ҮШ МЫСАЛ, БIР ТҮЙIН

ҮШ МЫСАЛ, БIР ТҮЙIН

ҮШ МЫСАЛ, БIР  ТҮЙIН
ашық дереккөзі
210

ДАНА халық. «Нан болса – ән де болады», – дейдi. Соңғы екi жылда Қазақстан диқаншылары мол астық алды. Әсiресе биылғы жылы 16,7 миллион гектар жерден 24,5 миллион тонна астық жинадық. Бұл елiмiзде бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткiш. Бұған диқандар агротехникалық шараларды дұрыс қолдануымен, жауын-шашынның мол болуымен қол жеткiздi. Ендi бас ауыртқан басты мәселе солардың iшкi қажеттiлiгiн сақтау мен қалғанын экспортқа шығару. Үкiмет басшыларының айтуына қарағанда, iшкi қажеттiлiкке 6 миллион тонна астық керек екен. Экспортқа 7 миллион тоннасын шығару жоспарланып отыр. Бiздiң астыққа негiзiнен Қытай, Тәжiкстан, Түркiменстан, Ауғанстан, Беларуссия, Қырғызстан елдерiнен сұраныстар бар. Бiрақ соларға дер кезiнде жеткiзiп беру қиынға түсiп отыр. Неге? Тасымалдық вагондар саны жетiспейдi. Үкiмет көршi Ресейден 534 вагонды жалға сұрап отыр. Алайда биылғы жылы оларда да астық шығымы мол болғандықтан, үкiметi сол вагондарды өз уақытында бере алмайтындарын мәлiмдедi. Бiздегi элеваторлардың жиналған астықты толық сақтауға мүмкiндiгi жоқ болғандықтан Қайта өңдеу ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары екi қабатты полиэтилен iшiнде сақтауды ұсынып отыр. Оның үстiне бұл өте арзанға түсетiн көрiнедi. Дегенмен күдiк те бар. Астықты өлкенiң қысы қатал, алапат бораны жиi-жиi соғатыны баршаға мәлiм. Кейде суық елу градусқа дейiн төмендейдi. Сол кезде полиэтилен төтеп бере алады ма? Гәп сонда.

Жалпы бiздiң республика Орта Азияда ежелден үлкен астықты елге жатады. Байлығымыздың бiр саласы да осы астықта екенiн баршамыз жақсы бiлемiз. Талай жылдардан берi алыс-жақын шет елдерге экспорттап та жүрмiз. Астық тасымалдайтын вагондар саны жетiспейтiндiгi де сол жылдардан берi белгiлi болды ғой. Сонда Үкiметтiң вагон шығаратын зауыт салуды неге ерте бастан қолға алмағанына кiм-кiмнiң де таңы бар. Сасқаннан ба, жоқ әлде астық сақтау төңiрегiндегi айқай-шудан уақытша болса да құтылғысы келдi ме, Үкiмет 20 миллион тонна астықты сақтай аламыз дейдi. Сақтай алса құба-құп. Алайда ауылшаруашылығын өркендетуге көп еңбек сiңiрген академик Рақымжан Елешев бұған күмәнмен қарайды.

«20 милион тонна астық сақтайтын элеватор бiздiң елiмiзде жоқ. Ол – өтiрiк! Егер мұндай көлемдегi астықты сақтай алатын болсақ, онда ар жағындағы 4–5 миллион тонна көп емес. Бiр ретiн тауып оны да сақтауға болады. Бүгiнгi таңда элеваторлардың бәрi жеке меншiкке берiлген. Сол жеке меншiк элеваторлардың басында қазақтар емес, өзге ұлттың адамдары отыр. Саудагершiлiк деген сол жерден басталады. Сондықтан биылғы жылдан бiрдеме етiп шығармыз. Ал келесi жылы тағы мол астық алатын болсақ, болашақта мемлекет элеваторларды өзiне қайтарып алуы керек. Кезi келгенде балабақшаларды да қайтарып алдық қой. Мiне, сол сияқты. Элеватор мемлекеттiң қолында болуы тиiс! Осы жерде мән беретiн басты мәселе – элеваторлардың астыққа толып тұрғанына менiң күмәнiм бар. Элеваторлар астық магнаттарының астығын бiрiншi кезекте қабылдайды. Ал ауылдағы қарапайым диқандар ол элеваторға өткiзе алмайды. Сөйтiп олардың арасына делдалдар түседi де, екi ортада пайданы көретiн солар. Элеватор иелерi қарапайым диқандарға ылғалдылығы жетпейтiнiн, тағы басқа да неше түрлi сылтаулар айтып, бидайын қабылдамайды. Олардың қитұрқы мақсаты қалайда бидайдың құнын түсiру. Сондықтан жәй шаруашылықтарға элеватордан орын жоқ. Өкiнiшке қарай, бiздегi элеваторлар магнаттардың элеваторлары болып тұр».

Мiне, мәселе қайда жатыр. Бұрын жiберген қателiктердi нақты өмiр, нақты жағдай осылай көрсетуде. Ала жаздай маңдай терiн төккен қарапайым диқандар ендi астықтарын қайда сақтайды?! Олар өздiктерiнен экспорттай да алмайтыны бесенеден белгiлi жәй. Сонда әлгiлердiң дегендерiне амалсыздан көнiп, өнiмдерiнiң бағасын түсiрмегенде қайтсiн. Ал Үкiмет осы келеңсiздiктi бiлмей отыр дейсiз бе? Бiлгенде қандай!

Х Х Х

ҮСТIМIЗДЕГI жылдың басында Алматы мен Астана қалаларында Азия құрлығының Ақ Азиада атымен қысқы спорттық жарыстары өткенiн жұрт жақсы бiледi. Айтулы жарыстың Қазақстан жерiнде өткенi жәйден-жәй емес. Бұған елiмiз үлкен дайындықпен келдi. Ең бастысы, барлық жарыс түрлерiнен бiздiң спортшылар үздiк көрсеткiштерге қол жеткiзiп, Қытай, Жапония, Оңтүстiк Корея сияқты алпауыт елдердiң командаларын артқа тастап, ең жоғары орынды иемдендi. Өткен тамыз айының соңында Алматы трамплинiнде тұңғыш рет шаңғымен тұғырдан секiруден Әлем кубогының жазғы кезеңi өттi. Жарысты әлемнiң 16 елi телеарналарынан көрсеттi. Ендiгi мақсат 2017 жылғы Қысқы Универсиадаға қол жеткiзу.

Ақ Азиадаға бiздiң ел жаңа спорттық кешендерiмен келдi. Солардың бiрi әрi бiрегейi – Қос трамплиндi шаңғымен секiру тұғыры. Бұл кешен Алматыдағы Ремизовка шатқалының қия жотасына орналасқан. Халықаралық стандарт талаптарына сай жасалынған кешен, архитектуралық сәнiмен алыстан көз тартады. Кезiнде Ақ Азиядаға қатысушылар ақпарат құралдары арқылы мұндай трамплиннiң ең дамыған елдердiң өзiнде де сирек кездесетiнiн тамсана айтқандарын ақпарат құралдарынан әлем халықтары естiген болатын. Тiптен iргемiздегi көршiнiң «Российская газета» басылымы әрi таңданып, әрi қызғаныш бiлдiре жазған едi. «Алматы тұғырлы қала. Көк тiреген Көктөбедей мұнарасы бар және аспанмен таласқан зәулiм ғимараттары қалаға шырай берiп, еңсесiн биiк етiп көрсетуде. Ақ Азиаданың құрметiне Ремизовка шатқалында қатар бой түзеген қос трамплин кешенi әлем назарын өзiне тез аударды. Алматыдағы жаңадан салынған трамплин кешендерiне қарап, мұндай үлгiдегi спорт нысандарының Ресейде ендi ғана салынып жатқанына қатты қынжылдық. Әзiрге тек Төменгi Новгород қаласындағы трамплин мен Сочидегi Олимпиадаға арнап салынып жатқан кешендер ғана Алматыдағы қос трамплинмен иық тiрестiре алады. Ресей спортшыларының өзi бүгiнде жаттығу өткiзетiн осындай спорт кешенiн таппай, Алматыға иек артып жүр.

