Марат ТҰРЛЫХАНОВ, Грек-рим күресiнен ҚР еңбек сiңiрген жаттықтырушысы: ҚАЗАҚ БАЛУАНДАРЫНЫҢ ҰШЫ ЕШКIМНЕН КЕМ БОЛУҒА ҚАҚЫСЫ ЖОҚ!

Марат ТҰРЛЫХАНОВ, Грек-рим күресiнен ҚР еңбек сiңiрген жаттықтырушысы: ҚАЗАҚ БАЛУАНДАРЫНЫҢ ҰШЫ ЕШКIМНЕН КЕМ БОЛУҒА ҚАҚЫСЫ ЖОҚ!

Марат ТҰРЛЫХАНОВ, Грек-рим күресiнен ҚР еңбек сiңiрген  жаттықтырушысы: ҚАЗАҚ БАЛУАНДАРЫНЫҢ  ҰШЫ ЕШКIМНЕН КЕМ БОЛУҒА ҚАҚЫСЫ ЖОҚ!
ашық дереккөзі
412

Қазақ спортын алға сүйреп, талай дүбiрлi додаларда ел намысын ту еткен ағайынды спортшылар саны бiршама. Мәселен Тұрлыхановтардың отбасындағы азаматтардың барлығы дерлiк жастайынан спортты серiк еттi. Бағындырған белестерi де аз емес. Даулет – грек-рим күресiнен екi бiрдей олимпиада жүлдегерi, әлем, Еуропа және Азия чемпионы, әлем кубогының екi мәрте иегерi, жетi мәрте КСРО чемпионы. Артынша ағасы салған сара жолға iнiлерi де түстi. Марат, Дулат, Қуат, Талғат Тұрлыхановтар да күрестен бiраз биiктерден көрiндi. Биыл Анталияда өткен ауыр атлетикадан әлем чемпионатын насихаттауға ҚР Ауыр атлетика федерациясының қолдауымен бiр топ қазақ спорт журналистерi де барған болатын. Аталмыш жарыс барысында жерлестерiне рухани күш беруге арнайы келген бiлiктi балуан Марат Тұрлыхановпен кездесiп, тiлдесуiмiздiң сәтi түстi.

– Марат Болатұлы, сiздiң спортқа келу тарихыңыз тiкелей ағаңыз Дәулет Болатұлымен байланысты ма? Ол кiсiнiң бағындырмаған белестерi кемде-кем. Сiз ағаңызға елiктеген боларсыз?

– Дұрыс айтасыз. Бiрақ бiздiң әулетте Дәулет ағама дейiн де балуандық дәстүр болғанын айта кету парыз. Ертеректе Тұрлыхан атамыз жақсы күрестi. Одан кейiн әкемiз Болат классикалық күрестен Орталық Азия мен Қазақстан чемпионы атанды. Спорттан қол үзген соң Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы Таскескен ауданындағы Предгорное ауылында дене шынықтыру пәнiнiң мұғалiмi болып қызмет еттi. Сол кездерi бәрiмiздi спортқа баулыды. Мектепте болсын, үйде болсын түрлi жаттығулар жасататын. Бiр сөзбен айтсақ, бiздiң отбасы мүшелерi балалық шағынан барлық спорт түрiне бейiм болды. Дәулет жетiншi сыныпқа барғанда, әкем оны Алматыға жетектеп әкеттi. Ағам Қажымұқан атындағы спорттық мектеп-интернатта оқыды. Ол кезде мен бiрiншi сыныпта едiм. Сол кездерi Дәулеттiң әр жетiстiгi жайында бiлiп жүрдiк. Газет беттерiнен, теледидардан ағамның бейнесiн көргенде, кеудемдi қуаныш сезiмi кернейтiн. Жергiлiктi атқамiнер азаматтар, ұстаздар, жасы үлкен ағаларымыз бен тәтелерiмiз өзге балаларға Дәулеттi үлгi ететiн. Бiз соған қуанатынбыз. Кейiннен мен де Алматыға аттандым. Дәулет оқыған мектеп-интернатқа келдiм. Сол жерде грек-рим күресiне мықтап ден қойдым. Бүкiлодақтық турнирлерде жүлделi орындарға қол жеткiзiп, Қазақстан чемпионы атандым. Спорт шеберi деңгейiне де жеттiм. Алайда спортты шындап қумадым. 19 жасымда күрестен қол үзiп, университетте бiлiм алдым. Бизнеске бет бұрдым. Осылайша заман ағымына iлесiп, өзiмше тiршiлiк еттiм.

