Әбу ФИРАС және Мағжан ЖҰМАБАЕВ

Әбу ФИРАС және Мағжан ЖҰМАБАЕВ

Әбу ФИРАС және Мағжан ЖҰМАБАЕВ
ашық дереккөзі
517

Бiрiншi алақандай қағаздың басында "Әбу Фирастан" деген жазу тұр. Баяғы империяның дүрiлдеген кезiнде Мәскеуде – СССР Ғылым Академиясының Шығыстану институтында аспирантурада оқыған жылдарымда әйгiлi арабтанушы ғалым Исаак Моисеевич Фильштинскийдiң араб әдебиетiнiң тарихы жайында тамаша дәрiстерiн тыңдағаным бар едi. Әл-Мутанаби, Әл-Маари, Имрул Қайстiң, Әбу Фирас секiлдi арабтың аты шулы классик ақындарының есiмдерiн сол бiлiмпаз ұстаздың айтуынан бiлушi ем. Сонда Әбу Фирас жайында толғағанда менiң есiме өзiмiздiң Махамбет Өтемiсұлы түсетiн. Екеуi де жауынгер, батыр ақындар. Отты сөз, өткiр қылыштың иелерi едi.

Әбу Фирас әйгiлi Сайф ад-Даулидiң сарайында қызмет еткен, бiрақ ол бiрыңғай панегирист ақын емес едi. Византиямен соғыста қолға түскен грек қызынан туған. 3 жасынан әкесiнен жетiм қалады. Ал Сайф ад-Даули оған ағайын болып келетiн. Әбу Фирастың түрмеде жазған жырлары, лирикасы маған Мағжанды елестетушi едi. 947 жылы тәуелсiз Хамданид Эмираты құрылғаннан соң Әбу Фирас Сайф ад-Даулимен бiрге болып, iрi қызмет орнын иемденедi. Сөйтiп жүрiп сарай маңындағы әдеби үйiрмеге белсене қатынасады. Ұстазы Ибн Халавайха оны өлең өнерiне баулыды. Сөйтiп, шәкiртiнiң талантын ашады. Сайф ад-Даулимен Византияға қарсы жорықтарда көзге түсiп, ерекше батырлығымен танылады. Содан соң-ақ Сайф ад-Даули Әбу Фирасқа үлкен сенiм артып, оны Солтүстiк Сирия мен Византия арасында орналасқан Манбиджа қорғанына билеушi етiп жiбередi.

Византиялықтармен соғыста Әбу Фирас екi рет қолға түсiп қалады. Бiрiншi ретiнде қорғаннан Ефрат өзенiне секiрiп, қашып құтылады. Екiншi мәрте византилiктер Манбиджа қорғанына шабуыл жасағанда ақын жаудың қолына түсiп қалады. 962 жылы оны Константинопольге ауыстырады. Тұтқынды өтемiн берiп, сатып алуды Сайф ад-Даули кешiктiредi. Араға әлдеқандай өсек араласты ма, әлде туыс iнiсiнiң қайсар мiнезi әмiрдiң қытығына тидi ме, әлде тәуелсiз тәртiбi мазалады ма, әйтеуiр Сайф ад-Даулидiң өтiнiшiне құлақ аспады. Тек төрт жыл өткеннен кейiн 966 жылы тұтқындарды айырбастау кезiнде Әбу Фирас бостандыққа шығады. Сайф ад-Даули қайтыс болғанда батыр ақын Эмираттағы үкiмет үшiн күресiп жүрiп, соғыста қаза табады. Әбу Фирас сол кезде 36 жаста едi. Белгiлi әдебиетшi ас-Сахиб ибн Аббадтың мынандай қанатты сөзi артта қалыпты: "Поэзия Патша Имрул Қайспен басталып едi, Патша Әбу Фираспен аяқталды" дептi.

Манбиджа қорғанында билiк құрған жылдары Әбу Фирас өзiн барынша еркiн ұстады. Жорыққа шықты, аң аулады, поэзиямен айналысты. Сарай маңындағы шайырлардай жалтақтап, бұғып қалмай, уақытын думанмен өткiздi. Күштiлердi мақтап, мадақтаудан аулақ болды. Махаббатты, өз тегiн, руын, ерлiктi жырлады. Жорықтарға арналған екi жүз жиырма бес бәйiттен тұратын поэмасы бар. Әсiресе ақынның византилiк түрмеде жазған "Румийаттары" оның даңқын асырып жiбердi, хамданидтердi асқақ жырларына қосты. Осы тұста бiздiң Мағжанмен үндесетiн шығар.

