Қазақша атауларды қашан сауатты жазамыз?

Қазақша атауларды қашан сауатты жазамыз?

Қазақша атауларды қашан сауатты жазамыз?
ашық дереккөзі
273

Қазақ елiнде қазақ сөздерi, мәселен жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiнiң (ЖШС), жеке кәсiпкердiң (ЖК), сауда орнының және өнiм түрiнiң атауы болып бекiтiлгенде ана тiлiмiздегi жазылу нұсқасына сәйкес бекiтiлгенi жөн едi.

Мәселен облыс орталығында «Айгерим», «Асем-Ай», «Даулет», «Айнура», «Байтерек» (iрiлi-ұсақты сауда орындары), «Баянаул» (мәдени орталық, тұрғын үй кешенi) бар. Толстой көшесiндегi дүкенге «Каусар» атауы берiлген. Қазақша «Қаусар» (дряхлеть) және «Кәусар» (живительный) деген сөздер бар. Ал мынау не атау? Түсiнiксiз. Ал бұл атау қайда және қалай бекiтiлдi? Бұндай атауларды қазақша да, орысша да жазылған деп те айта алмайсың.

Осындай атауларды орыстiлдi азаматтар «қазақша жазылған» деп бiзден мағынасын сұрайды, ал қазақтiлдi азамат «орысша жазылған» дейдi басын шайқап. Сонда бұл қай тiлде? Қойыртпақ! Жоғарыдағы сөздердi қазақша «Әйгерiм», «Әсем-Ай», «Айнұр», «Кәусар», «Бәйтерек» деп сауатты жазуға болмай ма?! Кiмге жалтақтаймыз? Әлде қазақша атауларды өзге тiлдердiң орфографиясына сәйкес, бiр атауды жүз отыз тiлде жазып, тiлiмiздi «дамытпақшымыз» ба? Онсыз да қарап отырсақ, ағылшынша, орысша, немiсше, қытайша т.б. сөздер қалаға ерекше «көрiк» берiп тұр.

Бұл қалпымызбен жаңадан ашылғалы жатқан кәсiпорынға «Ұлы (великая) Дала» атауын қалаған азамат, өзi тiл маманы болмағандықтан «Улы (ядовитая) Дала» деп жазып әкелсе, сол күйiнде бекiтiле ме? Ал осындай жағдайда «Ұлан» (гвардия) «Улан» (отравись) болып, немесе «Үмiт» – айтылуы «Үмүт» болғандықтан – «Умут» (забудь) болып бекiтiлiп кетпесiне кiм кепiл? Ал «Күн» мен «Құн», «Қол» мен «Көл» сөздерi бар атауларды орыс тiлiнде дәлме-дәл бере алмасымыз тағы анық. Қазақша «Он» («десять»), «Өн» («расти»), «Оң» («правый»), «Өң» («облик» немесе «явь») деген сөздердiң барлығын «Он» деп жазамыз ба? «Әншiбай», «Аңшыбай» деген есiмдер болса, оларды «Аншыбай» деп бекiте саламыз ба?… Қазақ тiлiндегi Ұ, Ү, Ә, Ө, Ң, Һ, I, Ы, Ғ әрiптерiн өзге ұқсас әрiптермен шатастыруға болмайды. Бұл әрiптердiң жауы – қазақтың да жауы. Өйткенi осы әрiптер ғана қазақ тiлiнiң алтын дiңгегi. Жоғарыда айтылған мысал соның айғағы болса керек. Сондықтан айтқанда өзгешелеу дыбысталса да, жазғанда тек қазақ тiлi орфографиясына сәйкес жазылуына көңiл аударатын уақыт жеттi. Әйтпесе «Улы ақын» деп жазамыз ба? Бұл мәселе, бiр жағынан, қазақ тiлi әлiпбиiн латынға көшiру қажеттiгiн көрсетсе керек. Айта кетерлiгi сол, латынға көшкенде басты мақсат В, Ч, Ц, Э, Ъ, Ь, Ю тәрiздi тiлiмiзге жат әрiптерден арылып, тiлiмiздi сақтаушы – Ұ, Ү, Ә, Ө, Ң, Һ, I, Ы, Ғ әрiптерiне жеке дара таңба беру керек. Өздерiне ұқсас әрiптерден қазiргiдей «белбеу» мен «құйрықша» арқылы ажырату – қазақ тiлiнiң тамырына жаңа вирус түсiрумен тең екенiн ескерелiк. Бұл жағдайда ерекше әрiптерiмiздi екi әрiптен құрауға тура келедi. Ойым тек ағылшын тiлiнiң әлiпбиiн ғана пайдалану, оған басқа әрiптер енгiзбеу. Сонда ғана әлемнiң қай жерiнен болса да қазақша хатты жазып, оқи аламыз. Неше түрлi иероглифтерден құтыламыз, банк саласы да қазақ тiлiн «жатырқамайтын» болады. Тек сондай жағдай болмас үшiн ағылшынның әлiпбиiн (ешбiр қоспасыз) пайдаланған жөн.

Кәсiпорын, мекеме, ұйым атауларын дұрыс жазу керекулiктердiң ғана басындағы мәселе емес. Алдағы уақытта осындай қателiктердi болдырмас үшiн Әдiлет министрлiгi мен Тiл комитетi жоспарлы түрде бiр шара қолданса екен. Мемлекеттiк тiлдiң қолданылу аясының кеңеюiне ғана емес, тiлiмiздiң дұрыс қолдануына да мән беру қажет.

Төлен РАМАЗАНҰЛЫ
18 тамыз 2011 жыл

Серіктес жаңалықтары