– Сiздi бизнестiң ортасынан да, әншiлiк өнерден де көрдiк. Мiне, ендi бапкерлiктi мықтап қолға алғанға ұқсайсыз.

– Мен қай салада жүрсем де, спорттан түбегейлi қол үзiп кеткенiм жоқ. Өзiм үшiн даярландым, бiлiктiлiгiмдi арттырдым. Қай жарыста болсын үнемi жанкүйерлер қатарынан табылып жүрдiм. Әсiресе, кезiнде өзiм айналысқан грек-рим күресiне деген ықыласым ерекше едi. Бизнестi дұрыс жолға қойғаннан кейiн осы спорт саласының басы-қасында жүрген Дәулет ағама қолғабыс тигiзудi жөн көрдiм. Ғасырлар тоғысында көптеген атақты балуандарымыз спорттан қол үзiп кеткенiн өздерiңiз жақсы бiлесiздер. Олимпиада ойындарының жеңiмпазы Юрий Мельниченко, әлем чемпионы Бақтияр Байсейiтов сынды саңлақтар күреспен қош айтысты. Сол кездерi жас балуандар көптеп шыға бастады. Сол жiгiттердi қолдау қажет болды. Осылайша бiрте-бiрте бапкерлiк қызметке мойын бұрдым.

– Сiз Әсет Мәмбетовтiң бапкерi ретiнде танылып жүрсiз. Ең бiрiншi шәкiртiңiз айтулы балуан болды. Нелiктен таңдауыңыз Мәмбетовке түстi?

– Бұл жерде құпия ешнәрсе жоқ. Әсет – менiң нағашы iнiм. Дәулеттен кейiн Тұрлыхановтар әулетiнен әлемдiк деңгейдегi жарыстарда атой салатын ешкiм шықпады. Сол олқылықтың орнын толтырғым келдi. Әсеттiң күреске мықтап ден қойғанын бiлгеннен соң, оны сырттай бақылай бастадым. 2004 жылы Афиныда өткен Олимпиада ойындарында ол алғашқы айналымда сүрiндi. Содан кейiн мен оны өз қоластыма алуды жөн көрдiм. Еш алаңсыз жаттығуына жағдай жасап, алдымызға нақты мақсат қойдық. Жүзеге асырылып отырған барлық жұмысымыз Бейжiң Олимпиадасына бағытталып отырғандығын нағашы iнiме жақсылап тұрып түсiндiрдiм. Жасыратыны жоқ, бiз 2008 жылы Қытайда алауы тұтанатын Олимпиадада атой салуды көздедiк. Сол мақсатқа қол жеткiзу үшiн Мәмбетов жаттығуларының денiн Мәскеу қаласында өткiздi. Өйткенi республикамызда 96 келi салмақ дәрежесi бойынша мықты балуандар жоқтың қасы. Ал бәсекелестiк болмаса, балуанның деңгейi өспейтiнi бесенеден белгiлi. Сондықтан да Ресей құрама командасының мүшелерiмен бiрге әзiрленудi жөн деп таптық. Сол жақта ол оқу-жаттығу жиынын өткiзiп, әбден ысылды. Бiрақ бiздi бiр қинағаны – Әсеттiң тiзеден алған жарақаты едi. Сын сағатта ол сыр берсе, барлық еңбегiмiздiң зая кететiнiн жақсы түсiндiк. Содан Венгрияға барып, операция жасаттық. Операциядан кейiн емделу, сауығу керек болды. Осылайша тағы үш-төрт айымыз текке кеттi. Әйтеуiр не керек, алай-дүлей көңiлмен Бейжiңге аттандық.

– Қытайда Әсет ел сенiмiн ақтап, Олимпиада ойындарының қола медалiн мойнына iлдi. Бұл – аз олжа емес. Әйтсе де чемпиондық тұғыр үшiн таласуға шәкiртiңiзге кедергi болған не? Бапкерi ретiнде өз ойыңызды бiлдiрсеңiз…

– Шынын айтсам, Бейжiңде Әсеттiң алтын алуға мүмкiндiгi болған жоқ. Оны мойындаған жөн. Өйткенi шәкiртiм жарақатынан айығу үшiн көп уақыт жоғалтты. Ал даярлық жұмыстарын толыққанды жүргiзбеген спортшының Олимпиадада топ жаруы мүмкiн емес. Сол себептi «қолаға да қанағат» дегенiмiз дұрыс.

– Олимпиада аяқталғаннан кейiн айтулы шәкiртiңiз бiр жарым жылдан астам уақыт боз кiлемге шыққан жоқ. Осыншама ұзақ мерзiм бойы жанкүйерлер назарынан тыс қалуының сыры неде?

– «Тәбет ас үстiнде келедi» деген сөз рас екен. Негiзi Әсет «Олимпиададан кейiн спорттан қол үземiн» деп жүрген. Бейжiңде қола медаль алғаннан кейiн мен оны аса қаузаған жоқпын. Өзi ойланып-толғанып, шешiм қабылдасын дедiм. Сол уақыт аралығында ол тағы жарақатын емдеттi. Сөйтiп, бiр жарым жыл өте шықты. Бiрде мен оған «Лондон Олимпиадасына аз уақыт қалды ғой. Сәл шыдасаң қайтедi?» дедiм. Оның да күреске аңсары ауып жүр екен. Бiрден келiсiмiн бердi. Сөйтiп, жаттығу жұмыстарына қайта кiрiстiк. Бұйыртса, шәкiртiм Тұманды Альбион елiнде атой салса деп армандаймын. Ол кезде Мәмбетов нағыз кемелденген шағына жетедi. Қазақ «ер кезегi – үшке дейiн» деген сөздi бекер айтпаған ғой. Лондон – Әсет үшiн үшiншi Олимпиада ойындары болмақ. Бiз айтулы додада тек алтын медаль үшiн күресудi көздеп отырмыз. Дiттеген мақсатына қол жеткiзу үшiн бұл күндерi Мәмбетов жатпай-тұрмай даярлануда.

– Осыдан бiраз уақыт бұрын Мәскеуде аяқталған әлем чемпионатында сiздiң тағы бiр шәкiртiңiз, аса ауыр салмақ дәрежесi бойынша белдескен Нұрмахан Тiнәлиев асқан талантымен оқшауланды. Қазақтың нар тұлғалы балуанын қай кезден берi баптап келесiз?

– Бапкерлiк жұмыс бiр жолға қойылғаннан кейiн Әсет Мәмбетовтiң қасына серiк болатын тағы бiр балуанды өз қамқорлығыма алуға бел будым. Таңдауым бiрден Нұрмахан Тiнәлиевке түстi. Аса ауыр салмақта белдесiп жүрген бұл балуанның еңбекқорлығы ұнады. Бiр нәрсенi бастаса, нәтиже шығармай тыным таппайтын жiгiт екен. Жаттығудан еш қалмайды. Күрес залына бiрiншi болып келiп, ең соңында қайтады. Оның үстiне бүгiнгi таңда қазақ жастары арасында 120 келi салмақта күресетiн балуандар жоқ. Егер Нұрмаханның бағын аша алсам, бұл жалғыз маған ғана емес, бүкiл Алаш жұртына үлкен абырой болатынын жүрегiм сездi. Өздерiңiз көз алдарыңызға елестетiңiздершi, байрақты бәсеке барысында аса ауыр салмақ дәрежесi бойынша қазақтың нар тұлғалы бiр азаматы алып қарсыластарын бiрiнен кейiн бiрiн жығып, жеңiс тұғырының ең биiк сатысында марқайып тұрса, қандай ғанибет. Сол кезде мемлекетiмiздiң мерейi өседi және де өзге халықтар алдында ұлтымыздың тектiлiгiн танытар едiк. Ол күн жақын деп ойлаймын. Бұл күндерi Әсет пен Нұрмаханға бiрдей жағдай жасалып, екеуi де дайындық жұмыстарын Мәскеуде өткiзуде. Ал Ресей жақты бiз нелiктен жағалап жүргенiмiздi мен жоғарыда айттым.

– Жауапкершiлiктiң жүгiн Нұрмаханның өзi де сезiнiп жүргенi анық. Мәскеуде өткен әлем чемпионатында ол қола медальдi иеленiп, күллi қазақ халқын қуаныш пен шаттыққа бөледi. Жалпы, сiз осы жарыста Тiнәлиев жүлдеге қол жеткiзе алады деп ойладыңыз ба?

– Алдын-ала жорамал жасауға аса құмар емеспiн. Алайда Нұрмаханның алдына үлкен мақсат қойылғаны рас. Оның үстiне, әлем чемпионатына ешкiм жеңiлiп қайту үшiн бармайды ғой. Нұрмахан да жүлделердiң бiрiн олжалауды көздедi. Мәскеу боз кiлемiнде оның өте жақсы күрескенiн көрдiңiздер. Алғашқы айналымдарда Италия мен Израиль балуандарын еш қиналмай-ақ ұтты. Содан кейiн Афины Олимпиадасының жеңiмпазы, әлемнiң екi дүркiн чемпионы, ресейлiк Хасан Бароевқа қарсы келгенде, жеке өз басым оның бұл сынақтан мүдiрмей өтетiнiн сездiм. Өйткенi Тiнәлиев төрттағанда жақсы күреседi. Қарсыласы партерде тұрса, оны жұлып алуға қандасымыздың күш-қуаты жетедi. Өзi төрттағанға түссе, жақсы қорғана бiледi. Дәл осындай қасиеттер Бароевқа қарсы күресте өте қажет едi. Бәсеке алдында Нұрмаханға: «Хасанның мықты екенi еш күмән туғызбайды. Алайда сен одан әлдеқайда жассың. Сол артықшылығыңды ұтымды пайдалана бiл. Шұғыл қимылдап, оның дамылдауына еш мүмкiндiк берме. Сонда Бароев шаршайды. Сол кезде дiттеген мақсатыңа жетесiң», – деп ағалық ақылымды айттым. Өзiнiң бар әлеуетiн Нұрмахан бұл белдесуде көрсете бiлдi. Сан мың Ресей жанкүйерлерi алдында ол «Карелиннiң iзбасары» атанған алыптан басым түсiп, барша қазақстандықтарды бiр қуантып тастады.

– Қола медаль үшiн қандасымыз Чехия балуаны Марек Свечпен күш сынасты. Сол сәтте шәкiртiңiз үшiн алаңдамадыңыз ба?

– Осындай сынақтан өтiп, жүлделi орын үшiн таласуға мүмкiндiк алған Тiнәлиевтiң шешушi бәсекеде қателесуге құқы жоқ едi. Өз басым, оның чехиялық балуаннан басым түсетiнiне шүбә келтiргенiм жоқ. Бәсеке басталған бетте бiрден тiзгiндi қолға алған Нұрмахан қарсыласын айқын басымдылықпен ұтып, қола медальдi қанжығасына байлады.

– Нұрмахан Тiнәлиевтiң бұл жеңiсi бүкiл Қазақстан жанкүйерлерiнiң мерейiн өсiрдi. Аса ауыр салмақ дәрежесiнде қандасымыз атой салғанда күллi Алаш жұрты бөркiн аспанға атып қуанды. Балуан жiгiтiмiздiң алдағы байрақты бәсекелерде де толағай табыстарға жетуге мүмкiндiгi бар ма?

– Нұрмахан 22 жасқа ендi толды. Оның iрi жеңiстерi мен толағай табыстары әлi алда деп ойлаймын. Бiрақ сол көрсеткiшiн сақтап қалып, одан да биiк белестерге ұмтылу үшiн оған әлi көп тер төгу қажет. Әлем чемпионатынан оралған бетте мен оған ендi бұл табысты ұмыту керектiгiн айттым. Өткен күнмен өмiр сүрудiң қажетi жоқ. Мәскеудегi жарыс тарих қойнауына кеттi. Ал көз арбаған биiктерге көз тiккен қырандарды алда басқа да байрақты бәсекелер күтiп тұр. Бүгiнгi таңда әлемдiк күрестiң көшбасшысы саналатын саңлақтарды тұғырдан тайдыру жанкештiлiктi қажет етедi. Оның сыртында, дара талантымен оқшауланып жүрген бiр шоғыр дарынды жастар өсiп келедi. Оларды да жолдан ығыстыру оңайға соқпас. Мiне, әлемдiк деңгейде мойындалған тұлғаға айналу үшiн осындай сынақтардан өту қажет. Ал ол үшiн еңбектену, iздену керек. Жаттығу залында шелектеп тер төгiп, боз кiлемде барын салып айқасып, бағы мен бабы қатар шапқан балуандар ғана дiттеген мақсатына қол жеткiзе алады. Мен осы сөздердi өз шәкiрттерiм — Әсет Мәмбетов пен Нұрмахан Тiнәлиевтiң құлағына құюдан еш жалыққан емеспiн. Егер олар бапкерлерiнiң айтқанына құлақ түрiп, жеңiске жету жолында жанқиярлық танытса, бiздер үшiн бағынбайтын белес жоқ.

– Сiздi бiраз спортшылар мен бапкерлер атымтай жомарт атап жүр. Жалғыз күреске ғана емес, басқа да спорт түрлерiне, мәселен, ауыр атлеттерге де қолдау көрсетiп жүргенiңiздi бiлемiз…

– Ия, мен қолымнан келгенше спортшылар мен бапкерлерге қолдау көрсетiп жүретiнiм рас. Ал ауыр атлеттерге келетiн болсақ, өздерiңiз бiлесiздер, ағам Қайрат Болатұлы федерация басшысы. Ағамыздың жар құлағы жастыққа тимей, қалайда отандық ауыр атлеттердi әлемнiң үздiктерiнiң қатарына қоссам деп жүргенiн күнде көрiп жүрмiн ғой. Тiрлiгiнiң нәтижесi де жаман емес. Осыдан он жыл бұрынғы ауыр атлетикамен қазiргi кезеңдегi айырмашылықты зор ерекшелiк, мол еңбектiң жемiсi деп бiлемiн. Сондықтан да қолымнан келгенше ағамыздың бiр жағынан шығып, спортшыларға қолдау көрсетiп тұратын кездерiм бар. Және де өзiм спортшы болғандықтан спортшылар мен бапкерлердiң жәй-күйiн жақсы бiлемiн. Қолдау болып, қамқорлық көп жасалған жағдайда бiздiң спортшылар жеңiстiң тек биiк сатысынан ғана көрiнетiнiне сенiмдiмiн.

– Марат Болатұлы, сiздi бiз тек балуандар бәсекесiнде ғана емес, басқа да жарыстарда жиi кезiктiремiз. Мәселен ауыр атлеттердiң әлем чемпионатын басынан аяғына дейiн тамашаладыңыз…

– Спорттың көптеген түрлерiн тамашалауға аңсарым ауып тұратынын жасырмаймын. Жанкүйер ретiнде байрақты бәсекелер өтiп жатқан жерлерге бас сұғатын әдетiм бар. Бұл жерге келуiм де тегiн емес. Жоғарыда айттым, республикалық ауыр атлетика федерациясына өзiмнiң туған ағам Қайрат Тұрлыханов жетекшiлiк етедi. Ол кiсi осы спорт түрiнiң тiзгiнiн ұстаған жылдары бiздiң зiлтемiршiлер айтарлықтай табыстарға қол жеткiзе алмай жүрген. Ауыр атлетика саласында кәдiмгiдей тоқырау байқалатын. Сол кезде ағама қолдау көрсетудi жөн көрдiм. Қасына ерiп, бiрқатар жарыстарға бардым. Қолдан келер көмегiмдi ұсындым. 2005 жылы Катардың астанасы Доха қаласында Илья Ильин әлем чемпионы атанғанда ерекше шаттандық. Сол кезден берi ауыр атлетикадан өтiп жатқан байрақты додалардан шет қалған емеспiн. Құдайға шүкiр, қазiр Қазақстанның зiлтемiршiлерiмен бүкiл әлем санасады. Дүниежүзiлiк деңгейдегi жарыстарда бiздiң ұл-қыздар медальдi «күреп» алып жатыр. Бұл Қайрат Болатұлының ұстанған бағытының дұрыстығын аңғартады. Өз iсiне адал адамдардың еңбегi зая кетпейтiнiне менiң тағы да көзiм жеттi.

Серіктес жаңалықтары