ЖОҒАЛҒАН ТУРИСТЕР және АШЫҚ-ШАШЫҚ ШЕКАРА
ЖОҒАЛҒАН ТУРИСТЕР және АШЫҚ-ШАШЫҚ ШЕКАРА
Елiмiзде туристiк топқа қарсы қылмысты iс қозғалмақ. Неге?
…Бәрi де 25 шiлдеде Оңтүстiк Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментiне әлдебiр азаматшаның бiр топ туристердiң тауға кетiп, қайтып оралмағанын хабарлаудан басталған-ды. Оның айтуынша, саяхатшылар облыстың ең биiк нүктесi – Сайрам шыңын бетке алған. 10 шiлдеде жолға шыққан топ 24 шiлдеде қайтып оралуға тиiс болған. Бiрақ қайта оралмаған. Не хабар жоқ, не көрдiм-бiлдiм деген адам жоқ.
Бiр белгiлiсi, туристерге тәжiрибелi альпинист Ербол Оразалин жетекшiлiк еткен. Қалғандары да қара жаяу емес, бұған дейiн де талай мәрте тау-тасты кезiп, саяхатқа шығып жүргендер екен. Мұндай топтың тау iшiнде адасып кетуi мүмкiн дегенге алғашқыда ешкiм сене қойған жоқ. Алайда төтенше жағдайлар департаментiнiң жедел-құтқару тобы iздестiру шараларына кiрiскен. 26 шiлдеде оларға жер жағдайын жақсы бiлетiн бiр топ туристер қосылады. 27 шiлдеде Шекара қызметiнiң жауынгерлерi мен Төлеби аудандық iшкi iстер бөлiмiнiң қызметкерлерi көмекке келген. Бұл кезде iздестiру шараларына жұмылдырылған қызметкерлердiң саны 30-40 адамға жеткен болатын. Алайда ұшты-күйлi жоғалған туристiк топ қанша iздесе де таптыртпайды.
Төтенше жағдайлар департаментi ақыры соңында iздестiру жұмыстарына тiкұшақты пайдалану туралы шешiмге келедi. 27 шiлдеде тауға тiкұшақты шақырту туралы тапсырмалар берiлiп жатқан кезде, Төтенше жағдайлар департаментiнiң басшылығына жоғалған туристердi өзбекстандық шекарашылардың ұстағаны туралы ақпарат келiп түскен. Бұл мәлiметтi Қазақстан Шекара қызметi хабарлаған көрiнедi.
Бiр қызығы, өзбек жауынгерлерi отандастарымызды 15 шiлдеде тұтқындаған. Ал iздестiру шаралары басталған 25 шiлдеде Қазақстан жағы көршi елге сұрау салыпты. Алайда ондағылар ешқандай мәлiмет бермеген. Жоғалған туристер туралы мәлiметтер бұқаралақ ақпарат құралдары арқылы таратыла бастаған кезде барып, олар сегiз саяхатшының Бостандық аудандық iшкi iстер бөлiмiне жеткiзiлгенiн мәлiмдеген. Өзбекстан құзырлы органдарының бұл әрекетi мүлдем түсiнiксiз қалып отыр. Азаматтарымыздың ұсталғанын жасыру оларға не үшiн қажет болды?
Альпинистердiң айтуынша, төрт ересек азаматтан және 10-16 жас аралығындағы сегiз жасөспiрiмнен тұратын туристiк топ 10 шiлдеде Шымкенттен шығып, Талас Алатауының баурайындағы Сайрам су өзенiне жеткен. Керек-жарақтарын алып, буынып-түйiнген олар одан әрi жаяу кеткен. Арада бес күн өтедi.
– Бесiншi күнi, яғни 15 шiлдеде бiз жүретiн жолымызды қысқартуға мәжбүр болдық. Өйткенi топ құрамындағы жеткiншектердiң жүрiсi қиындай бастады. Алайда қысқартамыз деп қырсыққа тап болғанымызды қарасаңызшы. Бiр асудан өткеннен кейiн бiз өзiмiздiң адасып кеткенiмiздi бiлдiк. Бұған ауа-райының бұзылуы да әсер еттi. Дегенмен бiз Қазақстан аумағында жүргенiмiзге, көршi елге өтпегенiмiзге сенiмдi едiк, – дейдi топ жетекшiсi Ербол Оразалин.
Адасқан туристер қой бағып жүрген малшыларды және қорықшыларды жолықтырады. Осы кезде барып олар өздерiнiң Өзбекстан жағына өтiп кеткендерiн түсiнген. Алайда керi қайту мүмкiн болмаған. Мұздай қаруланған бiр топ өзбек шекарашылары оларды сапқа тұрғызып, көздерiн таңып, өздерiмен алып кеткен. Тау етегiне түскен соң жауынгерлер тұтқындарды жүк көлiгiне отырғызып, Ташкент облысының Бостандық аудандық iшкi iстер бөлiмiне жеткiзген. Осы жерде барлығынан түсiнiк алып, суретке түсiредi. Сол түнi iшкi iстер бөлiмi ғимараттың мәжiлiс залына түнеп шыққан оларды ертеңiне екiге бөлiп жiберген. Жасөспiрiмдер Янгиюльдегi қабылдау-бөлу орталығына жiберiлiп, төрт ересек азаматты Қыбырай қаласындағы жеке басы анықталмаған азаматтарға арналған оңалту орталығына апарып қамаған.
Қамауда жатып шыққан азаматтардың айтуынша, оңалту орталығында жағдайлары қиындау болғанға ұқсайды. Ауасы лас, аумағы өте тар камераларда төрт ересек қазақстандық 14 тәулiк отырған.
29 шiлдеде қамаудағы қазақстандықтарды Өзбекстандағы Қазақстан елшiлiгiнiң консулы Бабыр Дәуренбекпен жолықтырған. Ол: «Уайымдамаңыздар, барлығыңызды босатып аламыз» деген уәде бередi. Сыртқы iстер министрлiгi уәдесiнде тұрды. 31 шiлдеде қамаудағылар түгелдей босатылды. Алдымен жасөспiрiмдер, артынша ересектер жағы елге оралды. Алғашқыда Өзбекстан құқық қорғау органдары қамаудағы төрт қазақстандықтың үстерiнен қылмыстық iс қозғамақ деген ақпарат тарап едi. Алайда артынша олар барлық iстiң қысқартылғанын, қазақстандықтарға тағар ешқандай айыптары жоқ екенiн мәлiмдедi. Қамаудағыларды шекарадан тiптi Бостандық ауданының прокурорының өзi шығарып салған көрiнедi.
Болған оқиғаның жай-жапсары осындай. Алайда елге оралған туристерге Қазақстанның құзырлы органдары «сый» әзiрлеп қойған екен. Олар шекараны заңсыз кесiп өткенi үшiн туристiк топтың құрамындағы төрт ересек азаматтың үстiнен қылмыстық iс қозғамақ көрiнедi. Мұны саяхатшылардың өздерi мәлiмдеп отыр.
Жалпы, көршi ел сарбаздарының шекараның арғы бетiне өткен азаматтарымызды тұтқындауы, ұрып-соғуы, тiптi келеңсiздiктердiң соңы кiсi өлiмiне апарып соққаны жазылып та, айтылып та жүр. Ал жоғалып табылған туристердiң бастарынан өткен оқиғадан кейiн Қазақстан шекарашыларына қатысты да түсiнiксiз жайттар туындап отыр. Бiрiншiден, қазақ-өзбек шекарасында шекара белгiлерiн орнату шараларының басталғанына 7-8 жылға жуықтады. Ендеше шекара бұзушылардың өзге елге өтiп кеткенiн бiлмей қалғанын түсiне алмадық. Екiншiден, олардың бiр де бiр қазақ шекарашысымен бепе-бет келмегенi қалай? Шекара сызығының осылай ашық-шашық жатуын немен түсiндiруге болады? Бұдан кейiн «Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерiнiң түйiскен тұсы – Сайрам шыңындағы шекарадан кез келген адам емiн-еркiн, еш кедергiсiз өтiп кете бере ме?» деген ой қылаң бередi? Қазақ сарбаздарының қырағылығы қайда кеткен, сонда?
Бәлкiм, туристердiң үстiнен қылмыстық iс қозғау осы олқылықты жуып-шаю үшiн керек шығар, «ұялған тек тұрмастың» керi шығар?! Кiм бiледi?!.