2006 мен 2014 жылғы Қысқы Олимпиада өткiзуге таласқан қалалардың қатарында Алматы да болды. Сонда, Алматы қаласы Сочи, Пхенчхан және Зальсбург қалаларынан кейiнгi 4-шi орынды иеленген едi. Егер Алматы қаласы дәл қазiргi салынған спорт кешендерiмен бәсекеге түсетiн болса, жуық арада Олимпиада отанына айналуы мүмкiн». Лайым айтқаны келсiн.

Ресейде шаңғымен секiру трамплиндерi жоқ емес, бар. Әрi олардың саны аз да емес. Бiрақ, әлгi айтқан Төменгi Новгород қаласындағы ең күштi деген трамплиннiң өзi де халықаралық стандартқа келе бермейдi. Қазiр бұл кешен күрделi жөндеуден өтiп жатыр. Сондықтан Ресейдiң шаңғымен трамплиннен секiру федерациясының басшылары жаттығуларын Алматы трамплинiнде өткiзудi жөн көрiп отыр. Өйткенi Еуропаның спорт кешендерiн жалға алғандары үшiн өте көп мөлшерде ақша сұрайды. Ал бiздiң трамплин олардан бiр мысқал да кем болмаса да, бұрынғы ағайынгершiлiкпен арзандау бағаға жалға бердiк.

Алматыдағы бұл спорт кешенi – Тәуелсiздiгiмiздiң жемiсi. Бұл кешен өмiрге әлi талай рекордтар алып келетiнi айқын. Сол рекорд жасаушылардың арасында өзiмiздiң ұлт өкiлдерiнiң шаңғымен секiрушiлерi де биiкте қалықтап, алысқа ұшып, жарқырап көрiнерi анық.

Х Х Х

ҒЫЛЫМҒА тағы бiр жаңалық келдi. Акмеология ғылымдарының академигi Сайлыбай Бекболатов ұзақ жылғы iзденiстерден соң өмiрге «Мәңгi қазақ календарын» алып келдi. Әр елдiң өз календары болғандықтан күнi бүгiнге дейiн бұл мәселе ортақ бiр шешiмге келмеген. Мысалы, араб елдерi бiр жылда 354–355 күн бар десе, еуропалықтар Григорян күнтiзбесiн негiзге алып, 365 күнге есептеп келедi. Ал Израйльде бiр жылды 353, 354, 355, 383, 384, 385 күнге теңейдi. Дүние жүзiне ортақ күнтiзбе жоғы осыдан-ақ көрiнiс табуда. 1923 жылы Женевада күнтiзбеге байланысты құрылған Халықаралық комитет осы мәселе бойынша түскен 400-дей жоба ұсынысты талқыға салып, бiрде-бiреуiне басымдық бермеген екен. Яғни әлемге ортақ күнтiзбе деп таппаған. Сайлыбай Бекболатов өзi жасаған күнтiзбе жылды 12 емес, 13 аймен есептеген тиiмдi екенiн дәлелдеп шыққан. Оның бұл ашқан жаңалығына жуырда ҚР Әдiлет министрлiгi Зияткерлiк меншiк құқығы комитетiнiң Ұлттық зияткерлiк меншiк институты республикалық мемлекеттiк қазыналық кәсiпорнының «Күнтiзбенi жасау тәсiлi» тақырыбында №24785 патентi берiлдi. Ол өз жаңалығын былай деп түсiндiредi.

«Жаңа жыл – көктемгi күн мен түннiң теңесуiнiң шарықтау шегiнен, Күннiң аспан экваторын қиып өткен кезде, оңтүстiк жарты өрiстiң солтүстiкке қарай ауысуы мен оның координаталық ортасы 0 градусқа тең болған уақыттан басталады. Аспан өрiсiндегi осы бiр нүкте нөлдiк сипатта таңдалып, тура өрлеуiн есептейдi. Жердiң календарлық жолы да, тәулiк есебi де осы нүктеден басталады. Жер шарына сызылған меридиан сызықтар Күнге де сәйкес келедi. Демек, меридианды Күнге де, аспанға да, Жерге де сызуға болады. Жер 365 рет өз өсiн және Күндi айналғанда қайтадан осы ұзақтыққа оралады. Ол нүкте Наурыз айындағы күн мен түннiң теңелген уақытына дәлме-дәл келедi. Сондықтан бiр жылда Жердiң өз өсiнде 365 рет айналғандағы тәулiк санынан басқа сан жоқ.. Демек негiзгi өлшем – тәулiк. Тәулiк – Жердiң өз өсiнде бiр рет айналған уақыты. Әлем бойынша қабылданған заңдылық бар. Ол: «Основой единицы времени являются сутки». Менiң айтпағым дүниежүзiлiк календарь бiрiңғай белдiк уақыт пен бастапқы бiрiңғай меридиан сызықтарын ескермегендiктен, бүгiнгi келелi мәселеге душар болып отыр. 1884 жылы Вашингтонда қабылданған белдiк уақыты, яғни бастапқы және нөлдiк меридиан – Англияның Гринвич обсерваториясы арқылы өтетiн меридианнан бастауды жөн деп тапқан солар едi. Бiрақ олар мұны календарь мәселесiне келгенде есепке алмаған. Жерге сызылған 24 меридианның қосындысы бiр тәулiкте 24 сағатты құрайтынын да ескермеген. Жердi 24 меридиан сызықтарын бөлгендегi Гринвичтiң Англия обсерваториясындағы жөнелту нүктесi (отправная точка) әрдайым – нөл болады да тұрады. Сонымен, 0+1+2+3+ … +23=24 сағат. Демек, «0»-дiң өзi 1 сағатқа тең. Әрбiр есептiң «0»-ден басталатыны соқырға таяқ ұстатқанмен бiрдей.

Нөл саны – бүкiл сандардың негiзi ретiнде, басқа қандай да бөлiнбейтiн өлшемге жататын күштiң бiрегей құрылымның жекелеген негiзгi түсiнiгiн бiлдiредi. Сондықтан әр жылдың бiрiншi айы, нөлдiк нүктеден басталып саналады да 29 (0,1,2,3… 28=29) тәулiкке тиесiлi. Ал қалған 12 айы 28 (1,2,3… 28=28) тәулiктен тұрады. Әрбiр сан нөлден бастап, әр айда аптаның бiр тәулiгiне сәйкес келедi. Тәулiктiк уақыт 0-ден 24 сағатқа дейiн өлшенiп, нәтижесiнде 86400 секундты құрайды. Жер бетiндегi күн мен түннiң ауысуы 24 сағат көлемiнде өтедi. Жердiң өз өсiмен айналу уақыты анықтаудың негiзi болып табылады»

Сайлыбай Бекболатов: «Алла ештеңеден қателеспеген. Жаратылыстың бәрiн нақты есеппен жаратқан. Тек адамның ақыл-ойы әзiрге сол тылсым дүниенiң нақты шешiмiн таппай келдi. Мен жасаған календарьды БҰҰ ерте ме, кеш пе қабылдайды. Өйткенi бүкiл адамзатқа керегi ортақ календарь. Ғылыммен дәлелденген календарь ғана, сол жөнiндегi нақты шындық қана мәңгiлiк өмiр сүре алады»,– дейдi.

Қандай жаңалыққа да уақыт төрешi. Ғалымның бұл жаңалығын халықаралық ұйым қалай қабылдайды. Гәп сонда. Егер оның бұл жаңалығы халықаралық сарапшылар тарапынан мойындалып жатса, тек ғалымның мерейi ғана өсiп қоймай қазақ ұлты үшiн де зор мақтаныш болар едi.

P.S. Академик Рақымжан Елешев астық сақтайтын элеваторлар жекеменшiктердiң қолында екенiн және көбiне қазақтан басқа ұлт өкiлдерi иелiк етiп, өз пайдалары үшiн саудагерлiк жасап жүргенiн айтты. Ғалымның айтуынша, олар тек астық магнаттарының өнiмдерiн ғана қабылдап, қарапайым диқан астығының бағасын түсiру үшiн әртүрлi сылтаулармен алмайды екен.Халықаралық сарапшылар Алматыдағы шаңғымен секiру трамплинi әлемдегi осындай кешендердiң iшiнен жоғары орындардың бiрiнде тұрғанын мойындап отыр. Қазiр мұнда осы спорт түрiнен әлемдiк жарыстар өтуде. Бұл – Тәуелсiздiктiң жемiсi.

Акмеология ғылымдарының академигi Сайлыбай Бекболатов өзi ашқан «Мәңгi қазақ календарын» БҰҰ ерте ме, кеш пе мойындайтын болады дейдi.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары