МЕМЛЕКЕТТIҢ НЕГIЗI МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛДЕ

МЕМЛЕКЕТТIҢ НЕГIЗI МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛДЕ

МЕМЛЕКЕТТIҢ НЕГIЗI МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛДЕ
ашық дереккөзі
220

Қазақ Елi тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығында Қазақстан халқын бiрiктiретiн бiртұтас мемлекеттiк идеологияның болмауы – халықты, мемлекеттiң дамуын тұйыққа тiреп отыр. Соңғы екi ай көлемiнде тiл мен дiн төңiрегiнде көтерiлiп жатқан дау-дамай күн өткен сайын өткiр сипат алып барады. Ақорда төңiрегiндегi саясаткерлер мен тәуелсiз сарапшылар, оппозиционерлер бұл мәселеде өз ойын бiлдiрiп қалуға тырысуда. Бiрақ байқағанымыз – Қазақстан элитасының басын көпшiлiгi қазақ тiлiн мiнберге шығаруға қарсы. Олар үшiн қазақ тiлiнiң қазiргi күйi, орыс тiлi саясаттың, билiктiң, қаржының, экономиканың, күш құрылымдарының тiлi болып қала бергенi тиiмдi. Өйткенi мемлекеттiк тiлге қарсы болып жүргендердiң басым көпшiлiгiнiң баласы әлi күнге орыс не басқа тiлде бiлiм алатын сияқты. Әрi олар балаларының болашақта билiк тұтқасын ұстайтын тұлға боларына сенiмдi.

«ОРЫС ТIЛI – ӘЛЕМДIК ТIЛДIҢ БIРI», БIРАҚ МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ ЕМЕС

«Айқын» газетiне сұхбат берген Ермұхамет Ертiсбаев «Қазақ тiлi үшiн жанын беруге бар екенiн» айта отырып, 20 жыл бойы қазақ тiлiнде сауатты кадрлардың дайындалмағандығын өкiнiшпен тiлге тиек етедi. Сөйте отырып, орыс тiлiн әлемдiк тiлдердiң қатарына жатқызудан бас тартпайды. Әрине, келiсемiз, орыс тiлi әлем тiлдерiнiң қатарынан орын алады. Алайда, мемлекеттiк тiл емес екендiгiн ұмытып кете беремiз. Қазақстанның стратегиялық зерттеу орталықтары «тiлдiң әлеуметтiк араздықтар тудыруы мүмкiн» фактор екендiгiн жоққа шығармайды. Бiрақ ондай наразылық қазақтiлдi қоғам арасында күшейiп келе жатқандығын байқамайды, байқаса да назар аударуға пейiлсiз. Мәселен, «Время» газетiнде оқырмандар сауалына телефон арқылы жауап берген Алматы қалалық Тiлдердi дамыту, архивтер мен құжаттар жөнiндегi басқарма бастығы Мамай Ахетовке қойылған сауалдардың көбi қазақ тiлiнiң емес, орыс тiлiнiң мүддесiн қорғау мақсатында қойылған. Айталық, «Колпаковский атындағы көше неге өз атауында жазылмайды?», «Мекеме атауларының неге орыс тiлiндегi нұсқасы жоқ?», «Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкiлдерiнiң тiлiн дамыту үшiн не iстелiп жатыр?», «Орыс тiлi Конституция бойынша қазақ тiлiмен тең дәрежеде қолданылуы тиiс, неге заң орындалмайды?» деген секiлдi сауалдар қойылған. Бұл редакцияның ұстанып отырған принципiнен туындап отыр ма, жоқ, шын мәнiсiнде қазақ тiлiнiң болашағы үшiн жаны ауырған ешкiм болмаған ба, ол жағы түсiнiксiз. Бiр өкiнiштiсi, Мамай Ахетов осы сауалдардың барлығына «сұрағыңыз орынды, бiз қажеттi шаралар қолданамыз» деген жауап берген. «Мен қоғамды бөлшектеуге бастайтын кез келген мәлiмдеменi қолдамаймын» деген ол. Аталған сұхбаттан түйгенiмiз, елдегi өзге этнос өкiлдерiнiң тiлiн дамыту үшiн осы басқармадан арнайы қаржы бөлiнедi екен. Өзге мемлекеттерде мұндай жалпақшешейлiк жоқ болар, сiрә?! Қажет пе, үйрен, қажет емес пе, өзiң бiл. Бiрақ мемлекеттiк тiлдi бiлмесең, нан тауып жей алмайсың. Бiз мәселенi осы тұрғыдан көтерсек, орыс тiлiн шеттеткен, елдегi өзге ұлт өкiлдерiн тiлдiк тұрғыдан кемсiткен болып шыға келемiз.

ЖОЛАУШЫ КIМДЕР?

«Свобода слова» газетiндегi «Попутчиков у нас много, но путь один» атты сұхбатында Әдiл Тойғанбаев Қазақстанда қос тiлдiлiк үшiн күрес жүрiп жатқанын айтады. Оның айтуынша, елде қазiр орыс тiлi жеңiп тұр, қазақ ұлт патриоттары мемлекеттiк тiлдi бүгiнгi орыс тiлiнiң деңгейiне жеткiзудi көздейдi.

– Бүгiн Қазақстан қоғамындағы күрес қазақ тiлiнiң басымдыққа ие болуы үшiн жүргiзiлiп жатқан күрес емес, оның орыс тiлiнiң деңгейiнде қолданылуы үшiн жүргiзiлiп жатқан күрес, – дейдi.Қазақстандағы белгiлi саясаттанушы Петр Своик www.zonakz.net сайтында жариялаған «Казахский национализм как главный политический вызов для Казахстана» атты мақаласында қазақ ұлтшылдарын Конституциямен бекiтiлген орыс тiлiнiң дәрежесiмен күресуге емес, мемлекеттiк қызметкерлердiң мемлекеттiк тiлдi бiлуiн мәжбүрлейтiн баптар енгiзуге шақырады. «Ойлап көрiңiзшi: балаларын тек қазақ тiлiнде бiлiм беретiн мектептерге беретiн ата-аналарды түсiнуге болады. Бiрақ, бiлiм беру саласында тiлдiк сегрегация жасап отырған мемлекеттi қалай түсiнуге болады. Бiзден өзге қандай мемлекетте халықтық бiлiм беру екi түрлi тiлдiк жүйеге бөлiнiп отыр? Нақтылай айтсақ, әртүрлi деңгейде бiлiм бергенiмен қоймай, бiр-бiрiне қарама қайшы екi дүниетанымды бала санасына сiңiруде. Өткен ғасырда Оңтүстiк Африка Республикасы мемлекетiнде идеологиясы да, барлық iс-тәжiрибесi де қара халыққа жеке, ақ нәсiлдiлерге жеке арналған едi. Бұның соңы немен аяқталғаны бәрiмiзге мәлiм. Ұлттық мемлекетшiлдiк – билiк басындағылар үшiн өздерiнiң жеке басының мәселесiн шешу құралы емес, бүкiл тұрғындар – барлығы бiрге бұл мемлекеттi өз мемлекетi ретiнде сезiнген кезде пайда болады. Мемлекетшiлдiкпен, оның атрибуттарымен ойнауға болмайды – бұның соңы барлығына қауiп бұлтын себетiн болады. Өтпелi кезеңдегi мектептердi қазақ және орыстiлдi деп бөлген өткелден тезiрек құтылу керек. Қазақстандағы мектептегi бiлiм беру – қалада, ауылда, қазақ мектебi мен орыс мектебiнде бiртұтас жүйеде болуы тиiс» дейдi ол.

Саясаттанушының айтып отырғанының жаны бар. Бүгiнгi қоғам интеграциясы күн өткен сайын бiртұтас идеялар төңiрегiнде бiрiккеннiң орнына, құлдырап барады. Мем­лекеттiң стратегиясы не? Осыған жауап беру бiз үшiн тұманға, күмәнға айнал­ды. Тәуелсiз елдiң тәуелсiз тiлi үшiн күрес­кендердi қоғам не үшiн айыптайды? 138 дiң хаты не үшiн жазылды? «2013 жылдан бастап, мемлекеттiк қызметкерлерден мемлекеттiк тiлде емтихан алынсын» деген бапты «Тiлдер туралы» заң бабына енгiзе алмағаннан кейiн туындады. Латвияда орыс тiлiнiң дәрежесiн ресми тiл немесе екiншi мемлекеттiк тiл деңгейiне дейiн жеткiзу үшiн күресiп жүрген «За родной язык» қозғалысының лидерлерiне Латвияның бұрынғы президентi Валдис Затлерс: «Ашық және нақты айтқым келедi: екiншi мемлекеттiк тiл ретiнде ешқандай тiл – орыс тiлi де, басқа тiл де бола алмайды. Мемлекеттiктiң негiзi – мемлекеттiк тiлде жатыр. Мемлекет осы тiлдi барлық тұрғындардың бiлуiне және оны тұтынуына жағдай жасауы тиiс», – деген телеэфир арқылы.Бұл пiкiрге қазiргi президент Андрис Берзиньш те қосылады:

– Мемлекеттiк тiл мәселесi талқылауды қажет етпейдi, Сатверсмеде (Конституцияда) латыш тiлi мемлекеттiк тiл деп жазылды, солай қала бередi.

«ҰЛТАРАЛЫҚ ТIЛ» ДЕГЕНIМIЗ НЕ?

Мемлекеттiк тiлдi қолдаушылар соңғы кезде орыс тiлiнiң дәрежесiн 1995 жылғы деңгейге «ұлтаралық тiл» деңгейiне түсiрудi ұсынады. Бiрақ, оның «ресми мекемелерде, мемлекеттiк тiлмен тең дәрежеде қолданылатын болады» деген баптан қандай айырмашылығы бар. Осы жағы күңгiрт. Бүгiн «ресми тiлде» сөйлеймiн, «ресми тiлдегi» нұсқасы қайда деп байбалам салушылар, ертең «ұлтаралық тiлде» сөйлеп отырмын деп, қазақ тiлiнде сөйлеуден бас тартса, не болады? Демек, кез келген ұсыныстың нақты мазмұны мен маңызы болуы тиiс. Орыс тiлiне конституциялық дәреже бермей-ақ, халық оны әлемдiк алты тiлдiң бiрi ретiнде үйренуге тырысады. Бүгiн ағылшын тiлiн үйрену үшiн қаншалықты ден қойса, орыс тiлiне деген ынта сондай дәрежеде болады. Сол үшiн оған тағы бiр жаңа дәреже ойлап табудың қажетi жоқ секiлдi.

P.S.

Бiзден өзге мемлекеттер мемлекеттiлiктiң негiзi – мемлекеттiк тiл принципiн жоғары қоюда. Ұлттық идеологиясы да, мемлекеттiк стратегиясы да осы бағытқа құрылған. Ал бiз Тәуелсiздiктiң 20 жылдығы қарсаңында әлi күнге дейiн мемлекеттiк тiлдi төрге оздыра алмай отырмыз. Ал Қазақстан қоғамы күн өткен сайын орыстiлдiлер мен қазақтiлдiлер ретiнде интеграцияланудың орнына, алшақтап барады.

27.10.201127.10.2011

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары