ХАСЕН ОРАЛТАЙҒА ТҮРКИЯДА АС БЕРIЛДI

ХАСЕН ОРАЛТАЙҒА ТҮРКИЯДА АС БЕРIЛДI

ХАСЕН ОРАЛТАЙҒА ТҮРКИЯДА АС БЕРIЛДI
ашық дереккөзі
435

2011 жылы 4 маусым күнi Түркияның Маниса қаласына қарасты Салихли ауданында Хасен Оралтайдың қайтыс болуына бiр жыл толуына орай ас берiлiп, ғылыми-практикалық конференция болып өттi. Оған Түркия және Қазақстаннан көптеген адам қатысты. Конференцияда Оралтайдың саналы өмiрiн Қазақстан мемлекетiнiң тәуелсiздiгi, сондай-ақ түркi дүниесiнiң ынтымақтастығы үшiн өткiзгенi аталып өтiлдi.

Хасен Оралтай 2010 жылы 14 сәуiрде Германияның Мюнхен қаласында қайтыс болған едi. Марқұмның сүйегi Салихли ауданындағы отбасылық бейiтке, әкесi Қалибек Әкiмнiң қасына жерленген.

Түске дейiн осы бейiт басында Хасен Оралтай мен оның әкесi Қалибек әкiмдi еске алып, Құран бағышталды. Одан соң Салихли ауданының орталығындағы Сауда палатасының залында Оралтай туралы ғылыми-практикалық конференция басталды. Конференцияны ТҮРКСОЙ ұйымының төрағасы Дүйсен Қасейiнов сөз сөйлеп ашты. Қасейiнов Хасен Оралтайдың тек шетел қазақтарының ғана емес, сонымен қатар түркi дүниесiнiң ең көрнектi тұлғасы екенiн атап өттi. Ол Оралтай мұрат тұтқан түркi халықтарының тiлi мен мәдениетiнiң бiр болуына бүгiнгi таңда ТҮРКСОЙ ұйымының қызмет етiп отырғандығын көрсеттi.

Анкарадағы Қазақстан елшiлiгiнiң өкiлi Абай Ысқақұлы саналы өмiрiн Қазақстан тәуелсiздiгi үшiн жұмсаған Хасен Оралтайды еске алу бағдарламасының Қазақстан тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығына дөп келiп отырғандығын және оның еңбектерiнiң елеусiз қалмайтынын, қазақ халқының жүрегiнде мәңгi сақталатынын атап өттi. Абай Оралтайдың кезiнде Алаш қайраткерлерi, ашаршылық сынды тұншықтырылған шындықтарды радиода айтқанын, сол себептен Кеңестiк үкiмет тарапынан радио үнiнiң естiртiлмеуiне күш жұмсалғанын, сондай-ақ Желтоқсан оқиғасына қатысты шындықты әлемге паш етуде де үлкен еңбек сiңiргенiн тiлге тиек еттi.

Түркияның бұрынғы мемлекет министрi Сади Сомұнжұоғлы Оралтайдың өзi өлгенiмен, рухының өлмейтiнiн, еңбектерiмен түркi халықтарының жүрегiнде мәңгi өмiр сүре беретiнiн айтты. Ол: “Бүгiнгi көпшiлiк осының айғағы. Биiк мақсаттар үшiн идеялық күрес жүргiзгендердiң есiмi ешқашан өлмек емес”, – дедi.

Еуразия университетiнiң профессоры Тұрсын Жұртбай Хасен Оралтайдың Түркия мен Қазақстанның рухани байланысы екенiн көрсеттi. Қазақстаннан келген профессор Нәбижан Мұхаметханұлы, профессор Дүкен Мәсiмханұлы, Дидахмет Әшiмханұлы, Саясат Бейiсбай, Хайролла Ғабжәлелұлы, Алшынбай Тартанұлы және Омарәли Әбдiкұлы сөз сөйлеп, Оралтайдың әсiресе 1988-1995 жылдары арасында Азаттық радиосының қазақ редакциясының бас редакторы болған кезiндегi радио бағдарламаларымен қазақ халқының құлдық психологиядан арылып, ұлттық санасының қалыптасуына ерен еңбек еткенiн атап өттi. Оның радио хабарларының тек Қазақстанда ғана емес, шекараның ар жағындағы Шыңжаң қазақтарына да әсер еткенi, сондағы көптеген қазақтардың Алаш қайраткерлерiн, атап айтқанда Әлихан Бөкейханды, Ахмет Байтұрсынды, Мiржақып Дулатты және Мағжанды алғаш рет осы хабарлар арқылы естiп бiлгенiн айтты.

Осы ғылыми-практикалық конференцияда бiз де сөйлеген сөзiмiзде Хасен Оралтайдың көп адам бiле бермейтiн бiр қырына, дiнге деген құрметiне тоқталдық. Кеңес Одағы кезiнде қазақ халқының негiзгi үш рухани мәдени тамырына балта шабылып, ұлттық болмысын жоюға күш жұмсалғаны белгiлi. Олар қазақ халқының негiзгi тiрегi – ана тiлi – қазақша, ұлттық тарихының түп-тамыры – түркi тарихы және рухани болмысы –мұсылманшылығы. Хасен Оралтай осы үш қазына қалпына келмей, қазақ халқының көсегесiнiң көгермейтiнiн жақсы бiлген едi.

Әбдiуақап ҚАРА

Серіктес жаңалықтары