СААКАШВИЛИ МЕН "САЙҚЫМАЗАҚТАР"

СААКАШВИЛИ МЕН "САЙҚЫМАЗАҚТАР"

СААКАШВИЛИ МЕН "САЙҚЫМАЗАҚТАР"
ашық дереккөзі
219

Грузин президентi Мәскеудi айыптауда

Грузия оппозициясы тағы да күшiне мiндi. Былтыр Грузияда саяси текетiрес ушығып, "Ұлттық кеңес" пен "Әдiл Грузия үшiн" қозғалыстарының белсендiлерi үкiметтiң БАҚ өкiлдерiне қысым көрсетуiне қарсылық бiлдiрген болатын. Ал оппозиция бұл жолы Грузияның президентi Михаил Саакашвилидiң орнын босатуын бiрауыздан талап етуде.

25 мамырда Тбилисиде оппозициялық партиялардың жақтастары жаппай ереуiлге шығып, президент Михаил Саакашвилиге жемқорлыққа қатысы бар және демократиялық басқару жүйесiн қолданбайды деген айып тағуда. Кейбiр деректерге сенсек, қала көшелерiне 300 мыңға жуық адам шыққан. Бұл шеру ел Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдық мерекесiн атап өтудiң қарсаңында әдейi ұйымдастырылған сияқты. Билiк органдары шерудi бiр-ақ күн ғана өткiзуге рұқсат берсе де, оған құлақ аспаған оппозиция өкiлдерi көшенi күн сайын дабыраға айналдырған едi. Алдын ала жасаған ескертудi елең қылмаған оларға полиция қызметкерлерi су шашып, көзден жас ағызатын газ қолдануға мәжбүр болған. Шерудiң соңы қайғылы оқиғамен аяқталып, нәтижесiнде үш бiрдей азамат ажал құшты. Оның бiрi бейбiт тұрғын болса, қалған екеуi полиция қызметкерi екен. Iшкi iстер министрлiгiнiң айтуынша, екi полиция қызметкерiн билiктiң арнайы жасағынан қашып, құтылғысы келген оппозиция басшыларының көлiгi қағып кеткен көрiнедi. Ал "Халықтық жиынның" басшысы болып табылатын Нино Бурджанадзе ханым бұл ақпаратты мүлдем жоққа шығарып отыр. Қазiр үш адамның өлiмiне қатысты мәлiметтер мен бейнематериалдар тексерiлу үстiнде.

Алаңдағы абыр-сабыр арпалыс басыла қоймаса да, Грузия президентi Михаил Саакашвили Тәуелсiздiктiң 20 жылдығын атап өту мақсатында күнi бұрын қызу дайындалған мерекелiк әскери шерудiң өтуiн тоқтатқан жоқ. Әрине, халықтың көңiлi күптi болып тұрған заматта мұндай шара қалайша көңiлдi өте қойсын?! Саакашвили оппозициялық ұйымдардың қасақана жоспарлаған бұл әрекетiн бейберекетсiздiкке балады. Президент алаңға жиналған халықтың алдында: "Бұл акцияны ұйымдастыру кемақыл оппозиционерлердiң қолынан келмес едi. Бұл үлкен әскери күш пен ресурсқа бай, империялық амбициясы күштi елдiң бастамасымен жүзеге асқан. Егер бұл жергiлiктi сайқымазақтардың жоспары болса, оны қалыпты жағдай ретiнде қабылдар едiм. Соған қарағанда кiмнiң жоспары екенiн iштей сезетiн сияқтымын" дедi ашынып. Грузия Iшкi iстер министрлiгi Саакашвилидiң пiкiрiн растау үшiн ереуiл кезiнде түсiрiлген бейне-фото материалдарды арнайы сараптамадан өткiзiп, тексерiп жатқандығын жеткiздi.

Iзiнше "Демократиялық қозғалыс" партиясының лидерi Нино Бурджанадзе: "Мұның бәрi Саакашвилидiң әдеттегi ойыны. Ол елдегi диктатураны қолдау үшiн халықаралық қауымдастыққа қарата "Бұл Кремльдiң жасап отырған iс-әрекетi" дегендi көрсетпекшi" деп қызбаланса, "Имеди" партиясының басшысы Ирина Саришвили акция Мәскеудiң су бүркуiмен немесе қаржылай демеуiмен өткендiгiне сенбейдi. "Себебi Ресей қазiргi Грузия билiгiн оны Саакашвили басқарып отырғанына қарамастан екi бастан қолдайды" дейдi ол. Оппозицияға әрқашан да дем беруге ниеттi құқыққорғаушылар болса шеруге шығушыларды баса-көктеген арнайы жасақтардың бассыздық әрекетiн айыптап, "Адамдардың қолына кiсен салып, асфальттiң үстiне жатқызып, ұрып-соғу нағыз қылмыстық iс" екендiгiн алға тартуда.

Тбилисиде билiкке қарсы "Халықтық жиын" акциясы әлi де жалғасын табуда. Әртүрлi ақпарат көздерiне қарағанда, акция өткеннен кейiнгi екiншi-үшiншi күндерi Шота Руставели ескерткiшiнiң маңайына 3 мыңға жуық адам жиналған. Құқыққорғаушылар, үкiметтiк емес ұйымдардың белсендiлерi мен саяси және қоғамдық партия өкiлдерi бiрауыздан "26 мамыр Одағын" құруға белсене кiрiсетiндiктерiн жария еттi. Оппозициялық партияның өкiлi Иосиф Маджавидзе: "Грузия халқы елде орын алып жатқан былықтарға шыдай алмайды. Қазiр грузиндiк тұрғындарға жаппай террорлық шабуыл басталған сыңайлы. Бiз бұған бей-жай қарай алмаймыз" деген үндеудi қоштауға шақыруда. "Халықтық жиын" кезiнде өздерiнiң 38 жақтасының iз-түссiз жоғалып кеткенiн айтып, билiктен оларды тез арада қайтаруын талап еттi. Бiрақ та Бурджанадзенiң мәлiмдемесiне қандай да бiр пiкiр беруден бас тартқан Грузияның IIМ "Акцияны ұйымдастырушылардың елiмiзде жаппай бейберекетсiздiк лаңын туғызуға күш салғанын бейнематериалдар арқылы дәлелдеуге болады" деп қысқа қайырды. Айта кету керек, 26 мамырға қараған түнгi ереуiлде 90 адам ұсталса, 37 адам жарақат алып, ауруханаға түскен.

Бiр-екi күндiкте Грузияның Iшкi iстер министрлiгi ел iшiне iрiткi салуға тырысқан арнайы арандатушы топты ұстағанын жеткiздi. Министрлiктiң айтуынша, бұл топтың елдегi оппозиция өкiлдерiмен байланысы бар. Грузия мемлекетiн ойрандауды мақсат тұтқан топтың 24 мүшесi 26 мамыр күнi ұсталған. Оның басшысы бiр кездерi Грузия IIМ-iн басқарған әрi грузин-абхазиялық қақтығыстың қақ ортасында жүрген Шота Хачишвили екен. Бүгiнгi таңда Ресейде тұратын Хачишвили акцияны ұйымдастырушылардың басшысы, Парламенттiң бұрынғы спикерi Нино Бурджанадзенiң күйеуi Бадри Бицадземен телефон арқылы ақылдасып тұрғанға ұқсайды. Кейбiр ақпараттарға қарағанда, Бадри Бицадзе қазiр Грузияны тастап кетсе, ендi бiр мәлiметтерде оның Армения шекарасында ұсталғандығы туралы айтылған. Оған жаппай бейберекетсiздiктi ұйымдастырушы ретiнде полиция қызметкерлерiне қарсы шықты деген айып тағылып отыр.

P.S. Грузияның ғана емес, халықаралық БАҚ-тың негiзгi сын тақырыбына айналған Грузиядағы оппозиция жақтастары ұйымдастырған акция кезiнде заңсыз әрекетке барғандар күн санап анықталуда. Алайда қашан да халқының ауызбiрлiгiн ойлайтын Михаил Саакашвили: "Оппозиция мұндай "египеттiк сценарийдi" Ресейдiң iшкi күштерi арқылы жүзеге асырды. Менiңше, грузиндiк оппозицияны "Мәскеудiң зұлым саясатқа құрылған жоспарын" орындайтын "бесiншi колоннаға" жатқызуға болатын шығар" деп кесiп айтты. Сондай-ақ ол бұл iске тiкелей Ресей премьер-министрi Владимир Путиннiң қатысы бар деп кiнәлады. "Жеке басым онымен (Путинмен) ешқандай қақтығысқа келгенiм жоқ. Оның негiзгi арманы – Кеңес Одағын қайта құрып, СССР кеңiстiгiн қайта бiрiктiру ғана. Бiрақ бiздiң бағытымыз – демократиялық құндылықтарға негiзделген тәуелсiз мемлекет жасақтап, халықтың бiлiм алуына, жұмыс iстеуiне толыққанды жағдай жасау", – дедi Саакашвили қатқыл үнмен.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары