СЫР ӨҢIРIНДЕГI СОНЫ СЕРПIН

СЫР ӨҢIРIНДЕГI СОНЫ СЕРПIН

СЫР ӨҢIРIНДЕГI СОНЫ СЕРПIН
ашық дереккөзі

Ұлттың ұлы бола бiлген талай қазақтың кiндiк қаны тамған жер, тағдырдың теперiшiне мойымаған, сыр мен жырға бай өңiр – Қызылордада экономикалық, әлеуметтiк, мәдени және рухани өсу бар. Әсiресе шежiрелi өңiрдiң тiзгiнiн бiлiктi басшы Болатбек Қуандықов мырза ұстағалы берi киелi өңiрде қолға алынған iстер қомақты.

Қазақстанның оңтүстiгiнде жатқан Қызылорда облысының iргетасы 1938 жылдың 15 қаңтар күнi қаланған. Ғасырлар бойы адамзаттың өсiп, өркендеуiне ықпал еткен Ұлы Жiбек жолы осы Сыр бойымен өрбiген. Батыс пен Шығыс мәдениетiн байланыстырып, екi құрлық арасындағы алтын көпiрге айналған Жiбек жолы аса маңызды сауда желiсi едi. Ұлтының ұлы бола бiлген талай атақты азаматтың кiндiк қаны тамған Сыр өңiрi Қорқыт баба, Әйтеке би және Жалаңтөс Баһадүр, Жанқожа, Бұхарбай, Тоғанас батырларымен, бертiнде туған Ғани Мұратбаев, Мұстафа Шоқай және атақты дихан Ыбырай Жақаевпен мақтана алады. Бұл аймақ сонымен қатар сәулет, археологиялық ескерткiштер мен кесенелерге бай. Тарихи қалалар Сауран және Сығанақ, археологиялық ескерткiштерi және кесенелер – Сунақ Ата, Айқожа ишан, Қарасопы, Оқша Ата, Досбол би, Есабыз, Ақтас мешiтi, Қорқыт Ата мемориалды кешенi Ұлы Жiбек жолының туристiк бағыттарына кiредi. 2011 жылдың 1 шiлдесiне облыстағы халық саны ағымдағы деректер бойынша, 706,6 мың адам болған (оның 37,4 мыңы Байқоңыр қаласындағы Қазақстан Республикасының азаматтары). Қызылорда облысының әкiмi Болатбек Қуандықов мырза: "Егер қазiргi қарқынды сақтай бiлсек, 2030 жылы облыс халқының саны миллионға жетпек. Егер халық саны өссе, тұтынушылық сұраныс өседi, нәтижесiнде кәсiпкерлiк құрылымдардан салықтық түсiмдер артады. Яғни халықтың санын көбейтiп, аймақты дамыту керек", – дейдi. Әкiмнiң айтуынша, былтыр ауру-сырқау көрсеткiшi 4 пайызға төмендесе, туу керiсiнше, 10 пайызға артқан. Ең маңыздысы, бала өлiмi 7,5 пайызға төмендетiлiптi. Бұл демографиялық өсiмге игi ықпал етерi сөзсiз.

"Қырында малы қаптаған, Сырында күрiш баптаған" Қызылордада бүгiнде экономикалық, әлеуметтiк, ғылыми, мәдени даму қарқынды. Қызылорда облысының статистика департаментiнiң хабарлауынша, 2011 жылдың 1 шiлдесiндегi тiркелiм деректерi бойынша облыс аумағында шағын кәсiпкерлiктiң 4258 кәсiпорны тiркелген. Бұл былтырмен салыстырғанда, 5,6 пайызға жоғары. Осының арқасында күнкөрiс деңгейi де жақсарып келедi. Мәселен үстiмiздегi жылдың шiлде айында жан басына шаққандағы ең төменгi күнкөрiс деңгейi маусыммен салыстырғанда, 18,6 пайызға өсiп, 15750 теңгеге тең болған. 2011 жылдың қаңтар-шiлдесiнде облыстың өнеркәсiп кәсiпорындары 627979 млн. теңгенiң өнiмiн өндiрдi, бұл 2010 жылдың сәйкес мерзiмiмен салыстырғанда, 101,6 пайызға жоғары. Ал облыс бойынша 5,7 пайызға тең жұмыссыздықпен күрес шарасының шеңберiнде "Жұмыспен қамту – 2020" бағдарламасының 3 бағыты бойынша 2011 жылға қаржыландыруда республикалық бюджеттен 1532,2 млн. теңге бөлiнген. Бiрiншi бағыт – "Оқыту және олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесуге" 6909 адамды оқыту, екiншi бағыт "Ауылда кәсiпкерлiктi дамытуға жәрдемдесудi" жүзеге асыруға 476,5 млн. теңге бөлiнсе, "Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру" атты бағдарламаның үшiншi бағыты бойынша 772,4 млн. теңге қарастырылған. Әрi жаңа бағдарламаны iске асыру мақсатында өңiрде арнайы комиссия құрылып, ережелер бекiтiлiптi. Статистика департаментiнiң мәлiметi бойынша облыста өз бетiнше жұмыспен қамтылғандар, жұмыссыздар және аз қамтамасыз етiлген халық саны – 22671 адам. Былтырдан берi индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында екi тiзiмнен тұратын Индустрияландыру картасы жасалып жатыр. Аталмыш құжатқа 22 жоба енгiзiлген. Қазiр облыс бойынша индустриялық-инновациялық даму бағытында бағдарланып отырған құны 267 млрд. 500 млн теңгенi құрайтын 2010-2014 жылдарға арналған 132 жоба бар. Облыстық кәсiпкерлiк және өнеркәсiп басқармасының бастығы Серiк Сермағанбетовтiң айтуынша, аталған жобалардың барлығы iске асырылғанда 9 мың 700 жаңа жұмыс орындары құрылатын болады.

Қазiргi кезде Қызылорда өңiрiнде мал басы мен мал шаруашылығын жақсартуға ден қойылған. Мәселен 2010 жылы 116,4 млн. теңге, ал биыл 334,3 млн. теңге бөлiнген (оның 161,9 млн. теңгесi жергiлiктi бюджеттен қарастырылыпты). Облыстағы мал тұқымын асылдандырумен айналысатын 23 шаруашылықтың тынымсыз еңбегiнiң арқасында iрi қара – 1,5 пайызға, асыл тұқымды қой – 7,5 пайызға (41,1 мың бас), асыл тұқымды түйе 10,3 пайызға (3,1 мың бас) өскен. Сондай-ақ, мал тұқымын асылдандыруға қызмет көрсететiн дистрибъютерлiк орталық бар. Мал басын көбейту үшiн елiмiздiң өзге өңiрлерiнен "Қызылордаагросервис" МКК-ы арқылы асыл тұқымды 1000 бас мүйiздi iрi қара, 4185 бас қой, 500 бас жылқы, 79 бас түйе әкелiнiп шаруашылықтарға лизингiге берiлiп, 29 орта тауарлы шаруашылықтар ұйымдастырылған көрiнедi. Мұндайда азық-түлiк қауiпсiздiгiнiң атқаратын рөлi зор. Өткен жылы жергiлiктi бюджеттен бөлiнген қаржы есебiнен жылына 511 тонна сиыр етi, 180 тонна қой етi және 304 тонна жылқы етiн өндiретiн "Алиакбар ата Агро" ШҚ-да мал сою пунктiмен, ет сақтайтын тоңазытқыштармен жабдықталған мал бордақылау кешенi iске қосылған. Жоба жүзеге асырылғаннан бергi 5 ай iшiнде 130 бас сиыр, 100 бас жылқы және 500 бас қой малы бордақыланып, сапалы ет өнiмдерi iшкi нарықтағы тұтынушылық сұранысты қанағаттандыруға сеп болған.

Кейiнгi кездерi тұқым шаруашылығын дамыту мақсатында Бүкiлресейлiк күрiш ғылыми зерттеу институтымен бiрлесiп iскерлiк жұмыс жүргiзу жөнiнде Меморандумға және Қазақ күрiш шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында "ҚазАгроИнновация" акционерлiк қоғамымен Меморандумға қол қойылған. Осының нәтижесiнде 2009 жылы облыстық бюджеттен институтқа 75 млн. теңге бөлiнiп, ғылыми және өндiрiстiк жұмыстар жүргiзуiне қажеттi техникалар мен жабдықтар алуына көмек көрсетiлдi. Осының арқасында институт бiрегей және элита тұқым өндiретiн тұқым шаруашылығы мәртебесiн алуға қол жеткiздi. Сонымен қатар, облыста жылма-жыл тұқым шаруашылықтарының саны артып келедi. Қазiргi күнге облыста күрiштiң бiрегей тұқымдарын өндiрумен айналысатын 2 тұқым шаруашылығы, элиталық тұқым өндiретiн 3 шаруашылық және I-репродукциялы тұқым өндiретiн 6 шаруашылық жұмыс жасайды. Облыста күрiш шаруашылығын ғылыми негiздеумен айналысатын "Қазақ күрiш шаруашылығы ғылыми зерттеу институты" ЖШС жұмыс жүргiзедi. Институтта тұқым шаруашылығы, селекция бөлiмдерi жұмыс iстейдi. Ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сорттарын шығару өте көп уақыт алатын, қыруар қаражат қажет ететiн сала. Сондықтан бiр сорт шығаруға он жылдай уақыт кетедi. Тер төгуден аянбайтын Институт ғалымдары соңғы жылдары күрiштiң "Арал 202", "Ару", "Түгiскен-1" сорттарын шығарыпты. Сонымен қатар облыста 2007 жылы күрiш сорттарын алмастыру бағытында ресейлiк күрiштiң 7 сорты тiкелей өндiрiстiк сынақ үшiн егiлдi. Осы сорттардан, жергiлiктi топырақ климат жағдайында жоғарғы өнiм берген "Лидер", "Новатор", "Янтарь" сорттары 2008 жылдан бастап республикамызда пайдалануға рұқсат етiлген сорттар тiзiмiне енгiзiлдi. Бұл сорттар биылғы жылы барлық егiлген күрiштiң 21,7 пайызына егiлдi. Өткен жылдан бастап облыстың сорт сынау инспекциясында ресейлiк Фишт, Анаит, Ренар, Шарм сорттары сынақтан өтуде. Облыс жағдайында сынақтан оңды нәтижелер берсе, бұл сорттарды да келешекте аудандастырылатын болады. Қазiргi кезде облыс бойынша картоптың жетi сорты, қауын мен қарбыздың жаңа сорттары өсiрiлуде.

Қазiр күн тәртiбiне шыққан маңызды мәселелер қатарына тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесi тұр. Осы орайда, Қызылорда облысында 2011 жылдың қаңтар – шiлдесiнде жалпы алаңы 109393 шаршы метр болатын тұрғын үйлер салынып, 2010 жылдың сәйкес кезеңiмен салыстырғанда 116 пайыздан асқан. Тәуелсiздiк алған 20 жылдың iшiнде облыс бойынша 100-ге жуық мектеп салынғанын көлденең тартқан Қызылорда облысының әкiмi Болатбек Қуандықов соңғы 4 жыл iшiнде 28 жаңа балабақша пайдалануға берiлiп, 4 мыңнан астам бүлдiршiннiң мектепке дейiнгi тәрбие жұмыстарымен қамтамасыз етiлгенiн айтады.

25.08.2011

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