"Егер басқа адамдар құты, шарап, сыбызғы, барабан үшiн жаратылса, Хамданидтер даңқ, құдiрет, iзгiлiк үшiн жаратылған. Бiз орта тұсты бiлмеймiз. Бiзге дүниеде бiрiншi орын керек немесе мола. Бiз ұлы ерлiктерден өмiрiмiздi аямаймыз, өйткенi сұлуға құда түсушi саудаласпайды… Мен таңертең еркектердiң бос қалған тұрағына тиiспеймiн, әскерiне шабуыл жасайтын болсам, алдын-ала ескерту жiберемiн. Қаншама рет талай кыстақтарды тұлпарлардың тұяқтарының астында қалдырдым, жауларымды тiзе бүктiрдiм. Алайда жүздерiн жасырған пәрәнжәлi әйелдердiң алдында екпiндей алмадым. Қаншама рет жау қыстақтарында етектерi жер сызған сұлуларды көрiп, сызылып, мейiрiммен сөйледiм. Сұлулардың сезiмiне сыз түсiрiп көрмедiм. Соғыста әскерiмнiң қолына түскен бар олжаны әйелдерге бөлiп бердiм. Перделерiнiң тыныштығын бұзып көргенiм жоқ", – дейдi араб ақыны. Бұл жағы да Мағжанның махаббат, сұлулық, әйелдер жөнiндегi нәзiк лиризмiн еске салады.

Әбу Фирастың ақын ретiнде атағын жайып жiберген, тұтқында жазған "Румийаттары" едi. "Азаптарым адам айтқысыз, сабырымда шек жоқ. Жағдайымды жеңiлдетер бiр Алла ғана. Жараларым қауiптi, тәуiптер де жаза алмас. Қайғым екеу: бiреуi сыртымда, бiреуi iшiмде. Тұтқын түндерiн жұлдыздарға телмiрумен өткiземiн".

"Әбу Фирасдан" деп, тақырыбын қойған Мағжан аудармасы мүмкiн осы өлеңнен алынған шығар.

Жау жеңдi, берiк қамады,

Кiсендемiн, тұтқынмын.

Тамшылап қаным ағады,

Сарғайтасың өтпей күн.

Еш дыбыс жоқ, қара түн,

Жұлдыздар әлсiз сәулесiн

Шошып тұр естiп талған үн,

Таныдым шешем дауысын.

Әбу Фирас түрмеде отырған жылдары аяулы анасы ұлын күтiп қатты күйзеледi. Ақынның анасы Аленноға әмiр Сайф ад-Даулиға барып, ұлын төлемiн берiп босатып алуын өтiнедi. Бiрақ айтқан сөздерi жерде қалып, ана налып қайтады. Сонда Әбу Фирас анасына өлеңмен хат жазады. Сезiмге толы өлең. Мағжан Жұмабаевты қатты тебiренткенi көрiнiп тұр. Араб шайыры қазақ тiлiнде жатық, жылы сөйлейдi.

Көптен ендi қан жұтып,

Шақырасың қарт анам.

Тұтқын боп, қолдан ерiк кетiп,

Бара алмай тұр жан балаң.

Сабыр қыл, анам, сарғайма,

Дамылсыз зарлап күнi-түн.

Қуан, қыл шүкiр Құдайға,

Иманым үшiн тұтқынмын, – дейдi.

М.Жұмабаевтың "Анама" деп аталатын аяулы өлеңiн еске алыңызшы.

Маған Мағжан Әбу Фирасты түпнұсқасынан оқығандай әсер етедi. Мағжан Уфада Ғалия медресесiнде оқыған, араб, парсы, түрiк тiлдерiн жетiк меңгерген. Бәлки, ақынның қолына Әбу Фирастың араб нұсқасындағы өлеңдерi түсуi кәдiк. Олай дейтiнiм, аударманың сюжетi, композициясы араб нұсқасына жақын. Әбу Фирастың орыс тiлiндегi тәржiмасы Бүкiлдүниежүзi әдебиетiнiң кiтапханасына "Арабская поэзия средних веков" атты томға енген. Аударған А.Ибрагимов ("Художественная литература" баспасы. Москва 1975 ж.). Бұл томдағы орта ғасырлардағы араб поэзиясы өкiлдерiнiң өлеңдерiнiң жолма-жол аудармасын атақты арабистер И.Фильштинский, Б.Шидфар, А.Куделин, М.Киктев жасаған. Ал А.Ибрагимов ақын емес, ғалым адам.

Ал Әбу Фирас секiлдi аса талантты ақынға мықты тәржiмашы тиесiлi едi, бiрақ, өкiнiшке қарай, олай болмаған, олақтау қолға түскен де ортанқолды баламалары жасалған. Әбу Фирастың жолма-жолын менiң мәскеулiк ұстазым Исаак Фильштинский өте сапалы етiп әзiрлегенiмен, поэтикалық көрiнiсi ойдағыдай шықпаған. Аудармада сондай жағдайлар болып жатады.

Жоғарыда бiз атаған Араб поэзиясының антологиясына Әбу Фирастың он шақты өлеңi кiрген, яғни түгел қамтылмаса керек.

Мағжан аудармалары түпнұсқасынан алынған деген сөзiмiздi Әбу Фирастың қазақша шумақтары одан әрi дәлелдей түседi.

Басқа келген қорлыққа,

Жалғанда жан шыдамас.

Шыдап тұру зорлыққа,

Арлы жанға ұнамас – деген өжет жолдар Әбу Фирастың қолтаңбасын танытады. Аз жасап, көп ерлiк жасап кеткен арабтың арыстан жүректi ақынының жүрек дүрсiлдерiн Мағжан айнытпай, айбынды ажарын бередi.

Әрмен қарғып,

шапшып, ақырып ұмтылған,

Арыстанға қарсы шапқан ерлерiң.

Барқылдаған бiр төбеттен қаймығып,

Қалайша iздер таса, сая жерлерiн ?!

немесе:

Қу қазықты жаны жоқ,

Алмасақ егер есепке.

Қорлыққа намыс, ары жоқ,

Шыдайды жалғыз есек те, – десе, Әбу Фирастың парасатты, патриот үнi естiледi. Мағжан тәржiмәсi аудармасынан әлдеқайда қуатты, күштi шыққан. Демек қазақ ақыны арабтың Әбу Фирасын жанымен, жүрегiмен түсiнiп берiп отыр. Бұл арада тағдыр, түрме жайы, махаббат лирикасы екi ақынның поэзиясын жақындастыра, үйлестiре түскенi көрiнiп тұр. Сөз жоқ, талантты ақынды тағдыры туады, сомдайды.

Сендей сұлу тiрi жан,

Көргенiм жоқ жалғанда.

Сендей бала таба алмай,

Талай ана арманда.

Кемшiлiксiз сен сымбат,

Көп артықсың хордан да.

Жаратылдың еркiңмен,

Еркiңе Құдай салғанда, – дейдi Әбу Фирас. Ал Мағжан өз поэзиясында онымен мұңдасқандай, ойласқандай болады.

Сүй, жан сәулем, тағы да сүй тағы да !

Жылы, тәттi у тарады қаныма.

Бұл ләззаттың бiр минутiн бермеймiн,

Патша тағы, бүкiл дүние малына, – деп тебiрендi қазақ ақыны

Әбу Фирастың тұтқын боп талықсып жатқанда жазған түн, табиғат, ғашықтық жайлы жалын шашқан жырлары Мағжан мұңдарымен тентек теңiздiң толқындарындай араласып, бiр-бiрiн қуып кете барады. "Жан жарымды бiр сүйейiн түсiмде" деген өлеңiнде Мағжан:

Тұтқын болып, тысқа шығып жүре алмай,

Зарықтым ғой, жан жарымды көре алмай.

Осы күнде алтын сәулем нағып жүр.

Қандай күйде, қайда екенiн бiле алмай.

Ойлай ма екен тұтқын жарын, түн күндiз?

Жүрек – жара, жасты ма екен қара көз ?

Шашын жайып, түн ұйқысын төрт бөлiп,

Тiлей ме екен жолықтыр деп Тәңiрi тез?– деп, ең болмаса көзiм iлiнiп, сүйген жарды түсiмде көрсем деп армандайды.

Әбу Фирас айтады:

Көңiлде қайғы қалдырмас,

Қандай да болса үш нәрсе:

Көкорай шалғын, ағын су

Әдемi жарың әсiресе.

М.Жұмабаевтың шығармаларының iшiнде (Алматы, "Бiлiм" баспасы, 1995 ж. 99-бет) "Мағарри сөздер" деген бiр топ өлең бар. Сонда оның Мағарри дегенi Абул Ала Аль-Марри атты араб ақыны болса керек.

Әбу Фирас – X ғасырдың, ал Мағжан Жұмабаев – XX ғасыр перзентi, бiреуi араб, бiреуi қазақ. Екеуiн тербеткен тағдыр толқындары ұқсас, ащысы, тәттiсi ұқсас, өмiрi, көңiлi ұқсас, ақылы, нақылы ұқсас, түрмелерi, түндiктерi ұқсас, аналары, даналары ұқсас, зары да, жары да ұқсас екi мұңлы, екi лирик, екi эпиктiң дүние поэзиясының тарихында тiккен тулары биiкте тұр.

Өтеген КҮМIСБАЕВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор

18 тамыз 2011 жыл

Серіктес жаңалықтары