Қайыржан СӘРСЕБАЕВ: YРIМЖIДЕ 10 000 АДАМ КЕЗЕКТЕ ТҰРҒАН ЖОҚ

Қайыржан СӘРСЕБАЕВ: YРIМЖIДЕ 10 000 АДАМ КЕЗЕКТЕ ТҰРҒАН ЖОҚ

Қайыржан СӘРСЕБАЕВ: YРIМЖIДЕ 10 000 АДАМ КЕЗЕКТЕ ТҰРҒАН ЖОҚ
ашық дереккөзі
210

– Қайыржан Кеңесұлы, Сiздiң Үрiмжi қаласындағы паспорттық-визалық қызметiне меңгерушi болып жұмыс iстегенiңiзге көп уақыт бола қоймапты. Бiзге бұған дейiн Қытайдан Қазақстанға қоныс аударуға мүдделi, бiрақ виза алудың машақатынан берi аса алмай жатқан талай қандастарымыздан арыз келiп түскен едi. Олардың айтуынша, бiрнеше айдан берi бұл орталыққа виза алу үшiн кезекке тұру тоқтатылды, қазiр кезектегiлердiң саны он мыңнан асады екен. Осының мән-жайын түсiндiрiп айтып бере аласыз ба?

– Иә, кезекке тұрғандардың көп екенi рас. Ол бұрыннан келе жатқан кезек. Бұрын паспорттық-визалық бөлiмде күнiне 100 адамның паспорты қабылданып, визасы рәсiмделiп келсе, қазiр iшкi жұмыс тәртiбi өзгертiлiп, күнiне 160-180 адамға дейiн қабылдау мүмкiндiгiне ие болдық, кезекте тұрғандардың 90 пайызы – Қытай мемлекетiндегi қазақ азаматтары. Әдетте, көктем, жаз айларында кезекке тұрушылар саны көбейедi. Бәрiн бiр мезгiлде қабылдау мүмкiн емес. Iшкi тәртiп бойынша олар кезекке тұрып, нөмiр алады. Сол нөмiр бойынша кезегi алға жылжып отырады.

Қазiр сол нөмiрлердi беру тоқтатылған, әлi жаңартылмады дейдi ғой…

– Он мың адам дегенiмiз күмән тудырады. Кезекте тұрған он мың адам жоқ. Тек арадағы делдалдар пайда таппақ ниетпен, елдi шақырып, оларды кезекке қойып, «сiздiң алдыңызда осынша адам бар, алты айдан кейiн келiңiз, үш айдан кейiн кезегiңiз келедi» деп адамдарды елiктiредi. Қазiр кезекке тұру жаңартылған жоқ. Осы кезектегi адамдарды аяқтап алуды мақсат етiп отырмыз.

Сiздер осы делдалдармен жұмыс iстеп көрдiңiздер ме? Өйткенi бiзге жазған арыз-шағымдарға қарағанда екi ортада жүрген делдалдар жайында көп айтылады. Олар бiр паспортқа 1000 юань алады делiнедi.

– Бiз виза кезегiнде тұрған қазақтарға айттық, «осы делдалдар кiмдер, ертiп келiп, көрсетiп жiберiңдершi» деп. Ешкiм оны нақты, көзбен көрiп, қолмен ұстағандай етiп айтып бере алмайды. Бастарын алып қашады. Екiншiден, бұл – Қытайдың iшкi iстер органдарының iсi. Осы iстi қолымызға алып, бақылауға бiздiң құқымыз жоқ. Бiз ол жерде шет мемлекеттiң өкiлеттi органымыз.

– Делдалдар туралы әңгiме жаңа айтылып жүрген жоқ. Өсек-аяң сiздердiң беделдерiңiзге де нұқсан келтiретiнiн бiлесiздер ғой. Делдалдарды бiржола анықтау мүмкiн емес пе?

– Бiраздан берi осындай әңгiмелердiң бықсып жүргенi рас, бiрақ кiсiлерге «кiмге бердiң, кiм арқылы жолдадың, нақты атын неге айтпайсың, неге құқық қорғау органдарына шағымданбайсың?» десек үнсiз. Бiз оларға делдалдарды ұстап беруге талап қойып отырмыз. Әзiрге ол талабымыздан ештеңе шығар емес.

– Үрiмжiдегi қандастарымыз бұл мәселенi шешудiң жалғыз жолы – Үрiмжiде бас консулдық ашу дейдi. Ондай Бас консулдықтар Шанхайда және Гонконгта бар екен. Бұл қаншалықты жүзеге асуы мүмкiн өтiнiш?

