Алатау ауданы 3 жасқа толды

Алатау ауданы 3 жасқа толды

Алатау ауданы 3 жасқа толды
ашық дереккөзі
299

Ауылдан нәпақа iздеп ағылған халық Алматының iргесiндегi елдi мекендер мен ауылдарға қоныстанды. Бұрын-соңды бос жатқан жерлер әп-сәтте қазақы ауылдарға айналып сала бердi. Нәтижесiнде Алматының шекаралық аймағы кеңи түсiп, Алатау ауданы ашылған едi. Жақында Алматының жетiншi ауданы өзiнiң үш жылдық мерейтойын думанды түрде атап өттi.

2008 жылдың шiлдесiнде қалалық мәслихаттың 11-сессиясына қатысушылар Алатау ауданын құру туралы шешiм қабылдаған болатын. Алматы қаласындағы жетiншi аудан ретiнде тарихқа енген ауданға басшы ретiнде iскер азамат, тәжiрибелi ұйымдастырушы Бағдат Мәнiзоров тағайындалды. Ол аудан әкiмi боп iске кiрiскен күннiң ертесiнде-ақ аумаққа қарасты елдi мекендердiң күйiп тұрған мәселесiн шешуге кiрiсiп кеттi. Жалпақ жұртқа мәлiм, соңғы 10-15 жылда қалаға қосылған шағын ауылдар мен елдi мекендердiң бас ауруына айналған жайт – жер дауы едi. Жалған құжатпен жер алып, алаяқтың арбауына түсiп қалған аңғал тұрғындардың көпшiлiгiнiң құжаты заңдастырылып берiлдi. Тiптi «Шаңырақ» елдi мекенiнде болған шатақтан бұрын заңсыз жер иеленiп қалғандардың бiрқатары баспаналы болып қалды. Небәрi үш жылдың iшiнде Алатау ауданында инфрақұрылым жанданып, бiлiм ұялары мен балабақшалар салынып, халықтың игiлiгiне берiлдi.

Бүгiнде аудан аумағында өз бетiмен жер басып алу әрекеттерi толығымен тоқтатылған. Арнайы жүргiзiлген инвентаризация кезiнде аудан бойынша 4523 заңсыз жер телiмдерi басып алынғаны анықталған болса, қазiргi күнге дейiн олардың 3715-i бойынша заңдастыру жөнiнде шешiмдер шығарылды. Заңдасуға жатпайтын, әртүрлi қорғау аумақтарында (су, газ, «қызыл сызық», жоғарғы кернеулi электр желiлерi) жер телiмдерiнде орналасқан азаматтардың да мәселесi қала басшылығының қолдауымен өз шешiмiн табуда. Алатау ауданының әкiмi Бағдат Мәнiзоров мырзаның айтуынша, қазiр «Қарасу» ықшамауданында 600 үйдiң құрылысы жүрiп жатқан көрiнедi. «Алатау ауданы қазiр қалыпты өмiр сүрiп жатқан аудандар қатарына қосылды. Бүгiнде аумақтың дамуына барлық жағдай жасалуда. Ең алдымен, ауданда мемлекеттiк басқару мекемелерi – аудан әкiмi аппаратының ғимараты, халыққа қызмет көрсету орталығы, салық басқармасы, прокуратура, аудандық сот, iшкi iстер басқармалары құрылып, өз мiндеттерiн толыққанды атқаруда. Аудан тұрғындарына ыңғайлы болуы үшiн аудан орталығы ретiнде «Шаңырақ – 2» ықшамауданы белгiленiп, жоғарыда атап өтiлген мекемелер орналасқан әкiмшiлiк кешенi салынды. Осы ретте, биылғы жылдың аяғына дейiн «Дархан» ықшамауданында салынып жатқан Iшкi iстер басқармасының ғимаратын қолданысқа берудi жоспарлап отырмыз», – дейдi аудан әкiмi.

Ауданның дамуы үшiн 3 жылға жуық уақыт iшiнде қалалық және республикалық бюджет есебiнен 48 млрд. теңге көлемiнде қаражат бөлiнген. Алатау ауданы құрылған уақыт iшiнде «Ұлжан», «Әйгерiм-2» 1200 орындық қазiргi заман талаптарына сай жалпы бiлiм беретiн мектеп салынды. «Шаңырақ-1» ықшамауданында Спорттағы дарынды балаларға арналған республикалық спорт интернаты, «Шаңырақ-1» ықшамауданында 1 ауысымда 200 адам қабылдайтын қалалық емхана iске қосылды. «Шаңырақ-1» ықшамауданында 120 орындық, «Шаңырақ-2», «Ұлжан-1», «Дархан» ықшамаудандарында 320 орындық балабақша есiгiн ашты. Дәлiрегiнде, бүгiнде Алатау ауданында 16 мектеп, 7 балабақша жұмыс iстейдi.

Мiне, кеше ғана қызметiне бiлек сыбана кiрiскен ауданға бүгiнде үш жыл толыпты! Алатау ауданының әкiмшiлiгi бұл тойды ұлттық нақышта атап өтуге барынша тырысқаны көрiнiп тұр. «Сақ қорғандары» тарихи-мәдени кешенiнде ақшаңқан киiз үйлер тiгiлiп, бәйге өттi. Жүзден шыққан сәйгүлiктер жиналған қауымның делебесiн қоздырып, жеңiмпаздың төбесiн көкке көтердi. Мерекелiк концерттiк бағдарлама қойылып, сауда жәрмеңкелерi мен көрмелер өттi. Әннен шашу шашылып, домбырадан күй төгiлдi. Мұның бәрi жергiлiктi халықтың рухын көтерiп, өздерi тұратын аймаққа деген шынайы сүйiспеншiлiгiн арттыра түскендей әсер қалдырды.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары