САЛҒЫРТТЫҚТАН АРЫЛАР КYН ТУАР МА ?

САЛҒЫРТТЫҚТАН АРЫЛАР КYН ТУАР МА ?

САЛҒЫРТТЫҚТАН АРЫЛАР КYН ТУАР МА ?
ашық дереккөзі

Ата тегiмiздi қазақы дәстүрге сай рәсiмдеу жайлы әңгiме қозғалғанда, көпке кеңiнен мәлiм жағдай ойға орала кетедi. Орыстың әйгiлi жазушысы Александр Бек өзiнiң әлемдi тәнтi еткен шығармасы – “Волокаламск тас жолы” повесiн жазуға жадығат жинау мақсатымен даңқты қолбасшы Г.Панфиловтың дивизиясына келедi. “Кеңес Одағының жүрегi – Мәскеуге тақап қалған жаудың бетiн қайтарған сұрапыл шайқаста ерен ерлiгiмен көзге түскен әскери бөлiмнiң бастан кешкен жанқиярлық батырлығының баянын Бауыржан Момышұлынан артық ешкiм айтып бере алмайды” деген сiлтемемен Баукеңдi iздейдi. Жауынгерлердiң бағыттауымен блиндаж алдында оңаша ойланып, темекi шегiп тұрған қабағы қату командирдiң жанына жақындайды. Майдангер журналист-жазушы “Сiз Момышевсыз ба?” деп сұрайды. “Жоқ!” деп саңқ етедi қазақ офицерi қасқайған қалпы қасына келген бейтанысқа мойнын да бұрмастан.

Әскери бөлiмдi аралап, солдаттардың көрсетуiмен командирге қайта айналып соққан жазушы “Маған капитан Момышев керек едi. Сiз Момышевсыз ба?” деп тағы сауал тастайды. Сонда Бауыржан: “Жоқ! Мен Момышев емеспiн, Момышұлымын!” деп сұсты назарын қонағына аударады.

Қазақ халқының қаһарман ұлының ұлттық ұстанымын айшықтайтын, туабiттi бекзат болмысына тән осы көрiнiс талай әдеби, деректi шығармаларда жазылды. Ал бiздiң бұл жағдайды тағы да тәптiштегенiмiздiң мәнiсi – қылышынан қан тамған кеңестiк дәуiрде одаққа қараған ұлттар мен ұлыстарды орыстандыруды орнықтыру кезiнiң өзiнде де Бауыржанның ата тегiн қазақы қалпында сақтаған өрлiгiн бүгiнгi ұрпаққа тағы да өнеге ету едi. Қазiр тәуелсiз елмiз. Егемендi еңсемiздiң тiктелгенiне биыл 20 жыл толады. Бодандықтан бостан болған бастапқы шақта елiмiздiң ұлтжанды легiнiң өз ата тегiн қазақыландыруды бастаған үрдiсiнiң үлгiсi халық арасында жарасымды жалғасын тапқанынан көпшiлiк хабардар болса керек. Қазақылық қалпымызды қалыптастыруда, ана тiлiмiздiң мемлекеттiк мәртебесiн асыруда тайсалмас қайрат жасап жүрген күрескер тұлға Шерхан Мұртазаның осы орайда айтқан сөзi жадымызда. “Өмiр бойы екi омыртқамның арасына қадалып қалған қорғасын оқтай бiрдеңе жұлынымды қысып, жүйке тамырымды кемiрiп тұрушы едi. Ол оқ – “ов” едi. Ендi сол оқты бiреу омыртқамнан суырып алып тастағандай жаным жай тапты”, – деп едi ұлтымыздың рухани ұстындарының бiрi, қазақ тiлiн, дiлiн түгелдеушi қазiргi көзi тiрi қаламгер қайраткерiмiз.

Ал ендi осы уақыт керуенiнде өркендеуiмен әлемге танылып, өзге iрi мемлекеттермен терезесi теңесiп үлгерген Отанымыздың жастары өздерiнiң ата тегiн қасиеттi дiлiмiзге сай үрдiспен жаздырып жүр ме?

Облыстық тiлдердi дамыту басқармасының бастамасымен “Аты-жөнiмiздi қашан қазақшалаймыз?” деген тақырыпта өткiзген әлеуметтiк зерттеудiң қорытындысымен танысқанымызда, көкейдегi сан сұрақтың түйiнiн тарқатқандай боламыз. Ұлты қазақ азаматтардың аты-жөнiндегi қосымшаларға “-ов”, “-ев”, “-ова”, “-ева”, “-ин”, “-ина”, сондай-ақ “-ович”, “-евич”, “-овна”, “-евна”, т.б. көпшiлiктiң көзқарасы қандайлығын байқаудың нәтижесi аса қуанта қоймайды. Әртүрлi әлеуметтiк топтарға жататын қазақ ұлтының азаматтары таңдалынып алынған сауалнаманың “ҚР Президентi Н.Ә.Назарбаевтың 1996 жылғы 2 сәуiрдегi “Ұлты қазақ азаматтардың тегi мен әкесiнiң атын жазуға байланысты мәселелердi шешу тәртiбi туралы” Жарлығымен таныссыз ба?” деген алғашқы сұрағына респонденттердiң 12 пайызы “толық таныспын”, 10 пайызы “таныспын, бiрақ түгел бiлмеймiн” деп жауап бердi. Ал 28 пайызы “жоқ, бiлмеймiн”, 24 пайызы “естiгенiм бар”, 26 пайызы “мүлдем хабарым жоқ” дегендi жеткiздi.

Мiне, жоғарыда келтiрiлген нақты деректер ұлты қазақ ағайындардың басымы аты-жөндерiн орысша тiркемеден арылтуға асықпайтынын аңғартады. Әлеуметтiк зерттеу барысында респонденттердiң 82 пайызы төлқұжатында тегiнiң жұрнағы орысша нұсқада жазылғанын көрсеткен. Бұл олардың халықтық болмысты дамытуға, ұлттық құндылықтарды сақтауға әлi де немқұрайдылығын, салғырттығын байқатады. Сауалнамадағы “Сiз балаңыздың /қызыңыздың/ аты-жөнiн қалай жазғанын қалайсыз?”, “Ұлты қазақ азаматтардың аты-жөнiн қазақ тiлiне жат қосымшаларсыз жазуға қалай қарайсыз?”, “Аты-жөнiңiздiң орыс тiлiндегi қосымшаларымен жазылуы сiзге ұнай ма?” деген сұрақтарға жауаптарын сараптап, таразылағанымызда қандастарымыздың аты-жөндерiн ұлттық салт-дәстүрге лайық рәсiмдеуге белсендiлiгiнiң төмендiгi, яғни құлықсыздық көзге ұрады. Араларында “-ов” пен “-ованың” ұнайтынын, аты-жөндерiн қазақыландыруға мүлдем қарсы екендiктерiн ашық бiлдiргендер де кездестi. Аты-жөндi қазақыландыруда талап етiлетiн бiрқатар құжаттар жинақтау қажеттiлiгiнен қиналатындар да ұшырасты. Мұның жай-жапсарын түсiндiрудi ОҚО iшкi iстер департаментiнiң құжаттандыру және тiркеу бөлiмiнiң жетекшi маманы Еркеш Қажығалиевадан сұрадық.

– Бұл мәселенi хаттаудың өз талабы бары рас. Тегiн түзетуге келгендердiң тiлегiн бiрден орындап, қолына төлқұжат ұстата салмасы анық. Оған бiрнеше қағаздардың әзiрленуi шарт. Мұның бәрi елiмiздiң заң шеңберiнде iске асырылады. Ал нақтылағанда қазақ азаматы өзiнiң аты-жөнiн, жаңа туған сәбиiнiң есiмiн ұлттық дәстүрге сәйкес жаздырамын десе, тиiстi орынға өтiнiшi, жеке куәлiгi, үй кiтапшасы ғана қажет етiледi. Ал бiз нәрестелерiне тууы жөнiндегi куәлiк немесе төлқұжат алуға келгендерге “аты-жөндерiңiздi ұлттық үрдiспен жаздырыңыздар” деп айтуға құқымыз жоқ. Алайда құжатына тегiн, әкесiнiң атын ұлттық салт-сана өлшемiмен енгiзу әркiмнiң ожданына, қала бердi намысына қатысты, – дедi ол.

Ұлттық санамыздың өсуiне өнеге көрсетер ересектерiмiздiң өзiнiң бұл шаруада құлшынысы әлсiз. Мұны әлеуметтiк зерттеусiз-ақ, күнделiктi өмiрде аңғарып жүрмiз. Төлқұжат аларда аты-жөндерiн ұлттық үрдiспен жаздыруға жастарымыз қаншалықты ынталы? Бұл мәселеде олардың әлi де енжарлығы, баяулығы басым екенiн облыстық тiлдердi дамыту басқармасының “Қазақы дәстүрге сай құжат алдың ба?” деген тақырыпта бiрнеше мәрте өткiзген семинарларының қорытындысы тағы да айқындай түстi. 16 жасқа толып, жеке куәлiк алуға дайындалып жүрген жастар өз төлқұжаттарын қазақыландыру жайы осы уақытқа дейiн қаперлерiнде болмағанын ашық сездiрдi. Ал негiзiнде аталмыш iс-шараның дiттеген мақсатына жетуде елеулi роль атқарғаны айқын. Көкөрiм өркендердiң басқосуларында елге танымал тұлғалар ұлттық құндылықтар туралы ғибратты әңгiмелер өрбiттi. Шымкент қалалық азаматтардың хал-актiлерiн тiркеу бөлiмiнiң, облыстық әдiлет басқармасының мамандары нұсқаулық ақыл-кеңестерiн айтты.

…Алаштың ардағы Ахмет Байтұрсыновтың “Бiздiң заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы” дегенi ойға оралады осындайда. Демек қазақы ата тек те бабалардан ауысып келе жатқан мирас. Оны қалыптастыруға атсалысу – ұлтын, елiн, жерiн, Отанын сүйген әрбiр қазаққа мерейлi мiндет.

Жеңiс БАҺАДҮР

11 тамыз, 2011