АТАЖҰРТ ДЕП СОҚҚАН ЖҮРЕКТЕР

АТАЖҰРТ ДЕП СОҚҚАН ЖҮРЕКТЕР

АТАЖҰРТ ДЕП СОҚҚАН ЖҮРЕКТЕР
ашық дереккөзі
402

"Әлемдегi қазақтардың Отаны бiреу. Ол – Қазақстан", – деген едi Дүниежүзi қазақтарының II құрылтайы қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Сол кезде Түркиядағы қазақтарды көшiрiп алу үшiн арнайы ұшақтар жiберiлдi. Ондағы ат төбелiндей шағын қазақ атамекеннiң ауасымен тыныстауды армандап, ақтарыла көштi. Қиын күндер, алмағайып тағдырды бастан кешкен бұл қазақтардың басым көпшiлiгiнiң мекенi – Алтай болатын. Аңырап Алтайдан ауғанда, "Ағажай, Алтайдай жер қайда" деп күңiрене әнге басқан. Сол бiр зұлмат жылдардың белгiсiндей болып, "Ағажай, Алтай" әнi бүгiнге жеттi. Өткен ғасырдың 40-50 жылдарының зобалаңын ауған елдiң куәсi, көзi тiрi қариялар жыр ғып айтады. Бүгiнiне шүкiршiлiк етедi.

«АЛТАЙ МЕНIҢ МЕКЕНIМ, ҚАЙТЫП КӨРЕР МЕ ЕКЕНМIН?»

Түркиядағы қазақтарды шартты түрде төртке бөлiп қарастыруға болады екен. Олар – кешегi ауған елдiң бел ортасында бiрге болған, босқан елдiң тауқыметiн бiрге кешкен, бүгiнде алды 90-ды алқымдап, кейiнгiлерi 70-тi қусырып қалған шежiре көз қариялар. Екiншi топ – жол-жөнекей дүниеге келген, көштiң ащы дәмi есiнде болмаса да, балалық шағына таңба салған, алпыстан асқан қариялар. Үшiншi топ, ел болып, етек жинағаннан кейiн дүние есiгiн ашқан, алды бiлiмге ұмтылған, бiлiм таппаса да бiлiк iздеп Еуропаны шарлаған, алды елудi еңсерген, арты қырыққа iлiнген топ. Төртiншiсi – отызға жетпеген, аузынан ана сүтi кеппеген, ертеңiмiз деп үмiт артар жас ұлан. Алдыңғы екi топ қазақша жақсы бiледi, жол азабын, тартқан мехнатын жыр қылып айтады, бiрақ кәрi құлақ қарияны тыңдап, оның өткенiнен сабақ алуды зерделейтiн ұрпақ азайып кеткендей.

Жасы сексендегi Санияхан әже Алтайдан шығып Баркөлге жетiп, Гансу, Шыңхай өлкелерiн басып, Үндiстанға жеткенi жайында былай тебiренедi:

"Менiң ұлы әкем (атам) Буратай тәйжi Алтайда Керейден шыққан төрт тәйжiнiң бiрi. Сарбас руынан болады. Шiңгiлден жер алып, сол жердi мекендеген. Сол атамыз бен оның үш баласы Қайролла, Қайбар, Зейнолланы Үрiмжiдегi ұлықтар (солардың бiрi Қазақстаннан коммунистiк билiктi насихаттауға барған Абай Қасымов, қасында Дубан деген бiр залым бар) белгiсiз бiр жиынға шақырып алып кеттi де, қайтып қайтармай қойды. Он жыл қарайладық. Ақыры өлдi деген дерегi жеткенде, бәрiмiз отырып алып дауыс салып, көрiс айттық:

Алтайдан Шiңгiл жер алған,

Төрт Қолбан деген ел алған.

Сөйтiп те жүрген төрт Қолбан,

Қолынан төтем таралған.

Бәйтеректiң бiрi едi-ау,

Масаты кiлем түрi едi-ау.

Сарбастан шыққан Буратай,

Төрт тәйжiнiң бiрi едi-ау.

Қолына қамшы iлгендей,

Төрт қолбанды бiлгендей.

Сөйтiп те жүрген төрт Қолбан,

Қолынан төтем жүргендей.

Сәнт Ахуды қыстадық,

Торғыннан тымақ тыстадық.

Буратайдың үшеуi:

Қайролла, Қайбар, Зейнолла

Шақырып Абай ұстады.

Мiнгенде атым кер ме едi,

Кекiлден аққан тер ме едi.

Буратайдың үш ұлы

Қайролла, Қайбар, Зейнолла

Ұстап ап, Абай мен Дубан бермедi.

Туған бiр сүннет, өлiм хақ,

Бiреуi келсе неткен бақ.

Асыл бiр туған үш атам,

Өлген соң болды-ау әруақ, – деп жоқтаған едiк. Сонда мен 13-14 жастағы бала едiм. Көштiң алды кетiп қалды. Бiз Буратай атам мен оның үш ұлын Үрiмжiдегi ұлықтар алып кеткеннен кейiн, солардан бiр хабар болып қалар деп, олардан бөлiнiп қалған едiк. Коммунистер бiр жолда бiр ауылдың бүкiл бас көтерерiн қырып тастағаннан кейiн, алдыңғы кеткен көштiң соңынан бiз де кеттiк. Көштiң алды Үндiстанға жеткен екен. Соларға барып қосылдық."

Бүгiнде бұл қариялардың қатары сиреген. Саусақпен санарлық қана. Зейтiнбұрны ауданында өмiр сүретiн, 92 жастағы Азанбай ақсақал Баркөлден шыққанда бiр үйелменде 54 адамның болғандығын айтады.

– Пәкiстанға жеткенде қазақтардың саны басы-аяғы жетi мың адам едi. Соның шамамен 5-6 мың адамы өлдi. 50-60 отбасы қайтып кеттi. Содан 900-дей адам қалды. Соңынан Cұлтаншәрiп пен Құсайын, Қалибек Хакiмдер бастаған көштер келдi. Сөйтiп жиыны 1200 адам Түркияға жеттiк. Стамбулға жеткенде бiздiң әулеттен 40 адам қалыпты. Қазiр көзi тiрi екi-ақ адам қалды, –дейдi.

Түркиядағы қазақтардың екiншi тобының өкiлi – Шәмсиябану қажы. Ол кiсi жол жөнекей, Пәкiстанда, 1948 жылы дүние есiгiн ашқан. Түркияға келгенде 4-5 жаста ғана болған екен.

– Бұл көште ненi жоғалтпады дейсiз. Әкемнен, он бауырымнан көз жаздым. Шешем өле өлгенше төркiнiн аңсап өттi. "Шiркiн, бiреуi көзiме тiрi көрiнсе" дегенде етегi жасқа толатын. Сөйтiп жүргенде бiрге туған ағайындарының дерегi Моңғолия жақтан табылды. Солардың бiр қызы Шығыс Германияға (ГДР) оқуға келiптi деп естiдiк. Шығыс Германия ол кезде коммунистiк режимдi ұстанады. Бiз сияқты капиталистiк елдерден ол жаққа қатынау оңай емес. Әйтеуiр барлық кедергiлерден өтiп, Берлинге барып, әлгi сiңлiсiмен жолығысудың сәтi түстi. Шешемнiң өмiрбақи төркiнiн аңсап өткенi мәңгi жадымда қалды. Кейiн ел мен ел қосыла бастаған заманда Қытай, Моңғолияны аралап, нағашыларыммен жүздестiм. Бүгiнде олардың көбi Қазақстанға қоныс аударған, ана бiр жылдары Қазақстанда бiрнеше жыл тұрудың сәтi түскен едi. Сонда нағашыларым ошарылып қарсы алды. Қазiр де барыс-келiс молайды. Шешем жетпеген арманға мен жетiп отырмын, соған да тәуба, – дейдi өткенiн еске алып.

Алтайкөйге келгенде қазақ балаларын оқытатын мектеп бiраз жылға дейiн салынбаған екен. Үкiмет орындарына арызданып жүрiп, мектептiң ашылуына мұрындық болған сол кездегi Алтайкөйдiң әкiмi болған Әтейхан Бiлгiн екен.

– Стамбулға келгенде қазақ балаларын жинап, мектепте оқыта бастады. Сонда жасым бесте ғана едi. Әлгi балалардан қалмай мен де оқуға барамын. Бiрақ менi тым жас деп оқуға қабылдамайды. Оны тыңдап жүрген мен жоқ. Күнде балалармен бiрге келiп, әжептәуiр сауат ашып қалған едiм. Амал не, Стамбулдан 800 шақырым жерде Алтай ауылын құрып, қазақтардың бәрi сонда шоғырлана орналаса бастағанда, мен де отбасыммен Алтайкөйге ауыстым. Жаңа құрылған ауылға мектеп салынғанша, бiрталай жылдар өтiп кеттi де, оқуым үзiлiп қалды, –дейдi Шәмсиябану қажы.

Стамбулдағы бiр қазақ ауылының шiлдеханасына барудың сәтi түскен едi. Ондағы қазақтардың бiрiншi буынынан саналатын қарт аналар тiзiлiп отырып, әнге салды. Әнiнiң мәтiнiне назар аударсаңыз, жүрегiңiз езiлiп кетедi.

Алтай менiң мекенiм,

Сонда туған екенмiн.

Туған елдi ойласам,

От боп жанып кетемiн.

Қайран ана Алтайым,

Қайтып көрер ме екенмiн? – деп күңiренген екен елден айрылған кезде.

«ӨЗIМIЗ – ШАЛА ҚАЗАҚ, БАЛАМЫЗ – ТҮРIК»

Түркиядағы қазақтардың үшiншi буыны түрiктене бастаған. Дегенмен қазақша жауаптасып, тiл қатыса алады. Ал төртiншi буыннан қайыр аз деуге болады.

Түркиядағы қазақтардың үшiншi буыны өткен ғасырдың 60-жылдарынан кейiн дүниеге келген. Бұл ұрпақтың алды жоғары бiлiм алған. Жақсы қызметтерге орналасқан. Ата-анасының арқасында қазақ тiлiнiң нәрiне сусындап өскен. Дегенмен қазақ тiлiнде еркiн сөйлей алмайды.

Қазақтар барынша жеке дара күн кешедi деуге болады. Олар түрiктермен қоян-қолтық араласып кетпеген. Дүниенiң төрт бұрышынан қазақ iздеп, солармен құда болуға тырысады екен. Бәлкiм содан болар олар өздерiнiң қай рудан екенiн жақсы бiледi. Жетi атаға дейiн құдаласпауды мұрат тұтады. Өткен ғасырдың 80-жылдарынан Түркияға Ауғанстан мен Ираннан қазақтар келiп орналаса бастаған. Құралай Гезер Астанадан Стамбулға келiн болып түскенде, алдында қандай өмiр күтiп тұр деп қобалжығанын айтады. Оның күйеуi Қадыр Гезер Түркияда жақсы қызмет атқарады. Мамандығы – заңгер, өзiнiң жеке адвокаттық кеңсесi бар.

Түркиядағы қазақтан шыққан iрi кәсiпкер Дервиш Қылыш ең басты мұңы –ұрпағының қазақтықтан ада екендiгiн айтады.

– Бiздiң iшiмiзде бiтпес бiр жара бар. Қазiр Түркияда 15-20 мың қазақ бар. Ендi 15-20 жылдан кейiн, түрiкке айналатын түрiмiз бар. Өйткенi қазiргi ұрпағымыз қазақша бiлмейдi. Елбасымыз биылғы IV құрылтайда шетте жүрген қазақ балаларына қазақтың мәдениетiн, тiлiн ұмыттырмаудың шараларын ойластыру қажеттiгiн айтты. Бiрақ сол жұмыс әлi қолға алынбай жатыр. Бiз Түркиядағы қазақтарға қазақша үйрететiн бiр мұғалiм әкелiп беру жайлы өтiнiшiмiздi Анкарадағы елшiлiкке де, Стамбулдағы консулдыққа да айтқанымызға көп болды. Соңғы жылдары бiздiң консулдықпен байланысымыз нашарлап кеттi, – дейдi ол.

Стамбулдың қазақтар шоғырлана орналасқан ауданы Зейтiнбұрныда қазақ мәдени орталығы орналасқан. Бес қабаттан тұратын ғимараты бар. Бұл ғимараттың жерi мемлекет меншiгiнде. Ал үйдi қазақтар өздерi тұрғызған. Дәл осындай ғимарат Стамбулдың өзге ауданында да бар екен. Сол ғимараттың бiр қабаты той-томалақ өткiзуге арналған. Қазақ қоғамының күнкөрiс көзi де осы ғимаратты жалға берген нәпақадан. Осы қоғамның жетекшiсi Әбдуақап Қылыштың айтуынша, бұл қор 1986 жылы оның әкесi Мұхамади Қылыштың бас болуымен ашылған екен. Негiзгi мақсаты –Түркиядағы қазақтардың дәстүр-салтқа берiк болуы, тiлiн ұмытпауы және бiрiн-бiрi жақсылық пен жаманшылықта қолдап-қолпаштап жүрудi мақсат тұтқан. Сондай-ақ қор жоқ-жiтiктерге қол ұшын созуды мұрат етедi, оқуға қаражат таппағандарды да осы қор қамқорлығына алады екен.

– Осыдан екi жыл бұрын Қазақстан елшiлiгi тарапынан Стамбулда қазақ тiлiнiң курсы ұйымдастырылған. Бiрақ оны үйренуге құлшынып келгендердiң саны аз болды. Себебi Түркияда университетке оқуға түсу қиын. Балалардың уақыты көбiнде соған кетедi де, қазақ тiлiн үйренуге уақыт таппады. Сонымен ол курс тоқтап тұр, – дейдi ол.

Осы қоғамның жанынан "Арман" атты түрлi-түстi журнал шығарыла бастаған. Бiрақ 6 санын шығарғаннан кейiн оны қаржыландыру қиынға түсiп, тоқтап қалған екен.

«ҚАЗАҚСТАН ЖАНАШЫРЛЫҚПЕН ҒАНА ШЕКТЕЛМЕУI ТИIС»

Түркия қазақтарының соңғы буыны –жастар бүгiнде әлемнiң кез-келген түкпiрiнде бiлiм алған. Стамбул тұрғыны, Мимар Синан университетiнiң профессоры, тарих ғылымының докторы Әбдуақап Қараның айтуынша, Түркияның өзiнде бiлiм алып, жоғары қызметте жүргендерiнiң саны –200-ден асады екен. Бiрақ ғалым осы жастардың интеллектуалдық деңгейiн пайдалануға Қазақстанның құлықсыз екендiгiне өкiнедi.

– Еуропа елдерiнде, Германия, Франция, Австрия сияқты елдерде бiлiм алып, жоғары бiлiктiлiгiн танытып жүрген жастарымыз да бар. Өкiнiшке қарай, олардың бiлiктiлiгiн не Түркия мен Еуропадағы қазақ қоғамдары, не Қазақстан пайдалана алмай отыр. Түркия мен Еуропадағы қазақ қоғамдары басшылығындағы алдыңғы буын, кейiнгi буынға орнын босатқысы келмейдi. Жаһандану дәуiрiнде Қазақстан мұндай жастарды өз игiлiгi үшiн пайдалануы керек. Бұл жастар өзi оқыған елiнiң тiлiн бiлiп қана қоймайды. Сонымен қатар олар сол елдiң алдыңғы қатарлы технологиясының да тiлiн бiледi. Қазақстанның диаспора саясатында бұл өте ұтымды болар едi. Диаспора саясаты шетте жүрген қандастарына жанашырлықпен ғана шектелмеуi керек. Бұл саясат мемлекеттiк мүддесi тұрғысынан жүргiзiлуi тиiс. Бiзден өзге мемлекеттер шеттегi диаспораларын мемлекет үшiн пайдаланады. Сондықтан диаспора мен Қазақстан арасында бiр мүдделестiк болғаны жөн. Шетте бiлiм алған қазақ баласын әуелi қазақ тiлiнде оқыту қажет. Өткенде Франциядан бiр ағамыз келген едi. Ол кiсiнiң айтуы бойынша, баласы үш тiлде –түрiк, француз және ағылшын тiлдерiнде емiн-еркiн сөйлей алады. Өкiнiшке қарай, ол қазақ тiлiн бiлмейдi. Осы жiгiттердi әуелi Қазақстанға тартып, атамекенiмен таныстырып, елiн-жерiн таныту қажет. Елiн, жерiн, мәдениетiн бiлмеген диаспорадан келер пайда да шамалы, –дейдi белгiлi ғалым.

Шетелде бiлiм алған қазақ жастарының бiрi – Өмiртай Жаналтай. Оның әкесi Әлихан Жаналтай кезiнде "Азаттық" радиосының қазақ редакциясында жұмыс iстеген. Қазiр зейнетте. Үйелменiмен Германияның Мюнхен қаласында тұрады. Америкада бiлiм алған, ағылшын, немiс және түрiк тiлдерiн жақсы бiледi. Қазақша тiл қатыса алатын дәрежеде. Бiрақ жақсы бiледi деп айту қиын.

– Мен Мюнхенде дүние есiгiн ашыппын, бiрақ лицейдi Түркияда оқыдым. Сосын Америкада он жылдай болдым. Алғашқы төрт жылында экономика және халықаралық қатынастар мамандығы бойынша бiлiм алдым. Сосын Сан-Францискоға барып, IТ мамандығы бойынша бiлiм алдым. Қазiр Мюнхенде Жапонияның "Фужидсу" фирмасында IТ саласында маркетинг бойынша жұмыс iстеймiн. Бiз Еуропада туып-өскен қазақтың ұрпағымыз. Қазақшамыз нашар.

2009 жылы Қазақстанға жолым түстi. Алматы, Астана қалаларында болдым. Маған қатты ұнады. Бiз қазақша жақсы бiлмейтiн болғандықтан, өзiмiз сияқты жастармен ағылшынша тiл қатыстық. Сонда жұмыс iстеп қалсақ деген ой бiзге келiп отыр. Менiң мамандығым бойынша мен онда қандай жұмыс iстей аламын? Қазiр менi осы толғандырады, –дейдi.

ҚАЗАҚСТАН ҚҰШАҒЫН АЙҚАРА АШТЫ, БIРАҚ…

Түркия қазақтарының басым көпшiлiгi тоқсаныншы жылдардың аяғына қарай Қазақстанға көптеп келген екен. Бiрақ көбi қайта оралған. Оның себебiн әркiм әртүрлi түсiндiредi. Бiреу жылдар бойғы алшақтық салдарынан менталитеттiң өзгешелiгi басты себеп болды десе, екiншiсi орыс тiлiн меңгермегендiгiнiң салдары тигендiгiн айтады. Үшiншiсi, Түркиядағы әжептәуiр бизнесiнiң Қазақстанда жолға қойылмағандығын, соның кесiрiнен көптеген қаржысынан айрылып қалғандығын жеткiздi. Қалай дегенмен де қазiр олардың қос мекенi бар. Қазақстан және Түркия. Екi мекеннiң арасын көпiр қып жүрiп жатқан жайы бар.

КӨШЕСIНДЕ АБАЙДЫҢ…

Түркиядағы Зейтiнбұрны ауданында Абай көшесi және Абай мектебi орналасқан. Абай мектебiнiң алдында Қазақтың ұлы шайырына арнап ескерткiш тұрғызылған екен.

Сондай-ақ, Стамбул қаласынан қазаққа қатысты Баркөл, Алтай және Ертiс көшелерiн кездестiруге болады. Бұл көшелер қазақтар қоныс аударған өткен ғасырдың 50-жылдарында дүниеге келсе, ұлы Абай атындағы көше Қазақстан тәуелсiздiгiн алғаннан кейiн, екi ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың нәтижесiнде пайда болған.

Казлышешмедегi Абай атындағы мектепте семинар-тренингтер ұйымдастырылып, Қазақстан жайлы, Абай жайлы дәрiстер өткiзiлiп тұрады екен. Мектепте 2000-дай оқушы оқиды.

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Алматы-Стамбул-Алматы

29.09.2011

Серіктес жаңалықтары