КҮРЕСТI ТОҚТАТПАУЫМЫЗ КЕРЕК

КҮРЕСТI ТОҚТАТПАУЫМЫЗ КЕРЕК

КҮРЕСТI  ТОҚТАТПАУЫМЫЗ КЕРЕК
ашық дереккөзі

– Мен бұл Ашық хатқа саналы түрде қол қойдым. Конституцияның 7-бабының 2-тармағының бiздiң елiмiздегi тiл саясатына үлкен кедергi болып тұрғаны туралы соңғы он жыл бойы сөйлеген сөздерiмде, жазған мақалаларымда үнемi айтып жүрмiн. Себебi бұл норма Қазақстанның тәуелсiздiгiне нұқсан келтiредi. Осындай мазмұндағы тармақ Ресейдiң Татарстан, Башқұртстан, басқа да автономиялық республикаларының заңдарында бар. Олар орыс тiлiне тәуелдi, бiрақ олар дербес мемлекет емес қой. Бiз тәуелсiз мемлекет бола отырып, Ресейдiң автономиясына ұқсап отырмыз. Екiншi мәселе, Ашық хатта айтылғандай, көптеген орыстiлдi азаматтардың санасында баяғы совет үкiметiнiң тұсындағы психологияның қалдығы бар. Совет үкiметiнiң кезiнде де орыс тiлi – мемлекеттiк тiл, қалғандары – мемлекеттiк тiл емес деген ашық саясат болған жоқ, бiрақ өзiнен-өзi сол психологияны жалғастырушы болып отыр. Сондықтан бұл баптың тармағын Конституциядан алып тастау – оны бұзу емес. Қажет болған жағдайда Конституцияға да өзгертулер мен толықтырулар енгiзiлiп отырады, бұл заң аясында шешiлетiн мәселе.

Жалпы, осы мәселенi талқылауда үлкен бiр қателiк бар: Конституциядан осы тармақты алып тастау – орыс тiлiне тыйым салу емес. Орыс тiлiнiң бiздiң қоғамдағы бүгiнгi орны, орыс тiлiнде бiлiм алу, ақпарат тарату немесе ақпарат алу құқықтары қажетiне қарай сақталады. Ал халыққа қызмет ету, оның iшiнде мемлекеттiк аппарат, құқық қорғау органдарының жұмысы бiртiндеп, мемлекеттiк тiлге көшуi керек.

Оған қоса, Ашық хаттың орыс тiлiндегi аудармасында бiз айтқан "қатаң шаралар" қолдану туралы сөз тiркесiн "крайние меры" деп көрсеткен, бұл аударма дұрыс емес. Дұрысы – "жесткие меры" болуы керек едi.

– "Қатаң шаралар" деп ненi меңзеп отырсыздар?

– Қатаң шаралар – заң аясындағы кез-келген шаралар. Ең әуелi, өз талабымыздан ауытқымау. Қажет болса, заң аясында бар мүмкiндiктi пайдаланып, қысым жасау.v– ҚР Президентiнiң саяси кеңесшiсi Ермұхамед Ертiсбаев бұл ашық хатты заңсыз деп мәлiмедедi. Бұған қоса, ол хатқа қол қойған азаматтарды "саясаткерсымақтар" деп атады…

– Ертiсбаев еш уақытта қазақ тiлiн қолдаған адам емес. Ол "Ел бiрлiгi" доктринасын талқылаған кезде де, балама жобаны қолдаған адамдарды қорқытуға тырысқан. Оған байланысты академик Салық Зиманов "Ертысбаев опять трясет пугалом" ("Қолына шоқпар алып, халықты қорқытуға шықты") деп мақала жазған. Ұлтты, ұлттық мүдденi қолдаған адамды ұлтшыл деп атау, қолына шоқпар алып, соларды ұру, оларға жағымсыз ат қою – совет үкiметiнен қалған саясат. Ертiсбаев – қазақ нигилизмiнiң (большевизмiнiң) айнасы деуге де болады.

– Осы хат қазақтiлдi аудитория мен орыстiлдi аудитория арасын ушықтырған сияқты көрiнбей ме? Әдетте мемлекеттiк тiл тақырыбын көп көтере бермейтiн орыстiлдi баспасөз осы жолы өре түгегелiп, қайта-қайта хатқа қол қойған азаматтардан сұхбат алып, түсiнiктеме iздеп, оны жоққа шығаруға тырысып жатыр.

– Орыстiлдi газеттердiң пiкiрi бiр бөлек те, қазақтiлдi газеттердiң пiкiрi бiр бөлек. Тәуелсiздiк алған күннен берi осылай жалғасып келедi. Бiрақ мәселе бүгiнгiдей турасынан қойылған кезде, жiк ашылады, барлық сыр белгiлi болып қалады. Себебi Қазақстан қоғамы соңғы жүз жылда қазақтың тiлiн, мәдениетiн, дәстүрiн, тарихын, сыйлап өскен қоғам емес. Сондықтан бүгiнгi күнi қазақты ұлт ретiнде сыйлап өспеген психология әлi көптеген адамдардың санасында бар және ол сананы кейiнгi ұрпаққа да сiңiруге тырысып жатыр. Бұл өте ауыр сана. Алайда Ашық хатқа қол қойған адамдар және жалпы қоғам бұл күрестi тоқтатпауы керек. Ұлт, тiл мәселесi бiр күнде шешiлетiн мәселе емес, қажымай, талмай, түңiлмей осы бағытты ұстай беру керек. Жаңа айтқан "қатаң талаптардың" бiрi – осы. Ал "мен олай ойламап едiм, мен көрмедiм, оқымадым" деген азаматтардың санасының бiр бұрышында советтiк психологияның сарқыншағы қалғаны белгiлi болды.

15.09.2011