«СӘУЛЕ» – ЕКI ЕЛ АРАСЫНДАҒЫ ДӘНЕКЕР

«СӘУЛЕ» – ЕКI ЕЛ АРАСЫНДАҒЫ ДӘНЕКЕР

«СӘУЛЕ» –  ЕКI ЕЛ АРАСЫНДАҒЫ ДӘНЕКЕР
ашық дереккөзі
170

ҚР Президентi Н. Назарбаевтың арнайы шақыртуымен Астанаға келген Литва президентi Даля Грибаускайте арнайы ұшақты емес, көпшiлiкке арналған қарапайым ұшақтың қызметiн пайдаланды. Қазақстанға деген құрметiн журналистермен қазақ тiлiнде амандасу арқылы бiлдiрген Литва басшысы екi ел арасына қатынайтын жаңа жүк пойызына «Сәуле» деген қазақша атау берiлгенiн жеткiздi.

Кездесу барысында Н. Назарбаев Қазақстан аумағында сталиндiк лагерлерде зардап шеккен және репрессияға ұшыраған литвалық азаматтар жайында мұрағаттық құжаттарды Литва Президентiне тапсырса, литвалық әрiптесi Қазақ Президентiне қазақ сарбазы Қабибула Саленовтың Литва зерттеулер орталығы мұрағатында сақталған құжаттары, күнделiгi мен отбасылық суреттерiнiң көшiрмесiн тапсырды. «Құрметтi Президент ханым, Сiздiң менiң жеке шақыруым бойынша Қазақстанға алғашқы ресми сапармен келгенiңiзге өте қуаныштымыз. Қазақстан әрдайым Литвамен игi саяси және экономикалық қарым-қатынастар орнату бағытын ұстанады. Мен бұл iсте бiзде ешқандай да проблема жоқ деп санаймын. Бiздiң есептеуiмiзше, Литва Балтық аймағындағы маңызды серiктесiмiз болып табылады. Бiз iскерлiк топтарға қызығушылық танытамыз. Сiздiң сапарыңыз ерекше экономикалық қатынастарды орнықтыруға жаңаша серпiн беретiнiне сенемiз. Биылғы жылы бiздiң елiмiз бен сiздiң елiңiз өз тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығын атап өтедi. Бiздiң елдерiмiз өз аймақтарында серпiндi дамуда екенi қашаннан белгiлi. Сiздердiң аймақтағы Литваның рөлi және бiздiң аймақтағы қазақстандық рөл бiр-бiрiне өте ұқсас. Бiз литвалық әрiптестерiмiздiң Қазақстаның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына, Саммиттi өткiзуiне белсендi қолдау көрсеткенiне ризашылықпен қараймыз. Оған Өзiңiз де арнайы қатыстыңыз. Бiз тағы да өзiмiздiң ризашылығымызды бiлдiремiз. Бiз биылғы жылы Литваның ЕҚЫҰ-ға төрағалығын жоғары бағалаймыз. Астанада iргесi қаланған идеялар жалғасын табатынына сенемiз. Созылып бара жатқан кикiлжiңдердi реттеу жөнiндегi сiздердiң күш-жiгерлерiңiздi қолдаймыз, өйткенi бiзге онымен айналысуға тура келген едi. Әсiресе, Армения мен Әзербайжан арасындағы, Приднестровья, трансұлттық қауiп-қатерлер проблемаларымен бiз өз уақытында айналыстық. Осы мәселеде сiздерге үлкен табыстар тiлеймiз», – деп мәлiмдеген ҚР Президентi Вильнюсте өтетiн сыртқы iстер министрлерiнiң кеңесi Қазақстан тарапынан қабылданған шешiмдердiң кедергiсiз жүзеге асырлатынына сенiм бiлдiрдi. «Қазақстан – Орталық Азиядағы Литваның сенiмдi серiктесi және бiздiң кәсiпкерлер үшiн жаңа мүмкiндiктер елi. Бұл заманауи технологияларға және инновациялық кәсiпкерлiкке мұқтаж, тез дамып келе жатқан мемлекет» деп мәлiмдеген Д. Грибаускайте жыл соңына дейiн «Сәуле» жүк пойызы пайдалануға берiлетiнiн айтты: «Пойызға қазақша «Сәуле» деген атау бердiк, Литваша «Сауле» болады. Яғни, жарық және жылдамдық деген мағынаны бiлдiредi. Бұл елдерiмiздi және өңiрлерiмiздi дамытуға мүмкiндiк бермек Литва мен Қазақстан арасындағы жүк айналымын айтарлықтай арттырып, ал Клайпеда порты Қазақстан үшiн Солтүстiк Еуропа мен ЕО-ға терезе болған болар едi. Батыс пен Шығыс арасындағы көлiк байланысын дамытуда Қазақстан мен Литва өте маңызды рөл атқарады. «Сәуле» көлiк бағытын ашу мүмкiндiгi өте символдық мәнге ие. Мен Қазақстан Президентi бұл идеяны қолдап, екi елдiң министрлерiне көмек қолын созғаны үшiн өте разымын. Бұл тек бiздiң елдерiмiз үшiн ғана емес, сондай-ақ барша Еуропа, Қытай, АҚШ үшiн маңызды. Мұндай жобалар геосаяси деңгейде бiздiң елдерiмiз үшiн де маңызды болып табылады. Әрине, осыған байланысты бiз үш шартқа қол қоятын боламыз. Бiздiң ынтымақтастығымыздың барлық салалар деңгейiнде, көлiк саласында, ауыл шаруашылығы, iшкi iстер, мәдениет, ағарту iсi салаларында да жаңа сапалы деңгейде жаңартылуына өте қуаныштымын.». Ресми деректерге сүйенсек, былтыр 176,5 млн. АҚШ долларына теңгерiлген екiжақты сауда айналымы үстiмiздегi жылдың алғашқы жартысында 165,3 миллион долларға жеткен. Оның iшiнде 106,6 млн. доллар – экспортқа, ал 58,7 млн. доллары импортқа тиесiлi. Демек, тауар айналымы былтырғы алғашқы 6 аймен салыстырғанда, екi есеге (89,0 млн. доллар) жуық артқан. 2011 жылдың 1 қыркүйегiне дейiн республикамызда литвалық капиталдың қатысуымен 160 бiрлескен кәсiпорын тiркелiп, 91 кәсiпорны үздiксiз жұмыс iстеуде. Олар негiзiнен көтерме және бөлшек сауда, өңдеушi өнеркәсiп, байланыс және ақпарат, көлiк және логистика салаларында қызметтер атқарады. Бүгiнде көлiк транзитi ынтымақтастығы қос елдiң өзара iс-қимылындағы маңызды бағыт болып табылады. Форум барысында Литва Қазақстанның көлiк саласына инвестиция құюға, Клайпеда портына Қазақстан бизнесiнiң қайта оралуына және екi елдiң темiр жол құрылымдарының ынтымақтаса түсуiне мүдделiлiк танытуда. Бизнес-форумдағы негiзгi әңгiме де осы байланыстарды әрi қарай дамыту бағытында өрбiдi.

Премьер-Министр Кәрiм Мәсiмов пен Литва Республикасының Президентi Даля Грибаускайтенiң қатысуымен өткiзген екi ел кәсiпкерлерiнiң бизнес-форумында «Атамекен» ұлттық экономикалық палатасы мен Литваның өнеркәсiп конфедерациясы басшылары келiсiмге қол қойып, құжат негiзiнде iскерлiк кеңес құрылды. Бұл қос елдiң кәсiпкерлерi арасында тығыз қарым-қатынас орнатуға мүмкiндiк бередi.

Бизнес-форумда Кәрiм Мәсiмов экономикалық тұрғыдан алып қарағанда Қазақстанда және Литвада өзара қолдау көрсету және екi ел кәсiпкерлерiнiң ынтымақтастығын арттыруға мүмкiндiктер көп екенiн айтты: «Литва Еуропалық Одақ мүшесi болып табылады. Елiмiз үшiн Еуроодақпен тығыз қарым-қатынас орнату маңызды. Литва тарапынан Қазақстанмен ынтымақтастыққа барынша қолдау көрсетiлетiнiне сенiмдiмiз. Жуық арада Дүниежүзiлiк Сауда Ұйымына мүше болуға Еуропалық Одақ тарапынан қолдау табамыз деген үмiттемiз». Қазақ Премьерi екi мемлекеттiң көлiк әлеуетiн пайдалануда Литваға Қазақстан Кедендiк одағы шеңберiнде де қолдау көрсетiлетiнiн, сондай-ақ, бюрократиялық кедергiлердi азайтуда литвалық компанияларға кеңес берiлетiнiн жеткiздi.

Түрлi саланың түрлi проблемасын жан-жақты қамтыған форумда «Атамекен» Қазақстанның ұлттық экономикалық палатасы мен Литваның Өндiрiсшiлер конфедерациясы Қазақстан-Литва iскерлiк кеңесiн құру туралы келiсiмдi бекiтсе, елiмiздiң Көлiк және коммуникация министрлiгi мен Литваның Көлiк министрлiгi өзара түсiнiстiк туралы меморандумға қол қойды. Сонымен қатар келiссөздердiң қорытындысы бойынша, Қазақстан Республикасы Үкiметi мен Литва Республикасы Үкiметi арасындағы бiлiм, ғылым, мәдениет және өнер саласындағы ынтымақтастық туралы Келiсiм, Қазақстан Республикасы Үкiметi мен Литва Республикасы Үкiметi арасындағы «Адамдарды керi қайтару (реадмиссия) туралы» Келiсiм, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгi мен Литва Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгi арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы Келiсiм тәрiздi бiрқатар екiжақты құжаттар

қабылданды.

13.10.2011

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары