Ибрагим ҚҰСШЫ, Швециядағы қазақ мәдени орталығының төрағасы: ВЕСТЕРОС – ҚАЗАҚ АУЫЛЫ
Ибрагим ҚҰСШЫ, Швециядағы қазақ мәдени орталығының төрағасы: ВЕСТЕРОС – ҚАЗАҚ АУЫЛЫ
Астана Саммитi төрткүл дүние азаматтарының басын қосты. Сол күндерi Астанаға келгендердiң бiрi – Швецияда тұратын қандасымыз Ибрагим Құсшы. Ол Саммит қарсаңында өткен Үкiметтiк емес ұйымдардың шолу конференциясына келген. Оның да себебi бар. Өйткенi Ибрагим мырза мемлекеттiк органдағы жұмыстан тыс қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүредi. Тiптi қоғамдық жұмыстарының көптiгi сонша, бiр-екi ай бұрын мемлекеттiк жұмысын тоқтатуға тура келдi. Швециядағы бар қазақ үмiт артып, сенiм бiлдiрiп отырған Қазақ мәдени орталығының жұмысы, өзi тiлшiлiк ететiн Түркияның халықаралық "Сабақ" ("Таңертең") газетiнiң жұмысы, оның сыртында мемлекеттiк театрдағы кеңесшiлiк жұмысы, "Түрiк-Швеция" федерациясындағы төраға орынбасары қызметтерi ақсап қалар түрi бар. Әсiресе үш жылдан берi басшылығын мойнына алған Қазақ мәдени орталығындағы жауапкершiлiктi миссиясын орындап, алдағы жылы Еуропа қазақтарының кiшi құрылтайын өткiзуi тиiс. Сол себептi мемлекеттiк жұмысынан бас тартып, қоғамдық жұмыстармен алаңсыз, белсене айналысып жүрген жайы бар. Швеция елi басшылығы да Ибрагим мырзаның қоғамдағы жұмыстарын жоғары бағалап, үлкен сенiм артып, Қазақстанда өтетiн келелi басқосуға ҮЕҰ атынан өкiл етiп жiберген. Астанада 26-28 желтоқсан аралығында Бейбiтшiлiк және келiсiм сарайында өткен Үкiметтiк емес ұйымдардың үш бөлiмнен тұратын Шолу конференциясына әлемнiң және Қазақстанның түкпiр-түкпiрiнен жиналған ҮЕҰ өкiлдерi арасында Ибрагим Құсшы мырза да болып, жиында өз пiкiр-ұсыныстарын айтты. Екi күнге мөлшерленген қорытынды жиыннан соң, Ибрагим мырза Алматыға ат басын тiреген. Бiз осы сапарында Ибрагим мырзамен Швециядағы қандастар өмiрi жайлы әңгiме өрбiттiк.
– Ибрагим мырза, жалпы Швецияда қазақтар қайдан жүр? Бүгiнгi жай-күйi қалай?
– Басында Швецияда қазақтардың 8 отбасы болған. Қазiр олардың саны 100-ге жеттi. Содан берi 4 буын ауысты. Алты жүздей қазақ бар. Оның 50-i бiр қалада, бiр аулада тұрады. Ол – Вестерос қаласы, Стокгольмге 120 шақырым жерде.
Швецияға қазақтардың алғашқы буыны қара жұмыс iздеп барған болса, кейiнгi ұрпақ оқуға қол жеткiзiп, қазiр iрi-iрi кәсiпорындарда жұмыс iстей бастаған. Жастардың 80 пайызы – жоғары бiлiмдi. Еуропада тұратын қазақтар өздерiнiң ұлттық мәдениетi мен тiлiн, салт-дәстүрi мен өзара бiрлiк-берекесiн сақтап қалу үшiн әр жерден бiрнеше мәдени орталық ашқан. Осы он орталық бiрiге келiп, Еуропа қазақ қауымдастығы федерациясы деген ұйым құрып жұмыс iстеуде. Жыл сайын Еуропаның бiр елiнде Еуропа қазақтарының кiшi құрылтайы деген дәстүрлi жиын өтедi. Алдыңғы жылы кезектi құрылтай Норвегияның астанасы Ослода өтсе, былтыр Австрияда өттi. Оған сол Еуропада тұратын қазақтар көптеп қатысып, Еуропа қазақтарының тiл, мәдениет, салт-дәстүрге қатысты проблемалары талқыға салынды, көптен көрмеген жұрт бiр-бiрiмен шұрқыраса табысты. Еуропалықтардың мерекелiк демалысына сәйкестендiрiлiп өткiзiлетiн осы басқосулардың тағы бiр жақсылығы бар. Әсiресе бұған жастар көптеп келедi. Еуропаның түрлi елiнде тiршiлiк кешкен жастарымыз бiр-бiрiмен құрылтайда танысып-бiлiседi. Оларды таныстырып-бiлiстiру мақсатында арнайы шаралар ұйымдастырылып, соның арқасында бас қосқан, отау көтерген жас көп. Үлкендер көздеген басты мақсат та осы. Қазақ та өзгелер сияқты өз өмiр салтын сақтағысы, ұрпақ жалғастырғысы, қазақ болып қалғысы келедi.
Швецияның Вестерос қаласында да қазақ мәдени орталығы бар. Алдағы жылы Еуропа қазақтарының кiшi құрылтайын осында өткiзу жоспарланып отыр.
– Өзiңiз үш жылдан берi басқарып отырған осы Қазақ мәдени орталығының жұмысы туралы айтсаңыз…
– Қазақ мәдени орталығын құруды, дiни қорлар жасақтауды, құрылтай өткiзудi Еуропа қазақтары тәуелсiздiктен бұрын бастаған. Мұнда 50 шақты қазақ отбасы өмiр сүретiндiктен, "Вестерос – қазақ ауылы" деп те атайды. Бiзде де мәдени орталықтың құрылғанына он жыл болды. Маған дейiн оны Ибрагим Дiнiштүрiк басқарды. Еуропа қазақтарының бiр-бiрiмен аңсап көрiсетiн киелi орынның бiрi – осы Швеция қазақ мәдени орталығының үйi. Бұл да – қазақ меншiгiндегi ғимарат. Күрделi жөндеуден өткен зәулiм үй iшiнен қазақтың иiсi аңқып тұр деуге болады. Қазақстаннан барған сый-сияпаттар, орталықтың жемiстi жұмысын паш еткен түрлi марапаттаулар мен спорт ойындарының кубоктары – бәрi-бәрi осы жерден орын алған. Мәдени орталық жұмысының мақсаты – қазақтар өздерiнiң ұлттық мәдениетi мен тiлiн, салт-дәстүрi мен өзара бiрлiк-берекесiн сақтап қалу. Рамазан, Құрбан айт мерекелерiн жақсы тойлаймыз. Қазақ тойлары мен жаназаларын да дәстүрге сай орындаймыз. Ақыл айтар 80-90 жастағы ақсақалдарымыз бен ақ жаулықты аналарымыз да бар…
Жылына бiр рет Еуропадағы 1500-дей жас бас қосады. Бұның негiзi қазақтың қазаққа үйленуiне мүмкiндiк тудыру. Балаларымыздың өз ұлт өкiлiмен көңiл жарастыруын қалаймыз. Сондай-ақ бiздегi жазылмаған заң бойынша, балаларды 25-ке жетпей үйлендiрудi көздеймiз…
Шеттегi қазақтың кейiнгi ұрпағының ана тiлден қол үзуi алаңдарлық жағдай. Әйтпесе ендi бiр ұрпақ ауысқанда сол ат төбелiндей елдiң дiлдiк қасиетiнен ажырап қалуымыз оп-оңай. Сондықтан орталықта қазақ тiлi сабағын ұйымдастырудамыз. Оған Ұлыбритания елшiлiгi көмектесуде.
– Қазақ жастарының 80 пайызы жоғары бiлiмдi дедiңiз. Сол жастарға тоқтала кетсеңiз?
– Қазақ тiлiмен қатар, ағылшын және әлемнiң жетекшi тiлдерiнiң бiрнешеуiн меңгерген жастар техниканы да жақсы бiледi. Айсу Ақсақал деген қызымыз Стамбул қаласындағы метроны басқарған, қазiр Швециядағы АВВ деген компанияда жұмыс iстейдi. Яуыз Қахарман деген жiгiт Лондон мен Адана метросының жобасымен айналысады. Сол секiлдi, Скандинавия елдерiндегi IВМ компаниясының басшысы Дария Ермиш есiмдi қазақ қызы болды. Ол – 700 швед iшiнде Америкада сертификатты тұңғыш алған маман. Асан деген жiгiт Американың Кастролл деген фирмасының өкiлдiгiн Швецияда ашты. Оның қол астында 80 швед инженерi жұмыс iстейдi. Бұл азаматымыз германиялық бiр фирма арқылы Атырауға келiп, бiлгенiн қазақ балаларына үйретуге талаптанып көрiп едi, неге екенiн қайдам, жергiлiктi қазақтармен тiл табыса алмай, Швециядағы компаниясына қайта оралды. Сондай-ақ ғалымдарымыз да бар. Бұлардың тiзiмiн бұдан ары соза берсек бiразға жетедi. Шетелде бiлiмдi, бiлiктi қазақ жастары көп. Солардың интеллектуалдық қуатын қазақ елiнде неге пайдаланбасқа. Мұнда келiп жатқан шетелдiк мамандар қандай да бiр техниканың тiлiн толығымен түсiндiре бермейдi. Ал бiздiң қазақтарды алып келетiн болса, техниканың iшкi сырын айтып берер едi. Ол балалар қазақша жақсы түсiнбесе де, ұлттық-патриоттық сезiмi жоғары.
– Швеция қазақтарының өз меншiгiнде мешiтi бар деп естiдiк…
– Иә, рас. Бұл о баста шiркеу болған ғимарат. Қазақтар оның бос тұрғанын байқап, жергiлiктi билiктен мешiт етiп пайдалануға рұқсат сұрады. Мұны естiген вестеростықтар әуелде шiркеуден айрылуға болмайды деп шулап қоя берген, бiрақ бiртiндеп сабаларына түсiп, бос тұрғаны дәлелденгеннен кейiн, амал жоқ, келiсiмдерiн бердi. Шiркеу күрделi жөндеуден өтiп, мешiтке айналғанда адам танымастай құлпырып шыға келгенде, мұндағы дүйiм мұсылман бек қуанды. Қазiр онда 24 елден мұсылмандар ғибадат етедi. Бұл қызметтi қала әкiмшiлiгiмен бiрге жүзеге асырып отырмыз.
– Өз отбасыңыз жайлы да айтып өтсеңiз?
– Отбасымда Мина атты жұбайым екеумiз 5 бала тәрбиелеп, өсiрудемiз. Жұбайым – дәрiгер. Үлкенiмiз Арнагүл – 22 жаста, университет студентi. Кiшiмiз Бахар 4 жаста. Айсұлу, Темiрхан, Сальма атты балаларым – бiрi университет, ендi бiрi гимназия қабырғасында. Мүмкiндiгiнше Қазақстан, қазақ тiлi жайлы көбiрек айтып, құлақтарына сiңiрiп жүрмiз.
– Қандай ой-тiлегiңiз бар?
– Еуропадағы қазақ жастарының Қазақстанмен байланыс мәселесiн және оларды жұмысқа орналастыру жайын көбiрек ойласақ. Қазiр Еуропадағы қазақтардың алды 50-ден асып кеткендер. Оқу орнын ендi ғана бiтiрiп жатқан жастарды Қазақстанға жiберсек, олардың бейiмделу мәселесi де жеңiл болар едi. Қазақстан қоғамына дендей енiп, сiңiсiп алғаннан кейiн олар ата-аналарын шақырып алуға мүмкiндiк алар едi.
Шеттегi қазақтың елдегi қазаққа айтар бiр тiлегi бар. Ол қазақтың басындағы бақ – Тәуелсiздiктi сақтап қалу. Елбасы жеткiзген қазiргi абыройын жоғалтпау, тәуелсiздiктi баянды ету. Қазақ елiнiң бүтiндiгi, амандығы керек. Сырттағы бiздер Қазақстан үшiн мақтанамыз!
– Сұхбатыңыз үшiн рахмет! Еңбектерiңiзге жемiс тiлеймiз!