«ЖАҚСЫЛЫҚҚА ЖАҚСЫЛЫҚ – ӘР АДАМНЫҢ IСI»

«ЖАҚСЫЛЫҚҚА ЖАҚСЫЛЫҚ – ӘР АДАМНЫҢ IСI»

«ЖАҚСЫЛЫҚҚА  ЖАҚСЫЛЫҚ – ӘР  АДАМНЫҢ  IСI»
ашық дереккөзі

Неге екенiн қайдам, соңғы кезде "Адамдар арасында мейiрiмдiлiк, қайырымдылық, кiшiпейiлдiк, жанашырлық, бауырмалдық азайып, жүрекке жайлы тиетiн iзгi iстер сиреп бара жатыр" деген сөздердi жиi естимiз. Шынында да солай ма? Оған не себеп? Көпшiлiкке топырақ шашпалық, бiрақ қазiргi адамдар арасында немқұрайлық, тоғышарлық, енжарлық, бейтараптылық, селқостық, менмендiк, өзiмбiлемдiк, қатiгездiк меңдеп бара жатқан секiлдi болады да тұрады.

…Таяуда iссапармен Алматыға бардым. Жүрдек пойыз таңғы алаң-қылаңда Алматы-II стансасына келiп тоқтады. Сыртқа асыққан жолаушылар қол жүктерiн алып, есiкке қарай ұмтылуда. Асығып-үсiккен жолаушыларды жолсерiк жiгiт вагоннан түсуге көмектесiп бағуда. Қолында ауыр екi сөмкесi бар тал шыбықтай қара көз жас нәзiк қыз вагоннан шығып, жан-жағына қарап бiреудi iздегендей болды. Жақын маңда жүк тасушылар көрiне қоймады. Ақыры әлгi қыз ауыр жүгiн көтермек болып әлектенiп көрдi. Қайдан, тал шыбықтай белi майысып, көтеруге қауқары жетпедi. Көршi купеде бiрге келген жолаушы қызға жаным ашып, бiр сөмкесiн бос қолыма алдым. Жанымыздан өтiп бара жатқан мұрты қияқтай жас жiгiтке: "Мына қарындасыңның жүгiн вокзалға дейiн жеткiзiп берелiк, қолыңыз бос көрiнедi, көмектесiңiз" деп ұсыныс жасадым. Сонда әлгi жiгiт: "Мен грузчик емеспiн, кешiрiңiз!" деп ала көзiмен бажырая қарап, сөзiн келте қайырып, өз жөнiне кете барды. Не дерсiң оған? Мен өзiмнiң жеңiлдеу сөмкемдi әлгi қыздың қолына ұстатып, оның екi ауыр сөмкесiн вокзал алдындағы такси аялдамасына дейiн жеткiзiп бердiм.

– Үлкен басыңызбен кiшiрейiп, маған көмектестiңiз. Рахмет, көп жасаңыз, ағай! Сiздiң алдыңызда бiртүрлi ыңғайсыз, тiптi ұят болды. Ауылға барып едiм, әке-шешем қоярда-қоймай қалада тұратын бiзге, қыздарына, "қысқы сыбағаларыңды ала кет" деп болмағаннан кейiн, көңiлдерiн қимай, жүктерiмдi ауырлатып алғаным…

– Уақасы жоқ. Осы қалада менiң де сендей қызым бар. Сенiң қиналып тұрғаныңды байқап, көз алдыма сол қызым түсiп, қолғабыс тигiзейiн дедiм. Қолдан келсе адамдар бiр-бiрiне қол ұшын берiп, жақсылық жасауға, көмек көрсетуге ұмтылып тұру керек емес пе? Сондықтан сен ешбiр ыңғайсызданба, бәрi орынды, қызым.

– Әттең, барлық адамдар сiздей ойламайды. Жаңағы жiгiттi көрдiңiз ғой… Бiрақ бiр себеппен, оны кiнәлауға да болмас…

– Жарайды, қызым, көңiлiңе алма, көптiң ортасында аласы да, құласы да бола бередi. Қиналмай, үйiңе жақсы жетiп ал. Жолың болсын! – деп кезектегi таксиге отырғызып жiбердiм.

Сол бiр шағын көрiнiс бiраз уақытқа дейiн есiмнен шықпай, кейiн де мезгiл-мезгiл ойыма түсiп жүрдi. Ия, байқасам, қазiргi уақытта адамдар арасында адамгершiлiкке тән iзгi, игiлiктi iстер азайып бара жатқан секiлдi болады да тұрады. Әрбiр iс-әрекетiн өлшеп, жасаған жақсылығын, көмегiн, атқарған қызметiн, жәрдемiн "сатып", пұлдап, ақшаға айналдыратындар саны қазiргi қоғамда көбейiп бара жатыр ма, осы? Жоқ, әлде мен қателесемiн бе? Ылайым, солай болғай…

Бiрде қала орталығындағы төлем төлейтiн касса алдына кезек ұзаққа созылып кеттi. Кезектiң артын ала қолында сәбиi бар өрiмдей жас келiншек тұрды. Кезек баяу жылжып, уақыт тым ұзаққа созылды. Бiрер уақыттан кейiн әлгi келiншектiң қолындағы жас баласы мазасызданып, ыңқыл-сыңқылға басты. Келiншек әрi-берi баласын алдандырып, жұбатпақ болып бағып едi, жас нәресте онысына көнбей жылай бастады. Келiншек не iстерiн бiлмей қатты абыржыды. Бiрақ оның алдында кезекте тұрғандар құлақтарына қорғасын құйған жандардай, ештеңе естiмегендей, көрмегендей кейiп бiлдiрiп, жас баланың жылағанына селт етiп, мiз бағар емес. Келiншек нәрестесiн қолына көтерiп, тербеп тұр. Оған көнер бала жоқ. Көп iшiнде, сiрә, қайырымды, жаны iзгi бiр адам табылар ма екен? Сол кезде касса терезесiне жақындап қалған жiгiт ағасы абыржыған келiншекке өз кезегiн ұсынды. Басқалар әлгi азаматтың әлгi оң iсiн дұрыс көрiп, бойынан адами қасиетiн жоғалтпаған жандардың әлi де ортамызда бар екенiн мойындап, ешбiрi ризашылығын бiлдiре қоймады.

Тағы бiр мысал. Көпшiлiк жүрiп-тұратын қалалық автобус iшi. Ине шаншар орын жоқ. Кезектi бiр аялдамада қартаңдау ана көлiкке отырды. Аздап болса да ентiккен ол автобусқа iлiккенiне риза болған кейiпте қолындағы ауырлау сөмкесiн қоятын жер iздегендей жан-жағына қарайды. Қарсы алдындағы орындыққа отырып алған орта жастағы (шамамен 30-35 жастарда болуы керек) әйелдер пiстелерiн шағып, қызу талқылап келе жатқан әңгiмелерiн одан әрi жалғастырып, әлгi сырттан енген кейуанаға еш көңiл аудармай, мiзбақпай отыра бердi. Жаңағы қарт ана көздерi жаудырап, қолдары дiрiлдеп, бiреу болмаса бiреу орнын берер деген оймен жан-жағына қарайды. Бiрақ селт етер жастар да, қартты мүсiркейтiн еркектер де жоқ, барлығы өзiмен-өзi болып отыра бердi. Бiрер аялдамадан кейiн ғана әйтеуiр бiр орын босап, уһ деп ол орындыққа орналасты. Қиналған ана маңдайындағы қара терiн бет орамалмен сүртiп жатты…

"Жақсымен жанасып жүр, жарлыға қарасып жүр, шалқудың шамасын бiл, ақ-қараның арасын бiл"немесе "Құрдасыңа қуаныш бол, сырласыңа сынық бол, жылағанға жұбаныш бол, туысыңа тұнық бол" деп қазақтың дарынды жазушысы Тұтқабай Иманбеков жазғандай, кейде жан-жағымызға ойлы көзбен қарап, шалқудың шамасын бiлiп, санамызды "салмақтап" қойған да артық емес-ау, тегi. Әйтпесе адамдар бiр-бiрiне жақсылық жасаудан, қамқор болудан, қиналғанға қол ұшын беруден қалып, дүниеқоңызға, тасбауыр қорқау қасқырға айналмай ма?!

Адамдарға неғұрлым жақсылық көп жасасаң, алғысты көп алсаң, соғұрлым жолың болып, жүрегiң жылып, жаныңа бiр жайдары тыныштық келетiнi хак. Қара ниеттi, негiзсiз қиянат жасаған адамдардың тыныш ұйықтауы неғайбыл. Мына кең жарық дүниеде бiз қонақ екенiмiздi олар неге естен шығарады?! Адам деген атымызға iсiмiз сай болуы керек екенiн, мұсылман екенiмiздi бiр сәт те ұмытпау қажеттiгiн, қолыңнан келсе алдыңа алақан жайып келген мұқтаж жанға көмегiңдi аямау керектiгiн, өмiр деген керуеннiң жолаушылары бiлiп жүрсе, артық болмас-ау деген ойға кетесiң. Байлық та, қызмет те адамға мәңгiлiк жолдас болмайды, оларды данышпан халқымыз сонау қиын кезеңде-ақ "қолдың кiрi" деп қараған.

Мiне, осылай ой қуып кете бардым. Осы адамдар қатыгезденiп бара ма қалай? Қазақ халқына тән мәдениеттiлiктi, ұлттық әдептiлiктi, инабаттылық пен iзеттiлiктi, қарттар мен әйелдерге, жетiмдерге деген қамқорлықты жоғалтып бара жатқанымызға не себеп? Жүрегiмiз тас болып, қайырымдылық ауылы көмескiленiп, алыстап бара ма? Тектi ұрпақ тәрбиенi бесiктен бастайды десек, қазiргi тәрбие жұмысында мүлт кетiп жатқан iстер жоқ па екен? Жо-оқ, мына беймаза, дөңгелеген сайқымазақ дүниеде адамдар "Жақсылыққа жақсылық – әр адамның iсi" деп қарамайды ма?

"Жақсылық та, жамандық та Құдайдан. Бiрақ жақсы болу, жаман болу адамның өзiнен" дейдi данышпан Абай.

Барлығына уақыт, заман кiнәлi деп арқамызды кеңге жайып жағымсыз, терiс қылықтарға кешiрiммен қарай бергенiмiз дұрыс па екен? Қайдам. Егер олай десек, сол уақытты, заманды жасайтын адамдар емес пе? Ендеше неге бiз сондаймыз? Осындай ойлар менi соңғы кезде қобалжытып, жиi мазалайды…

Сағындық ОРДАБЕКОВ
28 шiлде 2011 жыл