ЕЛКЕЙ СҰЛТАННЫҢ ЕЛГЕЗЕК САЯСАТЫ

ЕЛКЕЙ СҰЛТАННЫҢ ЕЛГЕЗЕК САЯСАТЫ

ЕЛКЕЙ СҰЛТАННЫҢ ЕЛГЕЗЕК САЯСАТЫ
ашық дереккөзі
915

Көптеген тарихи кiтаптар мен түрлi жинақтарда, мұрағат құжаттарында және ел аузындағы әңгiмелерде Елкей сұлтан Қасымұлы (Қасымов) туралы әртүрлi пiкiрлер айтылып, жазылып жүр. Тiптi оның атағы да бiрде сұлтан, ендi бiрде хан деп те аталады. Ал орыс құжаттарында көбiнесе Ирмухамед Қасымов деп жазылған.

Оқырмандарға түсiнiктi болуы үшiн Елкей сұлтанның ата-тегiнен бiрсыпыра деректердi келтiрейiк. Атақты хандардың бiрi Әбiлхайыр ханнан туған Ералы сұлтанның баласы Бөлекей – одан Қасым сұлтан туған. Осы Қасым сұлтаннан бiз әңгiме етiп отырған Елкей (Елекей) сұлтан тарайды. Елкей сұлтан Қасымов шамамен 1812 жылы Төретам, Қорқыт өңiрiнде туған. Академик Серғали Толыбеков 1860 жылдары Төребай би мен Елкейдiң Қорқыт өңiрiн басқарғанын жазған. 1890 жылдары Сырдарияның жағалауындағы Төрткүл, Иiркөл маңында қайтыс болған. Елкей сұлтан қайтыс болып, жерленген жерi бүгiнге дейiн "Хан моласы" деген атпен аталады және 1894-1900 жылдарда бейiтi картаға түскен. Жалпы, сирек кездесетiн кiтаптар мен түрлi жол жазбаларды, мұрағат құжаттарын оқи отырып, сараптап қарағанымызда Елкей сұлтан Қасымов Шөмекей, Кете, Керейт руларының билеушiсi ретiнде танылған. Тiптi 1845-1852 жылдары хан деп аталғанын бiлемiз. Кезiнде Елкей сұлтан тұрақты саясат ұстамаған адам екенi байқалады. Оның бiрде Қоқан, ендi бiрде Хиуа хандықтары мен Ресей елiне бағынып, қызмет атқарғаны жөнiндегi деректер мұрағат құжаттарында сайрап жатыр. Ел-жұрты үшiн осылай әрекет жасауға барды. Бәлкiм, билiк үшiн шығар. Бұндай әрекеттер саясатта – елгезектiк деп аталады. Алдымен бабалары сияқты Ресей патшалығына ықыласы ауып 1847 жылға дейiн орыстардың ықпалында болса, 1847-1852 жылдары Хиуа ханына қызмет еткенi жазылған. Осы тұста оның анасын, әйелiн, балаларын Хиуа бектерi тұтқындап алып кетiп, соларды құтқарамын деп жүрiп өзi де Хиуада түрмеге қамалады. Елкей сұлтанның бұл тұстағы Хиуа бектерiне қызметi мәжбүрлiктен болған деуге негiз бар. 1849 жылы мұрағатта Е.Қасымовтың Хиуаға көмектескенi жазылған. Солай болса да осыған дейiн Жанқожа батырдың аяғына бас ұрып (1847 ж.), бiрге қызмет етудi, бiрге көшiп-жүрудi ұсынғанын және қоқандықтарды бiрге шабуға батырды шақырғанын (4-қор, 3537-iс) оқи отырып, кейiн өзi бас ұрған Жанқожа батырға қарсы өшпендiлiк көрсеткенiн түсiну қиын. Дегенмен саралап қараған кiсiге Хиудан қашып шығып, орыс өкiметiне адалдығын көрсету мақсатында түрлi айла-шарғыға барғаны айқындала түседi. Ақмешiт қорғанын алуға генерал В.Перовскийге 200 адаммен көмектеседi. Қазақ жасақтарын құрып қана қоймай, күш-көлiк тағы басқа көмек те бередi. 1856-1857 жылдарда Жанқожа батыр бастаған көтерiлiс кеңiнен етек ала бастайды. Осы тұста орыс шенеунiктерi мен әскерилерi өздерiне адал қызметiмен көрiнген Елкей сұлтанды әртүрлi әрекетке бағыттап, қазақ арасындағы ру-тартыстың өрiстеуiне жол ашады. Мұны Елкей сұлтан сезбедi ме? Сездi ме? Ол жағы белгiсiз, белгiлiсi – Ресей өкiметiне барынша берiлiп қызмет еткенi. Орыс отрядтарының түрлi жорықтарына қатынасып, оларды басқарған тұстары да болыпты. Бiрде әскери старшина Лебедевтiң басқаруымен табын руынның биi Байқадам Ағайдаровтың ауылын шауып, батырдың өзiн жаралап кетедi. Бұл турасында генерал В.Перовский: "…өңiрге белгiлi, айтулы тұлға, Қоқан, Хиуа және бiзбен үшжақты қарым-қатынас жасап жүрген, Байқадам ауылын шапқаны үшiн Лебедевтi қызметiнен босату керек" деген қорытындыға келедi. Осы оқиғадан кейiн табын руының адамдары бұл iске Елкей сұлтан мен Жанқожа батырдың қатысы бар деп ойлап, кек алуды жоспарлайды. Осыны сезiп жүрген Елкей сұлтан Жанқожа батырдың үш жылдан берi елден жырақта, Қызылқұмда аз ғана үймен көшiп жүргенiн хиуалықтарға құлағдар етiптi деседi. Осы оқиға жөнiнде зерттеушi Ә.Оспановтың "Жанқожа батыр" (1992 ж.) кiтабында …"үшiншi жылы Арал теңiзiнiң жағасындағы қазақ жерiнiң шекарасынан берi өтiп қонған кезiнде, 1860 жылдың көктемiнде Елкей сұлтан бастаған қазақ отряды келiп өлтiрiп кетедi". Осы кiтаптың 76-бетiнде: … "Хиуа хандарына қызмет көрсетiп, өз халқының мүддесiн сатқан Сауқым Бөкеев, Елкей (Ерухамед) Қасымов, Жанғазы Шерғазиев, Қайыпқали Есiмов сияқты сұлтандар халықтан хиуалық хандар үшiн әртүрлi салықтар жинады және Хиуа хандығына бағынғысы келмеген руларды бiр-бiрiне айдап салды", – деп жазса, сол кезеңдерге тiптi жақын өмiр сүрген зерттеушi, Қазалыда қызмет атқарған шенеунiк И.В.Аничков ("Қазақ батыры Жанқожа Нұрмұхамедұлы" атты 1894 жылғы) кiтапшасында: "Табындарға Шөмекей тайпасының ханы деп есептелiнетiн, орыс ұлықтарына әрқашан жағынып, қызметiн шегуге даяр тұратын полковник Қасымұлы Елкей сұлтанның қолы көмек берген едi. Батыр (Жанқожаны айтып отыр) табындардың "Тостағандап" салған ұранын естiп, мән-жайда түсiне қойып, ажалым жеткен екен дептi", – деп жазған-ды. Сондай-ақ зерттеушi, подполковник А.И.Макшеев те "Исторический обзор Туркестана и наступательного движения в него русских" атты (1890 жылғы) кiтабында Жанқожа батырды өлтiрген Елекей Қасымов деп жазыпты. Бұларға қоса А.И.Добромыслов, Николай Анов тағы басқалары Елкей сұлтан жайлы жазғаны белгiлi. Жалпы, Ресей және қазақ зерттеушiлерi Жанқожа батыр өлiмiн ұйымдастырушылардың бiрi ретiнде Елкей сұлтан Қасымовты атайды. Қазақстан орталық мемлекеттiк мұрағат құжаттарында Елкей Қасымов туралы 1847-1864 жылдар аралығында түрлi жазба деректер кездестi. Онда Шөмекей, Кете руының билеушiсi, елден түтiн пұлды қабылдап алғандығы, алатын айлығы, атқаратын қызметi, шенi, қыс қыстауы, қарамағындағы рулардан алынар айыптары жайлы да жазбалар бар. Жанқожаның 1860 жылы Бозаша бойында өлгенiн, баласы Итжемес пен iнi-туыстарының Дәуқара жаққа қашқанын, оларды мал-мүлiкпен қолға түсiргенiн жоғары басшыларына хабарламаларға сұлтан Елкей Қасымов пен сұлтан Бөрi Сауқымов растап қол қойған. Михаил Юдиннiң "Ақмешiттiң алынуы" атты 1853 жылғы жазбасында: "…Хұдаяр хан Шөмекей руының ауылдарын зекет төлемегенi үшiн таласа, хиуалықтар Елкей Қасымовты қайтару үшiн шабуылдаған", – дейдi. Осы жазбаларда басқа тұлғалармен қатар сұлтан Елкей Қасымовтың Хиуа хандығының қорғанысы, әскери жалпы жағдайы туралы орыс әскерлерiне хабарлағаны да назардан тыс қалмаған. Сұлтан Елкей Қасымов орыс өкiметiне адал берiлген қызметi үшiн 1853 жылы Анна лентасын және алтын медаль алса, 1858-1860 жылы подполковник шенiне көтерiлген, 1862 жылы әулие Станислав лентасымен марапатталып, полковник шенiн алған. Мұрағат құжаттары мен түрлi жинақтардан аңғарғанымыздай, Елкей сұлтанның тұрақты ұстанымы болмаған сияқты, бiрде Хиуа мен Қоқанды, ендi бiрде орыс мемлекетiн қолдағаны аңғарылады. Осы тұста өзiнiң жеке мақсатына қол жеткiзу жолында қателiкке ұшыраған тұстары аз болмаған сияқты. Сол кезеңдегi барша беделiн, қазақ халқы үшiн жұмсаған аз ғана қайраткердiң қатарына қосыла алмауы – оның орыс шенеунiктерiнiң iшкi-сыртқы саясатын жете түсiнбеуiнен, өз отбасын қорғауға мәжбүр болуынан деп қарау керек. Жалпы, Елкей сұлтан – қайшылығы мол тұлға. Әрине, өз қарамағындағы руларды қорғаған тұстары да аз болмаған. Жанқожа батырдың өлiмi жайлы ауызша әңгiмелерде табын Байқадамның баласы Ақсақалдың батырды тамағының тұсынан атқандығы және сол оқтан батырдың өлгендiгi айтылады. Расында, Жанқожа батыр Байқадамды өлтiруге қатысқан емес. Өйткенi қас батырлар, қолбасшылық жасаған батырлар, қасының сыртынан келмейдi, бетпе-бет, жекпе-жекте кездеседi емес пе? Ел аузында айтылып жүрген табын Байқадамды басы Жанқожа батыр болып, Жанқожаны басы Бұқарбай батыр бас болып өлтiрдi деген өсек, бiреулердiң жауапсыздықпен шығарған өтiрiк сөздерi. Байқадам мен Жанқожаның қазасы арандатудан туған және орыс шенеунiктерiнiң екiжүздi саясатты, адал адамдарды адастыруынан туған жайт деп қараған дұрыс. Ең бастысы, Елкей сұлтанның екi ұлы Ерғали мен Ибрагим – қазақ қоғамының ХХ ғасырындағы ұйытқысы, ұйымдастырушысы болған азаматтар, олар өз бiлiмдерiн қазақ ұлтына толық жұмсаған қайраткерлер. Балқия қызбен айтысында Сәрсенбай жырау: "…Жәкеңдi (Жанқожа) адам бар ма бiлмейтұғын, Бiлсең сен ретiң жоқ бүй дейтұғын. Қарусыз қапияда жау қолынан Дем бiтсе кiмдер аңсыз күймейтұғын. Байқадам әкесi едi Ақсақалдың, Бетiне жан жел болып тимейтұғын. Жұмабай көзiн құртқан Байқадамның, Алшынның ары ешкiмге сiңбейтұғын. Ел көрмей өмiрi өткен Ақсақалдың, Жасырынып жапанда жан жүрмейтұғын, Өзiңде осындай мiн бола тұрып, Ретiң бар емес пе күлмейтұғын," – деп жырлаған. Осындағы Жұмабай деген жiгiт Байқадам батырдың, Ақсақал Жанқожа батырдың өлiмiне қатысқан адамдар. Екеуiнiң де кейiнгi тағдыры жақсы болмапты деседi.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ, зерттеушi,этнограф
18 тамыз 2011 жыл

Серіктес жаңалықтары