– Бұл дұрыс ұсыныс. Дегенмен Бас консулдық ашу – мемлекетаралық тұрғыдан реттелетiн iс. Бұған орай Қытай мен Қазақстан өзара тиiстi келiссөздер жүргiзуде. Оның қаншалықты деңгейде шешiлетiнiн мен бiлмеймiн. Бiрақ жұмысты жеделдету екi тараптың қолында. Оның бiрi – делдалдарды азайту және олармен күрес, бұл iстi Қытай тарапы қолына алса. Ал бiздiң тараптан осы орталықта жұмыс iстейтiн адамдардың санын көбейту. Қазақстан жағы осы мәселенi қарастыруда. Сыртқы iстер министрлiгiнiң Консулдық қызмет департаментi осы паспорттық-визалық бөлiмнiң жұмысын қалай жеделдетудi, жұмысты қалай өнiмдi ету жағын ойластыруда. Қазiр бiзде 6 адам iстейдi. Бұрын визаны 2 адам рәсiмдеп келсе, қазiр төрт адам виза беру iсiмен айналысып отыр.

– Өткенде «Түркiстан» газетiнiң дөңгелек үстелiне қатысқан оралмандар бұрын Үрiмжiден келiп, Бейжiңдегi Қазақстан елшiлiгiнде виза рәсiмдеткiсi келетiн болса, оған кедергi жоқ едi. Қазiр Үрiмжi пропискасымен тек қана осы паспорттық-визалық бөлiмде виза рәсiмделетiн бопты дейдi. Бұл қаншалықты нақты мәлiмет?<br>– Әр консулдықтың өзiне бекiтiлген аумақтары бар. Бiз тек Шыңжаң аумағындағы тұрғындарға виза рәсiмдеймiз. Шанхайдағы Бас консулдық өзiне қарасты төрт-бес аймақты қамтиды. Бейжiңдегiлер де өздерiне бекiтiлген аймақтармен жұмыс iстейдi. Басқа аймақтан келген тұрғындарға виза рәсiмделмейдi. Үрiмжiдегi паспорттық-визалық қызметтiң ашылу себебi де Шыңжаңдағы қазақтардың 4 мың шақырымға сабылмауы үшiн. Әрi қазақтарға виза тегiн рәсiмделедi. Үш мәрте, үш айға.

– Бұрын осы виза алты айға және бiр жылға дейiн бiр мәрте және көп мәрте рәсiмделiп келген екен. Қазiр оны тек үш айға ғана беретiн болыпты. Неге?

– Оның себебiн мен бiлмеймiн. Бiрақ соңғы кездегi ұсыныстарға орай, Шыңжаңдағы қазақтарға алты айға, көп мәрте беру жөнiнде жұмыстар жүргiзiлуде. Алдағы уақытта бұл iс шешiмiн табар деген үмiттемiз.

– Виза берудiң тәртiбi не? Қандай құжаттар жиналуы тиiс?

– Қазақтар үшiн – жеке куәлiк, паспорт, визалық анкета толтырылады, бiр сурет, қайда тұратынын анықтайтын тiркеу қағазы қажет.

– Визаны берген кезде адамдардың әлеуметтiк жағдайы ескерiлiп, басымдық берiле ме? Мысалы жақындарының бiреуi қайтыс болып кеткен жағдайда немесе басқа да шұғыл мәселе туындағанда, ол адамға кезекке қарамай виза беру мүмкiндiгi бола ма?

– Берiледi. Бiрақ қолында соны растайтын құжаттар болуы тиiс. Өкiнiшке қарай, осы мүмкiндiктi пайдаланғысы келiп, жалған құжат әкелетiн адамдар да болады. Алайда жалған құжатты бiрден ажыратасың.

– Жақында Алматыда өткен бiр дөңгелек үстелде Шыңжаңның Сыртқы iстер басқармасының бастығының орынбасары Қасым Оқасұлы деген кiсi осы паспорттық-визалық бөлiмде қазақ тiлiн бiлетiн қызметкерлердiң аз келетiнiн айтып шағымданды. Қызметкерлерiңiздiң қазақ тiлiн бiлу деңгейi қалай?

– Ол сын менiң алдымдағы басшыға қаратып айтылған болар деп ойлаймын. Менiң мұнда Бейжiңнен ауысып келуiмнiң мәнi де сонда. Қазiргi қызметкерлердiң барлығы қазақша жақсы бiледi.

– Сiздердiң паспорттық-визалық бөлiмдерiңiз визамен қоса, «бұл адам көшiп барады, кедендiк алымдардан босатылсын» деген анықтама бере ала ма?

– Сыртқы iстер министрлiгiнiң Консулдық департаментiнде және әр шет мемлекеттегi елшiлiктерде әлеуметтiк-экономикалық жеңiлдiктер көрсететiн құжаттар берiлетiн. Осыған сәйкес көшiп келушiлер кедендiк алымдардан босатылатын. Қазiр бiздiң паспорттық визалық бөлiм бұндай анықтама бере алмаймыз. Оған құзыретiмiз жетпейдi. Бәлкiм ол кiсiлер көшiп келген көшi-қон квотасын алғаннан кейiн, кедендiк алым-салымдар қайтарылатын шығар.

– Рахмет!

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары