АХАҢНЫҢ САЯБАҒЫ

АХАҢНЫҢ САЯБАҒЫ

АХАҢНЫҢ САЯБАҒЫ
ашық дереккөзі
Он үш жылдан кейiн өзiне бұйырды
 

Өткен аптада 31 мамыр саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу күнiне орайластырып жасалған алғашқы шараның бiрi Ахмет Байтұрсынұлынан басталды. Ахмет Байтұрсынұлы мұражай үйiнiң төменгi тұсында орналасқан саябаққа арысымыздың аты берiлдi.

«Ахмет Байтұрсынұлы» атындағы саябаққа мәрмәр тас қоюға арналған салтанатты жиында Кенжехан Матыжанов, Әбдуәли Хайдари, Рабиға Сыздықова, Тұрсынбек Кәкiшұлы, Өмiрзақ Айтбаев, Сейiт Қасқабасов және басқа да көрнектi ғалымдар Алаш ардақтыларының тәуелсiздiк жолындағы күресi мен шығармашылық мұрасын насихаттау, қазақстандық рухани бiрлiктi нығайту және отансүйгiштiк сезiмдi тәрбиелеу, көпшiлiктiң қазақ ұлттық мәдениетi мен өнерiне, әдебиетi мен тiлiне деген ықыласын арттыру жайында сөз қозғап, құттықтау лебiздерiн бiлдiрдi. «Мұндай игi iстер тек рухани бiрлiк пен ынтымақты нығайтып қана қоймай, келешек ұрпақ тәрбиесiне оң ықпалын тигiзедi», – дейдi қатысушылар. Мәдени шара Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйiнде жалғасын тауып, ұлт көсемiнiң ескерткiшiне гүл қойылды. Iс-шараға қатысушылар көрнектi қоғам қайраткерi, ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынұлының қазақтың ұлттық ғылымы мен мәдениетiнiң, әдебиетi мен тiлiнiң дамуына сiңiрген еңбегi, әдеби-шығармашылық мұрасы жөнiнде баяндады. Сондай-ақ мектеп оқушылары мен бiлiмгерлердiң Ахмет Байтұрсынұлының «Жұртыма», «Туысыма», «Қазақ салты», «Қазақ қалпы», «Замандастарыма» және басқа да түрлi тақырыптағы шығармаларын жан-тәнiмен сезiнiп, мәнерлеп оқуы көңiлге нұр, жүрекке сәуле түсiрдi. «Ахмет Байтұрсынұлы оқуларының» қорытынды бағдарламасы Еркiн Медет, Эльмира Нұрлыбайқызының өнерлерiмен өрнектелiп, iс-шараны өткiзуге атсалысқан және белсендiлiк танытқан қатысушыларға алғыс хаттар мен естелiк сыйлықтар табыс етiлдi. Аталмыш саябаққа Ахмет Байтұрсынұлының есiмiн беру туралы шешiм осыдан он үш жыл бұрын берiлген екен. Қаланың сол кездегi әкiмi Храпуновтың арнайы шешiмi шыққанымен, сол шешiмнiң орындалуын табаны күректей он үш жыл күтiппiз. 1998 жылы Ахмет Байтұрсынұлының 125 жылдық мерейтойына байланысты сөз болып отырған саябақты Алаш зиялысының атына беру жөнiнде шешiмге қол қойылғанымен, саябаққа тақтаны орнату мәселесi биыл ғана жүзеге асырылды. Осыған орай бiз белгiлi жазушы Бейбiт Қойшыбаевқа бiрер сауал тастауды жөн көрдiк. – Бейбiт аға, Ахмет Байтұрсынов атындағы саябақ ашылды. Саябақтың ашылуына кiмдер ұйытқы болды? – Саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу күнi қарсаңындағы жұмада «Әдiлет» тарихи-ағарту қоғамы мен Қуғын-сүргiнге ұшырағандар ассоциациясының мүшелерi бiрқатар дәстүрлi iс-шараларын өткiздi. Әуелi Алматы қалалық әкiмдiгiндегi кездесуде болды. Одан, кеңестiк дәуiрде халқымызды ұлттық апатқа ұрындырған ашаршылық құрбандарына ескерткiш орнатылатын орынға гүл шоқтарын қойып, әруақтарға құран бағыштады. Содан кейiн Ахмет Байтұрсынов атындағы саябаққа келдi. Осы жерде саябаққа Ахаңның есiмi берiлгендiгiн куәландыратын үлкен ескерткiш тақта-тастың қойылуына арналған рәсiм болды. Саябақтың емес, естелiк тақтаның ашылуы деген дұрысырақ. Iстiң басы-қасында қалалық әкiмдiктiң iшкi саясат және тiл басқармаларының жiгiттерi жүргенi мәлiм. Ал негiзгi ұйытқы, қозғаушы – Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйiнiң ұжымы, мұражай-үйдi басқарып жүрген тарихшы қыз Райхан Имаханова мен Ахаңның ұрпақтары, туыстары болған көрiнедi. Тақтаға мынандай сөздер жазылған: «Ахмет Байтұрсынұлы саябағы. Ахмет Байтұрсынұлы – ХХ ғасырдың ұлы реформаторы, мемлекет және қоғам қайраткерi, қазақ ұлттық ғылымының негiзiн салушы, көрнектi ағартушы-ұстаз, ақын-аудармашы, түркiтанушы, лингвист-ғалым, қазақ халқының рухани көсемi. Бұл саябаққа А.Байтұрсынұлы есiмi ғалымның 125 жылдық мерейтойы құрметiне берiлген». – Саябаққа Алаш арысының есiмi осыдан 13 жыл бұрын берiлген екен. Соншама жылдар бойы ешкiм бұған қозғау салмаған ба? – Иә, 1998 жылғы 12 маусымда Алматы қаласының әкiмi Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 125 жыл толуына байланысты, оның есiмiн есте қалдыру туралы шешiм шығарған. Сол шешiмнiң бiрiншi тармағында «Ахмет Байтұрсынов көшесiнiң бойында орналасқан, Қабанбай батыр және Жамбыл көшелерiнiң арасындағы скверге Ахмет Байтұрсынов есiмi берiлсiн» деп жазылған. Сол кезден берi аталған саябақ ресми түрде Ахаңның атында. Содан берi, шынында, 13 жыл уақыт өтiптi. Шешiмнiң жаңа атауына орай өтетiн шараларды белгiлеу, өткiзу, жалпы шешiмнiң орындалуын бақылау кiмдерге жүктелетiнi өзге тармақтарында нақтылап жазылғанмен, биылға дейiн ұмыт қалдырылған болып шықты. Қозғау салса да, қилы қолбайлаулар мүмкiндiк бермеген болу керек. Мұндай жәйт өмiрде бола бередi. Соғыс бiткен жылы Әлия мен Мәншүкке арнап еңселi ескерткiш тұрғызу жайында кеңестiк республика үкiметiнiң қаулысы шыққан, сол қаулы елiмiз тәуелсiздiкке жеткенге дейiн орындалмаған күйi қалды. Саябақтың Алаштың аса ардақты зиялысының атында екенiн жұртшылық ендi осы естелiк-тақтаны көрiп бiлетiн болады. Ештен кеш жақсы деген. – Биыл Әлихан Бөкейхановтың да жылы емес пе? Атаулы мерейтойға қандай игiлiктi шаралар жасалмақшы? – Иә, биыл ұлт көсемi Әлихан Бөкейхановтың туғанына – 145 жыл. Ол басқарған тұңғыш қазақ автономиясының құрылған күнi – ескi күнтiзбемен 12 желтоқсан, қазiргi календарьмен 25 желтоқсан – жыл сайын атап өтiп тұруға лайық дата. Биылға тек Әлекеңнiң емес, қазақ тарихына есiмдерi өшпестей боп жазылған бiрқатар тұлғаның мерей-жылдары дөп келiп тұр. Күллi түркi жұртының мүддесiн қорғаған, большевизм қылмыстарын әлемдiк деңгейге көтерiп әшкерелеген азаттық күрескерi Мұстафа Шоқайдың туғанына – 125 жыл. Сондай-ақ, Мұстафаның соғыс тұтқындарына араша түсiп жүрiп жұмбақ қазаға ұшырағанына 27 желтоқсанда 70 жыл болады. Жәнiбек, Керей есiмдi қос сұлтанның басшылығымен Қазақ мемлекеттiлiгiнiң iргесi қаланғанына биыл – 555 жыл. Аз жылда керегесiн кеңейтiп, Ертiстен Едiлге дейiнгi кең даланы алып жатқан елеулi мемлекетке айналған Қазақ Ордасын «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын» байланыс құралдары жоқ заманда тиiмдi, ұтымды жолмен нығайту, қорғанысын күшейту, басқаруды оңтайландыру жолдары ойластырылды. Сөйтiп, ұлан-ғайыр кеңiстiктi алып жатқан көшпендiлер мемлекетiнде жедел билiк жүргiзудi қамтамасыз ету мақсатымен, жалпықазақ ханы Тәукенiң кезiнде, үш өлкенi басқаратын үш хан сайлау тәртiбi енгiзiлдi. Даңқты бабамыз Әбiлқайыр ханның туғанына биыл – 330 жыл. Тарихта батырлығымен, мәмiлегерлiгiмен айрықша iз қалдырған, ұлы хан Абылайдың туғанына – 300 жыл. Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы бiрлесiп жүргiзген Отан соғысына 1726 жылғы Ордабасы құрылтайы шешушi дем бердi, оған биыл – 285 жыл. Биыл, сондай-ақ, құқтары шектеулi болғанына қарамастан, қазақ тыныс-тiршiлiгiн өркениетке лайықтап дамыту жолында үлкен iстер тындырған, Ресей патшалығы iшiндегi тұңғыш та соңғы қазақ автономиясы болған Бөкей ордасының құрылғанына – 210 жыл. Сонымен бiрге, Iшкi Орданың соңғы билеушiсi, прогресшiл реформатор Жәңгiр ханның туғанына – 210 жыл. Патша өкiметiнiң тағын шайқауға үлес қосқан 1916 жылғы көтерiлiске – 95 жыл. Большевизмнiң аштық саясаты душар еткен ұлттық апаттың қасiретi көл-көсiр, оның ең қанқұйлы үшiншi кезеңiнiң басталғанына биыл 80 жыл толады. Ашаршылық нәубетiне итерген тәркiлеу, отырықшыландыру, ұжымдастыру сынды құрғақ ұрандармен жасалған солақай реформаларға наразылық танытып, жер-жерде кеңес өкiметiне қарсы көтерiлген қарсылық көтерiлiстерiн күшпен басып-жаншудың, көтерiлiстерге қатысушыларды соттаудың аяқталғанына да биыл – 80 жыл. Зұлымдығы мол болған осынау кеңестiк империяны ыдыратуға, тоталитаризмнiң көбесiн сөгiп, демократияның өрiстеуiне жол салған 1986 жылғы Желтоқсан көтерiлiсiне – 25 жыл. Осы даталардың бәрiн ұмытпауға, азаттық жолында құрбан болған Алаш қайраткерлерi мен кеңестiк кезеңдегi ұлтын сүйген есiл азаматтардың әруағы алдында айрықша бас июге мүмкiндiк беретiн қасиеттi мерейтой – Тәуелсiздiктiң 20 жылдығы. Аталған даталар осы үлкен мереке ауқымында тиiсiнше ескерiлетiн болар…
Гүлзина БЕКТАСОВА, Ботагөз ДАСТАНҚЫЗЫ