БӘРIНЕ БЕНЗИН КIНӘЛI МЕ? ӘЛДЕ?..

БӘРIНЕ БЕНЗИН КIНӘЛI МЕ? ӘЛДЕ?..

БӘРIНЕ БЕНЗИН КIНӘЛI МЕ? ӘЛДЕ?..
ашық дереккөзі
256

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

ҚР Статистика агенттiгiнiң хабарлауынша, елiмiздегi күн санап өсе түскен қымбатшылыққа жанар-жағар май бағасы себеп.

Соңғы кездерi байқалатын үдерiс – базарлар мен дүкен сөрелерiндегi баға үздiксiз өсу үстiнде. Қарапайым халықтың қалтасына салмақ салған бағаны ауыздықтау мақсатында Үкiмет тиiстi шараларды қолданып жатқанын айтып, бiрнеше мәрте ресми түрде мәлiмдеме жасады. Тiптi қасиеттi Рамазан айы басталардан сәл ғана бұрын Бас мүфти Дербiсәлi қажы сауаптан үмiттi мүмин отандастарын, яғни кәсiпкерлер қауымын барша мұсылман ораза тұтатын қасиеттi айда тауарлар құнын 10 пайызға төмендетуге шақырды. Обалы не керек, Бас мүфтидiң өтiнiшiне құлақ асқан кәсiпкерлер табылды. Алайда ауыздығымен алысқан инфляция бұған бас бiлдiре қойған жоқ.

Ал дүйсенбi күнi Астанада брифинг өткiзген ҚР Статистика агенттiгiнiң төрағасы Әлихан Смайылов Қазақстандағы қымбатшылыққа тоқтаусыз көтерiлiп бара жатқан жанар-жағар май бағасының басты себеп болғанын айтты: «Соңғы екi айда жанар-жағар май құнының артуы инфляцияның басты факторы болып табылды». Деректерге сүйенсек, үстiмiздегi жылдың басынан берi жер май 20 пайызға қымбаттап, мұнай өңдеу зауыттарындағы баға 24 пайызға жоғарылаған. 7,5 пайызға өскен газ құны өндiрушi кәсiпорындардағы сығымдалған пропан мен бутанды 8,8 пайызға бiр-ақ шарықтатқан. Нарықтағы ең көп пайдаланатын жанар-жағар майдың 17,4 пайызға қымбаттауына негiз болған инфляция өндiрушi кәсiпорындардағы 23 пайыздық қымбатшылыққа негiз болған. Смайыловтың айтуынша 2011 жылдың 30 шiлдесiндегi деректер бойынша, Алматы мен Астанадағы 1 литр АИ-92 бағасы – 103 теңге, АИ-95 – 127 теңге болған. Бензиннiң бұл түрi Көкшетауда – 110 теңге, Қарағандыда – 105 теңге.

Негiзi – АИ-80/92/93 маркалы бензин бағасын реттеп отыруды Үкiмет 2009 жылдың желтоқсанынан бастап өз қолына алған. Алайда жанар-жағар май стансаларының қожайындары мұндай қадам нарықтың заңдарына қайшы келедi деп есептегендiктен, бағаны шектеуге тырысқан билiкке наразы. Мысалы, тамыздың басында Астанада арнайы баспасөз мәслихатын ұйымдастырған «Гелиос», «Аурика», «Oil» т.б. жанар-жағар май стансаларының қожайындары журналистерге: «Билiк алдымен жанар-жағар майды бiзге көтерме бағамен сататындарды заң бойынша жүгендеу керек. Бензиннiң қымбаттауына солар кiнәлi. Өйткенi Үкiмет 102-104 теңгемен шектеген 1 литр АИ-92-нi көтерме сауда өкiлдерi бiзге 104-105 теңгеден сататындықтан, бiз орасан зор көлемде шығын шегудемiз» деп мұң шаққан. Өкiнiшке қарай, кейбiр «жұмыртқадан жүн қырқатындар» алыпсатарлыққа жиi бой ұрады. Осының салдарынан, iшкi нарықтағы қолдан ұйымдастырылған жанар-жағар май тапшылығының кесiрiнен 3 теңгеге қымбаттаған АИ-92 маркалы бензиннiң 1 литрi 106 теңгеден сатылды. Оның үстiне, ресми деректермен жиi сәйкес келмейтiн базардағы баға бүгiнде басқаша. Сөзiмiз дәлелдi болу үшiн, апта басында Алматыдағы жанар-жағар май стансаларын аралап шықтық: 1 литр АИ-92 – 106 теңге, АИ-95 пен АИ-96 – 126-130 теңге, АИ-98 – 140 теңге көлемiнде. Бүгiнде Қазақстан нарығындағы тауарлардың үздiксiз қымбаттауына бензиндi кiнәлаушылар аз емес. Жазықсыз бензин – жансыз затта қандай кiнә болсын. Бар пәле мұнай құбырлары мен жанар-жағар майды уыстарында ұстап отырған монополистерде жатқанында еш дау жоқ.

18 тамыз 2011 жыл

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары