаси, әйелiнiң уәждi сөзiн терiске шығара алмай. – Осында ауыру-сырқау, кемтар кiсiлер бар. Тiптi жас балалары бар көп үйлер бар. Соларға да сауынға сиыр бөлiп бере алмай отырмыз. Сұраушы көп. Айтса қайсынiкi де орынды. Бiрақ колхоздың сауын сиырларын үйдi-үйге бөлiп, таратып жiбере аламын ба? Заңға сыймайды ғой. – Жақсылық қынжыла сөйлейдi. – Ал осындай жағдайда мен елден ала бөтен үйiме сиыр айдап келiп, сауып отырсам, жұрт не дейдi. Елден ыңғайсыз емес пе? Көппен бiрге көремiз де.

Ендi тықақтай берсе күйеуiнiң ашуланып, ренжiп қаларын сезген әйелi.

– Қайдам, өзiң бiлерсiң, ендi, – деп монтансыйды.

Оның да көңiлiн қалдырғысы келмеген Жақсылық:

– Ретi қалай болар екен, уақытысында көрермiз, – дейдi. –Елдiң несiбесiне қарап, сәтi түсiп, сиырлар көп бұзаулап берсе, сүт жоспарынан шығатындай орайы келiп жатса, мұқтаж елдiң бiразына сауын беру ойда бар.

* * *

ЖАҚСЫЛЫҚ Серәлiмен жамағайын. Үй iштерi жақын араласып тұрады. Өзi де ара-тұра кiрiп-шығып, әкесiмен әңгiмелесiп, ел iшiнiң келiм-кетiм шаруасы, кейде, тiптi колхоздың науқандық жұмысының жайы туралы да ақыл салып отырады.

Бiрде кешкi салым бұлардың үйiне Жақсылықтың әйелi келдi.

– Үкiш-ау, апақ-сапақта неғылып жүрсiң, жай ма? – дедi Берденнiң шешесi.

– Жәй ғой, жеңеше.

Малды кешкi жайылымға ауыл алдындағы жазыққа салып, есiктен көз жүгiртiп қойып, әр жер, әр жерi тарқатылып кеткен ескi жүгенiн қайта өрiп үйде отырған әкесi:

– Жақсылық ауылда ма? –деп сұрады.

– Ауылда, көке.

– Облысқа жиналысқа барады деп едi, әлi кеткен жоқ па?

– Ертең азанда жүрмек.

– Бәйкен де бiрге бара ма екен?

– Солай дейдi ғой.

– Е-е…– дедi әкесi хабарға қаныққандай. – Ал өзiң жай жүрсiң бе?

–Көке, ана iнiңiздiң сол облысқа киiп баруға жарайтын дұрыс аяқ киiмi де жоқ екен. Сiздiң аяғыңыздан былтыр бiр тәуiр бәтiңке көрген екен, “Секең соны сонан кейiн киген жоқ тәрiздi едi. Сандығында жатқан шығар. Сұрап әкеп бершi, жиналысқа киiп барып қайтайын“,– деп жұмсап жiбердi.

– Е, бар ғой, жатқан шығар. Әй, тауып бер, – дедi әйелiне.

– Ой, салақ қой, салақ. Керек десе бiр басына да қарамайды ғой, – деп қынжылды Үкiш әрi өзiнiң бұл келiсiне ақталғандай күйеуiн кiнәлай сөйлеп. – Осы онда-мұнда бармай тұрмайды. Сонда көңiл бөлiп не өзiне, не балаларға керек әлгiндей киiм-кешек, зәру заттарды ескерiп ала келейiн демейдi ғой.

– Ой, шырағым-ай, соны ескергiсi келмейдi дейсiң бе. Қолы тимейдi ғой. Бұрылуға шамасы жоқ қой. Үйде отырып бiлмейсiңдер. Бұл колхоздың шаруасы деген, бай-бо-ой, ұшы-қиыры бар ма мұның, – деп әкесi Жақсылықты ақтай сөйледi. – Ауданға бара қалса да соның жұмысымен бiреуге кiредi, бiреуге жолығады. Кеңсе-кеңсенi кезiп жүргенде есiнен шығып кетедi де.

Сонан соң Серәлi кемпiрiне қарады:

– Әй, тауып бер, жылдамырақ.

– Қазiр, қазiр, – деп әйелi орнынан тұрды.

* * *

ОСЫДАН жаяу кiсiге екi-үш күндiк жердегi “Кендiсайда“ “Жаңажолдықтардың“ бiрiнiң туысы, бiрiнiң жекжаты дегендей көп ағайындары тұрады. “Кендiсай“ рудник деп аталғанымен мұндағылар үшiн “зауытты“ үлкен жер. “Кендiсайдан“ қорғасын шығады. Темiржол барады. Дүкендерi бай, не керектiң бәрi табылады. Бұл жақтан барып қайтушылар сирек болғанымен жаз шыға ол жақтан келушiлер аз емес. Демалысқа шыққан шахтерлер кей жылдары бала-шағасымен, кей жылдары салт келiп, мұндағы ағайындарына аунап-қунап жатып кетедi. Солардың бiр көп келетiн жерi осы Серәлiнiң үйi.

Қазiр мына Үкiш сұрап келiп отырған қоңыр бәтiңкенi “Кендiсайда“ тұратын, туыстығы жақын, шахтер жiгiт бұрнағы жылы Серәлiге тарту етiп алып келген. Мұның үйi қайтарында әлгi жiгiттiң қоржынының екi басына майы алынбаған құрт, iрiмшiк толтырып, астындағы есегiнiң мойнына бiр лақты ешкiнi қосақтап байлап ризалықпен шығарып салған. Ал бәтiңке сонан берi сандықта сақтаулы. Оны әкесiнiң бiр-ақ рет Май мейрамында аудан орталығында болған салтанатқа киiп барғаны есiнде. Келген соң бәтеңкенiң шаңын сүртiп айналдыра қарап отырып:

–Заты зат-ақ. Былғарысы не деген қалың. Солдат ердiң қапталында осындай былғарылар болушы едi. Өзiн, бәлемдi, тасқа салсаңда тырп етпейтiндей етiп мықтап тiккен екен. Әй, өкiметтiң iсi – iс-ау, шiркiн, не деген шебер, қалай-қалай қиюластырып тiккен, – деп сүйсiне әңгiмелегенiн естiген. Әкесi сөйтiп отырды да бәтеңкенi бауынан мықтап байластырып, қазан-аяқ жақта жүрген шешесiне қарай лақтырып жiбердi.

– Әй, салып қоя сал. Дегенiмен өзi киiп жүруге қаттылау ма, қалай, аяқты ауыртады екен, – дедi шұлғаудың қырыс-тырысы батып, теңбiл-теңбiл болып бүрiсiп қалған башайларын уқалай түсiп. /Ол кезде ауылдық жерде носки деген бола бермейтiн. Бәтiңкенi де шұлғаумен кие салатын/. Үнемi қыста киiз байпақ етiк, жазда жарғақ шоқайға үйренген аяқтың, әрине, әлi кию көрмей сықиған, табандығы бiр елi, қалың былғары бәтiңкенi тосырқауы заңды да едi. Әкесi тап қазiргi сәтте ол жағын байыптай қойды ма, әлде жылт етер заттың өңi түспей тұра берсiн дедi ме, ендi оны кимейтiн ыңғай танытты.

Әттең Берденнiң аяғына үлкен, әйтпесе, сұрап киiп-ақ алар едi. Ол былғарысының бояуы жылт-жылт етiп, көздiң жауын алған, өкшесi биiк, табаны қалың, бұзау тұмсық қоңыр бәтiңкеге қызыға қарады.Бiр ғажайыптың күшiмен аяғына шап-шақ бола қалса деп қиялдады. Сонда қоңыр бәтiңкенi киiп сықиып тұрған “Қызыл Ту“ бастауыш мектебiнiң оқушысы Берден Серәлиевтi көз алдына елестетiп көрдi. Көңiлi бiр түрлi көтерiлiп қалды. Әттең не керек, тек арман ғой. Ал қазiр оның ауылы алыста.

Берден кей-кейде, оңаша қалғанда кебеженiң құлпын, өзi бiлетiн әдiспен, шегемен түртiп ашып, түбiнде жатқан қоңыр бәтiңкенi алып, өлшеп киiп, байқап қояды. Әзiр жуықтайтын емес. Тап мұның ынтазар көңiлiне ерегескендей аяғы тiптi, өспей қойды. Бәтшағар, кiсiнiң аяғы осы шашы тәрiздi неге тез-тез өспейдi екен. Әкесiнiң жүзi қырғыштай ескi ұстарасымен құйқасын удай ашытып отырып, тап-тақыр етiп қырып бергенiне сәл уақыт өте ме, өтпей ме Рысжан апайдың:

–Шашың қауғадай болып кетiптi ғой, неге алдырмайсың, – деп самайын тартқылап тұрғаны.

* * *

ЖАҚСЫЛЫҚ қоңыр бәтiңкенi сол мейрамда әкесiнiң аяғынан көрген болуы керек.

–Үкiш-ау, –дедi әкесi бәтiңкенi ұстап, үйден шығып бара жатқан әйелге дауыстап. – Жақсылыққа айт, онда-мұнда жүрiп тұрады ғой. Сол-ақ кие берсiн, қайтып бермей-ақ. Мен қайда барып жатырмын. Барған күнде маған ешкiм бәтiңкең жоқ демес.

–Айтайын, көке, жарайды, – дедi Үкiш қошуақ көңiлмен.

Сонан апта өткен соң Үкiш қоңыр бәтiңкенi алып қайтып келдi.

–Көке-ау, ол кiсiнiң затын бойына сiңiрушi ме едi. “Қаладан өзiме бәтiңке сатып алдым. Апарып берiп рахмет айтып кел“,– деп берiп жiбердi.

Үкiш кеткен соң Серәлi өзiмен-өзi ойлаған күйде:

– Негiзi пейiл-құны түзу өзiнiң. Дүниеге қызықпайды. Онысы дұрыс қой. Дүниесi түскiр бұзады ғой кiсiнi. Ниетi жақсы. Пейiлiне берер жазғанның, – деп әңгiмелеп отырды.

* * *

ЕЛУIНШI жылдардың басында “Жаңажол“ аудандағы жиырмашақты шаруашылықтың iшiнде бiрiншi рет “Миллионер колхоз“ атанды. Бiрнеше малшысы кеудесiне алтын жұлдыз тақты.

Жақында ауыл жақтан келген таныс кiсi осы колхоздың қазiргi бастығының бiр басында екi жекеменшiк жеңiл машина екi үй барын әңгiмелеп отырғанда неге екенi белгiсiз Берденнiң ойына сол бiр қоңыр бәтiңке хикаясы оралып, көпке дейiн көңiлiнен кетпей қойды.