ТЕМIРТАУ ҚАЗАҚ МЕКТЕБIНЕ ЗӘРУ...

ТЕМIРТАУ ҚАЗАҚ МЕКТЕБIНЕ ЗӘРУ...

ТЕМIРТАУ ҚАЗАҚ МЕКТЕБIНЕ  ЗӘРУ...
ашық дереккөзі
471

Алайда оны ашу үлкен дауға айналды

Таяуда Темiртау әкiмшiлiгi қаладағы екi мектептi:

№9 орыс мектеп-лицейi мен №16 аралас жалпы бiлiм беретiн орта мектептi таза қазақ мектебiне айналдыру жайлы шешiм қабылдаған едi. Осы шешiм орыс мектебiнде оқитын балалардың ата-аналарының 31 мамыр күнi қарсылық акциясын ұйымдастыруына түрткi болған.

ОРЫН БАР, БIРАҚ МЕКТЕПТI АУЫСТЫРУҒА ҚҰЛЫҚ ЖОҚ

Темiртау орыстiлдi тұрғындары басым аудан ретiнде ерекшеленiп келгенi белгiлi. Онда 31 жалпы бiлiм беретiн мектеп бар. Оның – 12-сi аралас, 16-сы таза орыс тiлiнде, 3-еуi қазақ тiлiнде бiлiм бередi. Темiртау қалалық әкiмшiлiгiнiң айтуы бойынша, қалада қазақ тiлiнде бiлiм алуға талпынушылардың саны жыл сайын артып келедi екен. Оның үстiне қазақ мектептерiнде оқитын балалар саны тым көп. Әр сыныпта – 30 баладан. Темiртау қаласы әкiмiнiң әлеуметтiк мәселелер жөнiндегi орынбасары Юрий Жулин ата-аналардың қазақ тiлiнде бiлiм беретiн мектеп ашу жөнiнде бiрнеше рет шағымданғанын айтады.

– Қазiр Темiртау қаласының қазақ мектептерiнде 2140 бала, аралас мектепте 1899 бала оқиды. Әр сыныпта 30 баладан отыр. Қазақ мектептерiнiң бала қабылдау мүмкiндiгi мүлдем жоқ. Керiсiнше, орыс мектептерiнiң көбiнде бала саны аз. Мәселен 16 орыс мектебiнiң жартысы 50 пайыз ғана оқушымен қамтылса, қалғаны 70-80 пайыз ғана. Сондықтан жаңа мектеп салудың қажеттiлiгi жоқ. Ал қазақ мектептерiн ашудың қажеттiлiгi күн санап өсiп келедi, – дейдi қала әкiмiнiң орынбасары.

Қазақ мектептерi үшiн №9 және №16 мектептердiң таңдалуы да кездейсоқ емес екен. Қазақ тiлiнде бiлiм алғысы келетiн тұрғындардың басым көпшiлiгi осы екi мектеп орналасқан ауданда.

– Әкiмшiлiк өкiлдерi мәселенiң мән-жайын зерттеп, қазақ мектебiнде оқуға ниеттi балалардың басым көпшiлiгi осы ауданда орналасқанын бiлдi. Қаладағы үш қазақ мектебiнiң екеуi – қаланың оңтүстiк шығысында, бiреуi – солтүстiгiнде. Ал қаланың осы мектептер орналасқан аумағындағы тұрғындардың көпшiлiгi қазақ мектебiнде оқуға ниет етiп отыр. Олардың саны 1 мыңға өскен, – дейдi Юрий Жулин.

№9 мектепте 800 бала, №16 мектепте 600 бала бiлiм алады. №16 мектеп аралас мектеп болғандықтан, онда 150 бала қазақ тiлiнде оқиды. Екi мектептiң ата-аналары да балаларын өзге мектепке ауыстыруға наразы. Дәл осындай наразылықты осыдан бiр жыл бұрын №14 мектеп ата-аналары да танытқан екен. Олардың мектебiн де қазақ мектебiне айналдыру жайлы әкiмшiлiктiң шешiмi аяқсыз қалып, ата-аналар жоғары төмен арызданып жүрiп, қазақ мектебiне айналдыру жайлы шешiмнiң күшiн жойған. Орыс мектебiнiң ата-аналары бұл жолы да жеңiске жетерiне сенiмдi.

– Қажет болса, жаңа мектеп салсын, – дейдi 31 мамыр күнi №9 мектеп-лицейiнiң алдында шу шығарған ата-аналар.

ҚАЗАҚ ТIЛIНЕ ҚҰШТАР БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН КIМ ЕСКЕРЕДI?

Темiртау қаласы әкiмшiлiгiнiң мәлiметi бойынша, бұл тек биыл ғана қалыптасқан жағдай емес көрiнедi. Қазақ мектебiнiң қажеттiгi туындағалы бiрнеше оқу жылы өтiптi. Темiртау қаласы әкiмшiлiгi бұл қажеттiлiктi орыс мектептерiн қазақ мектептерiне алмастыру арқылы өтеудi жөн көредi. Сөйтiп әуелi №14 мектептiң тамырын басқан. Бұлқынған ата-ана жеңiске жетiп, әкiмшiлiк жеңiлдi. Ендi №9 және №16 мектептер де ерiн бауырына алып тулауда. Сонда қазақ мектептерiнiң жетiспеушiлiгiнен балаларын орыс мектебiне берiп келген қазақтардың құқығын кiм қорғайды? Әкiмшiлiк тұрғындардың наразылығына төтеп бере алмай отыр. Ал алдағы оқу жылында темiртаулық мыңдаған оқушы қазақ мектептерiнiң жетiспеушiлiгi салдарынан орыс мектебiнiң табалдырығын аттауға мәжбүр.

Бiлiм және ғылым министрлiгi осы ретте қазақ мектебiне барғысы келетiн, алайда амалсыздан орыс мектебiне барып жүрген оқушылардың санын шығарып, сұранысқа орай, қажеттiлiктi өтеуге неге әлi күнге дейiн құлықсыз. Бiз осы мәселенi жыл сайын сөз етемiз. Бiрақ Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң оны оңтайлы шешуге қадам жасағанын көрген емеспiз. Бұл тек темiртаулықтардың басындағы жағдай емес. Алматы, Астана, Өскемен, Қостанай секiлдi қазақ мектептерi аздық ететiн, мемлекеттiк тiлдiң үстемдiгiн мойындауға құлықсыз iрi мегаполистердiң барлығына тән жағдай.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары