637
АТАТYРIК
АТАТYРIК
1881 жылы Салоники қаласының Қожақасым мөлтек ауданында Әли Риза Эфенди мен әйелi Зүбайда ханымның отбасында ұл бала дүниеге келедi. Оған Мұстафа деп ат қояды. Әли Риза Эфенди отбасында содан кейiн өмiрдiң есiгiн қыз баласы ашқан. Ал Мұстафаның қай күнi туылғаны белгiсiз. Себебi Осман империясы кезiнде Хиджра күнтiзбесi қолданылған. Анасы Зүбайданың айтуына қарағанда, Мұстафа көктемде туылса керек. Бертiнде Ататүрiк тәуелсiз Түркия үшiн күрестiң басталған күнi – 19 мамырды өзiнiң туған күнi ретiнде таңдап алған.
Осман империясының кезiнде Еуропа мен Араб жерлерiнiң көп бөлiгiн жаулап алғаны тарихтан белгiлi. Кейiн iшкi қырғын мен еуропалық державалардың қарсы тұруынан бiраз бағынышты территорияларынан айрылып қалады. Соның өзiнде қарамағында Солтүстiк Африка, Арабия жарты аралы, Балқан түбегi және Грецияның бiрталай жерiн өз ықпалында ұстап қалған. Мұстафа жас кезiнен қызуқанды, етi тiрi бала болып өстi. Ол өзi қатар балалармен бiрге көп жүрмейтiн. Жалғыз қарындасымен де ашылып сөйлескен емес. Көбiне өз бетiнше оңаша жүргендi ұнатқан. Содан болар басқалардың айтқан ақыл-кеңестерiне де онша құлақ аспапты. Бiрақ кiмге болса да өз ойын бұлтақтатпай тiке айтатын мiнезi бар. Бұл мiнез кейiн оның жауларын көбейтiп, көп қиындықтар туғызған. Анасы оны бала кезiнен дiни тәрбие алғанын қаласа, әкесi сол кезеңге сай жаңаша бiлiм алдырғысы келген. Солай ата-анасы ары тарт, берi тарт күй кешiп жүргенде ол Хафиз Мехмет Эфенди мектебiне барып, сауат ашады. Содан кейiн әкесiнiң қалауымен Салоникидегi Шемси Эфенди мектебiне ауысқан. 1888 жылы Мұстафа жетi жасқа толғанда әкесi қайтыс болады. Анасы Зүбайда балаларын ертiп, Салоникиден онша қашық емес жердегi Рапла фермасындағы ағасы Хусейн Эфендидiң үйiне қоныс аударған. Сол жерде ол басқа күйеуге шығады. Мұстафа қайта Салоники қаласына барып, әкiмшiлiк орта мектебiнде оқуын жалғастырады. Алайда бар арманы әскери мектепке түсу болғандықтан, Мұстафа бұл мектептi тастап кетедi. Сол жылы әскери мектепке қабылданады. Жаңа мектепте ол ақылы, еңбекқорлығы, әр алуан талантының арқасында ұстаздар қауымына ұнаған. Тарих, шет тiлi, математика пәндерiн өзгелерден артық әрi жетiк меңгергендiктен, ұстаздары оны «Кемаль» деп қосымша атпен атай бастапты. Бұл «маңдай алды», «өте зерек» деген ұғымды бiлдiредi. Мұстафа Кемаль 1896 жылы әскери мектептi үздiк бiтiрiп, бiлiмiн Манастыр қаласындағы орта әскери училищеде жалғастырады. Осы әскери мектепте саяси көзқарасы қалыптаса бастаған кезi едi. Бұл уақытта Осман империясы Крит аралындағы көтерiлiстi басуға әскер жiбередi. Ал Манастыр – майданға жiберiлетiн империя әскерiнiң жинақталатын қаласы. Мұстафа қаладан ескi қарумен қаруланған, әскери киiмдерi олпы-солпы, еңселерi түсiп кеткен солдаттарды көрiп жүрдi. Оның үстiне училищеде екi сырлас досы Омер Наджи мен Али Фетхи оның әдебиетке деген қызығушылығын оятып, келешек көсемсөзшi болуына әсер еткен. Сондай-ақ ұлттық-либералды көзқарасының қалыптасуына да олардың ықпалы зор. Мұстафаның әдебиетке деген сүйiспеншiлiгi артып, соның iшiнде революциялық тақырыптағы шығармаларды оқуды училищенi бiтiрген соң да жалғастырған. Сол жылы ол Стамбұл әскери училищесiне оқуға түседi. Училищенi өте жақсы бiтiрген Мұстафаға лейтенант шенi берiледi. Ол бiлiмiн жалғастыру мақсатында Стамбұл академиясына түседi. Сонда жүрiп сенiмдi жолдастарымен «Ватан» атты құпия ұйым құрады. «Ватан» – «Отан» деген ұғымды бiлдiредi. Бұл ұйым мүшелерi үкiметтiң саясатына өз көзқарастарын ашық айтып, революциялық iс-әрекет жүргiзуге шақыратын. Дегенмен ол академияның үшiншi курсында жүргенде ұйым құпиясы ашылып, мүшелерi қуғынға түседi. Мұстафа бiрнеше ай түрмеде отырып шығады. 1905 жылы қаңтарда Мұстафа Кемаль академияны штаб-капитан шенiнде бiтiрiп, Осман армиясына қызметке кiредi. Алайда оның революциялық көзқарасын үкiмет бiлетiн болғандықтан сенiмсiздiкпен қараған. Соған байланысты оны елден алысқа жiберудi ұйғарып, Сирия астанасы Дамаскiдегi 5-армияға аттандырады. Бұл армияның мiндетi оңтүстiк Ливанның таулы аудандарының тұрғындары — друздардың көтерiлiсiн басу болатын. Мұстафа алғашқы күннен-ақ мұндағы әскерлердiң жағдайларының төмендiгiн, дайындықтарының нашарлығын, бұйрықтардың жөн-жосықсыз берiлетiнiн көрiп, қайран қалады. Ал друздар болса, оңай шағылатын жаңғақ емес, мықты қарсыластар. Олардың партизандық отрядтары табан астынан шабуыл жасап, лезде халық арасына сiңiп, көзден ғайып болады. Армияға оларды тоқтатып, басып тастау еш мүмкiн болмай қалған шақ. Мұстафа Кемаль көтерiлiсшiлерге қарсы әрекеттердiң жолын көп ойлады. Ол көтерiлiсшiлердiң жиналып, соғысқа дайындалатын елдi мекендерiн алдын-ала анықтап, жойып жiберген. Осындай тәсiлдiң арқасында друздар көтерiлiсi басылды. Мұстафа Кемальдiң бұл әдiсiн армия басшылары жоғары бағалады. Мұстафа Кемаль өзiнiң iшкi ойынан, алған бағытынан қайтқан емес. 1906 жылы өзiмен көзқарасы бiр офицерлермен «Отан және бостандық» атты революциялық бағыттағы құпия ұйым құрып, өздерiнiң саяси жұмыстарын астыртын жүргiзедi. Олардың сұлтан Абдул-Гамид II-нiң жүргiзiп жатқан саясатына көңiлдерi толмайды. Осман империясының 34-шi сұлтаны таққа 1876 жылы отырған едi. Алғашқыда ол уәдесiнде тұрып, халыққа конституцияны жариялаған. Алайда 1878 жылы сол конституцияны жойып, билiктiң деспоттық режимiн қалыптастырды. Бұл кезде Осман империясының жағдайы мүшкiл болатын. Салық төлеушiлердiң ақшалары еуропалық банктерге қарыздарын өтеуге кетiп жатты. Халық бұған Абдул-Гамидтi кiнәлады. Мұстафа Кемаль осының бәрiне сырттан қарап отыра беруге дәтi бармады. Сол кезде Сирия Осман империясының ең шеткi провинциясының бiрi болатын. Ал Мұстафаның саяси майдан қызу жүрiп жатқан жердiң ортасында жүргiсi келдi. Ол ақыры дегенiне жеттi. Беделiнiң арқасында 1907 жылы әскери шенi жоғарылап, Манастырдағы 3-армияға жiберiлдi. Сол кезде елдегi жағдай өзгере бастады. Революция жасауды көздеген әскери курсанттар бытыраңқы әрекеттер жасап жатқан. Көп кешiкпей «Бiрлiк және прогресс» атты мықты саяси ұйым құрылды. Бұл ұйым бытырап жүрген курсанттардың басын бiрiктiрiп, мемлекеттiң саяси режимiн өзгертудi мақсат еттi. 1908 жылы ұйым Энвер Бейдiң басшылығымен жұмыс iстеп жатты. Мұстафа Кемальға оның басшылықтағы бағыты ұнамаған соң, өз көзқарасын ашып айтып, бұл ұйымнан да кетуге мәжбүр болады. Жас офицер Ахмед Ниязи 1908 жылы көтерiлiс жасап, үкiметтен конституцияны қайта қалыбына келтiрудi талап еттi. Оның көтерiлiсiн Энвер Бей де қолдап, шығыс Македониядан көтерiлiс ұйымдастырды. Қаруланған көтерiлiсшiлер отрядтары Стамбұлға қарай бет алған. Ал Мұстафа Кемаль бұл көтерiлiске араласпай әскери қызметiнде жүре бердi. Абдул-Гамид көтерiлiсшiлердi басуға әскер жiбердi. Бiрақ әскер астанадан шыға салысымен көтерiлiсшiлер жағына шығып кеткен. Абдул-Гамидтiң келесi жiберген әскерi де көтерiлiсшiлер жағына өтедi. Амалы таусылған Абдул-Гамид II конституцияны қайта қалыбына келтiруге көнедi. Бiрақ жаңа құрылған парламент депутаттары бiр-бiрiмен келiсiмге келе алмай, өзара қырқысып жатқанын пайдаланып, Абдул-Гамид II 1909 жылы конституциялық құрылымды мүлдем жою жағын қарастырды. Бұл кезде Мұстафа Кемаль көтерiлiсшiлердiң жұмыстарына қарсы iс-әрекетке негiзделген штабтың бастығы болатын. Алайда үкiмет iшiнде өткен құпия жиналыста Абдул-Гамидтi орнынан босату жөнiнде шешiм қабылданып, орнына iнiсi Мехмед ҮI тағайындалады. Осы кезде Энвер Бей Берлинге әскери атташе қызметiне аттанып кеткен. Оған немiс армиясының дайындығы ұнағаны соншалық, бiрнеше немiс офицерiн Түркия армиясы дайындығын күшейтуге алдырады. Оның бұл әрекетi Мұстафаға ұнаған жоқ. Ол еуропалық державалардың түрiк әскерiне кiруiн қуаттамады әрi аса қауiптендi де. Алайда Италия 1911 жылы Ливияға шабуыл жасайды. Мұстафа Кемаль Стамбұлдан Ливияға аттанады. Ол Тобрук және Дерне аудандарындағы әскерлер отрядтарын басқарады. Осы шайқастарда ол майор шенiн алған. 1912 жылы Балқан соғысы басталады. Балқан соғысын жүргiзу үшiн Түрiк үкiметi Италиямен бейбiт келiсiмге келген. Мұстафа бұл соғысқа да қатысып, Фракия жағалауындағы Галлиполи мен Болайреде болгар армиясына қатты соққы бередi. Бiрақ Осман армиясы балқан мемлекеттерi күштерiне төтеп бере алмай, империя Еуропадағы өз территорияларынан айрылып қалады. Солардың iшiнде Салонике де болатын. Бiрiншi Балқан соғысы 1913 жылы Лондонда келiсiм-шарт жасасумен аяқталған. Бiрақ, көп ұзамай екiншi Балқан соғысы басталады. Осы соғыста Мұстафа өз әскерiмен Галлиополи мен Болайредан шығып, бiрнеше қалаларды керi қайтарған. Энвер Бей де соғыста болгарлардан Адрианопольды қайтарып, Паша атты министрлiк лауазымға ие болды. Ол 1913 жылы төңкерiс ұйымдастырып, үш Пашаның әскери диктатурасын орнатты. Талаат Паша мен Джемаль Паша оның жақтастары едi. 1914 жылы бiрiншi дүниежүзiлiк соғыс басталды. Антанта үштiгiнiң мүшелерi – Ұлыбритания, Ресей, Франция Осман империясының Германия, Болгария және Австро-Венгрия жағында соғысқанын қаламады. Мұстафа Кемаль да империяның Германия жағында болғанын жақтамаған. Бiрақ Энвер Паша осы соғыстың арқасында империя жоғалтқан территорияларды қайтаруды көздеп, Германиямен құпия келiсiм-шарт жасасып, соғысқа қатысады. 1915 жылы 18 наурызда ағылшын флоты Дарданелл арқылы шабуылға шығады. Бiрақ жағалаудағы артиллериян соққысынан кейiн шегiнедi. Ендi олар Түркияның Эгей жағалауындағы Галлиполи жарты аралына түсiп, сол жақтан соққы беруге кiрiстi. Бас штаб 5-армияны сол жаққа жiбередi. Армияны немiс генералы Лиман фон Сандерс басқарды. Ол армияны үшке бөлiп, оның бiрiн Мұстафа Кемаль басқарды. Энвер Паша фон Сандерске Мұстафаны галиполилiк жарты аралдың тереңiнде орналасқан бөлiмшеге ауыстыруды ұсынды. Ол қайткенде де Мұстафаны осы соғыстан тыс қалдырып, өзiн көрсетуiне мүмкiндiк бермейтiн қитұрқы әрекетi едi. Генерал да оның бұл ұсынысымен бiрден келiстi. Бiрақ ағылшын әскерi Арыбурну мүйiсiнiң жағынан Мұстафа әскерiне шабуыл жасаған едi. Олар бес ай бойына Мұстафа әскерiнiң қорғанысын бұзып, Дарданелл бұғазына өте алмады. Керiсiнше күштi қарсылыққа ұшырап, керi шегiнуге мәжбүр болды. Осы соғыста Мұстафа Кемаль полковник шенiне көтерiлдi. 1916 жылдың желтоқсанына дейiн Мұстафа Эдирнеде әскери қызмет еттi. Содан кейiн Энвер Паша оны орыс армиясымен соғысуға Кавказға жiбердi. Ол 2-армияның 15-корпусына басшылық жасап, генерал шенiн алды. Орыстармен соғыста да Мұстафа әскери шеберлiк таныта бiлдi. Жоғары басшылық ендi оған 2- армияны түгел сенiп тапсырды. Алайда Энвер көп ұзамай оны Сирияға, содан соң Германияға жiбердi. 1918 жылы Сирияда Осман империясының әскерi ағылшындармен шешушi шайқас жүргiзiп жатқан. Империяның соңғы сұлтаны Мехмед ҮI Мудростағы Франция және Ұлыбританиямен келiсiм-шарт жасасып, әскерлерiн Түркия жерiнен алып кетуге келiсiмге келген болатын. Алайда Франция мен Ұлыбритания бұл келiсiм-шарттарға құрғақ сөз ретiнде қарап, империяның жерiн бөлiске салуға сөз байласты. Үкiмет Энвер Пашаны әскери министрлiктен босатып, оның «Үш паша» арқылы ұстап тұрған «Бiрлiк және прогресс» партиясын таратып жiбердi. 1919 жылы 15 мамырда Греция армиясы Измирге кiрген кезде, Мұстафа Кемаль революцияны бастайтын уақыт жеткенiн бiлдi. Ол 19 мамырда Самсунға келiп, жалпы митингi өткiздi. Түрiк ұлттық топтарымен қатынас жасап, шетел елшiлiктерiне наразылық жеделхаттар жiбердi. 22 маусымда Амасьеде «Ел тәуелсiздiгi тек халықтың өз қалауымен ғана құтқарылып қалады» деген хабарлама жариялап, депутаттарды Сивасскi конгресiне шақырды. Сол жылы шiлде-тамыз айларында Эрзурумдiк конгресiнде тәуелсiз Түрiк мемлекетiн құру жөнiнде хаттама жасалынды. Қыркүйекте конгресс Сивасскiде өттi. Қатысқандардың бәрi ұлт болашағы үшiн атсалысатындарына ант бердi. 1920 жылы сәуiрде Анкарада бiрiншi рет жаңадан уәкiлдiк орган –Түркияның ұлы ұлттық жиыны құрылды. Мұстафа Кемаль жиын төрағасы болып сайланды. Ол сондай-ақ түрiк бостандығы қозғалысының әскери және саяси басшысы болды. Сол жылы тамызда сұлтан Мехмед ҮI бiрiншi дүниежүзiлiк соғыста жеңген елдермен Севрскi келiсiм-шартына отырып, Осман империясын бөлшектеуге келiскен. Халық сұлтаннан көңiлi қалып, ұлтшылдарды қолдайды. Бұл кезде грек әскерi Измирден 175 шақырым жердегi Усакаға жеткен едi. Ұлы ұлттық жиын гректерге қарсы армия құрып, Мұстафаны басшы етiп тағайындады. Сокарье маңындағы жиырма күнге созылған соғыста гректердi толығымен жеңедi. Осы соғыстан кейiн Мұстафа Кемаль маршал және батыр атанды. 1921 жылы қазанда Франция мен Ұлыбритания өз әскерлерiн Анадолыдан әкетуге мәжбүр болды. Ұлы ұлттық жиын 1922 жылы қарашада елдегi сұлтандық билiктi жою туралы шешiм қабылдайды. Анкараны мемлекет астанасы деп жариялаған. Ал 1923 жылы 29 қазанда Түркия республикаға айналды. Мұстафа Кемаль республика президентi болып сайланып, көптеген реформалар жүргiзедi. Алдымен еуропалық үлгiдегi конституцияны қабылдатып, бұрынғы мұсылмандық оқыту жүйесiн мемлекеттiк оқыту жүйесiне ауыстырады. Елдi басқарудың халифаттық түрiн жойды. Әйелдер мен ерлердiң құқықтарын теңестiрдi. Күнделiктi киiм үлгiсiне де өзгерiстер енгiздi. 1928 жылы күнтiзбе мен әлiпбиге де батыстық үлгiлердi алып келдi. Ұлт мәдениетiн де дамытты. Ол 1923 жылы Латифа ханымға үйленiп, екi жылдан соң ажырасқан. Өз кiндiгiнен балалар жоқ. Бiрақ 7 қыз бен 2 ұлды асырап алған. 1934 жылы түрiк фамилиясы жөнiнде арнайы заң қабылдатады. Содан кейiн Ұлы ұлттық ассамблея халық атынан оған Ататүрiк деген атақ бердi. Ол 1938 жылы 10 қарашада қайтыс болды.Көлбай Адырбекұлы