ИСЛАМ және ҒАЛАМДЫҚ САЯСАТ

ИСЛАМ және ҒАЛАМДЫҚ САЯСАТ

ИСЛАМ және ҒАЛАМДЫҚ  САЯСАТ
ашық дереккөзі
298

Мiне, қасиеттi Рамазан айының екiншi жартысы басталды. Барша әлем Рамазан айында Ислам мәдениетi мен әдет-ғұрыптарына құрмет көрсету арқылы дiнаралық татулықты, бейбiт тiрлiктi насихаттауға ойысты. Атышулы 11 қыркүйек оқиғасынан соң, Ислам дiнiнен үркетiн АҚШ-тың өзi осы қасиеттi айда салиқалы саясат ұстанып, Исламның құндылықтарын мойындайтынын бiлдiрiп қалып жатады.

Осының анық дәлелi ретiнде тамыз айының 10-ында Ақ үй кезектi ифтар ұйымдастырды. Ақ үйге жиналған мұсылман мемлекеттерiнiң елшiлерi мен жергiлiктi мұсылман қоғамдарының жетекшiлерi алдында сөйлеген сөзiнде Барак Обама америкалық қоғамды әртүрлi дiни наным-сенiмдi құрметтеуге, әрдайым бiрлiк пен ынтымақта болуға үндедi. Барак Обама 2001 жылдың 11 қыркүйегiндегi қайғылы оқиғадан кейiнгi 10 жылда америкалық мұсылмандардың ел өмiрiндегi белсендiлiгi ерекше болғанын мойындады. Америка президентi сол оқиғалар кезiнде құтқарушылар, медбикелер мен өрт сөндiрушiлер қатарында көптеген мұсылмандардың болғанын және олардың отандастарға көмектесуге жан сала кiрiскенiн баяндады. Тiптi қазiргi кезде АҚШ ұлттық қауiпсiздiк, барлау және қарулы күштер қатарында қызмет ететiн мұсылмандар аз емес көрiнедi.

Ақ үй Рамазан айында ифтар берудi Билл Клинтон президент болып тұрған кезден бастап әдетке айналдырған. Джордж Буш бұл бастаманы одан әрi жалғастырды. Ал Обама президент болғалы осымен үшiншi рет ауызашар ұйымдастырып отыр.

Соңғы әлеуметтiк зерттеулерге қарағанда, америкалықтардың басым көпшiлiгiнiң Ислам дiнi туралы еш мағлұматы жоқ екен, бiрақ олардың 43 пайызы мұсылмандарға iштарпайтынын мойындаған. Сондықтан да Америкадағы мұсылмандар қауымы Ислам дiнiнiң бейбiтсүйгiш дiн екенiн әртүрлi қоғамдық шаралар барысында дәлелдеп қалуға тырысып жүр.

Огайо штатының мұсылмандары биылғы Рамазан айында жаңа бастама көтердi. Олар мұсылман емес көршiлерiн ауызашар рәсiмiне шақырып, Исламның бейбiт дiн екенiн насихаттамақ. Жергiлiктi мұсылман қайраткерлерi мұндай шаралар америкалық қоғамдағы Ислам туралы терiс түсiнiктi түп-тамырымен жоюға ықпал етедi дейдi.

Православ дiнiн мектептерде насихаттауға бiлек түрiне кiрiскен Ресейде де мұсылмандар өз құқықтарын қорғап бағуда. Биыл Татарстанда тұңғыш рет "Рамазан-2011" атты республикалық деңгейдегi ифтар ұйымдастырылмақ. Қазан қаласының орталық алаңында 26 тамызға белгiленген ауызашар рәсiмiне шамамен 1000-нан астам қонақ шақырылған. Бұл шара Ресей Президентi әкiмшiлiгiнiң қолдауымен ұйымдастырғалы отыр.

Бұл өзгерiстердi соңғы жылдары жер шарындағы мұсылмандар санының еселеп өсуiнен де көруге болар. Қазiргi таңда әлемде ислам дiнiн ұстанушылар қатары 1,6 миллиардтан асады. Бұл – жер халқының 23,4 пайызы ғана. Салыстыру үшiн айталық, осыдан жиырма жыл бұрын әлемде шамамен 1,1 миллиард мұсылман болған.

Алдағы 20 жылда әлемдегi мұсылмандардың саны 35 пайызға өседi деген болжам бар. Яғни 2030 жылға қарай олардың саны 2,2 миллиардқа жетуi ғажап емес.

Америкадағы мұсылмандар саны артып, алдағы уақытта 6,2 миллионнан аспақ. Еуропаның өзiнде мұсылмандар саны көбейiп, 2030 жылы олардың саны 58 миллионнан асуы мүмкiн. Ұлыбританияда мұсылмандар саны екi есе көбейедi. Зерттеушiлер он еуропалық елдегi мұсылмандар саны 10 пайыздан асады дейдi.

Америкалық Пью орталығы жүргiзген зерттеулер нәтижелерi бойынша алдағы жиырма жылда мұсылман елдерiндегi тұрғындар саны мұсылман емес мемлекеттерге қарағанда екi есе тез көбеймек. Осылайша, санаулы жылдарда мұсылмандар жер шары халқының төрттен бiрiн құрамақ.

Ал халқының басым көпшiлiгi мұсылман болса да, Қазақстан шенеунiктерi ауызашар ұйымдастыруға асық емес. Қалай дегенмен де, ресми ақпарат көздерiнен "бәлен шенеунiк, түген әкiм ифтар ұйымдастырыпты" деген хабар-ошарды өте сирек естисiз. Былтыр Алматыда ҚР Президентiнiң атынан ауызашар ұйымдастырылып, оған 400 адам жиналғаны туралы ресми ақпараттың жергiлiктi баспасөзде жазылғаны рас. Биыл да Президенттiн атынан Алматыда ауызашар берiлдi. Дегенмен шенеунiктер Ақ Орданың өнегесiн iлiп алып, Рамазан айын исламдық құндылықтарды құрметтеуге, оларды халыққа кең насихаттауға асығар емес.

Дайындаған

Г. ЖЕҢIСБЕКҚЫЗЫ

18 тамыз 2011 жыл

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары