АЗАМАТ, АҚЫН ТУРАЛЫ АҚИҚАТ
АЗАМАТ, АҚЫН ТУРАЛЫ АҚИҚАТ
КӘКЕННIҢ АМАНТАЙЫНЫҢ «СӘКЕН СЕЙФУЛЛИН» КIТАБЫ БОЙЫНША ТУЫНДАҒАН КЕЙБIР ОЙЛАР
Бүкiл Алаштың аса көрнектi ақыны, белгiлi мемлекет, қоғам қайраткерi Сәкен Сейфуллин туралы С. Мұқанов, Ғ.Мүсiрепов, Е. Ысмайлов, С.Қирабаев, Тұрсынбек Кәкiшев бұрын жарияланған еңбектерiмен таныс болатынбыз.
Аруақты ақынның творчествосы туралы, азаматтық келбетi жайлы басқа да қаламгерлер үзбей жазып келедi. Әсiресе, солардың арасында iзденiмпаздығымен ерекше көзге түсiп жүргенi Кәкеннiң Амантайы десек артық айтқандық емес. Кәсiби мамандығының мүлде басқа салада болуына қарамастан Сәкен өмiрiнiң қалың көпке онша мәлiм емес кезеңдерiнiң қыр-сырын бiлгiрлiкпен зерделеп, турашылдықпен айтып беруге деген оның құлшынысы құптарлық. Бұған жуырда астаналық «Фолиант» баспасынан «Нартұлға» сериясымен шыққан «Сәкен Сейфуллин» деген кiтабы толық дәлел болады.
Автордың бұл кiтапты жазуға жан-жақты дайындықпен келгенiнен хабарымыз бар. Ол «Сәкен шындығын дiттегенде немесе НКВД құжаттары шерткен сыр» (1996), «Қазақтың Сәкенi» (2004), «Непокоренный сын степи» (2008) кiтаптарын жарыққа шығарып, «Сәкен Сейфуллин» (1991) жинағын құрастырған. Оның сыртында бұқаралық ақпарат құралдарында үзбей жарияланған ондаған мақалалары және бар. Халықаралық, республикалық конференцияларда дауылпаз ақын туралы жасаған баяндамалары мен зерттеулерi көптеген ғылыми жинақтарда жарияланған.
Қазақ халқын тәуелсiздiкке, азаттыққа, бостандыққа жеткiземiн деп арпалыса алысқан, талай шырғалаңдарды басынан кешiрiп, қуғын-сүргiнге ұшырап, шәйiт болған қазақ арыстарының бiрi – Сәкен Сейфуллин болатын. Солай бола тұрса да ол Октябрь революциясын жақтады, Совет өкiметiне қызмет еттi, большевиктер партиясын жырлады деп барынша жамандап, оның асқақ тұлғасына күйе жағып жүрген -жалақорлар әлi де баршылық. Бұдан да өткен сорақылық сол – оның ұлттық мүддемiздi жан аямай қорғап, оған бiрден-бiр жанашыр болғандығына күмән келтiрушiлер де табылып қалады. Сәкен «Тар жол тайғақ кешуде» алашордашыларды жамандады, соның салдарынан оларды Совет өкiметi қуғын-сүргiнге ұшыратып, кейiн атылып кетулерiне себепкер болды деген сияқты терiс пiкiрлердiң жетегiнде кеткендер де бар.
Өмiрде де, бақилық дүниеге кеткен соң да Сәкен туралы ешқандай шындыққа қабыса бермейтiн өтiрiктер жалғасып келедi. Сондықтан ақынның қайшылыққа толы өмiр жолы, қазақ бiткеннiң жүрек қылын шертетiн көркем туындылары бүгiнгi жас ұрпақтың назарына өз дәрежесiнде iлiнбей отыр. Атақты Мұхтар Әуезов айтқандай Сәкеннiң «шыншылдығы қозып, жанып отыратын, буыны бiлiнiп тұрған шын сезiм, шын жүрек шыншылдығы» екендiгi әлдеқашан мойындалған болса да тырнақ астынан кiр iздеген кейбiреулер аруаққа тiл тигiзуiн қояр емес. Ақынның қазақ халқын көркейтсем деп атқарған жанкештi еңбегi, аңызға айналған сәнi, дарқан дарыны, сыршыл әнi өресiз пенделердiң қызғанышын туғызып, жүрегiн қыжылдатуымен келе жатқандығы өкiнiштi-ақ.
Сәкен – коммунист, демек, ұлттық идея оған әуел бастан жұқпаған-мыс. Жан-тәнiмен советке қызмет еткен. Алашордашылармен жауласқан. Лениндi жырлаған. «Социалистан», «Қызыл сұңқарларды» жазған. Мiне, осы сияқты құбылмалы тұрақсыз көзқарастың әуенiмен кетiп, шындыққа үңiлмей «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» деп аузына келгендi айта беру кiмге керек? Соны ойладық па? Мән бердiк пе?
Кәкеннiң Амантайы осындай қитұрқы сұрақтарға нақты жауап табуға барынша талпынған. Соның нәтижесiнде бұлтартпас дәлелдердi келтiрiптi. Ол тарихи оқиғаларды жан-жақты сараптап, Сәкеннiң қадiр-қасиетiн ұлықтайтын ғылыми фактiлердi iрiктеп оқырманға ұсынады. Автор тұжырымдары көңiлге қонады, ақиқатпен қабысады. Өйткенi олардың шын жүректен шыққандығына, ойлы пiкiрлер екендiгiне күмәнсiз сенесiң.
Мәселен, ол былай дейдi: «Қызылдарды жақтады, Совет өкiметiн қостады, соның сойылын соқты» деп Сәкендi жамандағанда не айтқымыз келедi? Сонау 20–30 жылдардағы зиялы қауымның бәрi Алаш партиясында болып, атылып кету керек пе?.. Алаштың соңынан ермегендердiң бәрiн «қызылдар» деп кiнәласақ, сол тұстағы дәуiрдiң адамдарын түгелдей айыптауға тура келер едi. Бiзге керегi ол емес болар (224 б.)». Әбекеңнiң айтқаны дұрыс, ойлана түскенiмiз, ақылға салғанымыз жөн шығар.
Совет заманында коммунистiк партия жүргiзген мемлекеттiк идеология ұлттық санаға, ұлттық идеяға, қазақша сөйлеуге қарсы болатын. Өткен ғасырдың 30 жылдарындағы репрессияға iлiнген азаматтардың басым көпшiлiгiне «ұлтшыл» деген айып тағылғандығы да содан болса керек. Сәкен қарапайым емес, ұлтшылдар тобын құрған ұйым жетекшiсi болып қараланды.
Алашорда көсемдерiнiң бiрi Әлiмхан Ермеков: «Бiз Орда жағында болдық десекте, нағыз ұлтшыл Сәкен Сейфуллин едi» деп мойындаған екен. Рас, Сәкен қазақ халқының дәрежесiн көтерiп, бөтен жұрттармен терезесi тең болуын көкседi. Алайда, «ұлтшыл» деген сөзге большевиктер терiс мағына берiп, оны өздерi зорлық-зомбылықпен орнатқан тоталитарлық жүйенiң жауы деп жариялады.
«Национализм – буржуазная и мелкобуржуазная, а также психология в национальном вопросе» деп түсiндiрдi сол заманда («Филосовский энциклопедический словарь», 1983, Москва). Ал большевиктердiң басты мақсаты – буржуазиялық идеологияның қалдықтарын жою болды, сондықтан ұлт мүддесiн қолдайтындарды бiтiспес жау деп санады. Демек, большевиктер «ұлтшыл» дегендi пәлсапалық тұрғыдан ғана емес, оны өздерiнiң қолайына жағатын саяси астары бар құқықтық терминге айналдырды. Ал дұрысында ұлтшылдық дегенiмiз: ұлтын, халқын сүюшiлiк, оның ежелгi құндылықтарын әспеттеп, ұлықтай бiлетiн адамның сана-сезiмi, қимыл-әрекетi емес пе?
Алғашқы алаштанушылардың бiрi болған Сәкен Сейфуллин бариккаданың арғы жағында тұр деп есептелген өзiмен қандас зиялы қауымның жағдайына түсiнiстiкпен қарады. Бұл мәселеге көзқарасын ол Мәскеуде шығатын «Жизнь национальностей» (25.11.1920) журналында жарияланған «О киргизской (қазақ дегенi С. А.) интелегенции» деген мақаласында анықтап алғаны белгiлi. Сонда ақиық ақын былай дейдi:
«1905 жылдан бастап қазақ интеллигенциясы, әсiресе шәкiрт жастар арасында революциялық, дұрысында, ұлттық теңдiк пен азаттық идеяларының таралуы байқалды. Сол кезде ендi оянып келе жатқан жас қазақ интеллигенциясына дем берушi «Қазақ» газетiн шығарған революцияшыл кадет-публицистер Бөкейханов, Дулатов және Байтұрсынов болатын. Олар сол басылым арқылы қазақ интеллигенциясын бiрiктiрiп, өздерiнiң маңайына топтастыруға тырысты… Бұл газет жас интеллигенцияның ұйымшылдықпен және бiрауыздан қолдауы нәтижесiнде кең байтақ Қазақстанның бәрiне танымал болды. Жас интеллигенция Бөкейхановты, Дулатовты және Байтұрсыновты Құдайдай сыйлады, олар үйiрмеге ұйымшылдықпен бiрiгiп, өзiнiң қазақ әдебиетiн жасай бастады…».
Сәкеннiң Совет өкiметiне қызмет еткенiн үлкен мiн деп есептеп, бар пәле осыдан басталды деп жалаулатып жүрген желбуаздарға не айтуға болады?
«Кел, жiгiттер!» деген өлеңiмен Октябрь төңкерiсiн қарсы алған Сәкен Ақмолада жарты жылдай уездiк атқару көмитетiнiң төрағасы, Оқу-ағарту комиссары болды. 1918 жылғы маусым бүлiгi кезiнде тұтқындалып, түрмеде, концлагерьде отырды. Бұдан қашып шықты. Сосын Ақмолада ревкомның көмекшiсiне, 1920 жылы атқару комитетiнiң мүшелiгiне, әкiмшiлiк бөлiмiнiң меңгерушiлiгiне бекiтiлдi. ҚазЦИК президиумына сайланды. Наркмопроста коллегия мүшесi, орынбасар, екi жыл Совнарком төрағасы болды, әрi республикалық «Еңбекшiл қазақтың» редакторлығын қоса атқарады.
Демек, Сәкеннiң биiк лауазымды қызмет атқарған уақыты: 1920, 1924 жылдар. Мұның iшiнде бес айдай облыста iстедi, алты ай сырқаттанып жұмыс iстемегенi және бар. Соған қарамастан 1925 жылдан кейiн большевиктер билiгi оны өкiметтiң жоғары мансапты қызмет орындарына маңайлатпады. Ал, өзi болса, елдi 7–8 жыл басқарған Голощекинге жалынбаған, қызмет сұрамаған, бiрде-бiр рет алдына бармаған. Бұдан соң оның еңбек жолы негiзiнен оқу-ағарту, педагогика, ғылым, журналистика саласында жалғасты. Уақыттың тапшылығына қарамастан ол шығармашылықтан әсте қол үзбеген.
Әдiлдiгiне келсек, көптеген қайраткерлерiмiз большевиктерге Сәкеннен кем қызмет жасаған жоқ. Ұлттық интеллигенцияның басым көпшiлiгiне сол кезде ел iшiнде болып жатқан ұлттық, интернационалдық, таптық деген проблемалар онша түсiнiктi бола қоймаған.
әдiлiн айтсақ азамат соғысы жылдарында қазақ оқымыстылары жаңа билiкке iш тарта бастады. Осындай әрекет-қимылға барып, жаңа бағытқа бетбұрыс жасауда Ахмет Байтұрсыновтың Совет өкiметiн қолдап, Кирревком төрағасының орынбасарлығына тағайындалуы ерекше рөл атқарды. Ол ҚазЦИК мүшелiгiне сайланып, Оқу-ағарту саласында халық комиссары қызметiн атқарды. Жоғарғы оқу орындарында ұстаздық, ғылыми жұмыстармен айналысты.
А. Байтұрсыновтың ықпалымен Жанша және Халел Досмұхамедов, Иса Қашқынбаев, Кәрiм Жәленов, Беркiнғали Атышбековтер басқарған Алашорданың Батыс бөлiмшесi Кирревкомға қосылды, ақтарға қарсы соғыс операцияларына қатысты.
Ақгвардияшылар қазақ халқын жаппай қырғынға ұшыратып, елдiң азып-тозып кетуi мүмкiн екенi сезген Алаш қозғалысының серкелерi Совет өкiметiн қолдады. Алаш партиясымен Алашорда үкiметiнiң басшыларына кешiрiм жасау туралы Қазақстан Орталық Атқару Комитетiнiң белгiлi қаулысы бұған елеулi әсер еткенi сөзсiз.
Соғыс бiтiп, жаңа экономикалық саясатқа көшуге байланысты революцияға дейiнгi интеллигенция өкiлдерiнiң өз мамандығы бойынша жұмысқа оралуына мүмкiндiк жасалды. А. Байтұрсынов, Ә.Ермеков, М. Тынышбаев, Қ.Ғаббасов, А. Кенжин, С. Досжанов, А.Қозыбағаров және басқалардың Совет өкiметiмен қоян-қолтық жұмыс iстеуiнiң нәтижесiнде ашаршылықтың ауыр зардаптарын ұйымшылдықпен және мақсатты түрде жою үшiн нақты шаралар жүзеге асырылды. Азамат соғысы аяқталған соң ашаршылыққа ұшыраған қазақ елiне көмек көрсетудi ұйымдастыру Алаш зиялыларының осы бағыттағы алғашқы сәттi қадамы деп есептегенiмiз жөн болар.
А. Байтұрсынов, Ә.Ермеков, Қ.Ғаббасов және олардың серiктестiктерi С. Сейфуллин, Т. Рысқұлов, С. Мендешевпен бiрге ҚКАСР жариялаған Құрылтай съезiн дайындауға және олардың жұмысына тiкелей қатысты. Солардың күш-жiгерiмен тарихи-статистикалық, экономикалық, этнографиялық, жағарафиялық деректер ұқыптылықпен жиналып, Қазақстанның аумақтық шекарасы нақты белгiлендi.
Мiржақып Дулатов большевиктiк баспасөзде қызмет атқарған. Түркiстан Компартиясы Орталық Комитетi ТүркАКСР-ы ОАК-ның органы «Ақ жол» газетiн басқарды. Семейдегi сот мекемесiнде, партиялық «Еңбекшiл қазақ» газетiнде жұмыс iстедi. Большевиктер партиясының көсемi В. И. Лениннiң шығармаларын қазақшаға аударды.
Алаш қайраткерлерiн советтер жағына қарай шығару қажеттiлiгiнiң алғышарттары Мұхаметжан Тынышбаевтың тiкелей қатысуымен жасалды. Ол 3 – Түркiстан атқыштар дивизиясының бөлiмшесiнде Д. Фурманов және О. Жандосовпен бiрге жұмыс iстедi. 1921–1922 жылдары Түркiстан республикасы Егiн шаруашылығы комиссариатында жауапты қызмет атқарды. Түркiстан каналының жобасын жасады. Бiрiншi бесжылдықтың екпiндi құрылысы – Түрксiб темiр жолын салуға белсене қатысты. Қазақ тарихына байланысты зерттеу жұмыстарын жүргiзiп, көптеген материалдар жариялады.
Ол Сiбiр ревкомының газетi «Кедей сөзi» мен Ақмола облыстық партия комитетiнiң газетi «Бостандық туында» iстедi. Мағжан «Автономия кiмдiкi?» деген мақаласында барша халықты Совет өкiметiн қолдауға шақырады. Ал оның «Қызыл жалау» (1924) деген өлеңi Сәкеннiң «Жас қазақ марсельезасымен» (1918) үндес. Мағжан «Қызыл шоқ жалау… сенiкi, қазақ, сенiкi» десе, одан бұрынырақ жазылған Сәкен жырында «Қызыл ту шылауың, қорғаның, Тiзе қос, тiзе қос, тiзе қос» деп, «Ақниет азамат ерлердi бiр тудың астына жияйық», – деп ұлттың бiр бөлiгiн емес, бәрiн ынтымақ – бiрлiкке шақырды.
Отызыншы жылдардың ортасында Мағжан М. Горькийдiң көмегiмен айдаудан босанып, Петропавлға келгенде қолұшын берген, материалдық қамқорлық жасаған Сәкен Сейфуллин деп жазады башқұрттың белгiлi ақыны Сәйфи Кұдаш пен ғалым Шериаздан Елеукенов.
Алашорда көсемдерiнiң бiрi Әлiмхан Ермеков: «Бiз Орда жағында болдық десек те нағыз ұлтшыл Сәкен Сейфуллин едi» деп мойындағанын мақаланың бас жағында айтқан болатынбыз. Сонда да оны қайталау артықтық етпейдi. Өйткенi, ол «Жас қазақ марсельезасы», «Жолдастар» өлеңi мен «Советстан», «Альбатрос» поэмаларын ғана жазып қойған жоқ. «Азия» (Еуропаға), «Аш қазақ», «Айт күнi» өлеңдерi үшiн сонау 1923 жылдың өзiнде «ұлтшыл» атанған. Сәкен ақиқатты айтудан ещқашан қорықпады. «Бiздiң тұрмыс» деген сатиралық роман жазды, «Қызыл ат» поэмасын шығарды. Партия саясатының қиғаш тұстарын өткiр сынға алды. Мұның өзi сол заманда үлкен азаматтық ерлiк едi.
Қазақ үкiметiн басқарған азаматтар iшiнде орыс шовинизiмiмен батыл күресу қажеттiгiн тұңғыш айтқан да – Сәкен Сейфуллин болатын. Ол «Ұлт мәселесiнiң маңызы» деген мақаласында (1923) «Россияда НЭП саясаты жүзеге асқаннан берi орыс ұлтшылдығы күшейе түстi. Бұрын Деникин армандаған «Ұлық Россияны бөлiп-жармай тұтас сақтайық» деген ұран көтерiлген едi. Қазiргi уақытта соны еппен, бiлдiртпей iске асыру қолға алынды. Осыған орай iшкi тұрмысымызда жаңа бiр күш туа бастаған сияқты. Ол – кеңес, партия мекемелерiнiң жайлап алған орыс ұлтшылдығы, өзiмшiлдiгi, национал шовинистiгi», – деп атап көрсеттi Сәкен.
«Жергiлiктi мекемелердегi iстi сол халықтың тiлiн, тұрмысын, бұрын қалыптасқан заңын, әдет-ғұрпын бiлетiн өз адамдары жүргiзу керек», «… партияның әм кеңес iстерiне жалпы бағытына ең үлкен қатерлi, үлкен кеселдi зиянды әрекеттер бұрынғы зор болып қалған елден шыққан «отаршылдық», «өзiмшiлдiк» дегендер. Мiне, ең аянбай күресетiнiмiз осылар», – дейдi ақиық ақын тайсалмастан көкейтестi өзектi мәселелердi батыл қойып.
Совнарком төрағасы болып тұрып Сәкен обкомның рұқсатынсыз (!) Ахмет Байтұрсыновтың 50 жылдық мерейтойын өткiздi. Сөз сөйлеп, «ұлтын сүйген шын ұлтшыл» ешкiмдi бай мен кедейге бөлмей «қазақты ғана адал сүйетiн шын ұлтшыл», «сол ұлт қамы үшiн коммунистiк партияға да кiрдi» деп Ахаңның кiм екенiн әйгiлеп, оның қазақ тарихының төрiндегi орнын тұңғыш рет көрсетiп бередi.
Ахмет Байтұрсынов сияқты ұлт көсемiнiң қадiр-қасиетiн жоғары бағалаған Сәкен Сейфулиннiң өзi де шын мәнiн де нағыз ұлтшыл едi. Егер ол ондай болмаса «Қазақты қазақ дейiк, тарихи қатенi түзетейiк!» деп ресми түрде маңызды мәселе көтерер ме едi?
Сәкен Сейфуллин үкiмет басына келiсiмен-ақ жаңа өндiрiс ошақтарын ашып, қазақ пролетариатының қатарын көбейтейiк, қазақ жастарын оқу бiлiмге тартайық, iс-қағаздарын қазақша жүргiзейiк, ұлы державалық шовинизмге тосқауыл қояйық деген сияқты қазақ ұлты үшiн өмiрлiк маңызы зор мәселелердi осылай санамалап күн тәртiбiне қойып, нақты шешiм қабылдай бастады. Қазақ тiлiне тұңғыш рет мемлекеттiк статус бергiздi. Ана тiлiмiздiң кең қанат жайып құлпыра түсуiне әрекет жасады.
Бүгiнгi тәуелсiз қазақ мемлекетiнiң рухани бастауының қайнар бұлағының көзiн ашқан алғашқылардың бiрi емес, бiрегейi Сәкен болатын. Бұл, әрине, Сталин бастаған революция көсемдерiне, соның қандыбалақ итаршысы, қазақ халқының атажауы Ф. Голощекинге ұнамады. Сол үшiн ол Совнарком төрағасы қызметiнен тайдырылды. Ұлтшыл деген айып тағылды, кейiн жазықсыз атылып кеттi.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұлы ақынның 100 жылдық мерей тойында: «Егер ол тiрi болса, бүгiн, сөз жоқ, өзiне тән өткiрлiкпен, от пен судан қорықпайтын батырлықпен тек халық мүддесi жағында тұрар едi… егемен ел атанып, тәуелсiз туын тiккен қазақ елiне Сәкеннiң үздiк үлгiсi, өрелi өнегесi өте керек» деген болатын.
Кәкеннiң Амантайының «Сәкен Сейфуллин» деген жаңа кiтабының құндылығы даусыз. Ол арманына жетпей қыршынынан қиылған дауылпаз ақынның азаматтық, күрескерлiк бейнесiн байыпты баяндай бiлген. Сәкентану ғылымын қалыптастыруға Әбекеңнiң лайықты үлес қосқанын атап көрсету ләзiм.
Аты шулы қандықол қауiпсiздiк комитетiнде iстеген обал, сауапты бiлмейтiн кiсәпiрлердiң қазақ интеллигенциясының көкiрегi ояу, көзi ашық арыстарына қарсы жасаған жауыздық әрекеттерiн әшкерелейтiн материалдар қашанда құпия, шыңырау түбiнде сақталатыны белгiлi. Ол құжаттар «Елiм, жерiм» деп күрескен, жазықсыз құрбан болған боздақтарымыздың қанымен, көз жасымен жазылған. Осындай шешуi қиын, шымшытырғына анау-мынау адамның ақыл-парасаты жетпейтiн iстiң анық-қанығын бiлуге екiнiң бiрi тәуекел жасай алмайды. Ал, бұған Кәкеннiң Амантайы қаймықпай белсене кiрiскен. Ол бiр Аллаға сиынып, адалдықты, ақиқатты қыбыла етiп ұстаған. Соның арқасында көздеген мақсатын абыроймен орындап шыққан.
Тараз қаласы.
13.10.2011